21 Қараша, Бейсенбі

Әдебиет

Максим Горький
Алексе́й Макси́мович Го́рький (1868-1936) Орыс және кеңес жазушысы, ақын, прозашы, драматург, социалистік реализм әдебиетінің негізін қалаушы

Опасыздың анасы






Аналар жайында ұшы-қиырсыз әңгіме айта беруге болады.

Көкпең-көк темір құрсанған жаудың қаланы қатты қыспаққа алып, қамап жатқанына бірнеше апта болып қалған еді; жаудың түн сайын лаулата жаққан оттары қала дуалдарына қап-қара түнек ішінен қыруар қып-қызыл көзше қадалып, табалай лапылдаған кезде, сол бір аңди маздаған от қамаудағы қала тұрғындарының көңіліне сұмдық бір ой да салатын.

Қаладағы жұрт дуалдардан барған сайын қыл мойынға таяп, қысымға алып келе жатқан жаудың ербеңдеген қара көлеңкелерін от төңірегінен көріп те жүрді: семіз аттардың оқыранған дауысы, қару-жарақтың сылдыраған дыбысы келіп, жеңетініне көздері кәміл жеткен адамдардың қарқылдаған күлкісі мен шырқата салған әндері де естіліп тұрған еді,— сірә, жаудың әні мен күлкісін естігеннен қиын нәрсе бола қояр ма екен?

Қала халқы су алатын бұлақ атаулыға жау өлген адамдардың мүрдесін тастап, дуал айналасындағы жүзім егістерін өртеп, егін-жайды таптап, бақтарды қырқып құртқан еді; сөйтіп жау күн сайын зеңбірек пен мылтықтан оқ атып, жан-жағы жалаңаштанған қаланы қарша бораған шойын-қорғасынның астына алып тұрған болатын.

Ұрыстан қалжырап, қарны ашқан солдаттардың лек-легі қаланың қып-қылта көшелерінде жабыға аяңдап жүрген еді; үй-үйдің терезелерінен жаралылардың беу-беулеген ыңқылы, сандырақтаған адамдардың айқай-аттаны, дұға қылған әйелдер мен жылаған балалардың дауыстары келеді. Күңкілдеп, күбірлеп қана сөйлесіп, бірінің сөзін бірі жарым сөзден тоқтатып, «жау шабуылға шығып келе жатқан жоқ па екен» деп елеңдеп, ынтыға құлақ түріп қояды өздері.

Тіршілік әсіресе ымырттан бері қарай қиямет бір қиынға айналған еді, өйткені, бұл кезде құлаққа ұрған танадай тыныштықта ыңқылдаған және зарлаған дауыстар сайрап әрі самбырлай естіліп, шалғайдағы тау қойнауынан шұбатылып шыққан қара-көк көлеңке жау жақты жасырып, шала-шарпы бұзылған дуалдарға қарай жылжып, қап-қара тау өркештерінің үстінен ай, семсердің соққысынан қирап қиянда қалған қалқан тәрізденіп, жаңа ғана туып келе жатқан болатын.

Ешқайдан көмек күтпей, күн сайын күдерін үзіп, жұмыс пен аштықтан әбден титықтаған жұрт осы бір айға, сұстиған тау өркештеріне, қойнаудың қарауытқан аңғары мен қиқулаған жау жасағына үрейлене қарап тұрған еді, өйткені, осыларының бәр-бәрі де ойларына тек ажалды ғана салған олардың жылт етіп жандарын жұбатқандай жалғыз жұлдызы да жоқ болатын.

Қорыққаннан үй-үйге жұрт жарық жақпай, көше-көшені қою түнек басып тұрған осынау шақта басына қара плащ бүркеніп, үн-түнсіз аяңдаған бір әйел, аумаған тұңғиықтың түбіндегі балықтай, түнек ішінен қараң ете қалған еді.

Оны көре қойған жұрт бір-бірінен сұраса кетті:

— Мынау сол ма?

