22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Мақсат Мәлік
Мақсат Рамазанұлы Мәлік — 1984 жылы 10 желтоқсанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген.

Ертекші қыз






«Ерте, ерте, ертеде...»

«Бағзы бір заманда...»

Оның әр айтқан әңгімесі осылай басталатын. Өзі де бір қызық жан, өн бойынан адамдарға тән қандайда бір іс-қимылды, мінез— құлықты байқаған емеспін. Ешқашан күлмейтін, адамдарға тән болмыспен қайғырмайтын, жүріс-тұрысы да мүлде бөлек. Үстіндегі аппақ көйлегінің кең етегі желмен баяу тербеліп, бір қарағанда аяқсыз қозғалып келе жатқандай немесе ұшып жүргендей әсер қалдыратын.

Оның айтқан әрбір әңгімесі жер бетінде орын алып жатқан оқиғалармен қабыса бермейтін. Бірақ оның айтары таусылмайтын. Таңнан таңға жалғасатын. Құлақ түрсең «мың бір түннің» елесіне шырмалатынсың. «Ерте, ерте, ертеде...» немесе «Бағзы бір заманда...» деп баяу үнмен басталатын әңгіме, келе-келе небір шытырман оқиғалардан құралатын қиял-ғажайып дүниелерге ұласатын. Маған Ертекші қыздың әңгімесін тыңдаған қатты ұнайтын. Бірте-бірте оның сиқырлы әлеміне бойлап, Ертекші қыздың жанына тым жақындай түскенімді аңғарғандаймын. Себебі, мұны оның бар айтқандарын ұйып тыңдап келген адамдар уақыт өте келе Ертекші қыздан қашықтай түскені көрсетіп берді. Оның қайдан келгенін, әке-шешесі кім екендігін, мекені қай жер екендігін білмейтін көпшілік кейін Ертекші қызға күдікпен қарап, тіптен «перінің қызына» балап, оның жанына жоламайтын болды. Маған бұл онша әсер ете қоймады.

Ол ертегі айтуын доғарған жоқ. Күнде кешкісін ауыл шетіндегі жалғыз кәрі еменнің түбінде отырып алып, ертегісін бастайтын. Тезек теріп от жағатын. Кейіннен бұл жұмыс менің құзіретіме енді. Кеш батысымен жалғыз еменнің басына барып, от жағамын. Күн батыс жақтан Ертекші қыз келеді. Аппақ көйлегі кешкі қызыл жалынға оранған мезетте, өзі от болып жанып келе жатқандай елестейді. Жүзі бал-бұл жанып, ерекше қызыл-жалқын сәуле жаныңды шарпитын. Ол еменнің түбіне арнайы орнатқан секілді көрінетін, қара кешке дейін күннің қызуы дарыған қойтастың үстіне отырып алып, ертегіге кезек беретін.

Кейінгі кезде маған бір сұрақ қоймайынша ертегісін бастамайтынды шығарды.

— Сен неге келе бересің? Өзгелер менен әлдеқашан қашып кеткен жоқ па?

Менен еш қысылмай, бұйыра сөйлей беретін.

— Менің ертегі тыңдағым келеді.

— Ертегілерім таусылып қалса ше?

— Қорқытпаңыз. Мен енді ертегісіз өмір сүре алмайтын сияқтымын.

— Бекер бұл әрекетіңіз. Одан да қалыпты адамдар секілді қызмет жасап, өмір заңдылықтарына бағынып тірішілік жасамайсыз ба?

— Сіз неменесіне сұрақ жаудыра бересіз? Керісінше біреу болса да тыңдайтын адам бар екендігіне қуанбайсыз ба?

— Маған бәрібір. Мені барлығы тыңдай береді. Мына кәрі емен де, уілдеген жел де, түнгі аспан да, оның төрінде жайнап тұрған жұлдыздар да — бәрі-бәрі мені тыңдай береді. Тыңдаушым жоқ деп алаңдаған сәтім болған емес.

— Түсінікті. Одан да ертегіңізді бастаңызшы? Және маған ешқандай сұрақ қоймаймын деп уәде беріңізші.

— Жарайды.

«Ерте, ерте, ертеде...»

Көз алдымда сиқырлы әлемнің көрінісі орнады. Оң қолымен көзін көлегейлеген біреу алысқа үңіліп, боз кілеммен бұлттардың арасында ұшып келеді. Жанарынан әлдебір бақыт іздеген жанның өмірге деген құштарлығы, соған деген сенімі анық байқалады. Ертегідегі кейіпкердің ұзақ күндер ұшып бір таудың басына қонғанын көрдім. Неге екенін білмедім, ол кейіпкер таудың басында ұзақ аялдаған жоқ, боз кілемге мініп қайтадан сапарға шықты. Аспан астында ұшып жүріп күннің күркірін естіді, найзағайдың жарқылын көрді, төпелеген жаңбырға да малмандай су болды, бірақ белі қайысқан боз кілем әлі де оны көтеріп әкеледі. Қанша күндер өтті, қаншама суық түндер жарықтың құрбаны болды, ол әлі ұшып келеді. Тағы да бір таудың басына тоқтады. Көп бөгелмей тағы да ұшып кетті. Осы көрініс қайталана берді. Өз мекенін таппай жүрген міскін секілді. Ертекші қыз кейпікердің жол бойы көрген сан қилы қиыншылықтарын жіпке тізгендей етіп айта түскенде оған деген кеудеңде аяныш сезімі оянады екен. Егер оның орнында өзім болсам қайтер едім деген ой санамнан жылт етті. Бірақ, ертегідегі кейіпкердің бастан өткергендері айтушының еркіндегі іс қой, бәлкім маған да көп қиыншылықтарды жеңгізіп, бақытты өмірге жетелейтін шығар деп дәмелендім. Осы оймен Ертекші қызға қарап едім, көзін жұмып алған ол, оймақтай ерні сәл жымқырыла түсіп, тағы да айта түскісі келгендей қалып танытады. Мен шыдай алмай сұрақ қойдым.

