22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Максим Горький
Алексе́й Макси́мович Го́рький (1868-1936) Орыс және кеңес жазушысы, ақын, прозашы, драматург, социалистік реализм әдебиетінің негізін қалаушы

Кемтар






Қапырық, төңірек жым-жырт; тіршілік нұрлы бесігінде мүлгіп, аспан өзінің жалынды жанары — күнді қадап, жайпаңдаған көгілдір көзімен жерге наздана қарай қалған.

Теңіз жылмита құйылған көкпең-көк шойындай болып, ала-құла балықшы қайықтары, аспандай айқын шығанақ айшығына бейне бір дәнекерлеп қойғандай, тырп етер емес. Қанаттарын баяу ғана қағып, жазатайым шағала ұшып өтетін болса, су бетінен аспандағыдан да аппақ әрі әдемі, басқа бір құсты көресің.

Мұнартып жатқан қиыр; сол тұста Неаполитан шығанағы жүзігінің жарқыраған асыл тасына мезгеп, теңіздің тап ортасында жалғыз тұрған жартас, көгілдір арал не бір мұнар ішінде қалқып, немесе күн көзіне балқып, еріп бара жатқан тәрізді.

Жүзім, апельсин, лимон мен інжір ағаштарының қоңырқай жапырақтарынан көрінбей, зәйтүннің күңгірттенген күміс алуандас жапырағына көміліп, теңізге кертпештене құлдилаған жартасты жағалау бұп-бұйра боп, безене қалған. Теңізге шұқшия төнген қалың ну ағаш арасынан сары алтын, қып-қызыл, аппақ гүлдер жылұшырап жымия қарағанда, сары және қызғылт сары жемістер, ауасы дымқыл тартып, аспаны қарауытып тұратын айсыз тыншу түнгі бір жұлдыздарды есіңе салады.

Көк аспан, теңіз бен көңіл сая тапқан осы бір шақта күллі тіршілік иесінің Күн-тәңіріне үнсіз жырлап еткен дұғасын естуге ынтығасың.

Үстіне киген қара көйлегі күнге күйгеннен теңбілденіп, қоңырқай тартып, сонадайдан тіпті жамауы да көрінген бір ұзын бойлы әйел бақ арасындағы бұраңдаған соқпақпен тастан-тасқа ептеп қана басып түсіп, теңізге қарай келе жатыр. Жалаңбас күйі, күмісше жылтыраған аппақ шашы күлдей ұсақ шиыршыққа айналып, жазық маңдайына, самайы мен қошқыл беттеріне төгілген; бұл шаштың өзі жатқыза тарауға, сірә, көнбейтін де болу керек.

Өзінің бет-әлпеті, бір көрсең өмірі көңіліңнен кетпестей, айқын әрі айбарлы келген; сазара-салқын қараған бұл пішінде баяғы бағзы заманның бір жұрнағы бар да сықылды, ал енді түнеріп, тура қараған көздеріне жазатайым көзің түсетін болса, шығыстың немесе Дебор мен Юдифьтің жалын атқан жапан даласын еріксіз есіңе аласың.

Басын иіп, өзі бір қызыл нәрсені тоқып келе жатыр; болат тоқыма бізі қолында жалт-жұлт етіп, жүннің шүйкесін киімінің әлдебір жеріне тағып алғанымен, қызарған жіп өзінің көкірегінен шұбатылып шығып келе жатқандай боп та көрінеді. Шұқшиған әрі бұлтаңы көп соқпақта сауылдай шашылған тастың судыраған дыбысы естілсе де, жол сорабын нақ аяғымен аңғарғандай, ақ шашты әйел тіпті сонша бір еркін түсіп келе жатыр.

Бұл адам жайында жұрт мынадай әңгіме айтатын: әйелдің өзі қазір жесір, күйеуі бұрын балықшы болған, үйлену тойының артынан көп ұзамай күйеуі балық аулай кетеді де, әйелін екі қабат қалдырған күйі, содан қайтып оралмай қояды.

