11 Қараша, Дүйсенбі

Әдебиет

Мақсат Мәлік
Мақсат Рамазанұлы Мәлік — 1984 жылы 10 желтоқсанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген.

Үшінші әлемнің тұрғыны






Біз түптің-түбінде шешімі мәңгілік жұмбақ тылсым күштің құрбаны болатындығымыз айдан анық. Менің ойлауымша сол тылсым дүниені құтқарушы, мынау пәни-жалғанның ырың-жырың тіршілігінен арашалушы ретінде ұғынғанымыз орынды. Себебі, жұмыр басты пенденің ойлау кеңістігі шексіз болғанымен, мүмкіндігі шектеулі, тіптен шарасыздықтан соның дәргейіне бас ұруға тура келеді. Бірақ, текке тыраштану адамдардың о бастағы сүйікті ісі болғандықтан, маңдайыңа жазылған жазмыштың ар жағында бұғып жатқан өз еркіндігіне асқан ықыласпен қарайтындардың өзі шешкені дұрыс, мұндай жәйттарды.

* * *

Оянып кеттім. Көзімді ашып, жан-жағыма қарадым. Мүлде басқа әлем. Тұманданған аппақ әлем. Бейне бір, аспанмен астасқан алып таудың ұшар басында бұлттармен араласып жүргендеймін. Бірақ, мен үшін ең түсініксіздігі, мұның қандай жер екендігін білмеуімде. Өзіңіз ойланып көріңіз, түнде ғана шаршап-шалдығып келіп төсегіне құлаған адамның, ертеңгісін осындай жағдайға тап болуын. Қисынсыз емес пе... Бәлкім осы көріп отырғандарымның барлығы түсім болар деген ниетпен, көзімді жұмып, қайтадан аштым. Аяғымды, қолымды қозғалттым. Өңім екен. Жанарымның ұшы, бәрі-бәрі аппақ әлем. Бойымды қуалай алғаш жүгіріп өткен қорқыныш сезімі бірте-бірте ұлғайып, үдей түсті. Ақырындап қозғалып, төсегімнен тұрдым. Жерге аяғыңды басуға қорқасың, түпсіз тұңғиыққа құлап кететіндейсің. Жер демекші, табанымның жерге тигенін де сезбедім, ауада қалықтап тұрған шардаймын. Сонда бұл қай жер болуы мүмкін? Аспан ба екен? Дегенмен тағы да қайталап айтамын, мен кеше түнде өз үйімде жатқан адам болатынмын. Мынау... осы сәтте денем дір ете түсті. Адам деген қызық қой, жалғыз болса да, қарғыс атса да, жағасында толқыны тулап жатқан суы, ну орманы бар аралға тап болған Робинзон Крузо қандай бақытты деген ой келді. Жер Ананың құшағында отырып көрген жалғыздығың ештеңе емес екен, өйткені ол — үйде жалғыз қалған баланың қорқынышы. Әйтеуір бір жықсылықтың болатындығын жүрегіңмен сезесің. Менің жай-күйім мүлдем кереғар. Маған ағаш кереует дүниедегі ең ыстық нәрсе болып көрінді. Айналшықтап соның қасынан кете алмаймын. Мен білетін әлемнен қалған жалғыз белгі, жалғыз серігім — ағаш кереует, яғни төсегім ғана. Егер одан көз жазып қалсам, қарайған ноқат қалпында ғайыпқа сіңіп кететіндеймін. Бір кезде қарсы алдымнан аппақ әлем қақ жарылып, екіге бөлінді. Адамдардың қарасы көрінді. Сол сәттегі қуанышымды сезсеңіздер ғой, елсіз аралда жалғыз қалып үміті сөне бастаған пақырдың алыстан кеме көргендегі көңіл — күйіндей. Адамдар маған жақындады. Мен де оларға қарай аяңдадым. Бетпе-бет тұрмыз. Олардың қарасы қанша екендігін біле алмадым. Бірақ, қуанышым сап басылып, не олардан қаша жөнелерімді немесе сол қалпымда тұра беретіндігімді білмей қатты састым. Себебі, мен қуана қарсы алған жандарды не адамға, не құбыжыққа ұқсату қиын. Барлығының бойлары екі жарым метрдей, биік-биік. Бірдей көк түсті киімдер киген. Шаштары ұзын. Көздері қып-қызыл, әрі дөңгелек. Мұрындары өте үлкен және ерсілеу. Құлақтары жоқ. Дегенмен айтқан сөздерімнің барлығын естиді, әрі мен де олардың сөздерін түсініп тұрмын. Ішіндегі жол бастап келгені болуы керек, жағасы айрықша қызыл матадан тігілген киім киген біреуі менімен жылы амандасты да:

