Әдебиет
Максим Горький
Алексе́й Макси́мович Го́рький (1868-1936) Орыс және кеңес жазушысы, ақын, прозашы, драматург, социалистік реализм әдебиетінің негізін қалаушы
Алексе́й Макси́мович Го́рький (1868-1936) Орыс және кеңес жазушысы, ақын, прозашы, драматург, социалистік реализм әдебиетінің негізін қалаушы
Өшпенділік
Суылдай жауған қалың жаңбыр таңелеңнен сорғалағанмен, қаптаған бұлт түске қарай айыққан еді, сөйтіп, қарауытқан тарамдары қылдырықтай болып, шүйкеше үлпілдеп, алды-алдына ыдыраған оны жел айдап теңізге әкетті де, солай барған соң ол жаңбырмен жаны жай тапқан теңіз бетіне қою көлеңкесін тастап, көгілдір тартып тағы да шоқтай түйіле қалды.
Аспанның түнерген түнек шығыс деңгейінде нажағай сумаң қақса да, аралдың тас төбесінде шаңқиған күн шақшия жайнап тұрған болатын.
Аралға егер алыстан, теңізден көз жіберетін болсаңыз, мейрам күнгі бір сәулетті шеркеуге мезгеуге тиіс еді; мырсындай боп жуылып-шайылған өзі жайнаған гүлге сыңси безеніп, жаңбырдың баданадай тамшысы — жүзімнің сары алтын жас жапырағы үстінде топазға, глицинидің күлтесінде аметистке қазоты гүлінің борлатында лағылға ұсап, шөп атаулы мен қалың қау бұта, ағаш жапырақтарында изумруттан аумай жағалай жалтылдап тұрған болатын.
Әрдайым жаңбыр артынан құлаққа ұрған танадай тынатын төңірек жым-жырт; тас арасынан көрінбей жүйткіп, сүттіген мен қара бүлдіргеннің, шым-шытырық шатысқан, хош иісті ломоностың тамыры астында сылдыр қаққан бұлақтың сыңғыры еміс-еміс қана етіледі. Төменде сызыла сылдыраған теңіз. Сарғалдақтың көкке көтерілген сары алтын найзалары салмағын салған ылғалды өзінің назды гүлдерінен сыбдырсыз ғана сілкіп қойып, баяу ғана ырғала қалған.
Жайнаған жасыл көкорай үстінде қылаң ұрған глициний қырмызы казоты, раушанмен тайталасқанда, сүттіген гүлдерінің сарғылт-жирен қамқасы ирис пен левкойдің қоңыр барқытымен тоғысып, гүл атаулы скрипка, флейта виолончельге ұсап жыр жырлағандай, сонша бір жарқырап, жағалай жайнай қалған.
Ашуы жеткен шарапша аңқыған ылғалды ауаға адам елтігендей.
Оқ дәрінің дүмпуімен опырыла жарылып, жарық-жұрығын темірдің қою таты басқан сұрғылт жартастың түбінде, динамиттің қышқылтым иісі аңқыған сап-сары әрі сұрғылт тастардың арасында үстерінде терге сыбағысқан шоқпыт-шомыты, аяқтарында көн шабаталары бар, тасқашаушы төрт мығым жігіт түскі астарын алдарына алып отырған еді.
Картоп пен помидор қосып зәйтүн майына қуырылып, дағарадай жайпақ табаққа жасалған спруттың сірідей етін сүйсіне асасып, бөтелкенің аузынан қызыл шарапты өздері алма-кезек қылқылдатып қойысып отырған болатын.
Бұлардың екеуі — егіздің сыңарындай, бір-бірінен айырса танығысыз тақыр бас жігіттер еді; енді біреуі — қатпа денесінің құнжыңдаған қимылымен жүні жұлынған кәрі торғайды еске салғандай, тәлтиген, қитар әрі шойнақ та, төртіншісі — екі иығына екі кісі мінгендей, қаба сақалды әрі қоңқақ мұрынды келген, шашы аппақ қудай, орта жастардағы адам болатын.
Томардай ғып опырып алған нанымен шарапқа малынған мұртын сипап қойып, қарауытқан аузына нанды тастап жіберді де:
— Бұл — ертегі, бұл — өтірік әншейін! Сұмдық дерліктей дәнеме де істегем жоқ... — деді ол түк басқан иегін баяу ғана қозғап.
