22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Мадина Омарова
Жазушы, драматург

Жақсы көру






Ол телевизорды сөндіріп, менің қасыма келді.

— Кітап оқып отырсың ба?

— Иә.

— Үндемей отыра тұрайыншы.

— Тек бөгет жасама.

— Жасамаймын.

Столдың екінші шетіндегі орындыққа жайғасып, жағын таянды.

— Бүгін түнде қар аралас жаңбыр немесе жаңбыр аралас қар жауады.

Күліп жібердім. Ол да күліп, алдыға қарай ұмсынып қойды.

— Өзің кітап оқи береді екенсің.

— Иә.

— Далаға шықпайсың ба?

— Жоқ.

— Ішің пыспай ма?

— Жаңа біреу бөгет жасамай тыныш отырамын деген сияқты еді.

Үндемей қалды. Содан соң сөредегі ең үлкен кітапты таңдап алып, парақтай бастады.

— Сен мені түк жақсы көрмейсің.

Бетіне қарадым. Қабағы түйіліп, сарғыш өңі қызарып кетіпті. Ашуланып отыр.

— Жақсы көремін.

Басын үзілді-кесілді шайқады.

— Жақсы көрсең, кітап оқымай, менімен сейлесер едің.

— Сен де кітап оқысаңшы.

— Менің сөйлескім келеді.

Кітабымды кері ысырып, жүзіне зейін қоя қарадым.

— Ал, сөйлесейік, не айтасың?

— Сен мені жақсы көрмейсің.

— Қандай қызықсың. Жақсы көретінімді дәлелдеу үшін не істеуім керек, сеніңше?

— Сөйлесуің керек.

— Сөйлесіп отырмыз ғой.

Қабағын шытты. Содан кейін үлкен кітаптың бетін сарт еткізіп жауып, орнынан тұрды.

— Бұлай сөйлескенің маған керек емес.

— Керек болмаса, басымды ауыртпай, бар. Өз жұмыстарыңды істе.

— Бармаймын.

Орнына қайта жайғасты. Кітабымды қайта қолыма алдым. Біршама уақыт өтті. Ол сөйлер емес. Тіпті болмаған соң, қасына барып тізерлеп отырдым да:

— Моншағымды шешіп берші, — дедім.

Ол күткенімдей-ақ қасарыспай жылдам, лып еткізіп ағыта қойды.

— Пысықсың ғой өзің.

— Сен жоқта Нәзиранікін жүз рет ағытып бергенмін.

Қызғандырмақ болған түрі.

— Жарайды. Енді үндемей отыр.

Қайтадан кітабыма қарадым.

— Шашыңды тарап берейін бе?

— Керегі жоқ.

— Тарап берейінші.

— Өзіңдікін тара.

— Сенікін тарайыншы.

— Не деген адамсың! Тыныштық бересің бе, жоқ па?!

Кітабымды алдым да, келесі бөлмеге өтіп, төсекке қисайдым.

— Тұрсын, бар, далаға шығып, таза ауа жұтып келші...

— Дала суық.

— Онда сөйлемей тыныш отыр.

— Телевизор қосамын.

— Кітап оқы.

Үлкен кітапты сартылдатып парақтауға кірісті. Сәлден соң ауыр күрсініп жапты да, үн-түнсіз қалды. Үйдің ішін өлі тыныштық кернеген. Көзімді жұмып қалғи бастадым.

— Мен сенімен өмір сүре алмайды екенмін.

Дауысы алыстан талып жетеді..

— Мінезің нашар. Адам сияқты сөйлесе де алмайсың. Сенен Нәзира мың есе жақсы. Нәзирамен карта, шахмат ойнауға болады. Нәзира сенен мың есе сұлу...

— Аузыңды жап.

— Жаппаймын.

Шалқамнан аударылып төбеге қарадым. “Нәзира, әрине, сұлу”. Кірпіктерім жұмылып, денемді ұйқының тәтті салмағы басып бара жатыр. Ол тағы үндемей қалды. Алыстан иттердің жарыса үргені, машина гүрілі естіледі. Кітабымды ашып, мағынасыз үңілдім. Төсек салу керек шығар.

— Тұрсын, сағат қанша болды?

Үндемейді.

— Тұрсын...

Дауысым еркімнен тыс ақырын шықты. Орнымнан тұрып, сағатқа қарадым. Он бір жарым. Тұрсын басын столға қойып ұйықтап қалыпты. Қабағы түюлі. Ақырын барып шашынан сүйдім. Ол бар болғаны тоғызда еді.