21 Қараша, Бейсенбі

Әдебиет

Максим Горький
Алексе́й Макси́мович Го́рький (1868-1936) Орыс және кеңес жазушысы, ақын, прозашы, драматург, социалистік реализм әдебиетінің негізін қалаушы

Түнде






Тас керең тыныштықта ұйқыға мезгеген арал, құдды бір серейіп қалғандай, теңіз де ұйқыға мүлгіген, — түр-тұрпаты ғажайып осынау зіл қара тасты әлдекім өзінің қарулы қолымен теңіздің көкірегіне аспаннан тастап жіберіп, ондағы тіршілікті тып-типыл ете салған тәрізді.

Аралға алда-жалда қарауытқан айдынға құс жолының алтын алқасы асылып тұрған теңіздің сонау түу-түудегі шалғайынан көз жіберетін болсаңыз — оның өзі теңізге арандай аузын малып, майша кілкіген суды үн-түнсіз ғана сіміріп жатқан бір жота жүні күжірейген, алып басты айуан сықылды боп та көрінеді.

Ғажайып жым-жырт болғанда, тіпті сыбырлап немесе күбірлеп қана сөйлеспесең өзіңе өте бір ыңғайсыз сезіліп, дың еткен дыбыс көгілдір барқытты түнгі аспанның аясында мелшиген төңірекке құпия көз жіберген әлдекімге бөгет боларлықтай көрінетін мұндай мүлгіген-мылқау түнекті түндер декабрь айында аса жиі ұшырап тұрады.

Арал жағалауындағы қорым тастың үстіндегі екі адам тап осылайша күбірлей сөйлесіп отырған еді, — бұлардың біреуі — тас-тастың жарық-жұрығына іркілген тұзды шаруалар мен балықшылар сыпырып әкетпесін деп аңдып отырған, үстінде сары көмкермелі қара күртесі, иығына асқан қып-қысқа мылтығы бар баж солдаты болатын; енді біреуі — шашын испандықша алдырған, құлағынан мұрнына қарай ширатылған аппақ жақ сақалы бар, қолағаштай мұрны тотының тұмсығынша, қоңқақ біткен, қошқыл өңді, қарт балықшы еді.

Тас атаулы күміспен күптелгендей боп көрінгенмен, бірақ аппақ темірді теңіз таттандырып жіберген.

Қылшылдаған жігіт болған соң, әрине мезгілдің құлағына құйған жайларын әңгіме етіп отырған солдатты қарт керенау, кейде тіпті зығырданы қайнап та беттен алып қояды.

— Декабрь айында кім ғашық болушы еді, тәйірі? Балалардың туатын мезгілі ғой бұл …

— Ал-лайда! Егер адам жас болса, күтіп отырмайды ғой...

— Күту керек …

— Сен өзің күтіп пе ең?

— Мен өзім, достым, солдат болғам жоқ, жұмыс істеген адаммын, сөйтіп адамның басынан кешуге тиісті нәрселердің бәрінің де кезінде дәмін татқан кісіңмін . . .

— Түсінбеймін …

— Соңыра түсінесің әлі...

Жағалаудан жап-жақын жерде ғана жасыл Сириустің сәулесі су бетіне түсіп тұрған еді; егер су бетіндегі сол бір күңгірт теңбілге ұзақ уақыт үңілетін болсаңыз, оның қақ қасында қыбыр етпей тұрған, адамның басындай доп-домалақ, қалқыма тығын белгіні көресіз.

— Сен өзің неге ұйықтамай отырсың осы?

Тозығы жетіп қырылып қызғылт тартқан плащының өңірін қайырып, жөтеліңкіреп қойған қарт:

— Біз ay құрып тастаған болатынбыз,—қалқыма белгіні көріп отырмысың? — деді.

— Ә...

— Осыдан үш күн шамасы бұрын серіктескен бір адам дардың ауын бірдеме бұзып, бытыстырып кетіпті. ..

— Дельфин бе екен?

— Қыстың күнінде ме? Жоқ, әрине. Тонналық акула болуы мүмкін ... Кім білсін?

Әлденедей аңның аяғының астынан сусып шыққан титтей тас қуқылт шөптерді судырлата таудан теңізге қарай домалай жөнеліп, суға кеп шолп ете түскен еді. Осы бір болымсыз сыбдырға елең еткен жым-жырт түн, жадында ұзақ сақтағысы келгендей, шыңырауынан оны сайрата шығарды.

