22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Мақсат Мәлік
Мақсат Рамазанұлы Мәлік — 1984 жылы 10 желтоқсанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген.

Қабір түні






Ол «өзекті жанға бір өлім» екендігін және өзінің ақтық демі біткен күні ана дүниенің қонағы атанатындығын анық білетін. Бұған іштей дайын болатын. Бірақ, өзін тірілер қауымы жер қойнына тапсырған күннің түнінде, қатал азапқа түсетіндігін, тәні жыртқыштық сезіммен таланып, жаны бұғауға алынатындығын ойламапты. Мына өмірде жіберген қателіктерім мен жасаған күнәларыма орай жазаланармын, алайда жер бетінде адамдар көп қой, о дүние аттанып жатқан, қайсыбірімізді тергеп, тексеріп, електен өткізеді дерсің деген пенделік түйсікпен шектелетін. Тәнімнің шіріп, топыраққа айналары хақ, сондықтанда жанымды көп қинап қайтсін, себебі өзінің берген жанына соншалықты екпінмен шүйліге қоймайтын шығар деп түйген. Ал жарық дүние топырақпен көміліп, ең соңында нүктедей ғана саңылаудан сығалаған сәулені бір қиыршық жауып, тас түнекке оранған сәтте құрт-құмырсқа секілді денесін тітіркеткен тылсым күш, сол күні кеш батқанша көз алдына әлдебір елестерді әкеліп, өткен күндерді жүгіртіп өтіп, әуре-сарсаңға салған еді. Бұл уақытта жаны өзінен ажырай қоймаған-ды. Өзін ораған кебінді шешіп тастап, қабір ішінде әрі-бері жүрді. Тірі күнінде толық білмесе де, өлген адамдардың тергеуге түсетінін естігені бар. Кім тергейді, қалай тергейді, ол жағына санасы жетпеді. Тек жанының бір күндері азаттық алып, өз еркімен кететіндігін сезетін. Тәні мен жаны бөліну үшін, өзін құрбандық ретінде есептейтін.

Сонымен түнді күтті. Не болар екен деп. Кеш батты. Шұбатылған қара шапанын жамылып түн жетті. Дегбірсіздене бастады. Қайтадан кебінді оранып, орнына барып жатып алды. Қас-қағым сәтте қабірдің іші үлкен алаңқайға айналды. Басын көтеріп қарап еді, өзі жатқан жерден екі бағытқа жол басталады екен. Ұшы көрінбейді бұл жолдың. Бұлай шалжиып жата бергенім болмас деп, кебінді қайтадан шешіп тастап, орнынан тұра бергені сол, қарсы алдынан екі бейне шыға келді. Бет-жүздері көрінбейді, екеуі үстеріне бастарын бүркеп тұратын шапан киіп алған. Бірі ақ, екіншісі қара түсті. Ақ түсті шапан кигені ерте замандарда патшалардың жарлығын оқып тұрған адамды еске түсіретін шұбатылған қағаз ұстап алған қолына. Оның қаншасы ораулы тұр және. Қара түсті шапан кигеннің бір қолында жалғыз парақ қағаз, есесіне екінші қолында алмас қылыш бар. Жарқ-жұрқ етеді, алыстан көрініп тұрған белгісіз оттың сәулесімен. Ол орнынан тік тұрды. «Тізерлеп отыр» деген әмірді естіді. Айтқандарын екі етпеді.

— Біз бастаймыз, дұрыстап тыңдап ал.

Құлағын түрді. Ақ киімді адам(кім біледі, бәлкім адам емес те шығар) сәл кідіріп қалды да, «Сізге соңғы мүмкіндік беріледі. Қайсысынан бастайық: тірліктегі жақсы істеріңізден бе, әлде жамандықтан ба?» деп сұрады.

— Жамандықты естігенмен, артынан үлкен жақсылықтар жұбатар болар. Сондықтан да әуелі жамандықтан бастаңыздар.

Қара түсті киім киген адам бір адым алға шықты.

— Сіз бар өміріңізде үш қиянат жасапсыз.

Ол қуанып кетті. «Сонда алпыс үш жылдық ғұмырымда үш-ақ рет қате басқаным ба, онша-мұнша ауыр нәрсе емес қой» деп ойлап үлгергенінше, Қара киімдегі адам:

— Бірақ осы күнәларыңызды сізге үш жүз жылдық ғұмыр беріп жер бетіне қайтарса да ақтай алмайсыз.

— Үш жүз жыл дейді... айып болмаса сол күнәларымды айтып берерсіз?

