11 Қараша, Дүйсенбі

Әдебиет

Мақсат Мәлік
Мақсат Рамазанұлы Мәлік — 1984 жылы 10 желтоқсанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген.

Ескі үйге апаратын жол






Бүгіндікке сәтсіздіктердің шырмауынан шыға алмадым. Күнұзақ жұмысым өнбей, кері кетумен болды. Жүйкем сыр бергендей, болмашы нәрсеге айналамдағылармен айқайласып, жұрттың мазасын алумен жүрдім. Қаланың тірлігінде кімнің мінезін кім көтерсін, олар да шап береді. Құрысын бәрі, ілбіп жүріп кешті де батырдым-ау...

Әдеттегідей жұмыстан шыққасын үйге қайтпақ ниетпен автобусқа отыратын аялдамаға қарай аяңдадым. Оған жетуім үшін үш аялдама жаяу жүруім қажет. Бір сызықтың бойындағыдай үйреншікті тірлік. Аяңдап келемін. Мойындау керек, қала өмірінде қара бастың қамынан басқа ешнәрсеге мән бермейсің. Көзіміз де, көңіліміз де, санамыз да үйренген. Бір қалыпты қозғалыс. Таң қараңғысынан тұрасың, көйлегіңнің жағасы мен жеңі кір емес пе, соны қарайсың; шай немесе кофе ішесің; автобуспен ырғалып-жырғалып әрең деген де жұмысқа келесің; одан жанығып жүріп жұмысқа кірісесің; түс кезінде шуылдаған адамдардың ортасында кезекке тұрып түскі асыңды ішесің; тағы да жұмыс; содан ырғалып-жырғалып қайтадан үйге қайтасың; газет пен кітап оқыған боласын, содан соң теледидар көресің; арасында достарыңмен кездесіп сыра ішесің немесе бильярд ойнайсың, кейде футболға барасың, міне, қала өмірінің бір үзігі осындай. Ауыр жүк көтерген есек секілдісің, басыңды төмен шұлғып жүресің де қоясың, бітті. Маңайыңда не болып жатыр, олар не ойлайды, оған бас қатырмайсың. Осының бәрі сана қатпарларындағы бойкүйездікті одан сайын қалыңдатып, етің өліп кетеді екен. Көше бойымен келе жатып күнделікті күйбең тірліктен қажығандығымды, былжыраған көріністерден қатты шаршағанымды сезіндім. Айналама адамға тән, бірақ басқаша көзқараспен үңілгім келді...

Мәссаған, мына қызықты қараңыз, мен жүріп келе жатқан көше — басқа көше. Жо-жоқ, дәл өзі, мен күнделікті жүретін көшенің өзі. Бірақ басқаша, менің көшем емес, тас жолдан өгейліктің иісі аңқиды. Әрі-бері ойланып, мүмкін бүгін күні бойғы сәтсіздіктерден кейін санам сансырап, бөгде көшеге түсіп кеткен шығармын деген тоқтамға келдім. Жо-жоқ, нақ сол көше, алайда басқа көше. Теректер де көзге түрпідей тиеді. Бұрын мен көрген көрініс мұндай болмайтын. Қысқасы, бәрі-бәрі менікі емес. Мына ғимараттар да басқа. Тіпті көшедегі адамдар да өзге қаладан келген сияқты. Бұлай болуы мүмкін емес қой, кішкентайымнан өскен қалам, көптен бері жұмысқа келіп-кетіп жүрген көшем әп-сәтте қалайша өзгеріп шыға келуі мүмкін?! Негізінде өзгерген ештеңе жоқ, бәрі өз орындарында тұр, бірақ бір нәрсенің болғанын, күндегіден өзгеше екендігін іштей сезудемін. Ананы қараңыз, жол шетіндегі бақ ішінде ойнап жүрген балалар да мен күнделікті көріп жүрген балаларға ұқсамайды. Олардың күлкісі де бүгін бөлектеу. Маңайымның барлығы түгелдей күнделікті мен қабылдап жүргендей емес, бәрінен жұрдай, ада болған. Мұны бұрын қалай байқамағанмын, қалайша барлығының өзгеріп кеткендігінен хабарсызбын, бәлкім мен де күнделікті өзім емес шығармын? Көшемен аяңдап келе жатқан менің өзім емес, клоным шығар, біреулер әдейілеп қастандық жасап, мені құртып жіберген шығар деп ойладым. Егер солай болған жағдайда, мен дәл осылай ойлай алмаймын ғой деген тоқтам жасадым. Қорқыныштысы, ойларым да менікі емес, сонда мен кім болуым мүмкін?! Мені қоршаған әлем не үшін өзгеріске ұшыраған? Төңіректің қас-қағым сәтте төңкеріліп шыға келгендігін неге жоруға болады? Бәрі мені мазақтап, сақ-сақ етіп күлетіндей. Әне, тағы қараңыз, анау жол жиегінде отырған қайыршы да өзгеріп кеткен. «Япырмау, бұларға не болған? Адамды жындандыратын шығар. Бәрі өз орындарында, бірақ бөгделікті анық аңғарасың» деп, ішімнен күбірлеймін. Осы ойлардың жетегімен екі аялдама жерді еңсеріп, енді жолдың арғы шетіне өту үшін бағдаршамның жасыл түсі жанғанын күтіп тұрғанмын, бір дәу қара машина қарсы алдымнан бар жылдамдығымен зулай өтіп, қақ жарылған ауаның епкінінен шашым қобырап, желбіреп кетті. Қалалық сыпайылықпен ұйпа-тұйпасы шыққан шашымды оң қолыммен ретке келтірдім. Сосын төмен түсірген қолыма қарасам саусақтарымның арасына бір тал шашым ілініп қалыпты. Қудай аппақ. Шошып кеттім. «Мынау менің шашым емес қой» дедім өз-өзіме. Дәл солай, үсті-басыма қарай бастап едім, тіптен күдігім көбейе түсті. Қолым да менікі емес, аяғым да... бәрі-бәрі менікі емес. Бетімді, мұрнымды, ауызымды ұстап көрдім, бәрі-бәрі менікі емес. Өзге біреудікі секілді. Әрине, тағы да қайталап айтамын, дене мүшелерімнің барлығы орнында, мысалы қолым ұзарып немесе қысқарып кетпеген. Тек менікі емес. Ойлап қалмаңыз, Кафканың кейіпкеріндей құбыжыққа да айналған жоқпын, сол қалпымдамын, бірақ менікі емес. Қорқайын дедім. Ғұмырымда алғаш рет өз-өзімді қатты сағыңдым...

