24 Қараша, Жексенбі

Әдебиет

Максим Горький
Алексе́й Макси́мович Го́рький (1868-1936) Орыс және кеңес жазушысы, ақын, прозашы, драматург, социалистік реализм әдебиетінің негізін қалаушы

Пепе






Қушиған иығына салақтатып іле салған ала-құла шоқпытының сансыз жыртығынан кір басып, күнге күйіп, қошқыл тартқан денесі жылтыңдап, кесірткеше сумаң қаққан, сып-сыйда, талдырмаш Пепе — он-ақ жаста болатын.

Оның өзі, теңізден лып еткен жел үйіріп, ойын ғып әкеле жатқан қуқылт қылтанаққа мезгеп, аралда атар таңнан батыр күнге шейін тастан-тасқа секіретін де жүретін еді, сөйтіп, өзінің тыным таппайтын сызылған үні сағат сайын әлдебір тұстардан сыңғырлап та қоя беретін:

Әсемсің Италия,

Өзімнің Италиям!..

Мейірімді жердің қойнында қаулаған қалың гүл, күлгін түсті тас арасында сумаңдаған кесерткі, зәйтүн ағашының жайнаған жапырағы мен жүзімнің көк-жасыл шілтеріне конран құс, теңіздің қарауытқан балдырлы түбіндегі балықтар және қаланың шым-шытырық, қып-қылта көшелерінде аяңдаған шетел адамдары: жүзінде сапының таңбасы бар жұп-жуан жеміс, сұрқия-сұмырайлардың рөлін ойнап әдеттенген артиске бейім ағылшын, ағылшын болам деп әлекке түссе де, қолынан келмеген американ әрі сылдырауыққа ұсап сусылдаған, сәнқой француз,— міне осылардың бәр-бәрі де Пепенің еріккен көңіліне ермек болатын.

— Бетін-ай өзінің! — дейтін Пепе нығызданғаннан тіпті шашына дейін тікірейіп кеткен немісті қылт еткенді қиып түсетін көз қиығымен жолдастарына нұсқап қойып. — Бетінің өзі, менің қарнымнан тіпті кем емес екен!

Неміс десе ай құлағы тік тұратын Пепе көшелер мен алаңдардың әрі өз адамдары шарап ішіп, карта ойнайтын және газет оқи отырып саясат жайында әңгіме құратын қараңғы дүкеншелер ой-санасымен әрі солардың көңіл күйімен өмір сүретін еді.

— Оңтүстіктің біз сықылды жарлыларына,—дейтін олар, — достықтың сыйына Африка құмын сыбаға ғып тартқан қайырымды одақтастардан гөрі Балқан славяндары анағұрлым жақын әрі жарасты келеді.

Оңтүстіктің қарапайым адамдары барған сайын аузынан тастамай әңгіме еткен бұл сөздердің бәріне де Пепе құлақ қойып, бәрін де жадына тұтатын еді.

Қайшыдан аумаған аяғын керенау алып аяңдаған ағылшынның алдында келе жатқан Пепе өлікке дұға немесе бір қайғылы өлең оқығандай:

Жақында достым мерт болды,

Уайым түсті жарыма...

Көңіліне неден дерт толды?

Жұмбақ болды жаныма,—

деп әндетіп қоятын.

Күлкіден ішек-сілелері қатып артта келе жатқан Пепенің жолдастары өздеріне шетелдік нұры тайған көзімен жайбарақат қана жалт қараған кезде бұта түбі мен үй мүйістеріне тышқанға ұсап тығыла қалатын.

Пепе жайында қыруар қызық әңгіме айтуға болады.

Бір күні бір ханым оған абысынына өз бағынан бір себет алма апарып бер деп тапсырған еді.

— Ақша табасың!—деді әйел оған.— Ол өзіңе зиян болмайды ғой...

Қуана-қуана құп көріп, себетті төбесіне қойып алып жүріп кеткен Пепе ақшасына тек ымыртта ғана қайтып оралған еді.

— Сен өзің тіпті асықпай келдің! — деді әйел оған.

— Сөйтсе де өзім шаршап қалдым, қымбатты ханым! — деді оған Пепе күрсініп қойып.— Өйткені, өздері оннан артық болды!

— Бетімен-бет боп мөймілдеген себетте ме? Он-ақ алма деймісің?

— Балаларды айтып тұрмын, ханым.

— Бірақ енді — алма ше?

— Ең әуелі: Микеле, Джованни деген балалар...

Ашулана бастаған әйел оны иығынан шап беріп, жұлқылап жіберді.

— Айт деймін, алманы апарып бердің бе өзің?

— Алаңға дейін апарып едім, ханым! Қандай әдепті болғаныма құлақ қойып көріңізші өзіңіз! Әуелде ажуаларын елең қылмай, мейлі, есекке теңесе теңей-ақ берсін, сіздей ханымның құрметіне шыдап-ақ бағайын деген едім. Бірақ өздері шешемді cөгe бастаған соң, ә тоқтай тұрыңдар, бәлем, бұларыңның сазайын тарттырмай жібере қоймаспын деп ойладым. Сөйтіп, себетті жерге қоя салып, жаңағы қарақшыларды бас көтертпей сыпылдата сыпағанымды өзіңіз көрген болсаңыз, қайырымды ханым, күлкіден тіпті ішегіңіз түйілетін де еді!