— Сол!

Сөйтіп, өздері қақпалардың астындағы қуыс-қуысқа тығылып немесе оның қасынан үндемей, төмен қарап, жүгіре басып өтіп кетті де, күзетші әскер бастығы әйелге қатаң сөйлеп ескертіп қойды:

— Тағы да көшеге шықтыңыз ба, монна Марианна? Абайлаңыз, өлтіріп кетулері мүмкін, оған айыптыны ешкім де іздеп жатпайды...

Әйел көкірегін керіп, күте қалған еді, бірақ оған қол көтеруге батылы бармады ма екен әлде жеркенді ме екен, күзетші әйтеуір жанынан жай ғана өте шықты; қарулы адамдар оның қасынан, өлік сықылды, айналып өте берді де, қараңғыда қалып қойған әйел, қаланың көрден тұрған қырсығындай, қап-қара болған бойы, меңіреу тартып, бір көшеден екінші көшеге түсіп, әлдеқайда тағы да жападан-жалғыз, ептеп басып кете барды, бұл кезде айналада: күңіренген, еңіреген, дұға қылған адамдар мен жеңістен күдер үзген солдаттардың жабыққан сөздерінің жан елжіреткендей зарлы үндері ызыңдап, оның қыр соңынан қалмай да қойған болатын.

Азаматша әрі ана бола тұрып әйел баласы мен отаны жайында ойланатын: оның жайдары әрі қайырымсыз-қатал баласы бүгінде қаланы ойрандап жатқан адамдарды бастап жүрген еді; баласына әйел күні кеше ғана, өзінің отанына тартқан бір асыл сыйындай көріп, әрі өзі дүниеге келіп, бала тауып, оны тәрбиелеп өсірген ұясы — қала адамдарына көмектессін деп иіп берген ізгі бір күшіне балап қарайтын. Жүздеген желіге тартылған осы бір жүрек өзінің ата-бабалары үй салып, қала дуалдарына қалаған тастарға, бүгінде туған-туысқандарының сүйегі жатқан жеріне, аңыздарға, әндер мен адам армандарына нық шырмалған еді, сөйткен жүректің енді дүниедегі ең жақын адамынан айырылып зар илеп жүрген жайы осы: оның өзі бір таразы тәрізді де болғанмен, бірақ сол таразыға баласы мен қаласына деген махаббатын қанша тартып көрсе де, қайсысының жеңіл, қайсысының ауыр екенін өзі біле алмай да қойған еді.

Сөйтіп әйел көше-көшені түн сайын осылай шарлап жүрген кездері танымаған көптеген жұрт қара жамылған оны әуелде ажалдың әркімге аян сүлдесіне жорып, шошынатын болса, тани келе опасыздың анасынан безіп, аулақ кететін.

Дегенмен, бір күні әйел қала дуалының қараңғы түкпірінен басқа бір әйелді көрген еді: бір мүрденің қасында шарт жүгініп, томпайған топырақтан аумай тырп етпестен жұлдыздарға мұңая қарап, дұға қылып отырған сол бір әйелдің төбесінде, дуал үстінде күзетші әскерлер күбірлей сөйлесіп, тастың қырына қажалған қару-жарақ шықырлап шықылдап тұр екен.

Опасыздың анасы әйелден сыр тартып сұрай қойды:

— Күйеуің бе?

— Жоқ.

— Бауырың ба?

— Балам. Күйеуімді осыдан он үш күн бұрын өлтірген еді, мынаны бүгін өлтіріп кетті.

Сөйтіп, өлген жігіттің анасы жүресінен отырған жерінен түрегеліп:

— Бәрін де бір мадонна көріп, біліп отыр, разымын бір соған! — деді тәубе ғып.