Салым суға кетіп үйге келдім. Есіктің қоңырауын басайын деп тұрдым да ұзақ ойландым, бұл біздің үйдің есігіне ұқсамайтын тәрізді. Жүрексініп, қоңырауды екі-үш мәрте басып қалдым. Мені басқа бір әйел қарсы алды. Жо-жоқ, кәдімгі он жыл отасқан өз әйелім. Оң жақ бетіндегі кішкентай меңі де анық көрініп тұр. Бірақ, өз әйелімді танымай қалдым. Танымасаң да ештеңе емес қой, ол менің әйелім емес. Бейтаныс әйел(мен оны осылай деп атағанды жөн көрдім) ылдым-жылдым қимылдап шәй демдеді, үстелге тамақ әкелді, әйтеуір бәйек болып жүр. Менен бүгінгі жұмысымның қалай өткендігін, нендей жаңалықтар болғандығын сұрап жатыр. Бейтаныс жанның менің жеке істеріме араласып несі бар, жынды ма өзі деп ойлап қоямын. Арасында ол бүгін үлкен ұлымыздың мектептен бес алып келгендігін, қазір кенже қызым екеуі көрші бөлмеде ертеңгі сабақтарына дайындалып жатқандығын жеткізді. Сүлесоқ отырып тамақ іштім. Ол менен: «Бір жерің ауырып отырған жоқ па, көңілсізсің ғой» деп сұрады. «Осы менде не шаруаң бар» деп айқайлағым келген, райымнан тез қайтып, ас қайырдым да жұмыс бөлмеме қарай өттім. Жолай балаларымды көргім келіп көрші бөлмеге бас сұқсам ба деп ойладым, бірақ олар да менің балаларым болмай шықса қайтемін, онда жынданып кетермін, әрі кімнің баласы болса да мейлі, қорқытып алармын дедім іштей. Жұмыс бөлмеме кіре салысымен қабырғадағы кітаптарға қарадым. Бүгінгі сәтсіздік пен қырсық тағы да алдымнан кесе көлденең шықты, барлығы да менің кітаптарым емес. Айқайлап әйелімді шақырып едім, бағанағы бейтаныс әйел кіріп келді.

— Не болып қалды өзі?

— Сен өзі кімсің, менің кітаптарым қайда?

— Есіңнен ауысқанбысың, не тантып тұрсың?.. Кітаптарың орнында тұр ғой.

— Жоқ, сен менің әйелім емессің, мына сөредегі кітаптар да басқа біреудікі...