— Ұйқыңыздан тұрсаңыз біздің соңымыздан еріңіз, – деді. Бұйыра сөйледі. Қапелімде ауызыма сөз түспеді. Осынымды аңғарған болуы керек ол тағы да:

— Жүріңіз, ештеңеден қорықпаңыз. Өз үйіңіздегідей сезініңіз. Сізді аса мәртебелі патшамыз күтіп отыр, – деді. Осы жолы бәрібір басқа амалыңыз жоқ дегенді меңзегендей. Олар қақ жарылып, маған жол берді. Мен оларға ілестім. Ауық-ауық артыма бұрылып қараймын. Ұзаған сайын ағаш төсегім алыстан қарауытып көрінеді. Бірте — бірте кішірейе берді, кішірейе берді. Мен аппақ әлемге сіңіп бара жаттым.

* * *

Мен басқа бір әлемге тап болғанымды айқын сезіндім. Ең бірінші артымда қалып бара жатқан Жер жайында ойладым. Қимастық сезім оянды. Жерде қалып қойған жоспарларымның күл талқаны шығатындығын ойлап қапаландым. Негізінде бүгін Жер бетінде сайлау өтуі тиіс еді. Мен бірден-бір үміткер болатынмын. Оған қызу дайындық жүргізгенбіз. Талай қиыншылықтарды жеңе отырып, енді ертең сайлау өтеді және біздің барлық қиындығымыздың жемісін көреміз деген байламға тоқтағанбыз. Менің аяқ астынан ұшты-күйлі жоқ болып кеткендігіме бәрі таң қалып, жағасын ұстап жатқан шығар. Маған бұл арнайы орындардың тапсырмасы сияқты көрінді. Себебі біздің қарсыластар өз мақсат-мұраттарына жету үшін кез келген зұлымдықтан тайынбайтындығына көзіміз жеткен. Бірақ, менен түбегейлі құтылғысы келсе көзімді құртып жібермей ме, бұлайша тұтқынға алғаннан гөрі. Бәрін қойшы, мен Жерді сағына бастадым. Дос түгілі өмірлік дұшпандарым дәл қазір алдымнан жолықса құшақтасып көрісуге даярмын. Жанарыма ыстық жас үйірілді. Тіптен достарымның алдында сенімнен айырылғандай күй кештім. Олар маған өмір бойы сенім артып келді ғой. Сол сенім үшін мені төбеліріне көтеріп үлкен додаға салды, енді-енді барлығы қалпына келеді деп отырғанда мен жоқ болып шықтым. Олар басқаша да ойлауы мүмкін. Бәлкім мені сатқын дейтін де шығар. Әйтеуір қандай да бір ойдың ұшығына жете алмай қойдым. Мен тағы да Жер жайында, сайлау жайында ойладым. «Жерге табаным бір тиетіні анық» деген сөзді іштей күбірлеп айта бердім.

* * *

Біз бір үлкен қалаға тап болдық. Мені ертіп келе жатқандар сол қаланың көшелерінде өздерін еркін ұстайды. Бәрі бізге жарылып жол береді. Көшедегі адамдар да мені әкеле жатқан адамдарға ұқсайды. Тек киген киімдері әр түрлі. Жан жағыма толық қарауға шамам жоқ, қорқып келемін. Біраз уақыттан кейін алып сарайдың алдына келіп тоқтадық. Айналасы биік дуалдармен қоршалған. Әлдебір бұйрықтардан кейін өн бойы сықырлап үлкен қақпа ашылды. Ішке енгеннен кейін байқағаным, сарайдың ауласы өте кең екен. Онда да жүрген адамдардың қарасы баршылық. Көбісі күзетшілерге ұқсайды. Жүріс-тұрыстары соны аңғартады. Ерекше салтанатқа құрылған сарайдың қандай сыры барлығын ешкім айтпаса да ұққандаймын. Қателеспесем, жоғарыда айтқан патшаның сарайы болуы керек. Тағы бір сырттағы қақпа секілді үлкен есік ашылды. Сарайдың ішіне кірдік. Сарайдың ішкі салтанатына көз тоймайды. Жасауға тұнып тұр. Дәлізбен жүре отырып тағы бір есіктің алдына келдік. Екі күзетші тұр. Бізге аса құрметпен есікті ашты. Бұл патша отыратын бөлме екен. Бөлмеге енген кезде патша тағынан тұрып, бізге қарай аяңдады. Ол да мені алып келе жатқан адамдарға ұқсайды. Тек киген киімі патшаға тән салтанатпен тігілген. Менімен қолын беріп, содан кейін құшағына қысып амандасты. Оның істегендерін мен де екі етпей қайталадым. Ол өзгелерге ымдап еді, бәрі шығып кетті. Екеуміз оңаша қалдық. Сосын ол:

— Қош келдіңіз! – деді.

