Әдебиет
Мағзом Сүндетов
Мағзом Бижанұлы Сүндетов (29.1.1936, Атырау облысы Доссор мұнай кәсіпшілігі - 7.2.1999, Алматы) - жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызме
Мағзом Бижанұлы Сүндетов (29.1.1936, Атырау облысы Доссор мұнай кәсіпшілігі - 7.2.1999, Алматы) - жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызме
Бітуажә
Ол өзі орта бойлы болғанмен, қасына жақын кеп көз тоқтатқаныңша бітіміне сенімің шамалы: «бәкене ме, қалай?» — деп шүбәлі қарарың хақ. Өйткені, алыстан бөлекше шалынады: жуан қарағайдың бунақ, бұтақсыз бір кесіндісіндей жұмыр бел, кең кеуделі, жауырынды, тығыршықтай төртпақ.
Кей адам алты қанат ақ боз үйдің іргелігін түргізіп, түндігін аштырып, төрді жағалай жайғасқандармен бірге отырғанда төбесі көптен жоғары қылтыңдай көрініп, «атан сирақ, ұзын кісі-ау», — дегізіп таңдандырғанмен далаға дамылдағалы шыққанда бәрінен аласа, сыпыңдаған ешкі жүрісті, борбайы келтелігіне алданғаныңа өлердей өкінерің бар. Мынаған да сол бір секемшіл көңілмен еріксіз назар саларың кәміл. Сонда сен алшақ тастап тұрған екі аяғы денесінің ұзынымен тең, ағаш келі саптай тіп-тігін, орнықты, мығымдығын аңдайсың. Тек анау жазық екі иықтың ортасына, табиғат мойын жағына сәл-пәл сараңдық істеп, төбесі жалпақ, қалың, ақ бурыл дудыраған шаш пен шықшытты қарбыз басты қондыра қойғанына ғана қынжылар едің.
Кешірімді кішіктігіңе бағып: «тегі, жаратылыс шіркіннің де жұмысы жынықты, тығыз-ау. Бұ байғұсты жасау айдың аяғына тап келіп, жоспар қысып әйтеуір бір асығыстыққа ілінген ғой», — деп ақтап қалуың да ғажап емес. Ондайда амал не, сөзіңнің пәтуасына жарағандай жақсылықты дидарынан іздейсің. Түк қылтанақ әжімсіз быттиған қарасұр беті, алшақ, қонған, қабағы іспек, томпақтау біткен қой көзі, ұшы доғалдау май мұрын, езулігінің екі басы төмен қашқан етекті, мол аузы, шодырайған жұдырықтай иегі, толқындана түскен үш жолақ қыртысты маңдайы бәрі-бәрісі кәдеге асып жүре береді ғой.
Міне, сол кісі шағын ауылдың бір шетіндегі автобус аялдамасына келіп тұр. Үстінде қара, су жаңа костюм, шалбарының қыры пышақтай — екі-үш мәрте ыстық үтікпен таптаған тәрізді. Костюм өңірінде алты қатар медаль, орденнің жолақ шатыраш белгісі қадалған; ақ шұға көйлек, қызыл-күрең, алтын жіп жүгірткен галстук тағыпты. Аяқтағы бәтеңке де еш қыртыссыз; әлі опа, иіс май тимеген қыздың бетіндей жылтыр, жұқа қара құрым, кремделмепті. Әлсін-әлі ақ буырыл, өсіңкіреп кеткен қалың шашын бір-біреуі сәбіздей ірі бес саусағымен қанша кері қарай көсе қайырып тастаса да, шалқасынан жатпай ортасынан екі жаққа айырыла құлап ербиеді.