— Шалда неге ұйқы жоқ?

Тапшы, Умберто, ойланып!

— Себебі, жастай күпті боп,

Шарапқа қалған шайланып...—

деп, мысқылды бір өлеңді солдат ақырын ғана әндеткен еді.

— Бұл мен туралы айтылмаған, — деді қарт күңк ете түсіп.

— Тағы да неге ұйқы жоқ шалда?

Ақылды Бергито, не дейсің бұған?

— Себебі, шалың кезінде жанға

Керегінше ғашық бола алмаған...

— Тамаша өлең емес пе, Пашкале ағай?

— Жасың алпыстан асқанда оны өзің де білесің әлі.. . Сұрап не керегі бар?

Екеуі мелшиген түнгі дүниемен құп жарасып ұзақ үндемей қалып, содан соң қарт қорқорын алып, тасқа тықылдатып, тықылдаған дыбысқа құлағын түріп қойды да:

— Балалар, сендер күлуін жақсы күлгендеріңмен, бірақ баяғыдай жақсы ғашық бола аласыңдар ма, ол жағын білмеймін...— деді.

— Шәу деген-ау! Баяғы бір сылдыр сөз ғой мұның. Мен өзім жұртты әрқашанда біркелкі ғашық болады деп ойлаймын...

— Ойлағышын! Білу керек. Сонау таудың ар жағында Сенцаманенің үй іші тұрады,— солардан барып Карло атайдың оқиғасын сұрасаң — әйеліңе пайдасы тиер еді.

— Ол оқиғаны өзің айтып бере алатын болған соң, бейтаныс адамдардан сұрап қайтейін...

Әлдеқайда көзге ілеспей ұшқан түнгі құстың екпінімен, құрғақ тасты құдды жүннен тоқылған матамен сүрткендей, ауада ерекше әрі бір ғажап дыбыс қалтырай қалды.

Жер бетін басқан түнек қоюланып, дымқыл әрі жылы тартып, аспан алысқа шырқап, құс жолының күміс тұманынан жұлдыздар барған сайын жарқырай түсті.

— Әйелдер ертеде ардақты болатын...

— Е, қойшы? Естіген емеспін.

— Жұрт жиі соғысып тұратын...

— Жесірлер көп болған...

— Ылғи — қарақшы, солдат әрі бес жыл сайын Неапольдің әміршісі бір жаңарып, әйелдерді құлыптап ұстауға тура келген.

— Оның өзі кәзірде де теріс болмас еді...

— Өздерін тауықша ұрлап әкетіп тұрған...

— Түлкіге көбірек ұсаңқырайтынына қарамастан...

Қарт үндемей қалып қорқорын тұтатып еді, ауада тәтті түтіннен пайда болған аппақ бұлт шұбатыла кетті. Жылт еткен от сәулесімен қошқыл келген қоңқақ мұрын, оның астындағы қырқылған қысқа мұрт та жарқ ете қалды.

— Жә, содан әрі не болды? — деді солдат маужырап.

— Үндемей отырып тыңдау керек...

Сириустың қалтыраған қимылында сонша бір қуат бар еді дерсіз, тәкаппар жұлдыздың тіпті күллі жарық әлемін түнекке айналдырғысы кеп тұрғандай да болатын. Теңіз бетіне алтын тозаң себіліп, аспан әлемінің сол бір көзге түсер-түспес сәулесі мың құбылған сағымды шапақ шашып, меңіреу тартқан түпсіз түнек жапанды болар болмас қана жайната қойған.

Теңіздің тұңғиық түбінен құдды бір шұғыла шашқан мыңдаған шамшырақ көз аспанға телміре қарағандай...

— Тыңдап отырмын,— деп еді солдат, үн-түнсіз отырған балықшының тыныштығын сабырсыздана бұзып, жұрттың бәрінің әрқашан ұйып тыңдайтын нәрсесі жайындағы әңгімесінің тиегін қарт ағытып та жіберді.

