Әдебиет
Ақын
Көшеде көңілсіз келе жатқанмын. Алматыға бір-ақ сәтте күз келді. Кешегі шілденің аптап ыстығы бір-ақ түнде ғайып болып, тау жақтан салқын ауа шым-шымдап қойнауына батырып алды ару қаланы. Шаһарды көңілсіздік басты. Ол кісіні алыстан көріп келемін. Алдымен мен байқадым. Бір-бірімізге қасқайып қарсы келе жатырмыз. Кенет ол кісінің көзі маған түсті де қадалып қалды. Содан соң жымиды. Жүрісін жеделдетті. Мен де жымиып, жақындаған кезде қолын алдым. Ол мені бауырына тартып, қысып, бетімнен сүйді. Қартайып кетіпті. Шал бопты деуден аулақпын, бірақ қартамыс тартқаны анық. Жақын арадағы кафеге барып, тамақтанып алуды ұсынды. Ерігіп жүрген мен лезде келістім. Ол кісі өзіне шай ғана алды, мен лағман, коньяк сұрадым. Және, әрине, нан. «Әрине, нан міндетті түрде». «Шаршап жүрмін» деді ол кісі. «Жалғызбын». «Әйеліңіз қайда?» «Әйел бар ғой, сөйлесетін адам жоқ». «М-м-м...». «Бірге жұмыс істеп жүргенде мен саған қырындап па едім осы?». «Жоқ, ешқашан». «Қызық екен». «Менің қасымдағы қыздардың барлығына қырындап шықтыңыз, бірақ маған бірде-бір рет қырындап көрмепсіз». «Қызық екен». «Бәлкім, сіздің талғамыңызға келмейтін шығармын». «Жоқ, келіп тұрсың ғой, міне». Шылым шеккім келді. «Сіз осы шекпейсіз, ия?». «Шекпеймін... Одаққа күнде барамын... Босқа сенделіп жүріп-жүріп қайтам. Ешкім жоқ». «Неге жоқ?». «Менің достарымның барлығы өліп қалған, о дүниеде барлығы». «Түсінікті...». «Екеуміз жүрсек қалай болады екен, ә?». «Білмеймін, түк қызық болмайтын сияқты». «Сен менімен жүріп көрген жоқсың ғой. Жүріп көрсең, кете алмай қалатын едің...». «Мүмкін». «Тағы коньяк алдыртайын ба?». «Жоқ, ағатай, жұмысқа баруым керек»... «Шаршап жүрмін» деді ол. «Мағына қалмады мына тірлікте. Шаршадым. Барлығы далбаса». Қолымды қысты....
Алматыға күз осылайша бір-ақ түнде келеді.