Әдебиет
Ауылда
Үшеуіміз ас үйде отырмыз. Екінші рет су кұйылып қайнатылған шәйнек столдың шетінде тұр.
— Енді кішкентай күшіктің атын өзгертеміз, — дедім мен ақ парақты төрт бүктеп жыртып жатып.
— Жоқ, алдымен менің атымды, менің атымды өзгерткен жоқпыз әлі, — деді Тұрсын жанұшыра.
Нәзира маған көзінің астымен қарап жымиды.
— Сені өз атың қанағаттандырмай ма?
Ол сәл ойланып барып жауап берді...
— Қанағаттандырады.
— Онда неге өзгерткелі отырсың?
— Сендер бәрің өзгерттіңдер ғой.
— Бізді өз атымыз қанағаттандырмайды. Сені ше?
— Мені - иә!
— Онда өзгертпей-ақ қояйық..
— Сенен ешкім сұрамайды. Жап ауызыңды!
— Жарайды, — деп тоқтаттым ол екеуін, — Тұрсынның атын өзгертеміз олай болса.
— Мазақтап жазуға болмайды, — деді ол Нәзираға жаман көзімен қарап, — тағы бір қағаз берші.
Маған бұрылғанда дауысы кенет жұмсарады. Нәзира тағы жымиды.
— Жетпей ме андағы.
— Жетпейді.
Тағы бір қағаз ұстатып ойлануға кірістім. Тұрсын. Толық аты — Тұрсынқазы. Қағазға үңіліп әдемілеп жазып жатыр. Қарамақ болып ем, қолымен жаба қойды. Тұрсын. Не десем екен? Бағаналы бері үйдегілердің бәрінің, соның ішіңде Апамның, Мысықтың, Ақтабанның аттарын өзгертіп тастадық. Енді Тұрсын.
— Болдыңдар ма?, — деді Нәзира қағазын аударып ортаға қойып.
— Болдық, — деп Тұрсын да қағаздарын тастады.
Тез Бауыржан деп жазып қалған қағаздарға қостым да араластырдым.
— Ал.
Тұрсын көзін жұмып біреуін суырды да, ашып оқыды. Дауысы кенет ащы шықты.
— Кім жазды?! Сен ғой.
Нәзира сықылықтап күліп отыр.
— Көрсетші, — дедім мен.
— Көрсетпеймін.
Умаждап қалтасына салды.
— Не жазып ең?
Нәзира күлкіге тұншығып басын шайқады.
— Бұл саналмайды қайта аламын.
Қайта суырды.
— Бауыржан.
— Ұнай ма?
— Ұнайды, — деді ол Нәзираға қас дұшпанына қарағандай қарап, — ал сені өлтіремін.
— Жарайды. Болды, енді кішкентай күшіктің атын өзгертеміз, — дедім мен жаңа парақты бүктеп жатып.
Байқатпай Тұрсынның өзі жазған есімдерін қарадым. Біреуі — Ерлан, екіншісі — Серік.