— Жемісімді талап кетті ме өздері?! —деп еді әйел бажылдап.

Қамыға күрсінген Пепе:

— Уа, жоқ. Әйтсе де балаларға дарымаған жемістер қабырғаға соғылып жарылып қалды да, қалғанын жауды жеңіп, олармен татуласқаннан кейін бөлісіп жеп алдық...—деді.

Пепенің тақыр басына әйел өзі білген бар қарғысын жаудырып, ұзақ бажылдаған еді, оның сөздерін Пепе мыңқ етпестен, әлсін-әлі таңдайын қаға тұрып ұйып тыңдап, кейде тіпті жайымен:

— О-о, тауып-ақ айттыңыз! Неткен асыл сөздер десеңізші! — деп сыңқ етіп мақұлдап та қойды.

Сөйтіп әбден болдырған әйел жайына жөнелген кезде оның сыртынан:

— Бірақ енді, шынында, бақшаңыздың әсем жемістерін сол бір сұмырайлардың қара-қожалақ басына қалай дәлдеп дарытқанымды жазатайым көрген болсаңыз, бүйтіп алабұрта қоймаған да болар едіңіз, — әттең шіркін, оны көргеніңізде, уәде еткен ақшаңызды екі есе ғып беретін де едіңіз! — деп еді.

Жеңіп келген баланың сып-сыпайы мақтанышын түсінбеген дөкір әйел оған тек темірдей жұдырығын ғана түйіп қойды.

Пепенің жасы өзінен көп үлкен болғанмен, ақыл жағынан жарлырақ әпкесі бір бай американның үй сыпырушысы боп қызметке тұрған еді. Ә дегеннен-ақ мырсындай боп, қызара-бөртіп шыға келген қыз тамағы тоғайған соң, аумаған август айындағы алмұрт тәрізді, гүл-гүл жайнап көзге түсе бастаған болатын.

Бір күні інісі одан:

— Сен өзің тамақты күнде ішемісің? — деп сұрап еді.

— Тілесем тіпті екі, үш мезгіл ішемін, — деді қыз мақтанып.

— Тісіңді аясаң етті! — деп оған ақыл айтқан Пепе сәл ойланып қалды да:

— Қожаңның өзі аса бай адам ба?—деп сұрады тағы да.

— Ол ма? Менің ойымша, корольден де асқан бай адам!..

— Жарар, ақымақтықты көршілердің сыбағасына-ақ алып қоялық! Қожайыныңның неше шалбары бар осы?

— Оны айту қиын.

— Он бола ма?

— Одан да көп болу керек...

— Бардағы, соның қысқалау әрі жылырақ біреуін әкеп берші маған, — деді Пепе.

— Неге?

— Шалбарымның сиқын көріп тұр емеспісің өзің?

Мұны көрудің өзі бір аянышты да нәрсе еді, өйткені Пепенің бұтында шалбардың тек жұрнағы ғана жүрген болатын.

— Я, — деді әпкесі көніп, — сенің киінуің керек! Әйтсе де оның енді бізді ұрлап алды деп ойлауы да мүмкін ғой?

— Жұртты өзімізден асқан ақымақ деп санамау керек! Көптен аздап алған ұрлық емес, жай әншейін бөлісу ғана болады!

— Мұның бос сөз! —деп әпкесі келіспегенмен, Пепе оны көзді ашып жұмғанша көндіре қойды, сөйтіп қыз асүйге бір әдемі ақсұр шалбарды алып келіп еді, оның өзі де бойынан әлдеқайда ұзын боп шыққан соң, қалай істеудің керек екендігін Пепе сол сәтте-ақ ойлап таба да қойды.

— Пышақ әкеле қойшы! — деді ол.

Американның шалбарын сол жерде екеуі балаға лайық костюмға қолма-қол айналдырды: сәл кеңдеу келгенмен, ып-ыңғайлы қапшық боп шыққан оны Пепе иығынан жіппен асыра байлап алды, бұл жіптердің өзі тіпті мойыннан шалып байлауға да келгендей еді, ал енді жеңнің орнына шалбардың қалталары дәл келе кеткен болатын.

Екеуі мұнан да гөрі әдемі әрі ықшамдырақ қып шығаратын да еді, бірақ бұған шалбар иесінің әйелі қырсық болып, асүйге жетіп келді де, американдардың әдетінше барлық тілде қиқалақтап, нағыз бейпіл сөздермен cөгe бастады.

Сусылдай сөйлеген әйелді тоқтатуға еш дәрмені келмеген Пепе тыжырынып, қолын көкірегіне басып, басын қынжыла ұстап, қинала күрсінгенмен, бірақ әйел күйеуі келгенше ашуын баса алған жоқ.

