22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Максим Горький
Алексе́й Макси́мович Го́рький (1868-1936) Орыс және кеңес жазушысы, ақын, прозашы, драматург, социалистік реализм әдебиетінің негізін қалаушы

Балықшының өсиеттері






Ызыңдаған шіркей.

Қалың ну зәйтүн жапырағы арасына, құдды бір мыңдаған сым ішекті тартып тастағандай, қуқылт жапырақтар желге елбірей қалған. Жапырақтар ішекке тиіп, тынымсыз тиген болымсыз лыпылдан ауа адамды елтіткендей бір дуылдаған дыбыспен сыңсып тұр. Бұл әлі музыка бола қоймағанмен, бірақ әлдебір көзге ілеспейтін қолдар көрінбейтін жүздеген арфалардың құлағын күйлеп, тап осы қазір төңірек тына қалып, содан соң күнге, аспанға, теңізге арналған гимн күйі гүрілдей жөнелгелі тұрғандай, ылғи ынтыға күтесің.

Ескен желмен ырғалған ағаштар шоқтықтарын сілкіп, тап бір таудан теңізге қарай андыздап келе жатқандай. Толқын жағалаудағы тастарды бір қалыпты күмпілдете тепкілеп жатыр; көгілдір айдынына самси кеп қонған сансыз шоғыр құс құдды бір бағытқа қарай түп-түгел жүзе жөнеліп, тұңғиыққа сүңгіп ғайып боп кетіп, қайтадан қылт етіп, сызыла сылдырлап тұрғандай, теңіз беті жайнаған аппақ теңбілге лық толған. Соларды еліктіріп өзіне шақырғандай, сұрғылт құсқа мезгеген екі кеме үш қабат желкендерін көкке көтеріп, көкжиекте шайқалып тұр; осының бәрі де — жадыңнан шығуға айналған, ертеде көрген бір түсіңдей болып, өмірге тіпті ұқсар емес.

— Күн бата қатты жел болады! — деді малта тасты алақандай жағалауда, тас көлеңкесінде отырған қарт балықшы.

Жағаны тарпыған толқын теңіздің иісі бұрқыраған сап-сары, күрең және жасыл талшықтарын тастарға үйіп тастаған еді; күн көзі мен тас үстінде қалған шөптер солып, ащы ауадан иодтың ауыз қуыратын иісі аңқиды. Алақандай жағалауға бұйра толқындар бірін бірі қуалай келіп, кимелей кіріп жатыр.

Бет-ауызы шүрішіп, шүмшиген, қоңқақ мұрынды, терісінің қап-қара қатпарларына бұғынған, тегінде жіті көргендей сыңайы бар, дөңгелек көзді келген балықшы қарттың өзі құсқа бейім еді. Қолдарының имиіңкіреген саусақтары икемге келмей, сидиып қалған.

— Осыдан шамасы, елу жылдай бұрын, мырзам, — деді қарт, толқынның сыбдыры мен шіркейдің ызыңына бейімдеу үнмен. — Жұрт жадырап, жыр жырлағандай, тап осындай бір дүрілдеген, думанды күн еді. Әкем қырықта, өзім он алты жаста болатынмын, және өзім ғашық та едім, жасың он алтыға келіп, жайма-шуақ күн аясында жүргенде мұндай нәрсенің болуы даусыз да ғой.

— «Гвидо, пенцони аулауға баралық»,— деді әкем.— Пенцони дегеніміз, мырзам, қызғылт қанатты, дәмі тіл үйіретін тәтті балық болады, оның өзін жұрт коралла деп те атайды, өйткені бұл балық тұңғиықтың түбінде кораллалар жүретін жерлерде өсіп-өнеді. Оны жұрт су ортасында тұрып, ауыр салдауыр тағылған қармақпен аулайды. Әсем балық өзі бір.

— Сөйтіп, екеуіміз, олжаға қарқ болармыз дегеннен басқа ешнәрсені ойымызға алмай, жүріп кеттік. Әкем тісқақты балықшы, қарулы адам еді, бірақ соның алдында ғана көкірегі ауырып, балықшылар ауруы — құяңнан саусақтары зақымданған болатын.

— Өзімізді бейне бір теңізге қарай түрткілегендей боп, жағалаудан еркелей есіп тұрған тап мына жел ме, бұл асқан айлалы, залым жел, — қасыңызға қапелімде сездірмей таяп келеді де, өзіңізден бейне бір қорлық көргендей, аяқ астынан тап береді. Сол сәтте-ақ жел іліп ала жөнелген қайығыңыз кей-кейде төңкеріліп, өзіңіз суға да сүңгіп кетесіз. Жалғыз-ақ сәтте астан-кестен болып, балағаттап немесе құдай атын есіңе түсіріп, аузыңды жиып алғанша, әлдеқайда алысқа үйіріп айдап ала жөнеледі. Бұл желден қарақшы анағұрлым адал. Дегенмен, табиғат сұрапылынан адам әрдайым адал келеді.

