11 Қараша, Дүйсенбі

Әдебиет

Мақсат Мәлік
Мақсат Рамазанұлы Мәлік — 1984 жылы 10 желтоқсанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген.

Талақ таң






Бүгін бесінші күн. Таң атпады. Күн ұясынан шықпай қойды. Шығысқа телмірген кішкентай ғана алыстағы бір ауылдың тұрғындарынан ұйқы қашты. Таңмен бірге күліп оянатын шат-шадыман қуаныштары қайғының қара бұлтына сіңіп жатты. Өріске жіберген қора-қора қой мен табын-табын сиырлардың өзі, алысқа ұзамай, қайтадан ауыл ішіне тығылады. Азан-қазан. Ауыл іші у-шу. Алғашында бәрі: «Е-е-е, күн тұтылған шығар. Қайтадан қалпына келеді ғой» деп ойлаған. Бекер екен, төңіректі түгелімен қымтаған қараңғылық сейілмей-ақ қойды. Жарық Күннен хабар жоқ. Әншейінде малы өрістен ерте қайтпаса да, құдайды сыбап, талай қарғыстың астына алатын жұртшылық кімді кінәларын түсінбей дағдарды. Үміттерін үзбей, келер күнге емеурін таныта қараған еді бәрі. Алтыншы күн өтті. Таң атпады. Амалдары таусылған ауыл халқы бір байламға тоқтады. Күнді іздеп сапарға шығу қажет. Басқа жол жоқ.

Жетінші күн де өтті. Шығыс жақ тым-тырыс, күн ұясынан көтерілмеді. Бір сәт ауыл халқы: «Бәлкім біздің ауылдың үстінде ғана таң атпай тұрған шығар, кім біледі, басқа жақта мұндай қасірет орын алып отырмаған шығар» деп ойлады. Осы пікір «Күнді іздеп сапарға шығу керек» деген ойды нығырлай, дәлелдей түскендей. Өкініштісі, ешқайсысы белсеніп ортаға шықпады. Ақсақалдары жастарға, жастары жерге қарады.

«Кім жолға шығуы керек?»

— Мен барамын!

Жұрттың бәрі жалт қарады. Ауылдың бәрі менсіне бермейтін, тек мүсіркеп қана қарайтын бір жетім қыз болатын. Сол екен. Одан мұндай ерлікті ешкім ешақашан күтпеген, бәрі назарларын соған бұрды. Ауыл ақсақалы тамағын бір кенеп жөткірініп алды да, аяушылық сезіммен:

— Менің жасым болса белгілі. Төрімнен көрім жақын. Ауылдан алты қадам шықпай жатып-ақ сүйегім шашылып қалар. Бірақ, мына кішкентай қызды ұлы сапарға жалғыз өзін жібергеніміз қалай болар екен?.. Бәлкім орнына өзге жан табылып қалар.

Айналасына барлай көз тастады. Жиналғандардың бастары төмен түсіп кеткен. Ақсақал ауыр тыныстап, тағы да иегін көтере жиналғандарға қарап еді, ешкім үндемеді.

— Әрине, біреуді зорлықпен сапарға шығару келе қоймас. Бірақ, күннің ұясынан шықпай қоюы жақсылықтың нышаны емес. Бір амалын табуымыз керек. Алайда мына бір қаршадай қызды мен жібере алмаймын. Сапарға өзім шығамын, – деп, кесімді сөз айтқандай белгі танытқан.

— Жоқ, Атай... мен барамын!

Қыздың үні жалынышты шықты.

— Бұл пікірлеріңізді мен әйел заты болып жаратылғандықтан айтып отырған шығарсыз. Жетімдігімді айтатын шығарсыздар мүсіркеп. Алайда менің соңғы түйінім өзіңіз естігендей. Бұл сапарда күнді іздеп табармын, мүмкін таппаспын да. Мәңгілік сапар болса да менің жоғалтатын ештеңем жоқ қой. Өзім жоғалып кетсем де арманым жоқ...