Расында басқа біреудің үйіне кіріп кеткендей күй кештім. Егер дәл қазір үй иесі кіріп келсе, менің күнім не болмақ деп ойладым. Менің бүгінгі қылықтарымды көріп шошынған бейтаныс әйел, «мен қазір дәрігер шақырайын» деп бәйек болып жүр. Оған денімнің сап-сау екендігін, бірақ айтқан сөздерімнің барлығы растығын қанша айтсам да ұғатын емес. Жанары жасқа толған ол:

— Міне, кеше түнде оқыған кітабың да беті жабылмаған күйі үстеліңнің үстінде тұр ғой. Саған не болған, қой... одан да жатып тынық. Қазір төсегіңді салып берейін, — деп жатын бөлмеге қарай асығыс-үсігіс кетіп қалды. Қозғалмастан бір орнымда (сілейіп) тұра бердім, алғашқы ойларымнан түк те айныған жоқпын. Бір кезде ол қайтып келіп, қолымнан ұстаған қалпы жатын бөлмеге қарай сүйрелей жөнелді. Мәңгірген қалпыммен соңынан ере бердім. Мені тездетіп төсегіме жатқызды да, тыныштандырғыш дәрі берді. Әлденелерді айтып, ұшықтап жатыр-ау шамасы, «тфә-тфә» деп қояды. Миыма ештеңе кіріп-шығар емес, бүк түскен қалпы көрпенің астында жатырмын. Бейтаныс әйел әлденелерді күбірлеп, сосын жарықты сөндіріп бөлмеден шығып кетті.

Көпке дейін ұйықтай алмадым. Өз-өзіме деген сағыныш барған сайын үдей түсті. Неге екенін білмеймін, көз алдыма кішкентай кезімдегі ескі үй елестей береді. Марқұм әкем мен шешем қол бұлғап шақыра беретіндей. Ішімнен, «алдағы жұма күні мешітке барып, (садақа тастап), құран оқытайыншы осы, көп болды-ау бармағалы» деймін. Елес бейнелер қайтадан жоқ болып кетеді, қайтадан шығады. Бірақ алыстан арбаған ескі үйдің сұлбасы оттай ыстық көрінеді. Бәрі көкірегімде сайрап тұр.

Біз қала шетіндегі ауылдан көшіп келгелі бірталай уақыт өткен. Ұмытпасам жеті жаста болатынмын. Алғашында қала тірлігіне үйренісе алмасам да, кейін келе сол ауылды, ескі үйді ұмытып кеткенмін. Қалада өстік, оқу бітірдік, әскерге барып келдік, жұмысқа тұрдық, үйлендік, ал әке-шешем осыдан жеті жыл бұрын қайтыс болған. Бірақ ақтық демдері таусылар сәттерінде де ауыл жайында, сол бір ескі үй жайында тіс жарған емес. Бірде әкемнен сұрағанда: «Е-е, ол үйді біреулер сатып алған» деп, әрі қарай мардымды ештеңе айтпаған. Одан бері қанша уақыт сырғыды десеңші... Енді сол бір ескі үйді сағына бастадым, сағынып жатып ұйықтап кетіппін. Ертесіне оянсам таң енді ғана бозарып атып келеді екен. Бұрынғы мен көріп жүрген таңға (әсте) ұқсамайды. Әсілінде ерте тұратын мен таңның дәл осылай атқандығын көрген емеспін. Бұл да менің таңым емес...

Апыл-ғұпыл киіндім де, ешкімге мойын бұрмастан далаға шықтым. Таң бозында кеше түндегі, ескі үй жайындағы сағынышқа қайтадан жолықтым. Қаланың тірлігі ерте басталады, немесе ешқашан тоқтамайды емес пе, көше зулаған көліктер мен ағылған адамдарға толы. Тура автобекетке қарай тарттым. Билет алдым да, қала шетіндегі ауылға бару үшін, кезінде алғашқы балалық шағым өткен ескі үйді көру үшін автобусқа отырдым. Тас көшемен зулаған автобус бір жарым сағаттың ішінде сол ауылға жеткізіп тастады. Бұл кезде таң да атқан. Шығыстан құлағы қылтиған күн адамдарды тезірек көру үшін көк аспанға, биікке асыға түседі.

Ауыл өзгермепті. Мен балалық түйсікпен ауыл шетіндегі ескі үйді бетке алып келемін. Тез тауып алдым. Ескі үйдің алдында тұрмын. Алқа-салқасы шыққан. Шарбақтары ырсиып, ырбиып құлап қалған. Ауланы шөп басып кеткен, биіктігі адамның белінен келеді. Әне, бала кезімізде сілекейіміз шұбыра жүріп, жемістерін теріп жеген жеміс-жидек ағаштары да қараусыз қалғандықтан, шіріп, құлағалы тұр. Қураған. Ескі үйде ешкімнің тұрмайтындығына көзім жетті, сонда бізден сатып алған адамдар қайда кеткен, олар да қалаға көшіп кеткен бе деп ойладым. Шөпті табаныммен жапыра артыма із тастап, есік алдына келдім. Тоз-тозы шыққан есік-терезелерге тақтайшалар қағылып тасталыпты. Бір түрлі сұрықсыз үй, ескі үй... Ескі үй болғанда да баяғы мен дүниеге келген үйге мүлде ұқсамайды. Иә, бұл да менің үйім емес...