— Мен қайдамын?

— Үшінші әлем деп те айтсаңыз болады. Бірақ, еш нәрседен қорықпаңыз. Өз үйіңізде жүргендей сезініңіз.

— Мен мұнда қалай тап болдым.

— Ол ұзақ әңгіме. Әзірге тыныға тұр. Бәрін кейін айтып беремін.

Мен тағы бір нәрсе сұрамақ ниетпен оқтала беріп едім, ол қолын көтеріп тиып тастады да, көмекші уәзірін шақырды.

— Мына құрметті қонағымызға ерекше сый-сияпат көрсетілсін. Осыны жеке өзіңе тапсырымын. Бәрін аралап көруге рұқсат етемін. Қаланы, сарайды, анау алма бағын араласын, менің айтарым осы, – деді.

— Құп тақсыр, — деген жауап қатылды уәзір тарапынан.

Бір орында мелшиіп тұрған мені уәзір қолымнан сүйрегендей алып кетті. Патша қалып қойды.

* * *

Мен тағы да Жер жайында ойладым. «Не болып жатыр екен» деген сұрақ санамнан кетер емес. Шындығында Жер қай жақта болуы мүмкін? Мына жақтың күні қай жақтан атып, қай жақтан бататындығын бімеймін ғой. «Үшінші әлем деуіне қарағанда, бәлкім Жер табанымның астында, тым алыста жатқан шығар» деп топшыладым. Бірақ қашып кету ақылға сыймайды. Сол күні ұйқыға кетер кезде ең болмаса Жер жайында түс көрсем екен деп тіледім. Көзім ұйқыға ілініп бара жатты. Түсім шым-шытырық болып кетті.

* * *

Ертеңіне қаланы аралап көрдім. Көңілім бөлінбеді, алаңдаулы еді. Көшедегі халық маған өзгеше көзқараспен қарайтын сияқты. Мені патшаның көмекші уәзірі ертіп жүрді. Соңыма екі күзетші бекітіліп берілген. Одан кейін сарайға қайтып келіп, ішін араладық. Бөлмелері өте көп екен. Әрқайсысы бірінен-бірі өтеді. Ішіндегі небір жасаулар жердегі дүниелерге мүлдем ұқсамайды. Көмекші уәзірден, патшаның қашан қабылдайтындығын, мені не үшін осы әлемге әкелгендігін сұрадым.

— Ертең қабылдайтын шығар, – деді уәзір.

Бөлмелерді аралап біткен кезде, күн де ұясына қонды. Мен сол сарайдың бір бұрышынан өзіме арнайы берілген бөлмеме келдім. Күнұзақ бойғы саяхаттан шаршаған екенмін, ештеңеге шамам келмей төсекке шешінбестен құлай түстім. Есік қағылған тарс-тарс дауыстан ояндым. Көмекші уәзір екен. Таң атыпты.

— Сізге патшамыздың арнайы сәлемін жеткізейін деп едім. Бүгін аса тығыз жиналыс болатындықтан сізді қабылдай алмайтындығын, бірақ сол үшін үлкен кешірім өтінетіндігін айтты. Сіздің қандай тілегіңіз болса да орындауға әмір етті.

— Менің Жерге қайтқым келеді.

— Мұндай өтінішіңізге менің құзіретім жетпейді. Басқа тілектеріңіз қандай?

Не дерімді білмедім.

— Бәлкім алма бағын аралап көрерсіз бүгін.

Амалсыз «жарайды» деген келісім таныттым.

Біз сарайдың артқы есігінен сыртқа шығып, бір адам ғана сиярлық жіңішке тас жолмен екінші бір аулаға өттік.

