Әдебиет
Бежеш-палуан
Жалаңаш, Ыдығойық жердің аты
Сырғалы Дайын менен көлдің аты
Шеруші кең Қобдаға асып келіп
Монголға судай сіңді балдай батып
Жайлау ғып бір бір ауыл дара басын
Уранқай, дөрбетпенен араласып
Төсекте бас, төскейде мал қосылды
Жауласпай бұрынғыдай жағаласып
Дегендей өлім құдайдан киім байдан
Мал мен малшы разы мамыражайға
Күндіз қымыз, түнде ет уайым жоқ
Тураған май секілді туған айлар
Шөптің қатып буыны мизам айда
Тайлаққа қом жал бітіп құлын тайға
Жайлаудың деген шағы дейтін кезде
Бақаттар ас береді Бурылбайға
Ас берді Бурылбайға Жалаңашта
Жазыққа жүз үй тікті аламыштап
Ағылды Алтай Ховда асқа түгел
Дені сау атты қазақ қалама астан
Аза айтып аруағына мерейлі елдің
Бас қосты жақсы жайсаң кедейлер бір
Бақ біткен шерушінің байы еді деп
Бұл асқа 12 абақ керей келді
Асқа алдымен Алтайдан төре келді
Ауған елдің жағдайын көре келді
Биліктінің төшеніш жастығы боп
Жағынпаз жандайшаптар ере келді
Бейсі билер ел дауын шешкей келді
Өзі біліп өздері төстей келді
Бурылбайдың асына бір тойсақ деп
Қорқауы бар қомағай мешкей келді
Жиендер жүр дәм ауыз тиіп қайтпақ
Нағашы тәбәрәгін киіп қайтпақ
Саудагер сарттарда жүр есек мінген
Астың тері-терсегін жиып қайтпақ
Демей ме батыр жауға, шешен дауға
Әркімде бір өнер бар алуан алуан
Ақындар асқа жырдан шашу шашса
Айтылар алдыменен атпен палуан
Ешкім жығып көрген жоқ мұны бұрын
Деп дәріптеп әр ру бір бір ұлын
Адам түгіл арыстан беттемейді
Алдында мұндай алып айбарлының
Алтайдан төртуылдар ноқта салған
Бір алып әкеліпті бейне нардай
Тұлғасын көрген адам шошиды екен
Шақ келер жан баласы бұған қандай
Таң қалып асқа келген барша халық
Шұбырып бірі қалмай көрді барып
Алып отыр таудай боп оңаша үйде
Бурадай заузадағы буырқанып
Монголдан да келіпті бір дәу палуан
Әдісі оның дейді алуан алуан
Күреске зодог шудаг киеді екен
Бітеу өгіз терісінен ойып алған
Атақ даңқы Шерушінің тынышын алып
Жүгіртті ел ішіне сыншыларын
Алты ата Шерушінің намысы үшін
Бұлармен белдесуге кім шығады
Шерушінің имамы Тілеуберді
Шақыртты жақсы менен игілерді
Бәрінің ортасына сөз тастады
Табыңдар деп бір мықты намысты ерді
Ішінен шаршы топты Әуке залың
Сөз алып деді көпке тыңда бәрің
Бурылбайдың асына келген екен
Алтай Қобда әйгілі палуандары
Қорықпайық елдің үкі таққанынан
Айбын ба әсіре мақтап жатқанынан
Бөгденің сыртын көріп ығатындай
Шерушінің қатыны ұл таппады ма ?