Бала туғаннан кейін әйел оны көрсетпей жұрттан жасыра бастайды, баласын мақтаныш ететін басқа әйелдерге ұсап, оны көшеге де, күн көзіне де алып шықпай, шүберекке орап-шымқап, лашығының қараңғы бір түкпірінде ұстайды, сөйтіп жаңа туған нәрестенің тек қазандай басы мен кірпігін қағып-қимылдамайтын тостағандай көздері ғана болмаса, басқа мүшесінің қалай жаралғанын көп уақытқа дейін көршілерден тіпті тірі пенде білмейді. Сол сықылды жұрт, бұрын мұқтаждықпен талмастан, мұңаймастан алысып, тіпті басқаларға да дем беріп жүрген денсаулығы дыңдай, ылпурынды әйелдің бүгінде үндемей тұнжырап, дүниенің бәріне, әлдене жайында сұрау қойғандай бір мұңлы, жат көзбен қарап, әрдайым әлденендей ойға түсе беретінін де аңғарып қалады.

Ұзамай-ақ көршілері оның қайғысының сырына қанады: іштен кемтар боп туған баланы өзі жұрттан жасырып, жаны күйініп жүреді екен.

Солай болған соң, көршілері оған кемтар баланың анасы атанy әйелге қандай ұят екендігін, әрине, түсінеміз; мұнша қатты қорлыққа салып, сазайыңды тартқызудың әділетті, әділетті емес екендігі бір мадоннадан өзгеге қараңғы сөйтсе де ешбір жазығы жоқ балаға күн көзін көрсетпеуің бекершілік дегенді айтысты.

Әйел жұрттың тілін алып, баласын көрсеткен еді,— баланың қол, аяғы балықтың қанатындай боп мыртиып, күмпиген көнектей басын қылқиған боп-болжыр мойны әрең көтеріп, шалдан аумай шалбарланған бетінде екі көзі бұлдырай қарап, жаялықтай ауызы ыржия біткен екен.

Оның түрін көрген жерде әйелдер көз жасын сығып, еркектер жирене тыжырынып, тұнжырап кете барды; кемтардың анасы бетін біресе басып, біресе ашып, тірі пенде түсінбей тұрған әлденені сұрағандай, жұрттың бетіне жаутаңдай қарап, жерде отырып қалды.

Балаға бір жәшік жасап, ішіне қоқыр-қоқсық шүберек, жүн-жұрқа салған көршілер кемтарды сол жұп-жұмсақ, ыстық ұяға отырғызып, тағы да бір керемет болып қалар деген құпия дәмемен, күн құрғатпай керемет жасап тұратын күн көзіне шығарып, ауладағы көлеңкелі жерге қойды.

Сөйтіп, арада уақыт өткенмен, бірақ оның қазандай басы, қосанжар біткен дәрменсіз төрт тұқылды соп-сопақ кеудесі сол күйінде қала берді. Тек ыржиған езуінен ғана барған сайын нысапсыз бір қомағайлықтың нышаны сайрай көрініп, ауызы қиқы-жиқы, қос қатар, пышақтай тіске тола түскен еді. Шап беруге үйренген мыртиған қолсымақтары нанды жалақтаған арандай аузына жаңылмастан апарып тұратын болды.

Мылқау болғанмен, бірақ өзі қасына жұрт отырып тамақ ішіп, сол тамақтың иісі мұрнына келген кездері аузын арандай ашып, қазандай басын шайқап, қожылдағанда бұлдыраған екі көзінің аласын қанды шел қаптап кететін еді.

Өзі тамаққа тою дегенді білмей, күн асқан сайын күйедей күйсеп, қоймастан қожылдай берді; дамылсыз жұмыс істегенмен, жалақыны жарытымсыз табатын ана кейде тіпті одан да нәубез қалып жүретін. Әйел тірі жанға мұңын шақпай, көршілердің берген көмегін үндемей, сүлесоқ қана алып жүрді, бірақ өзі үйде жоқта кемтардың қожылдаған даусынан мазалары кеткен көршілер аулаға шығып, оның нысапсыз аузына нанның қабығы, шөп-шар, жеміс сықылды жеуге келетін нәрсенің бәрін де тықшалап тұратын.