— Осыдан жүз жыл шамасы бұрын, сонау қалың қарағайлы тау басында Экеллани деген бір құныс, көзбаушы әрі контрабандист, грек шал тұрған екен, өзінің Аристидо деген бір аңшы баласы болады, ол кезде аралдан ешкі әлі де арыла қоймаған екен. О күнде бұл маңдағы ең дәулетті үй Гальярдилер болады, бүгінде өздері атасының жалған аты — Сенцамане деп аталып жүр, жүзім егісінің қақ жартысына иелік еткен өздерінің сегіз жерқойма мен мыңнан астам күбілері болады. Біздің ақ шарабымыз о күнде, естуім бойынша, адамдары шараптан өзге ештемені бағалай білмейтін, тіпті Францияның өзінде де ардақталады екен. Бұл француз дегеніңнің өзі шетінен ойыншы әрі маскүнем келеді түге, қартаға өздері тіпті королінің басын да салып, сайтанға ұттырып жіберген...

Сылқ-сылқ еткен солдаттың күлкісіне жауап қатып, әлдеқайда жап-жақын жерден су шолп ете түскенде, екеуі теңізге қарай мойындарын созып, үн-түнсіз елең ете қалып еді, шымырлаған су жағадан әрмен қарай шеңберлене жөнелді.

— Қармаққа шаншылған жемді жұлқып көріп жүрген қара балық бұл...

— Айта бер...

— Я... Гальярдилер дедім ғой. Өздері ағайынды үшеу екен, тарих солардың жаялықтай аузы мен гүжілдеген даусына бола Карлоне деп атанған ортаншысы туралы аңыз етеді. Оның өзі бір ұстаның Джулия деген пақыр әрі аса ақылды бойжеткен қызына ғашық болады, өйткені балуандар ақылға жарлы келеді ғой. Үйленулеріне әлдене қырсық болып, екеуі той жасайтын күндерін зарыға күтіп жүргенде гректің баласы да қарап жатпайды, оған да Джулия ұнайды екен. Қыз өзіме ғашық болса екен деп ұзақ уақыт әлекке түскенмен, бірақ ол көңілге алған ниетіне жете алмайды да, қызды масқара етсем, Карлоне Гальярди одан безіп шыға келеді, сөйтіп оны оп-оңай ала қоямын деген оймен қызды ұятқа қалдыруға бел байлайды. О күнде қазіргіден қатаңырақ болған...

— Дегенмен, қазірде де. ..

— Азғындық — дәулетті адамдардың ғана сауығы, ал енді бұл жердегі біздің бәріміз де жарлымыз, — деп қатал қайырған қарт, өткендегіні өзінің есіне құдды бір өзі салып отырғандай, сөзін жалғай жөнелді:

— Бір күні қыз қырқылған жүзім сабағын жинап жүрген екен, гректің баласы сүрініп кеткен кісі болып, оның жүзім егісінің қия беткейіндегі соқпақтан домалап, қыздың дәл аяғының астына кеп түседі, сол жерде христиан дініндегі аяулы әйел болған соң, мертігіп қалған жоқ па екен деп қыз оның үстіне еңкейе қояды. Ауырғаннан ыңқылдай жатып, жігіт оған:

— Джулия, сенен тілер тілегім, жұртты көмекке шақыра көрме! Қызғаншақ күйеуің егер қасыңда отырғанымды көрсе, көзімді құртар деп қорқамын. . . Дем алуға мұрша бер, жайыма кетемін... — деп жалынады.

Сөйтіп жігіт қыздың тізесіне басын сүйеп, өп-өтірік есінен танған кісі бола қояды; сол жерде шошып кеткен қыз көмекке шақырып баж ете түскен екен, бірақ жұрт жүгіріп келісімен, жігіт сап-сау күйі ойда жоқта орнынан атып тұрып, қатты ұялған кісі бола қалады да, өзінің ғашықтығы мен кіршіксіз таза ниеті жайында әңгірлеп, қыздың ұятын некемді қидырып жуып-шаямын деп ант-су ішеді, қысқасы әңгімені өзі Джулияның еркелеткеніне елтіп, тізесіне басымды сүйеп ұйықтап кетіп ем дегенге сайытады. Гректің арам ойын аңғармаған ақкөңіл жұрт қыздың ашуланғанына қарамастан, көмекке тіпті, соның өзінің шақырғанын да ұмытып, жігіттің сөзіне илана кетеді. Христиан дініндегілердің бар ісін былықтыруға бола гректерді, сірә, сайтан шоқындырған ғой. Грек өтірік айтып тұр деп қыз ант-су ішкенмен, бірақ ол жұртты Джулия шындықты мойындауға ұялып, Карлоненің зілдей қолынан қорқып тұр деп иландырады; ақыры жігіт жеңеді де қыз ақылынан алжасқандай болып, қолына тас алып көрінгенге ұмтыла берген соң, жұрт оның қолын байлап, қалаға қарай тартады. Сол жерде Корлоне қыздың шырылдаған даусын естіп, оның алдынан ұмтылған екен, бірақ болған малағамды жұрттан естіп, нөпірдің ортасына кеп шарт жүгініп отыра кетеді, содан соң орнынан атып тұрып, сол қолымен қалыңдықты бетке бір переді де, оң қолымен гректі буындыра бастайды, сол арада жұрт оны әрең айырып алады.

