23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858—1931) — ұлы ойшыл, фольклор танушы, этнограф, тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы.

Бір әйелдің ботасын жоқтағаны




Ертеде бір қатынның бойжеткен қызы болыпты. Екі ботасы бір інгенге тел болыпты. Үйіне бір қонақ қонып: «Қырықтың бірі - қыдыр!» - деп, тойғызып, сыйлап салыпты. Таң сәріде қатын түрегелсе, екі ботаны ит-құс тып-типыл қылып кетіпті. Түйе боздап, азынап тұр дейді. Сонда қатын екі бүйірін таянып, отыра қалып, дауыс қылып ботасын жоқтағаны:

Боз інген боздап тұр-ау ботасына,
«Қонағым қыдыр болған» - жатасың ба?
Қыдыр болған кісіге қыдыр-дағы
Мен сиейін қонақтың батасына!
Екі ботам бар еді қауыпы май,
Қара малдан аз еді-ау сауыным-ай!
«Кешкі қонақ қыдыр!» деп, жұрт айтады,
Енді қонақ жолатпан ауылыма-ай!
Есік алды қара су, балдыры бар,
Балдырына атыңды шалдырып ал.
Айдап келген ботамды байлап салмай,
Ерке қарым, ұйқыңды қандырып ал!
Екі ботам бар еді, бота-ақ еді,
Қонған жерім ботаға от-ақ еді.
Айдап келген ботамды байлап салмай,
Ерке қардың іздегені қонақ еді.