— Несіне разысың? — деп еді алғашқы әйел, анау тұрып:

— Қазірде, мұның отан үшін шайқасып, шәйіт боп жатқан кезінде айтуыма болады енді, өзінен әуелде қорқатын да едім: өйткені, мінезі ұшқалақтау келген мұның думанды өмірге жаны қатты құмар да болатын, сөйтіп дұшпанымыздың қолбасшысы болып жүрген, Алла мен адамның қасақы жауы, өзін көтерген құрсағымен қоса қарғыс атқыр Марианнаның баласына ұсап, сол бір думанды өмірге бола қалаға опасыздық істеп кетпесе игі деп сескенетін де едім!...— деді.

Марианна бетін басып, аяңдап аулақ кетті де, ертеңіне таңертең қаланың қорғаушыларына келіп:

— Баламның өздері де жау боп шыққандығы үшін не мені өлтіріңдер де, немесе маған қақпаны ашып беріңдер, балама барамын...— деді.

— Сен — адамсың, сондықтан саған отан қымбат болуға тиіс; сенің балаң біздің әрқайсымызға қандай жау болса, саған да сондай жау — деп еді олар.

— Мен — анамын, — деді әйел, — мен оны жақсы көремін және оның мұндай болғанына өзімді айыптымын деп те санаймын.

Сол жерде олар мұны қайтсек екен десіп, ақылдаса келді де, мынадай байлам жасады:

— Әділдігіне келгенде, біз сені балаңның күнәсына күйдіріп өлтіре алмаймыз, өйткені, мұндай сұмдық күнәні оның құлағына құя алмағаныңды білеміз, сөйтіп сенің ауыр қасірет шегетініңді де ішіміз сезеді. Бірақ сенің қалаға тіпті аманат есебінде де керегің жоқ, өйткені, балаң сенің қамыңды ойламайды, ол перінің өзі сені тіпті ұмытып та кетті ғой деп ойлаймыз, сөйтіп өзіңе егер лайық көретін болсаң, сенің тартқан сазайың осы енді! Бұл бізге тіпті өлімнен де сұмдық сықылды!

— Я! — деді әйел. — Бұл — өлімнен де сұмдық.

Олар қақпаны ашып, әйелді сыртқа шығарып жіберді де, өзінің баласы төккен қанға кілкіген туған жерінің топырағын басып кетіп бара жатқан әйелдің артынан дуалға шығып ұзақ қарап тұрып қалды: әйел жерден аяғын әрең алып, қала қорғаушыларының мүрделеріне бас иіп, қираған қару-жарақтардың қалдығын аяғымен жеркене теуіп, баяу ғана басып бара жатқан еді, — өйткені, әйелдер тек өмірді қорғайтын қару ғана болмаса, шапқыншылыққа қолданатын қаруды жек көреді.

Түріне қарағанда өзі бейне бір плащының ішінен қолына тостаған толы су алып, сол суды төгіп алам ба деп қорыққан адам тәрізді еді; ұзаған сайын қарасы кішірейе берген әйелдің артынан дуалға шығып қарап тұрған адамдарға өздерінің көңілдегі мұңы мен күдер үзген ойлары сол әйелмен бірге кетіп бара жатқандай боп та көрінді.

Жарым жолға жете бере кідіріп, басынан плащының күләпарасын сыпырып, қалаға ұзақ уақыт қараған оны жұрт көріп тұрған кезде, жазықта жалғыз жүрген әйелді жау жақтың көзі шалып қалды да, өзі сықылды кілең қара киім киген әлде біреулер оған қарай асықпай аяңдап таяй берді.

Жақын келген соң «кімсің, қайда барасың» деп жөн сұрасты жаңағылар.

— Сендердің қолбасшыларың — менің балам болады, — деген еді әйел, сөзіне бірде-бір солдат шүбәланған жоқ. Олардың қатарласа жүріп, баласының білгір әрі батыр екендігін мадақтап айтқан әңгімелерін көкірегін көтеріп тәкаппарлана тыңдаған әйел титтей таңданған жоқ, өйткені, оның ұлы осындай болуға тиіс еді!