Нағыз мықты табылар ісіменен
Тұлыптан қорықпас болор кісі деген
Бізде де бір жігіт бар осыларды
Жығатын пысыменен күшіменен
Болған соң бір азамат бақ сынары
Тілеулес болып елдің жақсылары
Жаратқан мәртебесін биіктетсін
Әуеке ол кім еді деп сұрады
Айтайын олай болса тыңда бәрің
Егерде мақұл десе жас пен кәрің
Осы аста палуанға Бежеш түссін
Әкесі көпке таныс Ерікбай залың
Бастаубай сөз тастады топқа қарап
Ағайын бұл пәтуаң жатыр жарап
Он екі керей жиылған ұлы топқа
Отырсың бір Бежешті мыңға балап
Алар-ақ Бежеш арыс осы тойда
Бірақ та қолып тұрмын мен бір ойға
Бежештің басындағы іс оңай емес
Көп болып осы жерде оны да ойла
Ұста деген нұсқау бар жоғарыдан
Мінінен Бежеш жоқ арылған
Айдай ғып ел алдына алып шығып
Азаматтың қалмайық обалына
Әуке залың сөйледі Бежеш зәңгі
Мына сөзің бұл жерде өте мәнді
Әлем жерде аузың бақ деген қайда
Топ ішінде басқан жөн аяқты аңдып
Көпшілік Бәшең сөзін құп алайық
Үкімет білсе кеседі бұған айып
Сол үшін Бежеш деген атын бұзып
Бейсенбі деп күреске шығарайық
Жөн сөз деп отырған жұрт кетті шулап
Тәуекел шешінген жан қорықпас судан
Бермейді ол өз қолынан жатқа намыс
Ол болса Ерікбайға тартып туған
Соңынан пәтуаның кеңес қызды
Сапырып жұта отырып сары қымызды
Жаңағы Бежеш жайлы көмес сөзді
Бір білгіш ағайынға қылға тізді
Осыдан деп бастады үш жыл бұрын
Білетін біреуді ертіп жердің сырын
Ерікбай Бийскіге жібереді
Келеді бір іспенен үлкен ұлы
Орыстың заңы қатты кірең берік
Күзетер кірпік қақпай қызыл шерік
Дегенмен жол бастаушы Қара Қожа
Бұрындар жүрген екен барып келіп
Тәңірі жүргіншінің жолын оңдап
Көрген жоқ олар бөгет барған жолда
Шаруасын тамамдап өгдеп келген
Бір ай астам уақыт болды сонда
Күз екен қауыс келіп мизам өткен
Қайтады жүргіншілер елге беттеп
Түс ауа шекараға жетіп келсе
Екі орыс кездеседі қызыл шекпен
Қолында жүйрік мылтық түсі суық
Сес беріп екеуіне келді жуық
Бұларды ымдап аттан түсірді де
Қолдарын айқастырып салды буып
Сосын қайта мінгізіп аттарына
Жетектеп ат тізгінін қапталына ап
Әлде нені кеңесіп қарқ қарқ күліп
Құлдай тартты Үкектің шатқалына
Бір орыс зор денелі жалпақ жауырын
Соғады қос тізесі аттың бауырын
Анау мынау жылқы алып жүре алмастай
Мінгені томсог екен ең бір тәуірі
Біреуі орта бойлы арық сары
Қайыспен орап қойған иықтарын
Жетектегі тұтқынға қарап қойып
Қайта қайта сипайды аң қапталын
Тұтқын да қарап келеді жан жағына
Кеш бата таудың шықты аңғарынан
Аңғалдың салдарынан қайта келді
Бағана басып кеткен жолдарына
Бір ойды Бәжеш ойлап келе жатыр
Орысқа тұтқын болдық әитеу ақыр
Оңайлықпен бұлардан құтылмаймыз
Босанып кіріспесек іске батып
Жеткенде аласа бір белегірге
Атты қағып тақыммен желегірлеп
Орысқа ыммен ауын меңзеп қалды
Тоқтаңдар дарет қысып келеді деп
Тұтқынның ымын орыс шамалады
Зілінен сәл жұмсарып бағанағы
Екеуі ара тіл қатысып аз сөйлесіп
Бұлардың өтінішін құп алады
Түсіріп аттан бұлардың қолын шешті
Сонан соң мылтық кезеп тұрды сес қып
Жуан орыс отырды шылым орап
Алаңсыз ештемеден бейғам кескін
Дәреттен Бежеш бір сәт тұрды жайлап