— Әңгүдік жігіт екен,— деді солдат күңк етіп.

— Адал адамның ақылы жүрегінде болады! Бұл оқиға Айса перзентінің дүниеге келген мейрамы алдында, қыстыкүні болған еді дедім ғой. Небәрі бірнеше күн ғана бұрын. Бұл мейрамда жұрт бізде молшылықтан бір-біріне шарап, жеміс, балық, құстарын сыйға тартады, жұрттың бәрі де құшыр береді, сонымен бірге құшырды өзгелерден гөрі, әрине, ең жарлы дегендер көп алады. Шындықты Карлоненің қалай білгені есімде болмағанмен, бірақ ол әңгіменің анық сырына қанады, сөйтіп Джулияның үйінен тіпті аттап шығып шеркеуге де бармаған әкесі мен шешесі мейрамның алғашқы күні Карлоне Гальярдидің қарағай бұтағынан тоқылған шағын себеттің ішіне Джулияны ұрған сол қолының саусақтарын шауып салып жіберген жалғыз-ақ қана силығын алады. Зәрелері заннемге кеткен екеуі қызын ертіп, үкідей ұшып Карлонеге келген екен, қолын қанға шылқыған шүберекпен таңып алған ол үшеуін үйінің есігі алдында жүгіне отырып қарсы алады да, балаша еңіреп қоя береді.

— Өзіңе-өзің не істедің? — деп сұраған екен сонда олар.

Ол тұрып:

— Лайығын істедім: махаббатымды қорлаған адам өмір сүрмеуге тиіс болса, мен оның көзін құрттым... Ғашық жарыма жазықсыздан тиген қолымды қорлық көріп оны да шауып тастадым... Сөйтіп енді, Джулия сенен, сенің туғандарыңнан кешірім тілеймін... — депті.

Әрине, үшеуі кешіруін-кешіргенмен, бірақ сұмдарды да қорғайтын заң бар емес пе, грек үшін Гальярди абақтыда екі жыл отырады, сөйтіп Карлонені одан шығарып алу машақаты ағайындарына аса қымбатқа түседі...

Содан соң ол Джулияға үйленіп, онымен бірге қартайғанша күліп-ойнап өмір сүреді де, аралда Шолаққол-Сенцамане деп жаңадан аталып кетеді...

Қарт қорқорын үсті-үстіне сорып, үндемей қалған еді.

— Бұл оқиғаң маған онша ұнаған жоқ,— деді солдат ақырын ғана. — Карлонеңнің өзі бір тағы екен... Әрі бәрі де ақылға сыйымсыз екен...

— Осыдан жүз жыл өткен соң сенің өмірің де ақылға сыйымсыз болып көрінеді әлі,— деді қарт зілдене сөйлеп, сөйтiп қараңғыда аппақ түтінді аузын толтыра бір бұрқ еткізіп, қосып қойды:

— Жер бетінде тіршілік еткеніңді тек егер біреу есіне алар болса...

Тым-тырыс тыныштықта су әлгідегіден де гөрі қатты әрі қарбалас тағы да бір шолп ете түскен еді; қарт плащын сыпырып тастап, орнынан жалма-жан атып тұрды да, жағалауы балықтың күміс қабыршағынша көгілдір тартып, жарқырай бұйраланған нүктелермен жайнай қалған ніл қара суға бейне бір күмп бергендей, көзден ғайып болды.