— Ұзамай бұл сенің өзіңді де жалмайды әлі! — дейтін олар әйелге.— Сен мұны одан да бір жетімхана немесе ауруханаға неге бермейсің осы?

Сонда әйел:

— Мұны өзім таптым, сондықтан өзім асырауға тиіспін,— дейтін тұнжырап.

Әйелдің өзі көрікті еді, сөйтіп өзіне қыруар еркек қырындаса да, бірақ оған былқ еткен жоқ, тек солардың ішінен өзіне көбірек ұнаңқыраған біреуге:

— Мен саған әйел бола алмаймын, өйткені тағы да кемтар табам ба деп қорқамын, өйткен күнде өзіңе ұят болар еді. Жоқ, аулақ жүр! — деді ол.

Жігіт содан әлдеқайда қиыр бір жерге ұшты-күйлі жоқ боп кете барды.

Сөйтіп, әйел жалықпастан күйсеген, түбі жоқ, арандай ауызды қыруар жыл бойы тығындай берді де, оның еңбегінің жемісін, қаны мен өмірін жалмаған кемтардың қылқиған, әлсіз мойнынан үзіліп, баяу ғана аунақшып, үй-үйдің мүйіс-мүйісіне сүйкене, ұша жөнелгелі тұрғандай боп көрінген басы барған сайын күмпиіп, күбідей бір ғаламатқа айнала берді.

Аулаға көзі түскен адам алдындағы нәрсенің не екеніне түсіне алмай, таңырқап, тұла бойы түршігіп, еріксіз аялдап қалатын еді. Жүзім басқан қабырғаның қасындағы, құрбанға шалынатын жердегідей, тас үстіне қойылған жәшік ішінен осы бір бас көтерілген кезде, кемтардың шалбарланып шықшыты сорайған, сап-сары бет-әлпеті, көрген жанның көңілінен көпке дейін кетпей, шарасынан шыға жаздап, бажырая қараған топас көздері, шүйірілген, талыстай, талпақ танауы, жалмаңдаған жақ сүйектері мен шықшыты, қос қатар пышақтай тістерін ақситып, жаланған боп-болжыр еріндері, бейне бір өз алдына өмір сүргендей боп қалқайып тұрған тебінгідей, сақ, салпаң құлақтары, осы бір сұрапыл сұмдық ұсқынды жалбырай жапқан, негірдің шашы іспеттес, бұп-бұйра, көмірдей қара шашы көкорайлы өсімдік үстінен сайрай көрініп, өткен-кеткеннің көзін өзіне ылғи тартып тұратын.

Жеуге келетін бірдемені кемтар кесірткінің аяғынан аумаған құртақандай, мыртиған қолымен қымтып, жем шоқып отырған құсша құнжындап, басын еңкейтетін де, тісімен жұлқылап үзіп алып, танауы күсілдеп, сылпылдата соғатын. Тамаққа тойған соң өзі жұртқа әрдайым тісін ақсита бір қарап қоятын еді, сол кездері жанталасып тұрғандай боп көрінетін осынау шалажансар беттен тұңғиық бір бұлдыраған теңбілге тоғысып, екі көзі кеңсірігіне қарай жылжи жөнелетін. Ал енді, қарны ашыға қалса, мойнын өңмеңдей созатын да, қызарған аузын арандай ашып, сүп-сүйір тілін жыланша жалаңдатып, құшырлана кеп қожылдайтын.

Көрген жұрт шоқынып, дұға қылып, басынан кешкен бар жаманшылығын, өмірде басына түскен бар пәле-жаласын есіне алып, аулақ кететін еді.