— Я, сөйтіп осы жел бізге жағалаудан төрт километрдей ұзағанымызда кеп киліккен еді, көріп отырсыз, өзі оңбаған қорқақша ойда жоқта жап-жақын жерден кеп жармаса кетті.

— «Гвидо!— деді әкем, зақымданған қолымен ескекке жармасып — мықтан, Гвидо! Таста якорьді!»

— Бірақ якорьді жаңа алып жатқан кезімде желдің екпінімен әкемді көкірекке бір түйген ескек оның қолынан шығып кете барды да, есінен танған әкем қайықтың түбіне сылқ ете түсті. Сәт сайын төңкеріліп қалғалы тұрғандықтан әкеме жәрдемдесуге мұршам келмеген еді. Алғашқыда бәрі де іп-ілезде істеледі: ескекті қолыма алар-алмастан-ақ су шаңына көміліп, әлдеқайда зымырап бара жатқан екеумізді толқынның шоқтығын сыпыра айдаған жел, күнәмізді тіпті титтей жуып-шаяйын демегенмен, бірақ кәдімгі поптан да бетер пейілденіп, сумен сыпалай берді.

— «Мынау қатерлі екен, балам! — деді әкем есін жиысымен жағалау жаққа қарап. — Бұл ұзаққа созылады екен, қымбаттым».

— Егер жас болсаң, қауіп-қатерге оңайлықпен илана бермейсің ғой, ескекті еспек боп жанталасып, зұлым перілердің лебі — сол бір жел өзіме құрметтеп мыңдаған көр қазып, жаназамды тегін шығарған қатерлі сәтте су ішінде істелетін әрекеттің бәрін де істеп бақтым.

— «Тырп етпе, Гвидо, — деді әкем, басындағы суды сілкіп, мырс етіп қойып. —Теңізді шырпымен шұқығаннан не өнуші еді, тәйірі? Қайратыңды ірік, әйтпесе, үйдегілер өзіңді бекер күтіп жүрер».

— Кішкентай қайғымызды, доп ойнаған балаша, олай да, бұлай да домалатып, қайықтың ернеуінен сығалап, басымыздан аса көтерілген көк-ала толқын өкіре сіліккен кезде біресе құрдымға құлап, біресе толқынның ақшулан жотасына өрмелей бердік те, қайығымызға ұсап, қалтылдаған жағалау да бізден барған сайын зымырап алыстай түсті. Сол жерде әкем:

— «Жерге оралсаң, бәлки, сен ораларсың, бірақ менің оралар жайым жоқ! Балық пен жұмыс жайында айтар әңгімеме құлағың сал...» — деді.

Сөйтіп, ол өзі білетін балық атаулының бар әдеті туралы — оларды қайдан, қай уақытта, қалай молырақ аулауға болатындығы жөнінде әңгіме айтуға кіріскен еді.

— «Одан да, бәлки, иманымызды айтқанымыз жөн болар, әке?»— дедім мен, шаруамыздың шатаққа айналғанын ішім сезіп, өйткені, екеуміз жан-жағынан азу тісін ақситқан бір топ ақ иттің ортасында тұрған қос үй қоянындай болып қалған едік.

— «Бір тәңірі бәрін де көріп отыр! —деді ол. — жер үшін жаралған адамдардың бүйтіп теңізде құрығалы тұрғанын әрі жан сауғалаудан күдерін үзген солардың біреуінің өз баласына бар білгенін айтуға тиіс екендігін ол біліп отыр. Жер мен адамға жұмыстың керек екендігін бір тәңірі түсінеді...»

— Сөйтіп, жұмыс жайында бар білгенін айтып болған соң әкем енді адамдармен қалай араласып өмір сүру керек екендігі жөнінде сөйлеуге кіріскен еді.

— «Қазір мені үйреткендей уақыт па? — дедім мен. — Жерде жүргенде сен мұны айтпаған едің ғой!»

— «Жерде жүргенде ажалдың бұлай алқымға алғанын сезген жоқ едім».

— Жел қасқырша ұлып, толқын шалпылдап жатқандықтан, әкемнің мен естісін деп айқайлап сөйлеуіне тура келген еді, сөйтіп ол айқайлай берді:

— «Әрдайым өзіңнен асқан бірде-бір жақсы да, бірде-бір жаман да жоқ деп жүргейсің — осы дұрыс болады! Дворянин мен балықшы, поп пен солдат — бәрі бір-ақ дене, өзгелер сықылды, сен де сол дененің бір ділгір мүшесісің. Адам баласымен жақындасарманға келгенде оның бойындағы жақсылығынан жаманшылығы басым деп өмірі ойыңа алушы болма, оның бойындағы жақсылығы басым деп ойла — бұл осылай болады! Жұрт өзінен сұраған нәрсесін ғана береді».

