11 Қараша, Дүйсенбі

Әдебиет

Мақсат Мәлік
Мақсат Рамазанұлы Мәлік — 1984 жылы 10 желтоқсанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген.

Жұмбақ кітап






Сірә мен о дүниеліктердің тізіміне енген болуым керек, сұп-суық табыттың ішінде жатыр екенмін. Ұйып қалған қараңғылықтан еш нәрсені ажырата алмайсың, өте қиын, әрі табыттың іші соншалықты тар, жан-жаққа аунап қозғалу мүмкін емес. Басымды көтеріп қатты соғып та алдым. Қолыммен итеріп көріп едім, мені қашып кетеді деп ойлаған-ау шамасы, мықтап шегендепті. Қолымды ақырындата қозғап кеуде тұсыма апарған едім, бір қатты затқа тиді. Ұстап көрген едім — кәдімгі кітап. Жәй ғана парақтағаным болмаса, қараңғылықтан оның қандай кітап екендігі және табыттың ішіне не үшін қойылғандығы мен үшін жұмбақ еді. Табыттың ішкі көрінісі осы ғана. Бәрі де қалыпты жағдай, тек ішіне кітаптың қойылғаны болмаса. Меңіреу тыныштықпен жалғасқан жалғыздықтың дәурені, мыңжылдықтар өтсе де мызғымастай қалып танытады. Осы сәт маған ұнай бастады, сондықтан бұзғым келмеді. Себебі басында айқайлап, тар дүние табыттың ішін азан-қазан күйге бөлеп, сырттан көмек сұрағым келген. Дегенмен тыныштық пен жалғыздық мені бекерден-бекер табыттың ішіне жатқызбайтындығын ұқтырғандай.

Үнсіз жата бердім. Қанша жатқанымды да білмеймін. Ішім пыса бастады. Оқығым келіп кітапты қолыма қайтадан алып едім, қараңғылықтан түк те көре алмадым. Осы сәтте кітапқа деген қызығушылым одан сайын асқына түсті. Бірақ шарасызбын. Сосын ән айтқым келді. Кезерген ернімді бір-біріне жымдастырып дымқылдап алдым да жөткіріне бергенім сол, табыт теңселіп кетті. Осы жолы басымды сол жақ қапталға соғып алдым. Лезде ән айту жайындағы ойымды доғардым да, тың тыңдадым. Күбір-күбір дыбыстар. Бейне бір есіктің сықырын естіп, елегізген түрмедегі жандаймын. Табыт тағы да теңселді. Енді түсіндім, мені табытпен көтеріп әкеледі екен. Шамасы бес-алты адам секілді. Бір кезде мені дүрс еткізіп жерге қойды. Біреуі ауыр күрсінді. Екінші біреуі «Не деген ауыр еді» деді ақырын ғана, шамасы иығына қатты батқан болуы керек. Мен мұның барлығын естідім. Олардың нақты кімдер екендігін біле алмасам да, осы мезетте мені не үшін көтеріп жүргендігін, табыттың ішінде не үшін жатқандығымды толық түсінгендей болдым. Ақтық сапар алдындағы ақырғы көрініс. Және мені қоршап тұрғандардың қарасы баршылық секілді. Тыныс алған демдерден айналамдағы жұрттың көп екендігі анық білінеді. Қателеспесем, табыттың үстіне гүл шоқтары қойылған болуы керек. Бір шетінен қара жолақ түскен және миығынан күліп тұрған менің үлкен суретім де табытқа сүйеулі тұрғаны хақ. Бұл енді қалыпты көрініс қой. Сәл уақыттан кейін бейтаныс біреу сөз бастады. Қағаздан оқып тұр ма, әлде сөзге сондай шешен бе, әйтеуір, ауызы ауызына жұқпай судыратып, желдей еседі. Ұзақ сөйледі. Оның айтуынша мен бұ жалғанда жаман адам болмаған сияқтымын. Негізінде өзім де солай ойлайтынмын, оның осы сөздеріне табыттың ішінде жатып асқан ризашылық таныттым. Тағы біреуі сөз алды. Одан кейін тағы біреуі сарнай бастады. Барлығы да бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, мені мақтап, аяғымды жерге тигізбей көкке көтеріп әкетеді. Шынымды айтсам, бұл сөздерден жалыға бастадым. Бәрі сөйлемей тынбайтын секілді, тағы да осы сарындағы мадақтауларды ести бердім. Қаным басыма бір-ақ шауып, қатты ашуландым. Мені мақтап жатқандарды не үшін жек көргенімді біле алмадым. Ашуымды кімнен аларымды білмей дағдарып, ақыр соңы тар табыттың ішінде қолыма бар іліккені кітапты алып, қақ бөлдім ортасынан. Сосын аяусыз жырта бастадым. Миллиондаған ұсақ қиындыларға бөлінген кітап парақтары менің тәнімді жауып жатты.

Қанша уақыт өткені Аллаға аян, әйтеуір өлі тыныштық. Адамдар да мені жер қойынына тапсырып кетіп қалған ау шамасы... Жо-жоқ, тағы біреу қабірімнің басында ма, әлде жанымда ма, дауысы құлағымның түбінен естіле күбірлеп тұр екен. Дауысында сиқыр бар, өте ерекше. Тылсым күш еріксіз тыңдауға мәжбүрледі. Ол ұзақ та сөйлемеді, тек: «Мен саған не айтайын, пендем, бәрі ана кітаптың ішінде жазулы ғой» деді де, сап тиылды. Мен жалма-жан ұсақ қиындыларды құрастырмақ ниетпен қолымды көтере беріп едім, саусақтарым шашылып кетті. Мен еті ағып кеткен, қаудыраған қу сүйекке айналып үлгеріппін.