Сұмдық ойлы адам, қарт ұста талай рет:

— Дүниені жалмап жатқан мына ауызды көргенде, мен өзім бойымдағы бар қуатымды, сірә, осы сықылды біреу жалмады-ау деп ойлаймын, және өзіме осы жүрген жұрт атаулы жатып ішерлер үшін ғана өмір сүріп, өлетіндей болып та көрінеді, — деген болатын.

Бұл дүлей бас көрген жұрттың көңіліне бір мұңлы ой мен жүректі түршіктіретін сезім салатын еді.

Жұрттың сөзін үн-түнсіз ғана тыңдаған әйел, шашы демде ағарып, бет-аузын әжім басып, көп уақыттан бері күлкіден қалған болатын. Оның түн сайын есік алдына шығып, нақ біреуді күткендей, аспаннан көзін алмай мөлие қарап тұратынын сезген жұрт бір-біріне:

— Нені күтеді екен осы? — дейтін.

— Мұны ескі шеркеудің алдындағы алаңға апарып отырғызып қой! — деп ақыл айтысқан еді көршілері оған. — Сол жерден шетелдік адамдар жүреді, олар бұған күн сайын бірнеше бақыр ақша тастап тұрудан тартынбайды.

Үрейі ұшып селк ете түскен ана:

— Егер мұны бөтен елдің адамы көретін болса, сұмдық қой ол, сонда олар біз туралы не ойламақ? —деді.

— Қайда барсаң — пақырлық бар, оны жұрттың бәрі де біледі! — деп еді жұрт оған.

Әйел көнбей басын шайқады.

Бірақ зеріккеннен көрінген жерде тентіреп, кез келген ayлаға көз жіберіп жүретін шетелдіктер, әрине, әйелдің қақпасынан да қараған еді: үйде отырған әйел сол жерде осы бір бекерден-бекер сандалған адамдардың тырсиған бет-әлпеттерінен жирене, жиіркене тыжырынған нышанды аңғарып, баласы жайында олардың еріндерін шүйіріп, көздерін сығырайта сөйлескен бір сөздерін де естіп қалды. Әсіресе оның жүрегін жек көре, өшіге, ашықтан-ашық мұқата айтылған бірнеше сөз тілкемдеп кеткен еді.

Бұл дыбыстарды көкейіне түйіп алған әйел бөгде сөздің төркінінен итальяндық және аналық жүрегі қорланған бір сарынды сезіп, ішінен оны талай рет қайталап шықты; сөйтіп, сол күні-ақ бір таныс делдалына келіп, әлгі сөздің мағынасын сұраған еді.

— Оны айтқан адамына қарау керек! — деді ол қабағын шытып. — Бұл: күллі роман нәсілдерінің ішінде Италия елден бұрын құрып барады деген сөз. Мұндай өтірікті қайдан естіп жүрсің өзің?

Әйел жауап қатпастан жайына жөнелді.

Сөйтіп келесі күні оның ұлы әлденеден күпті болып, тыпырлап жатып жантәсілім берді.

Әйел аулада жәшіктің қасында, алақанын өліп жатқан баласының басына басып, өлікті көруге келген әрбір адамның бетіне жаутаңдай қарап, әлденені жайбарақат қана күтіп отырған еді.

Жұрт жұмған аузын ашқан жоқ, бәлки, талай-талай жанның құлдықтан құтылдың деп құттықтағысы да, балаңнан айырылдың деп оған көңіл айтқысы да келген болар, бірақ тірі пенде тіл қатып, өзінен тіпті ешнәрсе сұраған да жоқ. Ақыр-тақырына дейін айтуға бола бермейтін жайлардың да бар екенін кей-кейде жұрттың өзінің де іші сезеді ғой.

Осының артынан әйел, әлденені сұрағандай, жұрттың бетіне көпке дейін жаутаңдай қарап жүрді де, содан соң өзгелер сықылды қарапайым қалыпқа түсіп кете барды.