— Бұл сөздер, әрине, оның аузынан бірден шықпай, былайша айтқанда, аумаған бұйрық сықылды боп естілген еді, өйткені екеуміз бір толқыннан екінші бір толқынға ырғып келе жатқандықтан, бұл сөздерді құлағым біресе астан, біресе үстен, шашыраған су арасынан шалған болатын. Сөзінің көбін маған жеткізбей жел қағып әкетіп, көптеген сөзіне түсіне де алмадым, сәт сайын аранын ашып ажал тұрғанда, үйрене қоюға мұршаң `келуші ме еді, мырзам! Өзім қатты қорқып кеткен едім, өйткені, бүйтіп аласұрған теңізді көргенімнің өзі сол болатын, сөйтіп оның үстінде өзімді-өзім тіпті сонша бір дәрменсіз де сезінген едім. Сол кезде ме екен әлде кейіннен бе екен, оншасын айта алмаймын, әйтеуір сол сағаттарды есіме түсіре отырып өзім көңілімде күні бүгінге дейін сайрап тұрған бір сезімді басымнан кешірген едім.

— Әкем дәл осы күні бүгіндей көз алдымда: қалпағын су шайып әкеткен басы мен иығына толқын оңнан да, солдан да шапшып, алдан да, арттан да гүрсілдеткен кезде қайықтың түбінде шомбал қолдарын жайып, саусақтарымен кемерге тістей қатқан әкем басын сілкіп, пысқырынып маған ауық-ауық айқайлап қойып отырған еді. Суға сүметіліп кіп-кішкентай болып, қорыққаннан немесе, бәлки, ауырғаннан да болу керек, екі көзі шарасынан шығып кеткен еді өзінің. Онысы ауырғаннан болар деп ойлаймын өзім.

— «Бері қара! — деді ол әлсін-әлі айқайлап. — Ей, естіп отырмысың?»

Кей-кейде мен:

— «Естіп отырмын!» — деп қойдым.

— «Адамның істеген жақсылығын есіңде сақтағайсың».

— «Мақұл!» — дедім мен.

— Жерде жүргенде өзі менімен өмірі бүйтіп сөйлеспейтін еді. Ақжарқын, мейірімді адам бола тұрса да, бірақ өзі мені әлі бала көріп, бетіме мысқылдап, күдіктене қарап отырғандай болып көрінді. Жастық дегеніңіз менменшіл келеді ғой, кей-кейде онысына өзім тіпті намыстанып та отырдым.

— Әкемнің айқайы көңіліме дем берген еді, осының бәрінің бұлжымастан ойымда қалғаны, бәлки, содан да болу керек.

Қарт балықшы сәл үндемей, ақ айдын теңізге көз жіберіп, жымиып, көзін бір қысып қойды да:

— Адамдарды байқай келе мен өзім, мырзам, есте сақтау мен түсіну екеуінің бір-ақ сөз екенін аңғардым, ал енді неғұрлым көбірек түсінетін болсаң, солғұрлым жақсылықты көргіш те келесің, — наныңыз, бұл дәл осылай! — деді.

— Я, сөйтіп, әкемнің өзіме сүйкімді, сүметілген бет-әлпеті мен шарасынан шыққан көздері әлі есімде, — бетіме байыппен, елжірей қараған бұл көздерден сол жерде өзім тағдырымның дәл сол күні бітпейтінін сезген едім. Қорқуын-қорықсам да, бірақ құрымайтындығымды білген болатынмын.

— Қайығымыз, әрине, аударылып қалды. Сөйтіп, көзімізді аштырмайтын көбікті буырқанған су ішінде екеуімізді толқын олай да, былай да аунатып, қайықтың төңкерілген түбіне төмпештей берді. Байлауға келетін нәрселердің бәрін де қайраңға баяғыда-ақ байлап тастаған едік, денемізден дәрмен кетпей қайықтан айырылмастай боп, жіптен ұстап алғанымызбен, бірақ су ішінде табан тіреу оңай нәрсе емес. Екеуімізді толқын қайықтың төңкерілген түбіне талай рет ұшырып шығарып, сол сәтте-ақ одан шайып әкетіп отырды. Мұндайда ең пәлесі, басың айналып, сыпаған судан құлағың бітіп, көзің көрмей, сол судың өзін сылқылдатып жұта да береді екенсің.

— Осылайша ұзаққа созылып, жеті сағат өткен соң, жел бірден өзгеріп, жағалауға лықси жөңкіген су бізді жерге қарай ала жөнелді. Сол жерде қуанғанымнан:

— «Мықтан!» —дедім айқайлап.