Осы тұста жетім қыз сәл кібіртіктеп қалды.

— Иә, арман демекші, сізден кешірім сұрай отырып бір нәрсені айтсам деймін, менің ес білгеннен бір арманым болушы еді. Күнге қарай ұшсам деп армандайтынмын. Күнге барғым келетін. Көргім келетін. Мұны сіз жетім қыздың бар өміріндегі бақыты деп ұғарсыз.

Сай-сүйегіңді сырқырататын жалынышты үн.

Бәрі көзіне жас алды. Ақсақал жанарының жасаурағанын ешкімге сездіргісі келмеді. Енді келіспеске шара қайсы.

— Қызым, менің басқа амалым таусылғандай. Ақ жол тілеймін!!! Кел, бері жақында,— жанына шақырды,— батамды берейін, қолыңды жай.

Жиналғандар түгелімен қолын жайды. Ақсақалдың батасынан кейін бәрі беттерін сипады.

Жетім қыз жолға дайындалды. Ауыл шетінде барлығы тайлы-таяғы қалмай жиналған. Үрпиісіп тұр. Ақсақал жетім қызды бәрінен оңаша шығарып алып, қолына үлкен ағаш қобди ұсынды.

— Мынаның қазір аузын аш, ішінде саған арналған бір дүние бар. Осы уақытқа дейін ешкімге көрсетпей келген едім, енді сенің қажетіңе жарайтын сияқты.

— Бұл не сонда?

— Ашқасын көресің.

Жетім қыз қобдидың аузын ашты. Ішінде екі үлкен ақ қанат тұр екен.

— Мынау кәдімгі қанат қой.

— Иә, тағып ал, Күнге осы қанатпен ғана жете аласың. Бірақ мына қараңғылықтан оған барар бағыт қайсы екендігін білмеймін.

Жетім қыз үндемеді. Қанатты тағынып алды. Екі қолын екі жаққа сілтеп қалған, жерден көтеріле түсті. Қанаттың сусылы естілді. Жетім қыз жерден биіктей берді. Әп-сәтте қараңғыға сіңіп кетті. Жердегілер қол бұлғап қала берді.

Жетім қыз бағытын білмейтін. Ұша берді. Қараңғылыққа да көзі үйренді. Аспан төрін шарлағаннан бері ай да көрінбеді, сансыз жұлдыздар да із-түзсіз жоқ. Ұша берді. Бір сәт өзін төңкерілген дәу қазанның ішінде ұшып жүргендей сезінді. Қанаты талса кеңістікте сәл аялдап алып, қайтадан ұша берді. Күн өткен шығар, ай өткен шығар, мүмкін арада сан жылдар сырғып өткен болуы мүмкін, бәлкім бір секунд та алға жылжымаған шығар, әйтеуір бір заматта ұшып келе жатып әлденеге соқтығысып қалды. Үрке түсті. Ол да өзі секілді адам екен. Көңілі жайланды. Мойылдай қара қанаты бар. Өзі сұлу жігіт.

— Сіз кімсіз?

Жетім қыз бірінші сұрақ қойды.

— Мен Түнмін, немесе Түннің иесімін. Өзіңіз кім боласыз? Мына кеңістікте не жоғалтып жүрсіз, қайдансыз?

— Мен бе... мен қарапайым адаммын. Күнді іздеп жүр едім.

Жігіт қарқылдап күліп жіберді.

— Мен де Күнді іздеп жүрмін. Бірақ басқа күнді.

— Басқа дейсіз, өзі бір ақ Күн бар емес пе. Жердегілер соны көруге зарығып отыр, жер бетінде таң атпағалы, күн шықпағалы біраз уақыт өткен.

Жігіт пен Жетім қыз кеңістікте қалықтап тұрған болатын. Бір— бірінен көз алар емес.

— Сіз енді іздеген Күнді таппайсыз.

— Неге?

— Ол енді жоқ. Басқа жаққа кетіп қалған.

— Күн дегеніміз басқа жаққа кетіп қалатын адам емес қой. Ал Жер оны мәңгілікке айналып жүреді.