Тәуекел қозғалуға бір істі ойлап
Мылтығы бар орысқа жанай берді
Келе жатып сымының бауын байлап
Ал байлай ғой дегендей созды қолын
Мылтықты орыс дөп басты оның ойын
Шүріппесінен саусақтарын босатты да
Жерге еңкейіп қаруын қоймақ болып
Сәтті орай құтылар кез келді міне
Әскердің Бежеш алды белдігінен
Қолма қолдай екеуін жеңеріне
Палуан қайратына сенді білем
Шап беріп белдігінен алған қалпы
Қондырды оң жамбасқа бүре тартып
Тұрғанша орынынан жерде орыс
Тастады екіншісін үстіне артып
Алып орыс дес бермей бойын билеп
Үстіндегі екеуін түрды сүйреп
Алысқан екі алыптың ортасында
Бір орыс жүр аяғы жерге тимей
Бежеш жіті қарманып күшін салып
Қайта тұтқын болмасқа қапы қалып
Екі орысты итерді кейін қарай
Жақыннан бір топ шиді көзі шалып
Тұтқынды тастау үшін алшысынан
Бежешті орыс үстады арқасынан
Иіріп тартқан сәтте өз өкшесін
Томар қағып жығылды шалқасынан
Ниетпен қарбаластан сусып шықпақ
Кішкене орыс бұлқынды тыпыршықтап
Бежеш онын кеудесін тұрмастай ғып
Тіземен қатты түйді жерге нықтап
Тырмысып жөпелдеме бермей ырық
Дәу орыс кетті орынынан қайта тұрып
Екі нарға қысылған шыбындай боп
Бір орыс сол орынында қалды сұлық
Екі алып арпалысты енді шындап
Бүл айқаста біреуі жеңіп тынбақ
Жалпақ қайыс белбеуден алды Бежеш
Орыс әскер буынған белі мықындап
Қойсын ба аспандатпай қайрат шіркін
Тұрмады қайтемін деп бойын іркіп
Үстіне аттай қарғып мініп алды
Тулақтай жерге қаққан жалғыз сілкіп
Азды-көп тұтқындалып көрген азап
Қас қағым өтіп кетті мезгілде аз-ақ
Екі орысты сол жерге байлап тастап
Кірені асып жөнелді екі қазақ
Сонымен келеді олар елге қайтып
Залыңға болған істін барін айтып
Ауылдың үлкендері ақылдасты
Састырды оларды да бұл бір жай тым
Байлаулы тауда қалған шерікті ойлап
Қамданды ертенгі іске Ерікбай да
Бул істі қалай етсек болады деп
Тіл берді Бозтай мен Серікбайға
Серағаң адам еді көзі ашық
Хошуун әкімімен ақылдасып
Кірені бұзу орыста үлкен қылмыс
Бежешті кетсін деді алтай асып
Талқылы кезеңінің бұзып тасын
Салт аттыға жүретін тың жол ашып
Елге де кіреңге де сыр білдірмей
Сонымен Бежеш кетті алтай асып
Соңыннан орыс жақтан іздеу салды
Шақырып біраз елді сұраққа алды
Білмейміз бізде ондай адам жоқ деп
Шеруші ат құйрығын сыртқа салды
Қасында шекаралық бағынаның
Бежеш жыққан орысы бағанағы
Классикалық күрестен Россияда
Шебер екен неше рет ағалаған
Кеңесін осылай ол айақтады
Міне осы деп Бежештің саяқ қалі
Шегінді тыңдаушылор орнына
Кеңесшіге отырған таяп бәрі
Ел жетіп құпияның байыбына
Сақсынды бәрі ердің айыбынан
Бейсенбі деп шақыру дұрыс десті
Болған соң бұл ісінің жайы былай
Басталды таң сәріде ойын сауық
Тама үйірді тойшының ебін тауып
Көпшілікті тастады бір серпілтіп
Түстен бұрын тай менен құнан шауып
Ас беруші халыққа жетті айқайлап
Ағайын шаттаныңдар күліп ойнап
Көп алдында көрсетіп бәйге берді
Құнанға құнан ,атан тайға тайлақ
Сонон соң бала жарыс бәйгеледі
Астың данқы атына сай келеді
Озып келген желаяқ бесті мініп
Соңында келген ұлға тай береді
Түстен кейін басталды тыңнан бір іс