Сұрықсыз көріністен жүрегім айнып, қой, қалаға қайтайын, жұмыстан іздеп қалар деп ойладым. Артыма бұрылып, шөптері жапырылып жатқан ізіме, келген жолыма қарадым. Бұл да мен келген із емес, менің жолым емес екен...

Ал қалада бәрі басқаша...

Раушан гүлінің қауызындағы сағыныш

Күз. Қараша айы. Көшені көңілсіздік билеп алған. Жапырағынан тоналып, сидиып қалған тал-теректерге де торғайлар сирек қонақтайды.

* * *

Кешкі мезгіл. Ол жұмыстан шыққасын, аялдамаға келді. Үйге қайтуға асыққан халықтың қарасы жетерлік. Автобус келіп тоқтады. Есігін ашқанда ақтарылып түсетіндей, іші адамға лық толы. Келесі көлікті күтсең де осы көрініс қайталанады. Амалсыздан сығылысып ішіне енді. Бәрі күндізгі ырду-дырду тірліктен шаршаған. Қит етсең шап ете қалып, бетіңнен ала түседі. Жүйкелері тозған дерсің. Егер байқаусызда біреуінің аяғын басып кетсең, бәлеге қалдым дей бер. Онсыз да қысылып-қымтырылып әрең тұрған жерде төбелесуге дейін бар. Бір қызығы сан түрлі мінез бен тағдырды байқайсың. Оның межелі жерге жеткенге дейінгі ермегі осы. Әркімнің жүзіне барлай қарап, өзінше байлам жасайды. Бүгін де сол әдетіне салып, жан-жағына қарап қояды. Бірте-бірте жылжып, сығылысқан адамдардың итеруімен автобустың орта тұсынан бір ақ шықты. Қолқасын қолаңса иіс қауып кетті. Жүрегі айныды. Қарсы алдында етжеңділеу келген сары кісі тұр. Сірә жағымсыз иіс осы сабазыңнан шығып тұрған болуы керек деп түйді. Бір орыннан қозғалу мұң, еріксіз басын автобустың артқы жағына бұрып әкетті. Мойынын бұрғаны сол, көзінің алды нұрланып, еліктей сұлу қызға қадала қарап қалды. Аппақ жүзі, тостағандай әрі мойылдай қара көзі, үлбіреген еріні жан-жүрегіңді еріксіз баурайды. Қыз болса еш қаперсіз сол қолымен тұтқадан мығым ұстаған қалпы, терезеден кешкі қаланың көрінісінен көз алмайды. Оң қолында ақ түсті үш тал раушан гүлі бар екен. Ерекше қорғаштап қояды. Зулап келе жатқан автобус кенеттен кілт тоқтады. Тежегішті басып үлгерген жүргізуші терезеден басып шығарып, қолын сілтеп әлдекімді балағаттап, айқайлап жатыр. Көліктің ішіндегі барлық адам жапырыла алға қарай құлады. Сұлу бейнеден көз жазып қалған ол, жалма жан қызды іздей бастады. Тапты. Қолындағы гүлін бір еңгезердей жігіт мыжып кетіпті. Жыламсыраған қыз:

— Абайламайсыз ба, — деді.

Жігіт ығар емес, керісінше «адам өзі әрең тұрғанда үш тал гүлдің құнын даулағаны несі» деп, өзіне дүрсе қоя берді. Ызаға булыққан қыз шыдай алмай:

— Мәдениетсіз, — деп айқайлап жіберді де, адамдарды кимелеп автобустың есігіне қарай ұмтылды. Бұл көріністі қадағалап тұрған ол ана жігіттің бәлендей кінәсі жоқтығын, әдейілеп гүлді мыжып кетпегендігін түсінсе де, азамат басымен кешірім сұрамағанына іштей қынжылды.

Жаны ашыған ол келесі аялдаман қызбен бірге ере түсті. Қауызы шашылып қалған гүл сабағын анадай жердегі қоқыс жәшігіне тастай салды. Ол қыздың соңынан жүгіріп, «Қарындас, кешірерсіз, сәл аялдай тұрсаңыз бола ма» деп өтінді. Бұған жалт қараған қыз, не айтайын деп едіңіз, тыңдап тұрмын дегендей сыңай танытты.

— Кешіріңіз, автобустың ішіндегі көріністі толық бақылап тұрған едім.

Қыз сөзін бөліп жіберді.

— Аяушылық сезіммен қараған адамдарды жек көремін.

— Дұрыс түсінбедіңіз ау деймін. Түкте ондай ойым жоқ. Тек сол бір жігіт үшін сізден кешірім сұрайын деген едім.

— О, джентельменмін деңіз.