— Не боп қалды? — деп еді әйелдің күйeyi.

Сол жерде Пепе тұрып:

— Мырза, ханымыңыздың әңгірлеген айқай-аттанына өзім қатты қайран қалып, өзіңізге тіпті едәуір өкпелеп те тұрмын, — деді. — Менің түсінуімше, бұл кісі шалбарды біз бүлдіріп тастады деп ойлайтын болу керек, бірақ мұның өзіме қолайлы екендігіне еш шүбә келтіре көрмеңіз! Әйеліңіз, сірә, мен сіздің ақтық шалбарыңызды алып қойды, әрі басқа шалбар сатып алуға сіздің шамаңыз келмейді деп ойлайтын болу керек...

Оның сөзін сабырмен тыңдап болған американ:

— Ал енді, меніңше, полицияны шақыру керек болар деп ойлаймын, бұзақы — деп еді.

— Е, қойыңызшы? — деді Пепе қатты таңданып.— Неге?

— Сені абақтыға апаруға!

Бұл сөзді естіп қатты қамығып, жылап жібере жаздағанмен, бірақ Пепе сабыр тұтып:

— Мұндай қылықты жаныңыз жаратып, егер жұртты абақтыға тығуды жақсы көретін болсаңыз, онда — әрине! Бірақ енді, шалбарым көп болып, ал енді сіз құр алақан отырсаңыз мен өзім бұлай істемес едім! Мен онда сізге екеуін, әсіресе тіпті шыжыған күндері қабаттап киюге болмайтынына қарамастан үшеуін де берер едім... — деді маңыздана сөйлеп.

Американ бұған қарқылдап қоя берді: өйткені кей-кейде дәулетті адамдардың да көңілденетін кездері болады ғой.

Содан соң ол Пепені шоколадпен сыйлап, қолына бір франк ұстатқан еді. Тиынды тісімен тістеп көрген Пепе:

— Мың мәртебе рахмет сізге, мырза! Тиыныңыздың өзі, сірә, нағыз ақша-ау деймін? — деді алғыс айтып.

Өзгенің бәрінен де әлдебір тас арасында тұрып, тас өмірінің күңгірт тарихын оқығандай, солардың жарық-жұрығына ойлана қарауға Пепенің жаны құмар еді. Сол сәттері өзі көркем қасы көмкерген ойнақы көздерін бадырайтыңқырап, нәзік қолдарын артына айқастырып, аумаған гүлше, басын сәл иіп, ептеп қана шайқап қоятын. Әрдайым әннен ауыз жаппайтын өзі әлденені ақырын ғана ыңылдап айтып та тұратын.

Гүлге көзі түскен кездері де өзі көңілденіп кететін еді,— қабырғаны қаулап толқын ұрған күлгін түсті глицинидің алдында, жібекше судыраған гүлшешектің теңіз желі лебімен ақырын ғана елбіреген сыбдырына құлақ қойғандай, сыптай боп осы бір бала тұратын.

Қарай тұрып:

— Фиорино-о.... Фиорино-о... — деп, әндетіп те қоятын өзі.

Алыстан, алып тамбуриннің күңгірлеген дыбысы тәрізді, теңіздің күркірей күрсінген лебі еседі.

Гүл үстінде ойнаған көбелектерді көре қойған Пепе басын жоғары көтеріп, солардың қимылынан күннен ұялған көзін алмай сығырая қарап, сәл күндеңкіреп әрі қамыға күлімдегенмен, бірақ жер бетіндегі ересек-естияр жанша елжірей езу тартатын.

— Чо! — деп, алақанын шыңғыра шапақтап, жылтыраған кесерткіні үркітіп қояды өзі.

Ал енді тас бетіне тасыған судың ақ теңбіл шілтері түспей, теңіз дамыл алып, айнадай жалтырап жатқан кездері Пепе әлдебір тас үстіне жайғасып, мөп-мөлдір суға өткір көзін тігетін; сонда, шикіл-сары балдыр арасында жайлап қана балықтар жүзіп, су шаяны сумаң қағып, жамбастай қалқып шаяндар жүретін. Сөйтіп, жым-жырт жатқан көгілдір су бетінде ойға түскен баланың:

— Уа, теңіз... теңіз. .. — деп сыңғырлаған дауысы жайлап қана жүзіп бара жатқандай болатын.

Ересек адамдар бала жайында:

— Бұл анархист болады! — дейтін еді.

Ал енді, бір-біріне зейін сала қарайтын мейірімді қайсыбіреулер:

— Пепе біздің ақынымыз болады. .. — деп басқаша жоритын.

Басы күміспен күптелгендей, бет-әлпеті ежелгі рим бақыр ақшасынан аумай қалған, дана әрі жұрт шетінен құрмет тұтатын ағаш шебері Пасквалино қарт өз ойын білдіріп:

— Балалар бізден артық болады, әрі өздері бізден артық тұратын да болады!— дейді.

Оның бұл сөзіне көптеген адам ден қояды.