Өзінің кер көздері қалың қасының астынан қамыға, мысқылдай қарап отырған еді; гүжілдеген дауысы қарлыға шыққанда, сөйлер сөзге сараң әрі самарқау. Өзі, сірә, оқ дәріге арнап жартастан саңылау бұрғылайтын болу керек, өйткені қалпағы, қарақшыша түксиген түкті беті, шомбал қолдары мен көк шұғадан тігілген костюмі түп-түгел тастың аппақ ұнтағына көмілген.
Оның әңгімесін ұйып тыңдап отырған үш жолдасы аузынан сөзін қақпағанмен, бірақ: «Айта бер...» дегендей, көзіне алма-кезек қарап қойысады.
Ағарған қасын қағып, әңгімесін шертіп отыр ол:
— Андреа Грассо деген осы адам деревнямызға ұрыша түнделетіп келген еді; қайыршыша киінген өзінің етігі түстес қалпағы да сондай-ақ жыртық екен. Ашкөз, ар-ұяттан айрылған әрі қатал адам еді өзі. Жеті жылдан соң біздің қарттар алдында елден бұрын қалпақтарын сыпырса да, бірақ ол оларға басын әрең ғана изеген еді. Айнала қырық миль жердей жұрт өзіне жағалай қарыздар болатын.
— Ондай адамдар болады, — деп еді шойнақ күрсініп, басын шайқап қойып.
— Кездестіріп пе ең? — деді оған жалт қараған әңгімеші мысқылдай сұрап.
Қарт ләм деместен қолын бір сілкіп, тақыр бастар бір кісідей мырс етіп қойысып, қоңқақ мұрынды адам шарапты сіміріп салды да, көгілдір аспанда самғаған сұңқарға көз жібере отырып, әңгімесін жалғап кетті.
— Салдыратын үйіне қалайтын тасты тасытпақ боп өзгелермен бірге мені де жалдап алған кезде жасым он үште еді. Өзі бізге айуаннан да әрі қатал қарайтын, сөйтіп, Лукино деген бір жолдасым өзіне осынысын айтқан кезде: «Есегім — өзімдікі, сен болсаң — өгейсің, сонда сені неліктен аяуға тиіспін осы?» деген еді ол. Осы сөздері жүрегімді тілкемдеп, өзіне қадала қарай бастадым. Сөйтіп, қарт немесе әйел демей, жұрттың бәріне арсыздықпен әрі сұрқиялықпен қарайтынын аңғардым. Ал енді, құрметті адамдар мұның теріс деген кездері олардың көзінше: «Жарлы күнімде мені де жан аямаған болатын» деп, бет бақтырмайтын еді күліп. Өзі поп, атқыш, полициямен ғана араласып-құраласатын; қалған жұрт оны тек мұқтаждықтан әбден қысылған кезде ғана көретін еді, ондайда ол оларға ойына алғанын істейтін.
— Ондай адамдар болады,— деп еді шойнақ ақырын ғана қайталап, оның бетіне қасындағы үшеуі де мақұлдап жалт қарасты; тақырбастың біреуі оған бөтелкедегі шарапты үн-түнсіз ғана ұсынып еді, қолына алған қарт оны ішер алдында күнге ұстап бір қарап қойып:
— Мадоннаның қасиетті жүрегі үшін ішемін! — деді.
— «Әрқашан жарлылар дәулеттілерге, ақымақтар ақылдыларға жұмыс істеген болатын, әрдайым осылай бола да бермек» — дейтін өзі ауыз жаппай.
Әңгімеші мырс етіп бөтелкеге қолын созғанмен, бірақ бөтелке босап қалған екен. Солай болған соң ол оны балға, кайла шашылып, бір шумақ бикфорд бауы жыланша иіріліп жатқан тастарға қарай лақтыра салды.
— Қаршадай менің және қасымдағы жолдастарымның жанына бұл сөздер қатты батқан еді: өйткені, бұл сөздер үмітімізді үздіріп, тәуір өмір сүрсек деген тілектен түңілдірген болатын. Сөйтіп бір күні жаңағы Лукино достым екеуіміз салт атпен әлдеқайда кетіп бара жатқан оны ымыртта даладан ұшыратып, сыпайы сөйлесек те, бірақ зілмен: «Біз сізден жұртқа мейірімді болуыңызды сұраймыз» — дедік.
Тақырбастар қарқылдай күліп, қитар да сәл мырс етіп қойды да, әңгімеші қатты бір күрсініп алды.
