22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Мадина Омарова
Жазушы, драматург

Түйсік






Ащы қоңырау қысқа зың ете қалды. Жеңіл басып келіп кілтке қолын созған ол сәл кідіріп, `Кім бұл?` деп сұрады да жауап күтпестен есікті аша салды. Оналты-он жеті шамасындағы ұзын бойлы сары бозбала.

— Сәлеметсіз бе, — дейді.

— Сәлем. Кел, кір.

Түпкі бөлмеге өткен келіншек орамал, қайшы, тарақ алып келді.

— Мында отыр. Қалай кесеміз?

— Қысқа. Арт жағынан келіп айнаға ойлана қадалған ол ернін тістеді.

— Жейдеңді шеш.

Орнынан тұрып көнбіс кейіппен шешіне бастаған бозбалаға қарап, `егер мен еркек ол кішкентай қыз болса, шешінбес еді` деп ойлады. `Қыз бала он жастан кейін әйел, ал бұлар жиырмаға келсе де сәби`. Мойнын орамалмен жауып, сирек қоңыр шашын кесуге кірісті. Едендегі беймәлім нүктеге қадалған бала үнсіз.

— Мамаң қалай?

— Жақсы.

— Жұмыста ма?

— Иә.

Тағы үнсіз қалды. Тек қалқиған құлақтары ғана қып-қызыл.

— Болды ғой деймін. Қалай?

— Жақсы. Рақмет.

— Бір жері дұрыс болмаса қазір айт. Кейін кеш болады.

— Жоқ. Бәрі дұрыс.

Мойнына жабысқан майда шаштарды қағып, ванна жақты нұсқады. Ол жылы суды қосып басын жуа бастаған.

— Жақсылап шай. Әсіресе мойныңды.

Сыртынан баланың ебдейсіз қимылдарын бағып аз тұрды да, шыдай алмай жанына барып мойнына су құя бастады. `Арқаң да шаш`. Арық, қушиған иықтарына жабысқан шаштарды кетірді.

— Болды.

Қолына сүлгі ұстатқан ол дәлізге өтіп, қайшы-тарағын тазалады. Айна алдында қалған орындықты қайта ас үйге апарып қойды.

— Киініп те үлгердің бе?

— Иә, мен қайтайын, — деді ол.

Тік қарамай көздерін ала қашады.

— Шашынды тарамайсың ба?

— Жоқ, кепсін.

Әйел жымиды.

— Мейлі онда. Өзің біл.

— Сау болыңыз.

— Сау бол. Мамаңа сәлем айт. Ой, тоқта, конфет берейін.

— Жоқ, рақмет. Менде бар.

Бала неге екені түсініксіз қалтасынан конфет шығарып көрсетті. Содан соң жерде шашылып қалған шаштарға көзі түсіп қызарып кетті.

— Еш нәрсе етпейді. Қазір өзім жинап аламын. Сау бол.

Әйелтағы жымиды.

— Сау болыңыз.

Текпешектермен тез секіріп түсіп бара жатып бозбала жүрегін алабұртқан түйсікке ызаланды. Далаға шыққан соң бар күшін салып жүгіре жөнелген.