22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Максим Горький
Алексе́й Макси́мович Го́рький (1868-1936) Орыс және кеңес жазушысы, ақын, прозашы, драматург, социалистік реализм әдебиетінің негізін қалаушы

Парма балалары






Генуяның вокзал алдындағы алақандай алаңға қаптаған қалың жұрттың дені жұмысшылар болғанмен, бірақ араларында шүйдесі шығып, шытырая киінген адамдар да көп. Жиналған жұртты бастап тұрған муниципалитет мүшелерінің төбесінде қаланың шым жібекпен безеген туырлықтай тулары желбіреп, олармен қанаттаса жұмысшы ұйымдарының алуан түсті тулары да толқын ұрады. Судыраған жібек тулардың алтын оқалы шоқтары, шашақтары мен баулары жалт-жұлт етіп, сап сүмбілері жарқырап, көңілдері көлдей тасыған қалың нөпірдің ыңылдай салған әні күркіреген күйше гуілдеп тұрған болатын.

Қаптаған жұрттың үстінен қарап, биік пьедесталда, өз сеніміне бола қыруар қиыншылық шегіп, ақыр аяғы сол сенімінің арқасында жеңіп шыққан ойшыл Колумбоның бейнесі тұр. Қазірдің өзінде де жұртқа жоғарыдан көз жіберіп:

«Тек өзіне өзі сенген адамдар ғана жеңіп шығады» — деп, мәрмәр ернінің емеурінімен тіл қатып та тұрғандай өзі.

Оның аяқ жағын ала, күн көзіне шағылып, алтыннан аумай жалт-жұлт еткен жез кернейлерін пьедесталды шыр айнала саудырата жайып салып музыканттар отыр.

Мәрмәрдан айшық тәріздендіріп салынған вокзалдың абажадай зәулім үйі, жұртты тап бір аймалағысы келгендей, қанатын жая қалған. Порттан кемелердің алқына алған демі, су астында жұмыс істеп жатқан тетіктердің бүдірлеген дыбысы, шынжырлардың сылдыры, ысқырған және айқайлаған дауыстар келіп тұрғанмен, бірақ шыжыған ыстық күн сәулесіне малынған алаң үсті әрі қапырық, әрі жым-жырт. Үй-үйдің балкондары мен терезелерінен қолдарына гүл алған әйелдер, гүл-гүл жайнап әсем киінген балалар көрінеді.

Станцияға локомотив ағызып жетіп келіп, ақыра қоя бергенде қаптап тұрған нөпір селк ете түсіп, қанатын қаққан қара құсша, бірнеше мыжырайған қалпақ жұрттың басынан аса аспанға атылып та кеткен еді, музыканттар кернейлерін қолына алып, егде тартқан, салдарлы әлдебір адамдар желпіне басып, жұрт алдына шығып, беттерін топқа бұрды да, қолдарын оңды-солды сермеп, сөйлей жөнелді.

Қара нөпір аспай-саспай жапырыла жарылып, көшеге қарай кең жол ашты.

— Бұл жұрт кімді қарсы алғалы тұр?

— Пармадан келе жатқан балаларды!

Пармада ереуіл болып жатқан еді. Қожайындар айтқандарынан қайтпай, хәлдері мүшкілге айналған жұмысшылар аштықтан ауруға шалдыға бастаған балаларын жинап алып, Генуядағы жолдастарына жөнелткен болатын.

Вокзалдың алдыңғы жағынан жалаңаш-жалпы киімдерімен алба-жұлба көрініп әрі сол алба-жұлба шоқпыт-шомытымен әлденедей бір ғажайып аңдарға мезгеп, шиеттей жандардың сымбатты тізбегі келе жатқан еді. Шаршап-шалдығып, үсті-бастарын шаң басқан қаршадай ғана бөбектер бір-бірінің қолынан ұстасып, бес-бестен қаз тізіліп алған. Жүздері байсалды көрінгенмен, көздері жанған шоқтай жайнаң қағады өздерінің, сөйтіп, қарсы алдарынан музыка Гарибальди гимнін құйқылжытып қоя берген кезде сол бір суалып, жүдеп-жадаған, аш-арық жүздерден шат-шадыман күлкінің көңілді көлеңкесі елп ете де қалған еді.

Қара нөпір қатты айқайлап қошеметтеген болашақ адамдарының алдына тулар иіліп, жез кернейлер сәби құлақтарын тұндырып, көздерін ұялта күнше күркірегенде өздері мұндай қарсы алудан сәл естерінен танғандай да болып, бір сәтке тіпті кейін ығысып кетті де, бірақ кенеттен бойларын жазып сұңғақтанып, бір денеге жымдасқандай, жүздеген лебізбен бір ауыздан:

— Viva Italia — деп айқайлап қоя берісті.

— Жас Парма жасасын! — деді қара-нөпір күнше күркіреп, оларға қарай қаптай басып.

— Evvivia Garibaldi! — деп балалар да шаңқ етті, топ ішіне сүреңсіз сиықтарымен сүйірлене кіріп, көзден ғайып болып бара жатып.

Қонақ үйлердің терезелерінен, үй шатырларынан аппақ шағаладай орамалдар желбіреп, сол жақтан шашылған гүл жердегі жұрттың басына жаңбырша жауып, шат-шадыман, самбырлаған дауыстар келіп жатқан болатын.