Мен көмекші уәзірден алма бағын жалғыз аралауға келісім беруін өтіндім. Қарсылық танытпай, қасына күзетшілерді тоқтатып қала берді. Алма бағының кереметтігіне таң қалдым. Аңқыған жұпар иіс танауыңды жарып жіберетіндей. Толған жеміс-жидек ағаштары. Небір әсем қызыл, сары, ақ гүлдер сылаң қағып тұр. Құстардың небір түрі ұшып жүр. Әсіресе сайраған бұлбұлдардың дауысы, жаныңа шуақ сыйлайтындай. Аралап келемін. Бақтың ішінде мөлдір бұлақ сылдыр қағып ағады. Бұлақтан әрі өтсең, ашық алаңқайға кез боласың. Сол алаңқайда көбелек қуып жүрген ай десе ауызы, күн десе көзі бар бір сұлу қызды көрдім. Мына әлемдегілердің ешқайсына ұқсамайды, кәдімгі адам. Таң — тамашамын. «Мына ару бұл жерде қайдан жүр? Әлде оны мен секілді ұрлап әкелді ме екен» деген ойға кеттім. Тілдескім келді. Қасына жүгіріп барып едім, мені көрісімен сәл жымиып күлді де, лезде қос қолымен бетін басып қаша жөнелді. Менен ұялып қашқан сияқты. Айран-асырмын. Оны соңынан қуғанмен ештеңе өнбесін сездім де, кейін бұрылып көмекші уәзірге келдім. Оның есімі кім екендігін, бақтың ішінде қайдан пайда болғандығын сұрадым.

— Оның есімі Күнекей. Осы бақтың иесі. Осы әлемнің ханшайымы, патшаның қызы.

— Ол сіздерге ұқсамайды ғой. Ол кәдімгі адам сияқты.

Көмекші уәзір не дерін білмей кідіріп тұрды да:

— Бақты аралап болсаңыз жүріңіз, сарайға қайтайық, – деді.

Сарайға келгенше бақ ішіндегі қыз жайында ойладым: «Есімі Күнекей дей ме, әдемі екен, ертегідегі есім. Өзі де хас сұлу екен. Ол қалай патшаның қызы болмақ?» Шым-шытырық ойлардың ұшығына жете алмай қойдым. Ұйқым қашты. Түнімен дөңбекшіп таңды атырдым. Енді бүгін патша қабылдайтын шығар, бар құпияның сыры ашылатын шығар, менің не үшін осы әлемге тап болғандығымның себебі айтылатын шығар, бәлкім бақтағы арудың кім екендігін білетін шығармын деп күттім. Төсегімнен тұрып киініп бола берген кезде көмекші уәзір келді.

— Сізден кешірім сұраймыз? Патшамыз бүгін де сізді қабылдай алмайды. Ертеңге қалдырды.

— Түсінбедім, бұларыңыз қалай?

— Дегенмен сізге үлкен сәлемдеме беріп жіберді.

Көмекші уәзір дорбаның ішінен мөлдір әйнек шарды алып шықты.

— Мынау сиқырлы шар. Оны тек патшаның өзі, оның қызы және мен ғана ұстай аламын. Сіз төртінші адамсыз бұл шарды көріп отырған. Сіз зерікпесін деп беріп жіберді. Осы шар арқылы жер бетіндегі барлық оқиғаларды көре аласыз.

Мен шарды қолыма алдым. Уәзір шығып кетті. Әйнек шарға үңіліп едім, кішкентай ғана жап-жасыл жер маған жақындай түсті.

* * *

Мен Жер жайында ойлай отырып, мөлдір шарға қарадым. Жер бетіндегі жаңалықтарды тезірек білуге тырыстым. Сайлау өтіпті. Әділетсіздік-ай десеңші, ішім удай ашыды, себебі менің жақтастарым жеңіліс тауыпты. Және қарсы тараптан мұның бәрі әділ өтті деген шешім шығарыпты. Бұл дегеніңіз, барып тұрған адамдарды алдау ғой. Соған сендіруде. Оған қарсы шыққан екі досым ажал құшыпты. Сол өлімді жасырып бағыпты қарсы күштер. Бірақ мөлдір шардан бәрі көрініп тұрды. Менің айтқым келген бар сұмдықты, бірақ оған құдіретім жетпеді. Ең қиыны бар жамандықты көзіңмен көре тұрып, айта алмау екен. Жер бетінде басқа өзгеріс жоқ. Көз үйренген жәйттар. Мені іздеп жатқан адамдарды да көре қоймадым. Дегенмен бір байқағаным, мен алғаш жоғалған күні достарым алаңдап, шарқ ұрып іздегенге ұқсайды, қазір бәрі сабасына түсіпті. Жер бетінде басқа жаңалық жоқ. Мөлдір шарды құшақтаған қалпы ұйықтап кетіппін.