Жігіт не айтарын білмеді. Осы әрекетім бекер болды ау, нем бар еді тыныш жүре бермей деп ойлады. Бірақ намысы жібермеді.

— Сіз қалай түсінсеңіз де еркіңіз білсін. Керек десеңіз барлық жігіттер

үшін сізден кешірім сұрауға дайынмын.

Қыз ойланып тұрып қалды. Жүзінде таңданыс бар. Мұнысын жасырмады да.

— Сіздей романтик жанды бірінші көріп тұрмын.

— Соңғы рет көріп тұруыңыз да мүмкін.

Жігіттің бұл жауабына қыз күліп жіберді.

— Иа, айта беріңіз, — деді.

— Егер қарсы болмасаңыз, мен сізге гүл сатып алып берсем.

— Не үшін?

— Сіздей сұлу жанның мұңайғанын қаламаймын.

— Қажеті жоқ.

Қыздың бұл жауабын ол тәкіпарлығы деп ұқты. Ақыры бой бермей жақын маңдағы гүл сататын дүкенге ертіп апарып, үш тал ақ раушан гүлін сатып алды да, қызға ұсынды.

— Рахмет!

— Оқасы жоқ.

Қызбен қоштасты да, жөніне кетті. Аяңдап бара жатып оның есімін және телефон нөмірін сұрамағынына өкінді. Соңынан жүгіріп, қайтып баруға арланды.

Көшеде әлі адам аяғы саябырсымаған. Бейтаныс қызды ойлап келеді. Жүрегінің түпкірінде оған деген қимас сезім оянғандай. Қарашаның қара суығы денесін қалтыратып, жаураса да, жан дүниесі өртеніп барады. Елегізіген көңіліне басу таппады. Әр түрлі ойдың жетегімен үйіне қалай жеткенін аңғармады. Сағатына қарап едіп, кешкі сегіз жарым екен. Бір сағаттай жаяу жүріпті үйіне дейін. Жылы үйге енген бетте қатты тоңғанын сезді. Газға шай қойып, диванға қисайды да, теледидарды қосты. Қай арнаға ауыстырса да сериалдар болып жатыр екен, өзі ұнатпайтындықтан өшіріп тастады. Шалқасынан жатып бағанағы қызды қайтадан есіне түсірді. Мынадай үлкен қалада оны екінші рет кездестірудің қиын екендігін іштей сезеді. Көзіні ілініп кеткен, тарсылдаған дауыстан оянды. Тұра сала ас үйге қарай жүгірді. Бұрқ-сарқ қайнап жатқан шәйнектің астындағы жалынды сөндірді. Тоңазытқышты ашты да, тәбеті болмағандықтан қайтадан жапты. Орнына барып жата бергені сол, ұялы телефоны безектеп қоя берді. Досы екен.

— Қал қалай?

— Жақсы. Бірқалыпты өмір ғой.

— Дауысың біртүрлі ғой, аманшылық па?

— Иә, көңіл қошымның болмай тұрғаны.

— Не болып қалды?

— Жәй, әншейін. Онша алаңдайтын дүние емес.

Қайдасын?

— Үйде

— Онда тез киін. «Ақ жайық» кафесіне кел.

— Жайшылық па?

— Жұмыстағы бір әріптес қыздың туған күні еді. Еркек атаулыдан жалғыз мен ғанамын. Тез кел.

— Мен оларды танымаймын ғой. Ондай ортаға қалай барамын.

— Ештеңе етпейді, туған күн иесінің өзі достарың болса шақыршы деген.

— Бәрібір ыңғайсыз болар...

— Сөзді қысқарт, сені күтемін. Жарты сағаттың ішінде жет, — деді де, телефонды қоя салды.

Оның досы қаладағы бір мектепте мұғалімдік қызмет атқаратын. Арпа ішінде жалғыз бидай. Осынысын кейде қылжақ қылатын. Досының еркек кіндіктіден жалғыз өзім деуі сондықтан. Бармасына шара жоқ әрі көңілін қимады. Сыртқа шығып, такси тоқтатты. Танымасада туған иесіне не сыйларын білмей басы қатқан, ақырында ең ыңғайлысы гүл деп шешті. Жолай бір құшақ гүл сатып алды.