— Әкем де бірдеме деп айқайлаған еді, мен оның тек:

— «Мылжалайды...» — деген бір-ақ ауыз сөзін ғана түсініп қалдым.

— Әкем алдымызда әлі де алыста жатқан тастар туралы ойлаған еді, мен оған нанғам жоқ. Бірақ ол істің жайына менен гөрі қанық еді,— аумаған ұлуша, асыраушымызға сүлікше қадалып алып әрі одан әжептәуір соққы жеп, тұла бойдан жан кетіп, қалжыраған екеуіміз тау толқын су арасында заулап келе жатқан болатынбыз. Бұл ұзаққа созылған еді, бірақ жағалауда қарауытып тұрған таулар көзге шалынысымен-ақ, бәрі де адам айтқысыз іп-ілезде бола қалды. Теңселген таулар бізге таяп, басымызға омақаса құлағалы тұрғандай, суға төніп келген кезде аппақ толқын екеуімізді көтере бір лақтырып тастаған еді, етіктің өкшесі жанышқан жаңғақша сытыр ете түскен қайықтан айырылып шыға берген бойда жақпар тастың пышақша қылпыған қожыр-қожыр қап-қара қабырғасын, ең әуелі төбемде түу-түу жоғарыдан, содан соң жаңағы перілер тырнағының үстінен әкемнің басын көзім бір-ақ шалып қалды. Белі үзіліп, бас сүйегі миына дейін мылжаланған оны жұрт екі сағаттан соң ұстапты. Басы даладай боп жарылып, миының бірсыпырасын су шайып әкеткен екен, бір-ақ жараның орнынан көрген, аумаған қанды көбік немесе қаншымақтанған мәрмәр сықылды, қызыл тамырлы сұрғылт түйірлерім әлі есімде. Тұла бойынан сау тамтық қалмай, жан түршігерліктей боп мылжаланғанмен, өзінің бет-ауызы ап-аман, жайбарақат күйге түсіп, көздері мүлтіксіз, шарт жұмылған екен.

— Мен өзім бе? Я, менің өзім де әжептәуір жентектелген екем, жағаға жұрт өзімді талып жатқан күйімде шығарыпты. Толқын бізді Амальфаның ар жағындағы бір жерге әкеп тастаған екен, бірақ жат жер болғанмен, балықшы — өз адамдарымыз екен, мұндай оқиға балықшыларды мейірлендірмесе, таңдандырмайды, өйткені, қауіп-қатерде өмір сүрген адам қашанда мейірімді келеді.

— Меніңше, әкем жайындағы әңгімемді әрі елу бір жыл көкірегімде сақтаған сырларымды көңілдегідей ғып айтып бере алмадым-ау деймін, — өйткені, мұның өзі өзгеше бір сөздерді, бәлки, тіпті жыр етуді де тілейтін болу керек, бірақ, балық сықылды, біздей байырғы адамдар ойлаған жердей шығарып, майын тамызып сөйлей де алмаймыз ғой! Ауызбен айтарыңнан әрдайым көңілмен сезіп, білген сырларың көп болады.

— Бұл арада әңгіменің абзалы, әкемнің ажал сағатында өзінің аман қалмайтынын біле тұра қорықпай, баласы, менің қамымды ойлап, қайратқа мініп, өзінің маңызды көрген нәрселерін маған уақыт тауып айтып беруінде болып отыр. Алпыс жеті жыл өмір сүрдім өзім, сөйтіп өзім әкемнің құлағыма құйған сол нәрселерінің бәрі де ып-рас деп айта да аламын!

Қарт, бір кездері қызыл болғанмен, бүгінде қоңырқай тартқан қалпағын басынан сыпырып, одан қорқорын алды да, тап-тақыр, жылтыр қара басын еңкейтіп:

— Бәрі де ып-рас, қымбатты мырзам! Жұрт сіздің көрсем деген күйіңіздегідей болады, жұртқа мейіріммен қарасаңыз, өзіңізге де, оларға да жақсы, бұдан олар да, өзіңіз де жақсара түсесіз! Мұның өзі оп-оңай нәрсе! — деді.

Жел барған сайын қатайып, толқын көтеріліп, жалданып, аппақ тарта берген еді; теңіз бетіне қаптап шыға келген қалың құс әлдеқайда алысқа қарай сымпылдай жүзіп, бағанағы үш қабат желкенді екі кеме көк жиектің көгілдір деңгейіне түсіп, көзден әлдеқашан ғайып болған.

Аралдың шаншылған жарқабақты жағалауы толқынның көбігіне көміліп, көкпең-көк су буырқана шалпылдап, шіркейлер қоймастан, ынтыға ызыңдайды.