— Мәңгілік еш нәрсе жоқ. Иә, ол да мен сияқты қанаты бар жан болатын. Ол сұлу болатын,— жігіт дегбірсіздене сөйлей берді,— оның сұлулығына ештеңе тең келмейтін. Жер бетіне көктен шашылып құлайтын шуақ пен жарық оның нұрлы жүзінен тараған сәулелер болатын,— жігіт енді ағынан жарыла сөйледі,— Иә, мен оған өлердей ғашық болғанмын. Ол да мені сүйген. Бірақ... ол маған опасыздық жасады.

Жігіт жылап тұр екен. Оның жанарынан тамған әрбір жас кеңістікке жұлдыз болып жайылып жатты. Жетім қыз жұлдыздарды көріп қуанып кетті. Қуаныштан айқайлап та жіберді. Жігіт әлі жылап тұрды. Қанша қуанса да арыстай жігіттің қақ алдында еңіреп тұрғанын көрген қыз шыдай алмай:

— Жігіт жылаушы ма еді? – деп сұрады.

Бейтаныс жігіт қыздың сөзін елең қылмады.

— Адамның көз жасы — жынысқа бөлінбейді. Бәріне ортақ,— деген жігіт алғашқы айтқандарын қайтадан жалғастырып,— ...Бірақ оны енді өлсем де кешірмеймін, – деді.

— Сіздің не айтып тұрғаныңызды түсінбедім. Қияли әңгіме айтып тұрған сияқтысыз. Күннің опасыздығы деген тіптен ақылға сыймайды.

— Сіздің бұл айтқаныңыз өзіңіз тұрғысынан заңдылық. Бірақ менің айтқанымның барлығы бүкпесіз ақиқат. Күн маған опасыздық жасаған. Маған деген сезімін Айға айырбастапты. Оны білген сәттен бастап, бар дүние өртке бөленген. Бірақ амал қанша... енді міне басқа Күн іздеп жүрмін. Мен оны талақ еткенмін.

— Талақ дейсіз бе?

— Иә, дәл солай...

Жігіт әлі жылап тұр екен. Әрбір тамшы жұлдыз кейпіне еніп көбейе түсті.

— Мұны сізге не үшін айтып тұрғанымды да білмеймін. Сіз бәрібір түсінбейтін сияқтысыз. Бәлкім Күнді іздеп тағы да жолға шығатын шығарсыз. Тек ендігі сапарыңыз әурешілік екенін ұғыңыз.

— Мен сізді аяп тұрмын. Менің жанымды да жалын шарпып өткендей әсердемін.

— Мүсіркемеңіз.

— Жоқ, олай ойламыңыз. Бәрін де ұққандаймын.

— Сенбеймін.

— Онда Күнді бірге іздейік.

— Сіз мені алдап тұрсыз.

— Егер сенбесіз, жолға шығалық.

— Бәрбір екеуміз екі бағыттан іздеп шыққанбыз, жолымыз түйісе қояр ма екен.

— Сіз мені қорлап тұрсыз.

— Маған олай сөйлеуге құқыңыз жоқ.

— Сонда да, мен сізді жалғыз тастап кете алмаймын.

— Ал менің солай істеуге дәрменім жетеді.

— Мен онда әрі қарай жүрмеймін. Осы жерде қаламын.

Жетім қыз қос иығындағы қанатты жұлып алып тастады. Шындығында шыдай алмады. Жылады. Ағыл-тегіл еңіреді. Оның жанарынан ыршып түскен мөлдір тамшылар да жұлдыздарға айналып жатты. Тағы бір төмен қарай құлап кеткен тамшы-жасты Түн иесі алақанымен тосып алған еді, мөлдір әлем қараңғы кеңістікті нұрға бөлеп, жарық сәулені ғаламат жылдамдықпен тарата түсті. Алыста, тым алыста, жер бетінде қалған ауыл тұрғындары арасынан Ақсақал ғана Жетім қызға дұға бағыштады.