Кафе ішінде көңіл көтеруші жастардың қатары көп екен. Шеткеріктегі үстелге бір топ қыздар жайғасыпты. Бүгінгі қуанышқа жиналған осылар болар деген оймен солар жаққа жүрді. Қателеспепті, араларынан досы суырылып шығып, мұны қарсы алды. Әуелі туған иесімен таныстырып, өзі шақырған досы осы жігіт екендігін айтып жатыр. Әдеміше келген қара торы қыз. Мінезі ашық. Қолындағы гүлін оған ұсынып, туған күнімен құттықтады. Қалғандарымен бас изеп амандасты да, бос орынның біріне отырды. Ала көлеңкеден отырғандардың түрлері айқын көрінбейді. Досы осы жиналғандардың жартысы бірге істейтін әріптестері екендігін, қалғандары туған күн иесінің құрбылары екендігін айтып шетінен таныстыруда. Бір кезде мына қыздың есімі Раушан, бүгінгі кеш иесінің жан құрбысы деп айтқаны сол, өзіне күлімсіреп қарап отырған жүзі таныс аруды көрді. Қыз орнынан тұрып қолын ұсынды. Таныды. Кешкілік автобуста көрген, одан кейін өзі гүл сатып алып берген қыз . Өз көзіне өзі сенер емес. Раушан бұған кафе ішіне кіргеннен бері қарап отырыпты. Соншалықты іздеген, сезімін селт еткізіп кеткен аруды қалайша байқамаған? Ол да қолын созып, есімін айтып өтті. Туған күн кеші өте көңілді өтіп жатыр. Біреулері билеп, екіншілері тост көтеріп, мәре-сәре. Әнші жігіт бір мезетте баяу ырғақты ән қойды. Раушан орнынан тұрып оның қасына келді де, вальске шақырды. Екеуі біраз уақыт үнсіз билеп жүрді.

— Сізді енді кезіктірмейтін шығармын деп ойлағанмын.

— Мен де...

Раушан жанарын төмен салып тұр. Оның күткені де осы жауап еді. Ақырын қапсыра құшақтап, өзіне қарай тарта түсті.

— Асқан мәдениеттілік танытып, жақсылық жасаған адамға есімімді айтпай кетіп қалғаныма қатты ұялдым.

— Ал сіз кетіп бара жатқанда жан әлемім қаңырап бос қалғандай күй кешкенмін. Бас-аяғы үш-төрт сағаттың ішінде Мәжнүнге айналып шыға келдім.

— Сіз керемет адамсыз!

Ән аяқталды. Екеуі орындарына қайта отырды. Өзгелер дуылдасып, тағы да тост көтеріп жатыр екен. Досы ортаның белсендісі. Әзіл-қалжыңы жарасқан жастықтың жарқын күлкісі кафе ішін кернеп тұр.

Сол түні ол Раушанды үйіне дейін шығарып салды. Алдағы уақытта кездесіп тұруға сөз байласты.

* * *

Қыс. Төңірек аппақ қарға оранған. Кіршіксіз әлем. Мүлгіген бақта қар жамылған бұтақтар дірілдейді.

Екеуі бір-біріне қар лақтырып ойнап жүр. Қыздың сықылықтаған нәзік күлкісі өзіне сондай жарасымды. Ол ара-арасында қыздың қос алақанын ұстап, ауызымен үрлеп жылытып қояды.

— Сіздің ең алғаш маған сыйлаған гүліңіз осы қар секілді аппақ раушан гүлі болатын.

— Жоқ а, мен сізге қызыл түсті гүл әкелгенмін. Әлі есімде.

— Қателестіңіз.

— Қалайша?

— Мен сізге автобус ішіндегі оқиғадан кейінгі жағдайды айтып отырмын.

— Сіздің уәжіңіз дұрыс. Жеңдіңіз.

— Алақай, алақай, — деп балаша қуанған қыз қаша жөнелгенде ол артынан қуа берді. Жеткен сәтте белінен құшақтап, ұмыр-жұмыр қарға құлады.

— Мен сіз әкелген әрбір гүлдің қауызын кептіріп, күнделігімнің әр бетіне жабыстырып жүрмін.

— Рас па?

— Иә, сенімен кезіккен әр сәтімнің жалғыз куәсі солар ғана.

Жігіт үндемеді. Қыз жанарын басқа жаққа бұрып әкетті.

* * *

Көктем. Жер Ана құлпырып, ерекше кейіпке енген. Жасыл желек жамылған қаланы құстар әні тербетеді. Қосылып бірге шырқағың келеді.

Ол бүгін Раушанмен кездесуге дайындалды. Жұмыстан шыққасын әдеттегіше гүл сататын дүкенге соқты. Сатушы жігіт бейне бір жақын танысын көргендей қарсы алды. Тұрақты келуші болғандықтан оған ерекше құрметпен қарап, өзі гүлдің ең жақсысын таңдап береді.

— Қызыл түсті бір тал раушан гүлі ғой...

— Иә.

Гүлді әдемілеп орап жатқан сатушы жігіт мұны сөзге тартып, әлденелер айтып жүр.

— Сіздей жігітті жанына серік еткен ару қыздың арманы жоқ шығар. Қашанда әр кездесуіңізге үлкен дайындықпен барасыз. Гүл сатып алуды әсте ұмытпайсыз. Соған қарағанда шынымен ғашықсыз ау...