— Ол өзі іздеген бақытын табатын шығар.

— Білмеймін. Мен әлі ертегінің соңын көріп отырған жоқпын.

— Қызық екен әрі сіздің бүгінгі ертегіңізден менің Асан Қайғы деп аталатын бабамның жүріс-тұрысына ұқсайтын бір нәрсені аңғарып отырғандаймын.

— Асан Қайғы дейсіз бе,— ол сәл ойланып қалды, аз кідірістен кейін,— ол дүниеге ең алғаш осылай келген болатын.

— Қалайша? Сіздің бағанадан айтып отырғандарыңыз нағыз ертегі емес пе?..

— Бірақ сен соған сеніп отырсың ғой.

— Оны сіз айта алмайсыз ғой.

— Анық байқалады, оны сенің жанарың айтып тұр. Саған бір қызық нәрсе айтайын, өмір — ертегіден жаралады, ертегімен аяқталады.

Өте күлкілі еді. Осыны бірден ұққандай:

— Бекер олай ойлайсың. Тіптен адамдардың ана құрсағында жаралуы да ертегі емес пе?..

— Сіз сонда адам емессіз бе?

— Дәл таптың.

Мені қорқады деген болуы керек, осы сөзді айтқанына өкініп тұрғандай сезілді.

— Маған бәрібір, тек қана ертегі тыңдағым келеді. Сонымен жаңағы сіз бастаған ертегінің соңы немен аяқталады. Қарсы болмасаңыз тыңдайын.

— Оның соңы жоқ. Әлгі кейіпкер боз кілеммен ұшып жүреді де қояды.

— Мынауыңыз шынында да қызық екен. Бұған дейінгі ертегілеріңіздің барлығы бақытты өмірмен аяқталуыш еді. Мынаның ең болмағанда соңы да жоқ.

— Себебі бұл — менің өмірім.

— Ертекші қыздың ертегі өмірі деңіз.

— Бәлкім олай емес.

Ертекші қыз орнынан тұрды. Маған ақырындап жақындады. Қолын созды. Сосын лезде тартып алды.

— Сенің не айтқалы тұрғаныңды сезіп тұрмын.

— Иә, мен де сезудемін, сіз кеткелі тұрсыз. Мен бірге кетемін.

— Ол жақта сізге орын жоқ.

— Неге? Сіз айтқан ертегідегі кейіпкер тоқтаған сандаған таулардың бір қуысына барып паналармын.

— Азаптан қорықпайсыз ба?

— Қандай азапты айтып тұрсыз?

— Боз кілем мінген жанның күйін кешесің ғой.

Мен бір шеңбердің ішінде айналып жүре беретін, тоқтамайтын, содан шыға алмайтын дөңгелек дүниеден шын қорықтым. Не деп жауап берерімді белмедім.

— Сен ертегіден қорқасың, ал мұны жасырғың келеді. Бәрібір біліп қойдым.

— Рас, — лажсыз мойындадым, — себебі, сізді тыңдағанға дейінгі ертегілердің бәрі мені алдап келген.

— Жоқ, сен оған дейін өзіңді, сосын мені алдап келгеніңді ұғатын шығарсың.

— ...

— Жер беті ертегіден жалыға бастаған сыңайлы.

— Сонда сіз қайда кетпексіз?

— Ешқайда, осы жер бетінде қаламын. Бірақ енді ертегі айтуды доғарамын.

— Бұл сіздің бар өміріңіздің ажырамас бөлігі еді ғой. Үйрене алар ма екенсіз.

— Үш күннен кейін көрге де үйренеді.

Ертекші қыз тұнжыраған қалпы жүріп кетті. Мен де үйге қайттым. Таң бозарып келеді. Үйге асығыс кірдім де, кішкене ғана дорбаға қолыма іліккен киім-кешектерім мен дүниелерімді жинап салдым да, ешкімге көрінбестен үйден шығып кеттім. Жүре бердім. Темір таяқтан тебендей, темір ұлтаннан теңгедей қалғанда бір тауға жеттім. Биік тау екен. Жеті күн, жеті түн дегенде басына әрең шықтым. Ақ бұлттар менен әлдеқайда төменде қойлар секілді жайылып жүр. Шаршағандықтан ба, әлде биіктіктен бе, басым айналып құлап түстім. Есімді жисам қою қара түн тұмшалапты. Тізерлеген қалпы, ертегі айтып отыр екенмін.

«Ерте, ерте, ертеде...»