* * *

Бүгін мені көмекші уәзір ерте оятты. Маған өздеріне тән киімдер әкеліп, патшаның ерекше қабылдауына осыны киіп бару керектігімді ескертті. Қарсылық танытпадым. Біз келгенде патша жалғыз отыр екен. Күзетшілер де жоқ. Мен одан қабылдаудың неліктен кешіккенін сұрадым. Содан алғашқы кездегідей «не үшін осы әлемге тап болғандығымды» айтуын өтіндім. «Мені жер бетінен ұрлап алып кететіндей жазығым не?» дедім. Асқан сыпайылықпен өзінің қабылдауды не үшін кешіктіргенінің себептерін айтып кешірім сұраған патша, маған барлық жайды түсіндіре бастады.

— Сенің осы таңқалысыңды түсініп отырмын. Сондықтанда мен саған бәрін басынан бастап айтып берейін. Сен тек тыңдай бер...

— Өзің көргендей біздің әлем жер бетіне еш ұқсамайды. Мұндағылардың түр-түсі, қарым-қатынасы, тіптен тұтынатын заттары да жер бетіндегілерден мүлде бөлек. Сондықтанда өзіңе алғашында айтқандай, бұл әлемді үшінші әлем деп қабылдауыңа толықтай негіз бар. Дегенмен біздің өз заңдылықтарымыз бар. Біздің әлемнің тұрғындары ешқашан қартаймайды, ешкім де өлмейді. Біз сандаған мыңжылдықтардың құрдасымыз. Әсілінде біздің жер бетімен жанымыз қас. Әр ғасыр сайын біз жер бетіне шолу жасап барып қайтып тұрамыз. Бірақ жанымыз қас болғанымен, жөналды ешкімге тиіспейміз. Тек алдымыздан кезігіп, бізді көріп қалғандарды өзімізбен бірге алып кетеміз. Бірақ біздің әлемге келгесін олардың ешқайсысы тірі қалмайды. Бұл — басты заңдылығымыз. Бірақ мен сол заңдылықты алғаш тәрк етушімін.

Патша ауыр күрсінгендей болды. Сірә әлденені айта алмай қиналып тұрғандай.

— Иә, – деді ол, сәлден кейін тағы да сөзін жалғастырып, — мен сол заңдылықты бұзушымын. Бірде мен өз халқыма айтпастан, ешкімге білдірместен жерді бетке алып жолға шығып кеткенмін. Осы еді менің заңдылықты бұзуым. Жер бетіне түнде түскен болатынмын. Бір аруды көрдім. Шынымды айтсам мен соған сол мезетте ғашық болып қалдым. Ұрлап алып келдім. Ол да өзің сияқты кәдімгі адам болатын. Келгеннен кейін мен оны өлімге қимадым. Өз халқым қанша қарсы болса да, патшаның айтқанынан шыға алмайды ғой, мен соған үйлендім. Ұзақ жыл бірге тұрдық. Сол жылдары мен өте бақытты едім. Ол да біздің әлемге үйреніскен болатын. Бірақ ауыр науқастан қайтыс болды. Біздің құтқарып қалуымызға шамамыз келмеді. Себебі, адамдардың маңдайына жазылғаны сол екен. Мен қатты қайғырдым. Тек бар жұбанышым екеуміздің ортамыздағы қызым болатын. Иә, екеуміз шаңырақ құрып тұрғанда қызымыз дүниеге келген еді.

Мен әуелі кімді айтып тұр екен деп ойладым, артынша алдында ғана бақ ішінен көрген қыз есіме түсті. Оны көмекші уәзір патшаның қызы, осы әлемнің ханшайымы деген жоқ па?

— Қызымның аты Күнекей.

Менің еш күмәнім қалмады.

— Шешесінен аумай қалған. Ол да кәдімгі адамдарға ұқсайды. Бірақ шешесі ақтық демі үзіліп бара жатып маған «Екеуміздің қызымыз өз бақытын өзі таңдасын» деген аманат айтқан болатын. Міне, сенің үшінші әлемге тап болуыңның сыры осында.

— Менің қатысым қанша?

— Сізге қалай жеткізсем екен, сізге осыдан бір күн бұрын көмекші уәзір мөлдір шар берген болар.

— Иә.

— Одан жер беті алақандағыдай көрінетіндігіне көзің жеткен шығар.

