22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Мадина Омарова
Жазушы, драматург

Пара






(әзіл әңгіме)

Мен өмірімде пара беріп көрмеппін. Алып көрмегенім өз-өзінен түсінікті. О заманда бұл заман, шаштаразға кім пара беруші еді. Пара алғанның ләззатын татқан білер, бірақ сізге өтірік маған шын, ешқашан ешкімге пара беріп көрмегенім үшін қатты қорынып жүретінмін. Жемқорлық дерті дендеп барады, оны айрандай ұйыған қоғамымыздың кез келген саласынан кездестіруге болады деп мемлекеттік деңгейде дабыл қағылып, ел болып, жұрт болып оған қарсы ашық күрес жариялап жатқанда, менің елден ерек ербиіп, осы уақытқа дейін ешкімге пара бермей жүргенімді өз басым сорлылықдеп бағалаймын. Бірақ сәті түсейін десе, кез келген іс дөңгеленіп кетпей ме, реті өз-өзінен келді.



Біздің Сұлулық салонының тұрақты клиенті, өзі жұмыссыз болу керек, себебі, шашын өмір бойы кәсіпті енді игеріп жүрген оқушыларға тегін қидыратын, кенет біркүні менің алдыма келіп жайғаса қалсын. Бұл не ғажап, бұл не керемет деп таң қалып үлгергенім жоқ, шашын қидырып болар болмастан әлгі клиент «бүлдірдің, бәрін бүлдірдің ақысын төлемеймін» деп айқай шығарсын, осы салон пайда болғалы оқушылардың қолынан қиқы-жиқы болып шығып, соған тәуба етіп жүретін әлгінің бұл қорлығына шыдай алмай жағасына жармаса кетейін. Оның өзі тоз-тозы шығып тұрған бір нәрсе екен, дар етіп айырыла кетсін, ақыр аяғы уақиға полиция келіп тынды. Салонның қожайыны маған іс насырға шауып, сотқа кетпес үшін, учаскелік полицейге 200 доллар ұстатып, құтыл деп кеңес берді. Бір жағынан қарасаң, өте жайсыз жағдай. Біреудің шашын тегін кесесің, онымен шектелмей өзің 200 доллар төлейсің. Бірақ, мәселенің екінші жағы бар емес пе. Осылайша кенеттен пара берудің сәті түсті. Өзімді кәдімгідей ел қатарлы толыққанды азамат сезініп, еңсем біршама көтеріліп қалды. 200 долларымды қамдап, ыңғайлап қалтама салып, учаскелік полицей отыратын орынға келдім. Есікті қақтым.

— Иә!, — деген дауысты ести салып, ентелепкіріп бардым. Шынын айту керек, 200 долларды тапсыруға асықтым.

— Сәлеметсіз бе?

— Амансыз ба? А-а-а, сіз бе?

— Иә, мен ғой. Жағдай қалай болып жатыр.

— Қайдам, әлгі кісі, өзі зейнеткер екен, сотқа арыз беремін деп отыр. Жанжалдасып, жағамды жыртты дей ме.

— Ол енді, әлгі... былай ғой...

Ақша жатқан қалтама қолымды салдым. Жарқ еткізіп суырып алған ыңғайсыз сияқты. Оның үстіне мына полицейдің түсі де сұсты екен. Көзінің астымен ішіп-жеп, сұмдық қатал қарайды. Қалтамнан қолымды шығардым.

— Енді қалай жасаған дұрыс? Өзіңіз қалай ойлайсыз?

— Бәлкім, өзара келісіп қаларсыздар. Тұрмыстық жанжалға жатқызуға болар.

Қолымдықайтадан қалтама салдым. «Мынаны алып, соны өзіңіз бір нәрсе қылыңызшы» десем бе екен. Ол да менің қалтама қарады. Содан соң маған қатқыл көз тастады. «Маған пара бергелі отырғаннан сау ма» дегендей, бір салқын сезікті аңғарғандай болдым көзқарасынан. Қолымды қайтадан қалтамнан шығардым. Жон арқам жыбырлап, терлейін дедім. Пара бергеннің бұндай азапты екенін кім білген. Енді не қылса болады?

— Аға, бұйымтайыңыз бар ма, айтсаңызшы.

Кенет полицейдің жүзі жылып, біртүрлі мейірімді болып кетті. Бұндай адамға пара бермек болған арамдығым үшін жерге кіріп кете жаздадым. Өзімді өзім жек көріп кеттім.

— Жағдай қалай болып жатыр, соны білейін дегенім ғой. Мазалағаным үшін кешіріңіз. Сау болыңыз.

Есіктен шығып бара жатып, оның жас балаша аңырып, таңданып қалғанын байқадым. Бәрінен де ұятын айтсаңшы. Бұндай адамға қалай пара бермек болдым? Дегенмен, үмітімді үзбек емеспін. Пара берудің әлі де бір сәтінің түсетініне сенем.