25 Қараша, Дүйсенбі

Әдебиет

Міржақып Дулатұлы

Міржақып Дұлатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.

Қымбат тай






Еліміздің ортасында жетіде бір, енді екі болатын базарымыз бар (болатын) еді. Анау күнгі аласапыранда дүкеннен қант, шай алып шықсам, біздің Мақаш соғылқасында тамыр - соқыр Иван бар, торы шолағына мініп, бір тайды қосарға алып желе жортып бара жатқанын көрдім. Бұл құрғыр неғып Иваншыл болып кетті, ауылға қайтпай ма екен деп, соңынан «Мақаш, Мақаш, тоқта» деп дауыстап едім, Мақашым маған бір қарады да, Иванға бір нәрсе сыбырлағандай болып шоқыта жөнелді.

Осынша жасқа келгенше кұдай мұны желіктіріп алды ғой, қорасында тіс шұқитын шөп жоқ. Айналдырған екі сиыры көршінің шөбіне түсіп, мүйізін қақтырып қансырап жатыр, қатықсыз қара көжеге қамалып қатын-баласы үйінде шулап отыр.

Мұның мұнда бір көтерем тайға дүниенің қазынасын алатындай Иванның үйінен шықпай сандалып жүргені мынау деп кейіп, артынан ат базарына мен де келдім. Келсем Мақашты бес-алты орыс ортаға алған. Бетінен майы шыққан, аузы-басын түк қаптаған Алексей тайын саудалап тұр екен.

- Тай сатасың тамыр?

- Сатам.

- Қанша сұрайсың?

- Жүз сом.

- Тіфу! Құтырдың ба, Мақашқа, айтар едім мас болған, арақ жоқ. Жүз сом сұрайсың, ұят қайда?

- Ызнаком, бұл тай арғымақ баласы, атасы ұлы дүбірде бәйге алған қара арғымақ. Оны мына Иван да біледі, - деп Мақаш қоразданып, қамшысымен бүйірін таянып, торы шолақтың мінер жағына таман қисайыңқырап отырды.

- Атасы қара арғымақ! Қара арғымак болса мне какое дело, сенікі атасын сатпайды, мынау тұрған жаман баласын сатады.

- Бай, алмасаң да тайымды жамандама, жануарда осы күні сын бар ма, жаздыгүні көрсең бір жүз түгіл екі жүз берер едің. Онда мақпалдай қара еді, қазір жүн оңып, азып құбақан болып кетті.

Соқыр Иван Әліксейге орысшалап: - Тай арғымақ тұқым екені рас, Мақаш өтірік сөйлемейтін жігіт, жаздыгүні көргенімде көмірден қара, суреттен сұлу еді, әттең ақшам жоқ, өзім алар едім. Тайын Иван мақтаған соң, Мақаш бұрынғыдан да артық көтеріліп:

- Ана жылы осы таймен бір енеден туған арғымақты мың жарымға саттым, - деп мақтанды. Мұнысы әлде өтірік, әлде рас, әйтеуір Әліксей нанып: Балтай-щалтай не керек, сатар болсаң, тамыр өлер жерін бір-ақ айт, - деді. Екеуі бір сағаттай саудаласып, ақырында 50 сомға келісіп, қол қағысты.

Мақаштың ептілігіне сүйсініп, манадан бері қарап тұрған мен де Әліксейге:

- Бай, биік арзан алдыңыз, терісін қымбат сатарсыз! - дедім. Қазақшаға шоркақ Әліксей бұл сөзіме не түсінсін, тайды жетелеп үйіне тартты.