— Я, әрине, есуастық! Әйтсе де, жастық шақ дегеніңіз адал келеді. Жастық шақ сөздің пәрменіне сенеді. Жастық шақ дегеніңіз күллі өмірдің ар-ұяты деймін мен өзім...
— Я, сонда ол не деді? — деді қарт.
— Сол жерде ол бізге: «Тізгінімді жіберіңдер, қарақшылар!» — деп, қоқиланып ақыра қоя берді. Сөйтіп, тапаншасын суырып алып, екеуімізге кезекпе-кезек көрсетіп еді. Біз тұрып: «Грассо, сіздің бізден қорқатын да, бізге ашуланатын да түгіңіз жоқ, біз сізге әншейін ақыл айтып тұрмыз!» — дедік.
— Мынауың тамаша екен!— деп еді тақырбастардың біреуі, екіншісі басын мақұлдай изеп қойды да, ернін қатты жымырып алған шойнақ бір тасты қисық саусақтарымен түрткілеп, айналдырып көре бастады.
Тамақтарын өздері ішіп болған еді. Біреуі жіп-жіңішке шыбықпен шөп басында мөлдіреп тұрған су тамшысын қағып, енді біреуі оның қимылынан көз айырмай, қатты қылтанақпен тісін шұқып отырған болатын. Күн барған сайын аптап, аңызаққа айналған кез. Шаңқай түсте шолтиған көлеңкелер ілезде құрып, теңіз ақырын шалпылдап, байсалды әңгіме баяу ғана шертіле берді:
— Осы кездесу Лукиноның тағдырына қырсық боп тиген еді, оның әкесі мен ағасы Грассоға қарыздар болатын. Байқұс Лукино жүдеп-жадап, азуын басып, көздері де қыздардың көңіліне ұнайтын күйінен айырылған еді. «Әттеген-ай, — деді ол маған бір күні, — екеуіміз шатақ-ақ істеген екенбіз. Қасқырға айтылған сөзде қасиет болушы ма еді тәйірі!» «Лукиноны өлтіруі мүмкін» — деп ойладым мен. Жігітке және оның мейірімді үй ішіне жаным ашып кеткен еді. Өзім болсам — жалғыз, жарлы адаммын. Анамның өлгені тек сол ғана болатын.
Қоңқақ мұрынды тас қашаушы әк жұғып аппақ болған қолымен сақал-мұртын бір сипап қойып еді, сол қолының сұқ саусағындағы, сірә, аса салмақты келгендей сыңайы бар, жарқыраған күміс жүзігі көзге түсе кетті.
— Егер істі ақыр аяғына дейін апарғанымда, бұл қылығымның жұртқа пайдасы тиетін де еді. Бір күні Грассоны көшеден кездестіріп, қатарласа аяңдай отырып: «Сіз өзіңіз бір нысапсыз, залым адам екенсіз, сізбен бірге жұрт күн көре алмайтын болды, сөйтіп жүріп біреудің қолын қышытып, ол қол өзіңізге пышақ ала ұмтылуы да мүмкін. Одан да бізден аулақ, кетіңіз!» — дедім әлімнің келгенінше қысқасынан қайырып. «Ақымақ екенсің, жігітім!» — деп еді ол, бірақ мен айтқанымнан қайтпай тұрып алдым. «Мазамды алмағаныңа қанша берейін өзіңе, бір лир жете ме?» — деді ол күліп. Мұнысы намысыма тигенмен, бірақ сыр бергем жоқ. «Кет деймін мен сізге!» Мен оның оң жағын ала, иін тіресе жүріп келе жатыр едім. Байқаусызда пышағын суырып алып, маған салып кеп жіберді ол. Сол қолыңмен қиратып қимылдай алмайтының айдан анық, сөйтіп ол көкірегімді бір дюймдей осып түсті. Әрине, мен оны сол жерде алып ұрдым да, доңызша, бір тептім. «Сөйтіп, сен кетесің!» — дедім мен еңбектеп кетіп бара жатқан оған.
Қос тақырбас әңгімешінің бетіне көз қиығын сенімсіздеу тастап төмен қарағанда, еңкейген Шойнақ аяқ киімінің қайыс белдігін қайта шешіп байлап жатқан еді.
