Әдебиет
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858—1931) — ұлы ойшыл, фольклор танушы, этнограф, тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858—1931) — ұлы ойшыл, фольклор танушы, этнограф, тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы.
Өтірік өлең
Өтірік өлең айттым да, қызға жақтым,
Кұмырсқаның асауын қойдай бақтым.
Асауын шегірткенің ұстап мініп,
Тау-таудан тарбаңдатып түлкі қақтым.
Бір қоянға міндім де, аспанға ұштым,
Екпініне шыдамай, жерге түстім.
Алты күндей ақ боран соғып еді,
Жалғыз қурай түбіне ас қып іштім.
Дүниеде ауыр екен үрген қарын,
Жалғыз өзім көтердім соның бәрін.
Атандарға үш төстеп артып едім,
Көтере алмай, жығылды, жануарым !
Бұл дүниеде бек ауыр үрген қуық,
Жалғыз өзім көтердім аузын буып.
Қара шіркей шыбынға арба салдым,
Ондай мықты көрмедім өзім туып.
Бір қарсақты жаратып, базар міндім,
Құлағынан берік басып әзер міндім
Екі хамбал үстіне теңдеп алып,
Қара жолдың үстінде борт-борт желдім.
Базарға барайын деп, борсық міндім,
Өзім жаяу болған соң, қорқып міндім.
Екі хамбал астыма мата теңдеп,
Қара жолдың үстінде борт-борт желдім.
Торғайдың атым үрікті қу басынан,
Тышқанының аркан естім шудасынан.
Отыз кісі бір қаншыр ұстап алып,
Астау-астау ет жедік ер басынан.
Маса деген бір әділ пакыр екен,
Имансыз сона деген кәпір екен.
Үйіне инеліктің кіріп барсам,
Ас беріп әкесіне жатыр екен.
Түбінен жау қияқтың ердің басы,
Көнектей көбелектің жұмыртқасы.
Базардан өзім барып алып келдім,
Қаншырдың шаңырақтай омыртқасы.
Өтірік өлең айтсам да, келісі бар
Сары масаның сабалық терісі бар.
Бөгелектің биесін байлаймын деп,
Өрмекшінің он құлаш желісі бар.
Міндім де инелікті, сона қудым,
Сонаны үш күн, үш түн қона қудым.
Төс етіне сонаның жерік болып,
Тіліне сол жеңгемнің бола қудым.
Кеп маса қу кәдеге құт құйыпты ,
Көбелек: «Даулымын!» - деп, жұрт жиыпты.
«Ол дауына мен өзім болмаймын!» - деп,
Көлбақа суда жатып, тырбиыпты.