— Қазір бастаймыз. Міне, сіз он алты жасыңызда табаныңызбен таптап бір құмырысқаны өлтіргенсіз. Сіздің қолыңыздан жаһаннамға аттанған сол құмырысқа қазір жұмақта, «бірақ менің мекенім тозақ еді» деп, әлі күнге дейін қапаланып жүр.

— Мұныңыз қалай? Құмырысқа жұмақта жүрсе, керісінше маған рахмет айтпай ма? Кім құрт-құмырысқаға қарап жүр дейсің.

— Сіз өзіңізге ғана жауап беріңіз?

— Жарайды, менің сол сәт есіме түспей отыр. Байқамай басып кетуім де мүмкін ғой.

— Егер сіз табаныңыздың астында не жатқанына мән бермейтін болсаңыз, өзге істерді қалай атқардым деп ойлайсыз?

— Қойыңыз енді. Мұныңыз көпе-көрнеу жала жабу ғой.

— Енді бізге де ауыз салайын дедіңіз бе? Бұл тіптен кешірілмейді.

Қара киімді адам шарт қимылмен қолындағы алмас қылышты сермеп қалды. Ол қолының білегінен шабылып қалғанын көрді. Қалғаны жерде дірілдеп жатыр. Шыңғырып жіберді. Ана екеуі міз бақпайды. Жалма-жан орнынан тұрып, кебіннің шетінен жыртып алды. Атқылаған қанды тоқтатпақ оймен шолақ қолын орап жатқан, «Орыныңа отыр» деп бұйырды екеуі. Көзі қарауытып барады. Сонда да бар күшін салып сау қолымен екінші шолақ қолын орап тастады. Жүрегі айнып, құсқысы келді. Қара киімді адам жанына жақындап келді де, алмас қылышты тамағына тақап тұрып: «Жанының тәттісін қара. Құмырысқаға бұдан ауыр болған» деді. Сосын қылыштың лыпып тұрған жүзімен оның бетін тіліп жіберді. Ол қатты шыңғырды.

Қара киімді адам өз сөзін жалғастырды.

— Сіз тағы да жиырма жеті жасыңызда бір құмырысқаны табаныңызбен езіп кеткенсіз.

— Құдай-ау, басқасы құрып қалды ма, неменесіне құмырысқа жайында айта бересіз. Адам өлтіргендер де бар ғой.

Ол өзін қорғаштап, әлденелерді айтып жатқан, «Даурықпа» деген кесімді бұйрықты естіді.

— Сіз әуелі өзіңіз үшін жауап бересіз.

— Бұлай жауап бергені құрысын.

Қара киімді адам алмас қылышты тағы да сілтеді. Ол екінші сау қолын тартып үлгергенмен, жалаңдаған өткір жүз кеуде тұсын осып өтті. Шыбын жаны шырқырады. Ырсиған кеудесінің әр жағынан жүрегі көрінеді. Әрең дегенде тілге келді.

— Мынау, тірлікте көрмеген қорлығым ғой. Адамды ажал құштырмай тынбайтын шығарсыңдар.

Тістеніп, кектеніп айтты.

— Сіз онсыз да өлген адамсыз. Бар еркіңіз біздің қолымызда.

— Одан да бірден басымды шауып тастамайсыңдар ма?

— Жоқ, сіз әр күнәңізге орай жазаңызды алуға тиіссіз.

— Онда әкеліңіз, өзім-ақ кеудеме сұғып алайын.

Ол Қара киімдінің қолындағы алмас қылышқа ұмтылды. Алмас қылыш жарқ етті. Ол өкіріп барып құлады. Сол аяғы тізесінен жоқ. Қан тоқтар емес. Көзінің алды тұманданды. Қара киімді адам еш алаңсыз оның үшінші күнәсі жайында бастай берген, сәл өз-өзіне келген ол, орнынан ақырындап тұрды да, шойнаңдап қаша жөнелді. Қуып келе жатыр деп ойлаған, бірақ артынан: «Сізге жұмақтан да, тозақтан да орын жоқ. Жаныңыз енді мәңгілік қаңғырып жүреді» деген қатқыл дауыс жаңғырып жатты. Мән берместен ауыр ағаштармен бастырылған қабірдің төбесін, қуыс-қуыстарын сау қолымен тырмалай берді. Тез арада қабірдің сыртына шықты. Жанына қатты батса да кеудесін кере терең тыныстады. Таң бозарыпты. Төмпешік болып жатқан қабіріне қарап еді, жанынан құмырысқаның кішкентай илеуін көрді. Еш ойланбастан құмырысқа илеуінің жанына жүгіріп барып, бармақтай ғана тесіктен ішіне сүңгіп кетті. Өзінің ендігі мәңгілік мекені осы шығар деп ойлады.