— Таңертең, ұйқыдан әлі ояна қоймаған кезімде атқыштар келді де, мені Грассоның баласының кіндік атасы, маршалға алып барды. «Сен өзің адал адамсың, Чиро, — деді ол,— осы өткен түні Грассоны өлтірмек болғаныңды мойындайсың ғой». Бұл әлі де жалған нәрсе дегеніммен, бірақ мұндай істерге олардың өз көзқарастары бар ғой. Сотқа дейін абақтыда екі ай отырдым да, содан соң сот маған бір жыл сегіз айға үкім шығарды. «Жақсы, — дедім мен судьяларға, — бірақ мен істі әлі де тынды деп есептемеймін!»
Тас арасынан ол басталмаған бір бөтелкені алып, оның аузын мұртына көміп, шарапты ұзақ сімірген еді, түк басқан жұтқыншағы үздіге бүлкілдеп, сақалы шошаңдап кетті. Үн-түнсіз қасында отырған үш адам одан көз айырған жоқ.
— Бұл әңгіменің түк қызығы жоқ,— деді ол бөтелкені жолдастарына беріп, шарап шашыраған сақалын сипап жатып.
— Деревняға қайтып келісімен, онда өзіме орын жоқ екені айдан анық еді, өйткені жұрттың бәрі менен қорыққан болатын. Осы жыл ішінде тұрмыс бұрынғыдан да сорақы боп кетті дегенді айтты Лукино. Байқұстың өзі әбден зарығып жүр екен. Ішімнен: «Солай», — деп қойып, жаңағы Грассоға келіп едім, мені көрген жерде өзі қатты шошып кетті. «Сөйтіп, мен қайтып келдім, — дедім мен оған, — енді сен кет!» Ол мылтығын жұлып алып, атып жібергенмен, бірақ мылтығы құсқа арнап бытырамен оқталған екен, және өзі аяғымнан атқан еді. Мен тіпті жығылғам да жоқ. «Жазатайым өлтірген күніңнің өзіңде де мен саған көрден тұрып келетін едім, сені бұл жерден қуамын деп мадоннаға ант еткен болатынмын. Сен қиқар болсаң, мен де қиқармын». Екеуіміз ұстаса түскенде, абайсызда оның қолын сындырып алдым. Өйтейін деген жоқ едім, маған ең алдымен өзі ұмтылды. Жүгіріп жұрт та келіп, мені алып кетті. Бұл жолы абақтыда үш жыл тоғыз ай отырып шықтым, сөйтіп мерзімім біткен кезде осы оқиғаға бастан-аяқ қанып, өзімді жақсы көріп кеткен бақылаушы адамым үйіңе қайтпай-ақ, одан да менің Апулияда тұратын күйеу баламның қолына жұмысқа бар деп жік-жаппар боп жабысты, күйеу баласының ол жерде қыруар жері мен жүзім егісі бар екен. Әйтсе де, әрине, бастап қойған ісімнен айни алғам жоқ. Сөйтіп, артық сөз айтып, көкімеуге бел байлап үйіме қайттым, он ауыз сөздің тоғызы артық болатындығын сол кезде өзім сезген де едім. Жүрегіме жалғыз-ақ: «кет!» деген сөзді ғана түйген болатынмын. Деревняға тап жексенбі күні, шеркеуге тұпа-тура намаз үстіне кеп кірген едім. Грассо сонда екен, мені салған жерден көре қойып, орнынан атып тұрды да: «Азаматтар, мына жігіт мені өлтіргелі келіп тұр, мұны менің жанымды алғызғалы албасты жіберіп отыр!» — деп, шеркеуді басына көтеріп, бажылдап қоя берді. Оған қолым тиіп, көңілімдегі сөзімді айтпастан бұрын жұрт мені қамалап кеткен еді. Әйтсе де ол бәрібір еденге жұрындай ұшты, сал ауруы соғып, тілі күрмелді де, күллі оң жағы жансызданып қала берді. Осыдан соң жеті апта жатып өліп кетті... Бар болғаны осы. Ал енді жұрт мен жайында әлденедей бір ертегі ойлап шығарыпты... Сонша сұмдық болғанмен, бірақ бәрі де — жалған әншейін.
Ол мырс етіп, күнге бір қарап қойды да:
— Бастайтын уақыт болды...—деп еді.
Үш адам үн-түнсіз, орындарынан жайлап тұрған кезде қоңқақ мұрынды жартастың баттасқан сарала-салтақ жарық-жұрығына қадала қарады да:
— Жұмыс істейік... — деді қайталап.
Тас төбеге шыққан күн көлеңке атаулыны күйдіріп жіберген еді.
Көкжиекте көлбеген бұлт үстіне төніп келген теңіз көгілдірлене түскен болатын.