Сөйтіп ол тумастан өзі тоғыз ай бұрын білген әрі өмір бойы жүрегінде сақтап келген адамының алдына да келді, жібек пен барқытқа бөленіп, қару-жарағы асыл таспен зерленген баласы оның қарсы алдында тұрған еді. Бәрі де ойлаған жерден шыққан екен, оның өзін әйел түсінде тап осындай — бай, атақты, әрі сүйкімді күйде сан рет көрген де болатын.

— Ана!— деді ол әйелдің қолынан сүйіп. — Келгеніңе қарағанда, менің ойымды түсінген екенсің, сөйтіп мына қарғыс атқан қаланы енді күні ертең-ақ аламын!

— Өзіңнің туған қалаңды, — деп әйел оның есіне салып қойды.

Ерлік қимылына елтіп, есі-дерті бұдан да асқан атақ болып алған жігіт жастықтың жалындаған адуынымен:

— Дүниеге келгенде мен өзім оны төбесінен жай түскендей ғып, таңырқату үшін келген едім! Бір сен үшін ғана аяп, қолым батпаған бұл қала, табаныма кірген шөгірдей, даңққа тез жетуіме қырсық та болған еді! Бірақ қайсарлардың ұясын күні ертең-ақ ойрандаймын енді! — деп еді.

— Әрбір тасына дейін өзіңді бала күніңнен біліп, жадында тұтқан қаланы,— деді әйел.

— Егер адам өзі еріксіз сөйлетпесе, таста — тіл жоқ,— мейлі, мен туралы таулар күңіреніп жыр ететін болсын, маған керегі сол!

— Бірақ, адамдарды қайтесің? — деді әйел.

— О, олар да есімде, ана! Олар да керек маған, өйткені, мәңгілік батырлар тек адамдардың есінде ғана жүреді ғой!

— Кімде-кім ажалмен арпалысып өмір ұрығын егетін болса, кімде-кім ажалды жеңетін болса, батыр деген сол әнеки...

— Жоқ! — деді баласы қасарысып. — Қалаларды жасаушылар қандай даңқты болса, оны ойрандаушылар да сондай даңқты болмақ. Қарашы өзің — Римді Эней мен Ромулдің қайсысы салғанын білмегенімізбен, бірақ оны ойрандаған Алариха және басқа батырлардың есімдері бесенеден белгілі ғой.

— Күллі есімдерді басып озған, — деді әйел оның есіне салып.

Сөйтіп, баласы анасымен күн батқанша осылай сөйлескен еді, оның есірген сөздерін барған сайын сирек қаққан әйелдің тәкаппарлана көтерілген басы салбырап төмен түсе берген болатын.

Ана — жасаушы, ана — қорғаныш, ендеше оның алдында ойрандау жайын әңгіме ету — оған қарсы шығу деген сөз болады, бірақ мұны сезбеген баласы ана өмірінің мағынасын теріске сайытқан еді.

Ана әрдайым ажалға қарсы тұрады; адамның баспанасына ажал әкелген қолды Аналар дұшпан деп танып, жегідей жек көреді, бірақ жүректі қатыгез ғып жіберетін даңқтың сазарған-салқын жалтылына көзі тұнып алған оның баласы мұны көрмеген болатын.

Сөйтіп, әңгіме егер Ананың өзі жасап, өзі қорғап жүрген өмірге кеп тірелетін болса, онда Ананың қорықпайтындығы сықылды, сонша бір ақылды да аң екенін ол білмеген еді.

Бұйығып, бүкшие түскен әйел қолбасшының сәнді шатырының түріп тастаған етегінен бойына алғаш бала бітіп, денесі түшіркене шымырлаған әрі бүгінде дүниені ойрандамақшы боп отырған осы баласын табарда өзі қатты қиналып түршіккен сәттерін басынан кешкен жері — қаласын көріп отыр.

