Әдебиет
Қария
Үлкен қаладағы сәулетті сарайлардың тасасындағы ескі үйде қалтылдап әрең қозғалатын, аппақ жұқа шашы желкесін жапқан қария тұрады. Оның жалғыз сары ала мысығы болатын. Жұмсақ жүнінің мыж-мыжы шығып қашан көрсең де ұйықтап жататын жалқау, семіз мысық. Мияулағанын немесе әлдебір шалт қимыл жасағанын ешкім көрген емес. Еріншек. Олар елеусіз, ескі үйлерінде екеуден-екеу ұзақ тұрды. Таңертең қолына баянын алып кететін қарт түс ауа нан, сүт, кейде тіпті қаймақ алып оралады. Ал, бір күні күтпеген жерден Қария үйге әлдекімді алып келді.
— Міне, мынау біздің үй, сен де еңді осыңда тұрасың. Қорықпа, қорықпа.
Таң қалған Мысық екі көзін бірдей ашып құлақтарын тікірейтіп алды.
— Міне, мынау Мысық.
Түкке түсінбей қарияға қараған ол оның қолындағы кішкентай жап-жасыл тотықұсты енді байқады. Жан-жағына мұқият зер салып қарап алған құс кенет шиқ ете қалған. Содан соң тағы бір рет, содан соң тағы. Өзі әбден сөзшең екен. Нәзік, бейкүнә үнмен үздіксіз шиқылдайды. Әлденеге қайран қалады. Әлденені жақтырмайды. Ұрсады, күледі ішек-сілесі қатып. Әйтеуір күн демей, түн демей сөйлей береді, сөйлей береді…
Мысық алдымен бұл қай мазағың дегендей Қарияға ұзақ қараған. Оның қалбалақтап біресе жем, біресе су қойып әбігерге түскен кейпін көрген соң мойнын терезеге бұрды. Содан кейін басын бауырына тығып көзін жұмған. «Білгенін істесін». Ал Қария бақытты еді. Түсінен шықпайтын құс бұл. Сөйлейді! Қарияны басқан ізінен қалмай ұшып иығына, төбесіне қонады. Бақытты еді қария.
Осылайша біршама уақыт өтті. Бір күні әдеттегідей түс ауа сүт, нан, жем алып келген Қарияны Үнсіздік қарсы алды. Жүрегі аузына тығылған.
— Тотықұс?! Тотықұс, қайдасың? Мышым, Тотықұс қайда?
Мысық басын да көтерген жоқ.
Ас үй, жуынатын бөлме, дәретхана… Еш жерде жоқ. Кенет қарияның көзі бұрышта шашылып жатқан жасыл қауырсындарға түсті.
— Мысық?
Қалтыраған денесіне ие бола алмаған Қария жерге отыра кеткен.
— Оның не, Мышым? Неге?
Әжім басқан жүзіндегі салаларды қуалап жас ақты көзінен.
— Мышым, оның не?! Оның не? — дей берді қайта-қайта.
Содан соң кенет орнынан тұрды да қатайған дауыспен:
— Сенімен бірге енді тұра алмаймын Шық, үйден! Бар! — деді.
Мысық еппен көтеріліп төсектен секіріп түскен.
— Кет!
Ол ашық жатқан есіктен шыға жөнелді. Артына бұрылған жоқ.
Осылайша Қария ескі де елеусіз үйде мүлде жалғыз қалды.