Көпшілік жиылған соң алып тыныс
Қазақта бұрын үрдіс болған жоқты
Жүген ерсіз жүр жайдақ асау мініс
Ортаға бір топ жылқы айдап келді
Өңкей арда шу асау күліктерді
Үстіне желден басқа жоламаған
Аң секілді атты елдің көзі көрді
Жаршы енді топқа қарап жар салады
Жамағат құлағыңды сал баршаларың
Мына аттарды кімде кім жайлақ мініп
Жығылмай топтан шықса сол алады
Гуілдеп жиылған топ кетті толқып
Асаулар жүр осқырып ыршып шоршып
Топ ішінде мертіксе қиын ғой деп
Маңына келе алмады ешкім қорқып
Талай асау мінгіштер қорғалайды
Оңай олжа емес деп бұл қолайлы
Болмаса өлім іздеп жүрген бүреу
Ат емес арыстан ғой кім жолайды
Бір ақсақал түрегеп ел ішінен
Бұл лайық сый еді ер ісіне
Не керек мінер жігіт тауылмаса
Жылқыны жібер деді өрісіне
Осы сәт бір азамат шықты топтан
Ортаға жетіп келді қаққан доптай
Албасты болса дағы мен мінейін
Қолымды бір тигізші жал шоқтыққа
Деді де бөркін тастап киімін шешті
Көпшілік қайдан келген бұл кім десті
Саңырау Қасқырұлы Есікбай деп
Тұрған ел оны мақтап гуілдесті
Қаумалап көп жылқыны жалма жанда
Бір үлкен көк асауға шалды шалма
Арқанға кеп жармасқан бес алтауын
Аунатып асау сол сәт кетті шаңға
Арқанды шұбатылған іліп алып
Бір мықты және тартты тақым салып
Қарқыны бір бәс болған орайында
Көп адам ұстап алды шұрай салып
Жиылған топ таң қалып тұрды барлық
Мынаның жүрегінде түгі бар деп
Мен өлсем Абақ керей аман бол деп
Есікбай көк асауға мінді қарғып
Алаңды кеңітіңдер қысамаңдар
Деп айқайлап асауды ұстағандар
Есікбай ат шоқтығын алған кезде
Сыпырды өрмеліні ыспалаған
Өкірді айбарланып асау тулап
Сом тұияқ тиген жерін жатыр тулап
Асаудың албастысы екен бұл деп
Ел мақтап Есікбайды кетті шулап
Аспанмен астастырып жердің шаңын
Қорыс қып тулап тұяқ тиген маңын
Пәледен үстіндегі құтыла алмай
Әлден соң иең далаға кетті маңып
Бұдан кейін жүрілді мерген сынақ
Орнатты нысананы қазақшылап
Бес жүз адам алыстан теңге атуға
Әркімдер-ақ өз бағын жатты сынап
Шитіге бес жүз адам тым-ақ жырақ
Теңгені көре алмастай көз бұлдырап
Ешкімде дарыта алмай мүрит болды
Мергендерге болды бұл үлкен сынақ
Мергендер ата алмады талай мықты
Көңілі әркімнің-ақ болды күпті
Бәйгені ешкім ала алмас деп тұрғанда
Ортаға Ұзын мылтық Далай шықты
Мылтығын кезей беріп мерген Далай
Басып қалды тұрған жоқ ол сығалай
Шыр етіп теңге аспанға ұшып кетті
Атым Далай қалайық аттым қалай
Деп жымиды сыбырмен маңын шолып
Көпшілік тұр мергенге тәнті болып
Бұл дағы бір бәйгені жеңіп алды
Ат бастаған тоғызға көңілі толып
Сан қилы қызықпенен шалағатты
Қызарып жаздың ұзақ күні батты
Енді ертең атпен балуан болады деп
Жұрт тарап қоналыққа бара жатты
Ол бір кез бүгінгіден үрдіс басқа
Иман бар ибалық бар кәрі жасқа
Әредік үстемдік боп бақталастық
Жүретін бірін бірі шенмен жасқап
Хобдадан болған менен Алтай қашық
Жататын екі ел үрдіс араласып
Монголды ел деп былай айтқан менен
Қытайдан алмаған кез басын ашып
Шерушінің Қобда асып кеткендігі
Алтайдағы төрт биге көп болды мін
Соның үшін кернеуде көмескіде
Көрсетпек боп жүретін өктемдігін