Айнала безене құлпырып, жағалай жасарып, тіпті сұрғылт мәрмәрдің өзі де әлденедей бір жарқын теңбілдермен жайнап кеткен.

Сөйтіп тулар толқын ұрып, қалпақ пен гүл атаулы аспанға атылып, ересек адамдардың төбесінен шақшадай бастары қылтия қалған балалар қараңдаған шиеттей алақандарымен гүлдерді қағып алып, құттықтай айқайлаған кезде:

— Vivia il Socialisom! — деп, толассыз күркіреген үннен ауа тіпті жаңғырығып та кеткен болатын.

— Evviva Italia!

Балаларды жұрт қолдарына түп-түгел дерліктей тік көтеpiп алған еді, үлкендердің иығына шыққан өздері тіпті қайсыбір қатал жүзді, қалың мұртты адамдардың қапсағай көкіректеріне жабысып та қалған; дабыр-дұбыр, күлкі мен қиқудан музыка әрең-әрең ғана естілгендей.

Нөпір ішінде сумаң қағып, келген балалардың қалғанын талап алып жүрген әйелдер бір-біріне дауыстап қояды.

— Сіз екеуін аласыз ба, Аннита?

— Я. Сіз де екеуін аласыз ба?

— Тобанаяқ Маргаритаға да біреуін аламын...

Жұрттың бәрі де мәре-сәре болып, жүздері жайнаң қағып, көздеріне елжірей жас алған, тіпті кейбір ереуілші балаларының аузына сол жердің өзінде-ақ нан да тиіп қалыпты.

— Біздің заманымызда мұндай оқиға ойымызға да келмеген еді! — дейді тісіне қара сигар қыстырған бір құс мұрынды қарт.

— О, бұл оп-оңай нәрсе ғой...

— Я! Бұл оңай да, орынды да нәрсе.

Қарт аузынан сигарын алып, түп жағына қарап, бір күрсініп қойды да, күлін қағып түсіріп тастады. Содан соң, ағайынды дерліктей аңғарлары бар, қасында байыппен бетіне қарап тұрған, Пармадан келген екі баланы көріп, түгін сыртына салып, түсін суытып, қалпағын көзіне киіп, қолын жая қойып еді, балалар бір-біріне тығылып, қабақтарын шытысып, кейін шегіне жөнелді, сол жерде қарт қапелімде жүресінен отыра қалып, аумаған қоразша, бар даусымен айқайлап қоя берді. Сол-ақ екен, балалар жалаңаяқтарымен тас көшені тепкілеп, сықылық атты да, қарт орнынан тұрып, қалпағын жөндеп киіп, көңілге алған нәрсемді көншіттім дегендей, құрысқан аяқтарын қиралаңдай басып, жайына жөнелді.

Ұсқыны жалмауыз кемпірге ұсаған, сорайған иегінде селтиген сұрғылт түгі бар бір ақ шашты, құныс кемпір Колумбоның бейнесінің түбінде қызарған көзін көне шәлісінің шетімен сүртіп, еңіреп тұр. Шерлі жанды, кемтар байғұс көңілі көлдей тасыған қалың жұрттың арасында сонша бір состиып оқшау тұрған сықылды...

Ебелеңдей басқан, қара шашты генуэз әйелі аяғында ағаш шәркейі, басында етегі иығына түскен сұр қалпағы бар бір жеті жасар баланы қолынан жетектеп барады. Бала қалпағын желкесіне ысырғысы келіп, басын сіліккенмен, қалпағы көзіне қайта-қайта түсе берген соң әйел оны баланың шақшадай басынан сыпырып алып, әуелете сілтеп, әлдене деп әндетіп, күліп жіберген еді, бала оның бетіне басын шалқайта күлімдей қарап, содан соң қалпағын қағып алмақшы болып қарғып түсті де, екеуі де көзден ғайып боп кете барды.

Ақсұр тышқаннан аумаған алты жасар қыз баланы иығына мінгізіп, жалаң, жалпақ қолымен сүйемелдеп алған, былғары алжапқышы бар бір ұзын бойлы адам қасында шоқтай қызыл шикіл-сары баланы қолынан жетектеп келе жатқан әйелге:

— Егер бұлар бізге үйреніп кететін болса, қайтетінін сезіп келемісің?.. Онда бізді жеңу, сірә, қиынға соғар-ау, ә?—дейді.

Сөйтіп, өзі мәз болып, қарқылдап тұрып, қатты күлкіге басады да, көтеріп келе жатқан кішкентай жүгін көгілдір әуеге лақтырып:

— Evviva Parma-a! — деп айқайлап қояды.

Жұрт балаларды ертіп алып бет-бетімен тарай жөнелген кезде алаңда тек тапталған гүл, конфет ораған қағаз, жұмысшылардың жайдары-жарқын тобы мен олардың үстінен аса қарап, Жаңа Дүниені ашқан адамның ізгі бейнесі ғана қалған еді.

Бұл кезде абажадай үлкен түтік тәрізді көшелерден жаңа өмірді қарсы ала келе жатқан адамдардың қуанышты дауыстары құйқылжи тамылжып тұрған болатын.