— Мұның барлығы көзсіз сүю емес, оның да, өзіңнің де ғашықтық сезіміңді бағалау болып табылады.

— Бәрекелді... Ғашық боламын деп жүріп қалай ғана философқа айналып шыға келгеніңізді байқамай қалыпсыз, — деді сатушы жігіт бұған ұқыпты оралған гүлді беріп жатып. Ол ақшасын төледі де, шығып кетті.

Орталық бақтағы субұрқақтың жанына келгенде Раушан мұны күтіп отыр екен. Кешігіп қалдым ба деген оймен сағатына қараған, кездесуді белгілеген уақытқа әл он бес минут бар.

— Ертерек келіп алғаныма кешірім сұраймын, сағынып кеттім..., — деді қыз күліп. Ол Раушанды құшағына қысты да, қолындағы гүлін оған ұстатты.

Екеуі бақ ішінде ұзақ қыдырды. Аралары жиі орнатылған шамдар айналасын самаладай етіп, күндізгідей жап-жарық қылып тұр. Қол ұстасып қыдырған жастарға толы. Раушан оның иығына басын қойып алған, арасында тамағынан иіскеп қояды.

— Танысқанымызға қанша уақыт өтіп еді.

— Алта айдың жүзі болды.

— Ал мен сені алты жылдын бері білетін сияқтымын.

— Мен де...

— Егер қарсы болмасаң...

Жігіт әрі қарай тосылып қалды. Қыз не айтар екен дегендей оның жүзіне ұзақ қарады.

— Егер қарсы болмасаң...

— Айтсаңшы енді, — деп қыз бұған наздана бұртиды.

— Сен маған тұрмысқа шығасың ба? Өмір бойы алақанымда аялап өтемін. Біз бақытты боламыз. Алла жазса алдағы жаз айында той жасаймыз.

Қыз оның мойынынан құшақтап алды да, ақырын ғана құлағына «иа» деп сыбырлады.

— Бірақ бір өтінішім бар. Орындай аласың ба, — сұрады.

— Айт бер.

— Тек тойымыздың уақытын күз айына белгілейікші.

— Неге?

— Ата-анама уәде бергенмін, күзге дейін сол уәдеден аттап кете алмаймын.

— Қандай уәде? Айтуға болатын шығар.

— Әрине... Биыл екі бірдей інім оқуға түспекші еді. Соларды дайындап, оқуға түсулеріне көмектесуім қажет.

Ол қыздың айтқандарымен келісті. Бір-біріне серт берді.

* * *

Жадыратып жаз келді. Жазбен бірген табиғаттың бар сұлулығы қайта жанданғандай.

Ол биылғы кезекті еңбек демалысын алып, көптен бері жолы түспей жүрген нағашыларының ауылына тартып отырды. Кетерінде Раушанмен қоштасып, екі аптаның ішінде қайтып келетіндігін айтқан. Нағашы жұрты біраздан бері ат ізін салмай кеткен жиендерін асты-үстіне түсіп,м бәйек болып күтуде. Нағашы әжесі барлық жылы-жұмсағын осының аузына әкеліп тосады. Екі-үш күн сергіген ол құр жата бермей қолғабыс етейін деген оймен тауға шөп шабуға бармаққа бел буды. Әжесі: «Қайтесің соны, сенсіз де шабылады осы үйдің шөбі. Қаладан көзің шүңірейіп жеткен бетің осы, таста, одан да ақ ішіп, жатып демел» деген. Тыңдамады.

Ауыр жұмыстан қолы шығып қалыпты. Басында қары талып, алақаны ауырғанымен, артынан үйренісіп кетті. Таудың саф таза ауасымен кере тыныстап демалғанда көкірек сарайың ашыла түседі. Шөпті шауып, шөмелеп, одай кейін тау ішінде орналасқан қысқы мал қораға тасып біткенше он күн өтіпті. Бәрін бітіргесін, ауылға қайтты. Жүзі тотығып, денесі шыңдалып қалғандай. Уйге келгесін шуынып-шайынып, сақал-мұртын қырып, қайтадан қалпына келді. Шай үстінде әжесі:

— Сен танитын шығарсың, кішкентай кезіңде ауылға келгенде сол көршінің баласымен бірге ойнаушы едің ғой. Аты Еркінбек. Қалада қызмет істейтін. Сол қаладан қыз алып қашып келіп, келін түсіріп жатыр шаңырағына. Сірә өзара келісімдері жоқ ау деймін, байғұс қыз екі күн тулап, жылап, ақыры қалуға көнді. Бірақ жастар ғой, бір-бірін түсінісіп кетер, — деді.