Қай кезде сыры мәлім биліктінің
Халықты ол ұстау керек иліктіріп
Бұрау күшті болмаса жүгің ауғыш
Шылбырды ұстау керек ширықтырып
Ызғары былай тұрсын көшкен кездің
Арапат арадағы өскен кез-ді
Қылаңның басын қытай алғаннан соң
Алтаймен ат құйрығын кескен кезді
Айқайлап айтпаған мен айдан ашық
Екі жақ жүретін кез айталасып
Салығын сар ноқтаның салмады деп
Төрт би жүр Шерушіге тісін басып
Қобдаға өзің бас боп асып қайт деп
Кеудесін Шерушінің басып қайт деп
Келгендер бар адейі тапсырма мен
Олар айқай болмаса асты қайтпек
Ұрдажықтың елінде кекті өседі
Ұлағаттың жұртында текті өседі
Алтайдың күнгейі мен теріскейі
Осылай көп себеппен шектеседі
Тұсында Ма-дарыңның мықты ек деп
Намысына Шерушінің тиіп кетпек
Астада осы жолы бас байгені ап
Тәлейін топ алдында биіктетпек
Әр кеудеде бір намыс бары мәлім
Ұрандады жан жақтан алуан үн
Көрерменнің көңілін күпті ғылып
Бастады астың міне балуанын
Бөлінді Алтай -Қобда екі жаққа
Жігіттің де мінігері осы жақта
Өз ара айқайласып сөйлеседі
Кетердей бірін бірі тастап-таптап
Алтайдың палуаны алып қара
Осы әлемде бір өзі жеке дара
Өзгені пенде екен деп еске алмайды
Өз басын осы топта артық санап
Алыпты қошеметтеп барша халық
Мінгізді бір жорғаға оны апарып
Жетелеп майдан жерге шығарады
Қарайды тұрпатына жұрт таң қалып
Төрт бидің буы кернеп көкірегін
Алтайлықтар бұл кезде әкім еді
Мынаған пар келетін кімдерің бар
Шеруші тез шығар деп жекіреді
Шеруші бейімдеді Бежеш ерді
Бұл дағы басып келген талай жерді
Бір тұтас қола мүсін іспеттеніп
Бажеңе жетіп келді бата бер деп
Бастаубай-әумин деп қолын жайды
Мерейің биіктесін осындай да
Қарсыласың озіңнен томен болсын
Жаратқан тілегіңді қабыл айла
Мінгізіп Бежешті бір кежімді атқа
Жетелеп ер Көрімбай шықты топтан
Күрес болар алаңға алып келді
Шулайды жиылған топ екі жақта
Бежештің үстінде бір құлын жарғақ
Тіккізген күрес үшін адейі арнап
Тазығыр тоқыр тері жөпелдеме
Ұстауға келер емес қолмен қармап
Ортаға екі палуан шықты арысқа
Көздерін көрермен көп тікті алыстан
Екі елдің бетке ұстар екі арыс
Жеңіп не жеңілері осы тұста
Айналып бірін бірі жүр аңдысып
Қырғи көздер шалысып қыран мүсін
Қарманатын сәтті орай келген кезде
Қапы қалмай көрсетпек бұла үшін
Оңаты ынғайлана келген тұста
Төбетайлап түлкіге төнген құстай
Бежешті алып құрсаулап тұра қалды
Жарғақтың екі жеңін бүріп ұстап
Қаншама көрседағы жұлқып тартып
Бұр алып босатпады қапқан қарпып
Бежештің мына қолын байқап қалып
Сақтан деп шулап кетті тұрған қалық
Қарсылас болған менен қанша мықты
Жеті айла істеуді Бежеш ұқты
Шорт қимылдап күш салып ұмтілғанда
Қос жұдырық жеңдерін тесіп шықты
Тұрмады енді аңдап артын бағып
Өр тұлға өктем түспей қалсын нағып
Алыпты белдігінен ұстады да
Тастады жамбасқа алып жалғыз қағып
Қабыл боп көп тілеген тілегі елдің
Есесін жібермеді білегі ердің
Кемсітпе ар намысты бізде елміз деп
Басынан аттады-да жүре берді
Шеруші Бейсенбі деп кетті шулап
Шаттықтың нар толқыны кетті тулап
Ел лдік, ер ерлігін сақтап қалған
Айналдым алып болып туғн ұлдан.