— Дәл солай.

— Қанында болғандықтан шығар, Күнекей қызым ылғи сол шардан жер бетіне қарап отыратын. Жер бетіндегі адамдардың қылықтарын көріп үнемі жадырап жүретін. Сол қызымның тұрмысқа шығуы жайында сөз қозғалғанда, мен шешесінің аманатынан аттап өте алмадым. Ал Күнекей қызым жер бетіндегі бір жігітке ғашық екендігін жеткізді маған. Ол — сен екенсің.

Мен барлық мән-жайды енді түсіндім. Алма бағының ішінде жүрген қыз маған ғашық болған екен ғой. Патшаның қызы.... ал керек болса? Санамда сан түрлі ойлар жүгіріп өтті. Осы кезде патша тағы да сөзін жалғастырды.

— Мен тек қызымның айтқандарын орындадым. Әсілінде бұл біздің заңдылықтарымызға жат нәрсе. Бірақ қайтемін енді, шешесінің аманатын орындауым керек. Сол үшін сізді ұрлатып алдық жер бетінен. Сені әкелген күндегі Күнекейдің жүзіндегі қуанышты көрсең ғой, менің есіме шешесі түсіп, көзіме жас та келген.

— Мен оны көргенмін.

— Күнекейді ме?

— Иә, алма бағынан көргенмін.

Патша үндемеді. Сәлден кейін:

— Бәрі өз еркіңде, егер келісім берсең осы әлемнің тұрғыны болып қаласың, әрі менің мұрагерім боласың. Егер қарсылық танытсаң сізді жер бетіне қайтаруыма құдіретім жетеді. Таңдау өзіңде.

Осыны айтқаннан соң сөз осымен бітті деген сыңай танытқан патша маған:

— Саған жеті күні уақыт беремін, — деген ол, — бірақ оған дейін Күнекеймен кездесуіңе тыйым саламын, – деді.

Мен мәңгірген қалпы өз бөлмеме қайттым. Көмекші уәзірден ешкімнің мазаламауын өтіндім. Ойымнан патшаның айтқандары мен Күнекей қыздың ай бейнесі кетер емес. Бірақ жерге деген құштарлығым, тағы бір нәрсені аңсататындай. Мен мөлдір шарға үңілген қалыппен алты күн бойы тапжылмастан отырдым. Жер бетінде орын алып жатқан оқиғалармен таныстым. Достарымның барлығы қуғында жүр екен. Бір-екеуі түрмеге де қамалыпты. Не үшін отырғандарын өздері де білмейді. Қулық-сұмдық, алдау — арбау дегенің жетіп артылады. Бәрінің де күнделікті кәсібі дерсің. Ешкім ешкімді аяйтын емес. Осылардың барлығын жер бетінде жүргенде қалай байқамағаныма таңмын. Бір алаяқ бүкіл халықтың ақшасын алдап алып, қашып жүр. Онысына шетелде зәулім үй салып жатыр екен. Бір жерде әке-шешесі мен бір қарыннан шыққан ағайындарын қырып салған біреудің соты болып жатыр. Жердің бір бетінде аштық болып жатыр, басшылар оны түк те елейтін емес, жылы орындарында жылы-жұмсақты асап, қарқ-қарқ күліп жатыр. Біреу біреуді тонап жүр. Сан түрлі көріністерді қарасаң, төбе шашың тік тұрады. Алты күн бойы мөлдір шардан көз алмаған мен, жындануға аз-ақ қалдым. Жетінші күні таң алдында шыдамаған мен, әйнек шарды лақтырып жібердім. Домалаған қалпы қабырғаға соқтықты да, тоқтап қалды. Сыртқа шықтым да, алма бағына қарай тарттым. Таңғы ауаға сіңген алма бағының жұпар иісі ерекше. Бақтың ішінде үстіне ақ көйлек киген Күнекей жүр екен. Таңғы араймен жүзі бал-бұл жанады. Маған күллі әлемнің қуанышын жиып алған жымыиыспен қарап тұрғандай. Қасына жақындадым. Қашпады. Бір орында тұра берді. Қозғалмады. Ол құшақтай алды. Мен де құшақтадым. Ол көзін жұмғанда жанарынан ыршып түскен бір тамшы жас алқызыл раушан гүлінің жапырағындағы шыққа барып соғылды.

Бұлбұлдар сайрап, ән сала жөнелді. Мен Күнекейдің құшағында алғаш рет жер бетін жек көрдім.