Ол іштей онша мән бермеді, алайда бір-бірін сүймеген жандар қалай бақытты болады деп ойлады. Шәй ішіп, ас қайырып орнынынан тұрып бара жатқанда нағашы әжесі оған:

— Кіріп құтты болсын айтып шық. Ертең тойлары өтпек. Шешелері сен келгенде, «жиендерің келіп қожайын болып жатырсыңдар ма» деп жаны қалмайды үнемі, — деді.

Ол көршінің үйіне келгенде, Еркінбек есіктің алдында тұр екен. Қол алысып амандасты да, «Құсың құтты болсын» деді. «О, жиен келіп қалыпты ғой» деген Еркінбек рахметін айтып, «Жүр үйге кір, төрлет. Мен қазір кіремін» деді. Аулаға кірген бетте, бір орында қалшиып тұрған қалпы қозғалмады. Қарсы алдынан орамал тағып алған Раушанды көрді. Тілі байланып, не дерін білмеді. Мұны көрген Раушанның жүрегі дір етті. Қолындағы табағы түсіп кетті. Жанарынан ыстық жас ыршып түсті. Екеуі үнсіз тұр. Раушанның жүзінде «Мені іздеп келдің бе, мені өзіңмен ертіп кетесің ғой. Алып кетші бірге» деген жалынышты өтініш бар. Ол мең-зең қалпы сыртқа атып шықты. «Жоқ, мүмкін емес» деген ойдан арылар емес. Нағашысының үйіне келді апыл-ғұпыл киімдерін жинастырды. Ештеңені түсінбеген әжесі: «Құлыным ау, не болды саған. Бір нәрсе көрінді ме көзіңе. Тіфә, тіфә деші» деп бәйек болады. Ол ештеңеге қарамастан қалаға жүріп бара жатқан көліктің біріне отырды. Кетуге асықты.

Сол күнгі оқиға оны біраз есеңгіретіп тастады. Ғұмырлық жарың ретінде сөз байласқан, жан-тәніңмен сүйген адамыңнан тірілей айырылудың қаншалықты азап екендігін түйсінді. Өмірінде түк мән қалмағандай. Бүгін тағы да кешкі қаланы жаяу аралап келеді. Жалғыз. Раушан жоқ қасында. Гүл сататын дүкеннің жанынан өтіп бара жатқанда сыртта жүрген сатушы жігітті таныды.

— О, достым, қалыңыз қалай? Көптен бері көрінбей кеттіңіз ғой. Гүл алуға келдіңіз бе, қазір дайын болады, — дейді. Шоқтай қызыл раушан гүлін таңдап үлгеріпті.

Сатушы жігіттің көңілін қимады.

— Жарайды, бере ғойыңыз, — деді.

— Көңіл-күйіңіз жоқ қой. Әлде ғашығыңызбен сөзге келмей қалдыңыз ба, — деп сұрады.

— Ештеңе емес. Бәлкім осымен сіздің гүліңізді соңғы рет сатып алып тұрған шығармын.

— Басқа қалаға ауысып бара жатырсыз ба?

— Өмірде бәрі де мүмкін.

Екіұштылау ойдың шетін аңғартқан ол қолындағы раушан гүлін құшарлана иіскеп алды да, жұмбақ күйінде кете барды.

* * *

Арада екі-үш ай өткен. Жүректегі жара әлі жазылмаған. Ғашықтық жарасын ұлы уақыттың өзі емдей алмайтындығын жақсы білетін. Бірде Раушанның бір құрбысы ораулы зат әкеліп берді. Сыртынан қарасаң қалың кітапқа ұқсайды. Раушан беріп жіберіпті. Орауын ашқанда көрді, қалың күнделік екен. Алғашқы бетіне: «Тағдыр бізге бұл өмірде бірге болуды жазбапты. Сен мені жек көріп кеттің, опасыздығым үшін. Ал мен тағдырға лағнет айтып, бірақ соған амалсыз мойынсұнған әлсіз жанмын» деп жазыпты. Күнделіктің әр бетіне кезінде өзі сыйлаған раушан гүлдерінің қауызын кептіріп, жабыстырып қойыпты. Раушан гүлінің хош иісімен бірге Раушан қыздың жұпары келетіндей. Күнделікті кеудесіне басып, ұзақ иіскеді. Сол қалпы Көктөбеден бір ақ шықты. Түнгі қаланың көрінісіне ұзақ телмірді. Осы жерде Раушан екеуі таңға дейін сырласатын. Өткен күндердің еншісіне бұйырған сол сәттерді сағынды. Қолындағы күнделікті парақтап отырды да, әр бетіне жабыстырылған гүл қауыздарның барлығын алқанына жинап алды. Сосын қалаға қарай шашып жіберді. Қаудыраған гүл қауыздары желмен бірге жарысым, алыстай бастады. Раушан гүлінің қауызындағы сағыныш қап-қара түнге сіңіп бара жатты.