Батар күннің қызыл арай шапағы дуалдары мен мұнараларын қанға малып, терезелерінің әйнектері қатерін тіге жалтылдаған қаланың тұла бойы жараға толып, сол жүздеген жарадан өмірдің қып-қызыл шырыны саулап тұрған сықылды еді; мезгіл зымыраған сайын қала өлікке ұсап, қарауыта берді де, бейне бір жылтылдаған жерлеу шырақтары тәрізденіп, қала үстінен жұлдыздар да жайнап шыға келді.

Әйел сол жақтан, жау көріп қояр деп жарық жағылмаған үйлерден, мүрделердің иісі мүңкіген, тастай қараңғы көшелерден ажалды күтіп күбірлеп сөйлескен адамдардың сыбырын сезіп, күллі жұртты көріп отыр; жанашыр, жақын дүниесі оның кесімін үнсіз ғана күтіп, қарсы алдында тұрған еді, сол жерде әйел өзін өз қаласының бар адамына бірдей анамын деп сезінді.

Қарауытқан тау шоқтығынан жазыққа шүйілген бір түйдек қара бұлт ажалдың шеңгелінде тұрған қалаға қарай, қанатты атша, жүйткіп ала жөнелген еді.

— Егер түн айтарлықтай қараңғы болса, бәлки бұл қаланы біз түн ішінде-ақ тарпа бас салармыз! — деді әйелдің баласы.— Адамды шақырая қараған күн мен қару-жарақтың жалтылдаған сәулесіне көзің шағылысқан кезде өлтіру ыңғайсыз — мұндайда сілтеген соққың денелей мүлт кете береді,— деді ол, семсерін абайлап керіп жатып.

— Бері келші, бауырыма басыңды қойып, бала күніңде қандай жайдары әрі мейірімді болғаныңды және өзіңді жұрттың қандай жақсы көргенін есіңе түсіріп, деміңді алшы...— деді анасы оған.

Анасының тілін алып ол тізесіне басын сүйеп, көзін жұмды да:

— Мен тек даңқ пен өзімді осындай ғып тапқан сені ғана жақсы көремін — деді.

— Ал, әйелдерді ше? — деді ана оның үстіне төніп.

— Әйел дегенде сан жоқ, тіл үйірген тәтті нәрселер сықылды, олар да адамды ілезде жалықтырып жібереді.

— Сөйтіп, бала-шағалы болғың келмей ме? — деді әйел соңғы сұрауын беріп.

— Бала неге керек? Біреу өлтіріп кетсін демекпісің? Мен сықылды біреу өлтіреді оларды, ал енді ол маған ауыр тиеді, ауыр тигенмен, олардың кегін алуға ол кезде қартайып, қалден де таямын.

— Сен өзің келбеттісің, бірақ келбетті болғаныңмен, жай оғындай жалаңсың,— деді әйел күрсініп.

— Я, жай оғындай... — деп қойды баласы да жымиып.

Анасының бауырында өстіп жатып ол бөбекше қалғып та кетті.

Сол жерде әйел оның үстіне қара плащын жауып жіберіп, пышақты жүрегіне салып кеп алған еді, баласы селк ете түсіп, тіл тартпастан өліп кетті, өйткені, ұлының жүрегінің қай жерде соғып тұрғанын ол жақсы біледі ғой. Сөйтіп ол мүрдені тізесінен сырғытып, қарауылшының аяғына қарай лақтырып тастады да, қала жаққа қарап:

— Адам болып, отаныма қолымнан келген көмегімді істедім; ал енді, Ана болып, баламның қасында қаламын! Басқа бала табуға уақытым енді өтіп кетті, өмірімнің енді ешкімге де керегі жоқ,— деді.

Сөйтіп, ол өз қаны — баласының қанына батып әлі де жып-жылы боп тұрған жаңағы пышақты көкірегіне пәрмендеп салып кеп жіберіп еді, бұл жолы да жүректен жаза басқан жоқ, — өйткені, адамның жүрегі ауырар болса, оған дарыту да оп-оңай ғой.