Аялдамада жасыл сырлы екі орындық, оның үстінде төрт жағынан темір бағамен тірелген жолаушыларға жауын-шашында баспана болсын деп істелген, жан-жағы ашық, төбесі ағаш тақтай, сарғыш қаңылтырмен қапталған жаппа. Орындықта ат жақты, құс мұрын келген, толқынды қара шашының самайлығына ақ жүгірген сары жігіт отыр. Сұрғылт костюмінің барлық ілгегін ағытып жіберген, астынан киген қызыл жібек көйлегінің өңірі ашық, галстуксіз. Аяғында қоңыр, өкшесі биік бәтіңке. Оң жақ қапталына қара дипломат-партфельді тәлтитіп тікесінен қойыпты. Жігіттің өзіне жалтаңдап қарай бергенінен қуыстанды ма, жоқ әлде сүмбіленің беймаза ыстығы күйіндірді ме қарасұр, мосқал жан дипломаткіге көз тастады:
«Бұ адам деген де бір ғажап дүние-ау. Сонау соғыстан кейін еркек кіндіктің сәні галифе шалбар, қара құрым етік, кител, қоқырайған әскери сияқты фуражка еді. Е, киімді қойшы, өзгеруі заңды. Мейлі ғой. Оу, басшасы мен кещесі полевой сумкіге әуестеніп, салақтатып жүруге құмар болмады ма? Сонсын сокваяжға көшті, онан валетке, бүйірлі, кілті бар портфельге ауысты, енді міне дипломатка. Мә, оны айтасың, еркектер қазір әйелдердің ұзын баулы, аузы бүрмелі сумкісіне көз салып, оның орнына папка тәрізді бірдеңені іліп, иығына асынып, қолтығына қысып кердеңдейді емес пе? Әй, соның бәрі есіріктік пе, шын сән бе?» — деп ойлады ол.
Әлгінде мына жігіт: «сәлеметсіз бе, аға?! Орындыққа отырыңыз. Автобус енді бір он минуттен соң келеді» — деген еді. Бұл жәй ернін жыбырлатып, бас изеп, адамға бергісіз анау дипломатканың қасына жайғасуға намыстанған; әрі өзінің шөлкем-шалыс, көңіліне алған, жақтырмаған нәрсесін бет-жүзге қарамай айтып салатын, не ақырып, сыбап жіберетін қызбалығынан қорғаншақтай қалған. Сыралғы бәйбішесі Ғайша: «жиырма бес шақырым қалаға өз машинаңмен барсайшы. Сол құрымағыр қара темір жаныңнан артық па, бұзылса жаңасын аларсың», — деп шымши сөйлеп, автобусқа мінбектігіне қарсылық білдіргенде де, сол шапшаң мінезінен тайсақтап, қауіп ететінін сездірген; бұл көнбеді.
«Майдандас достарыммен кездесем, балаларыма соғып немерелерімді сүйем. Ашып, жауып айналшықтап жүрем бе?!» — деді. Енді ептеп сонысына өкінулі.
Әне, бір кемпір ішіне бірдеңелерді қампита салған қоңыр қабын сүйретіп жетті. Басында ұшын тамақ астынан тартқан ақ жаулық, үстінде мол етекті, ұзын көкшіл көйлек, оның сыртынан жеңсіз қара барқыт кәмзол киіпті. Аяғында қара мәсі, біз тұмсық, үсті жабық кебіс тәрізді резеңке голошы бар. Ылдым-жылдымды жігіт орнынан ширақ көтеріліп, сәлемдесіп қабын көтерісіп қасына қойып жатыр. Кемпір дипломаткіге бір тірі мақұлық көргендей состия бір қарап, қатарына жайғасты да, кәмзолының қалтасынан ақшыл-сары қол орамалын шығарып тершіген бетін, маңдайын сүртуге кірісті.
«Анау бос орындыққа қапты неге қоймайды? Қария шіркін тістесіп, инеліктей имиіп, тілерсегі майысып бекер арқалап келді деймісің? Сонау қалада баласы, не немересіне деген ішінде сәлем-сауқаты сөзсіз бар. Әрине, бірер асым ет, қаймақ, қарын май, құрт, ірімшік, сарысуларын аямай жинап салды ғой. Е, қайран ана-ай... Балапандарына талғажау болсын дейді де. Өзегі талып, аш жүргендей көреді.
Бұған таңдану әбестік. Әлгінде менің кемпірім де газетке орап, торға салған бірдеңені қолыма ұстата жаздаған. «Өй, бұ не? Оларға керегі жоқ», — десем, «қолыңа қарайды, дәметеді ғой», — дейді. Әй, мұның астаналық дүкенде де жетеді. Алмаймын», — деп қыңырайып тастап кеттім. О да мына кісідей жолы түссе арқаланып жүргені.
«Әй, анау аш құрсақ, қыдиған дипломатканың ішіндегі не? Ең мықтағанда түкке қажетсіз үш-төрт парақ, шимай жазулы қағаз, не дәптер, блокнот, қаламсап, бірдеңелер, өзге не дейсің?! Өркөкірек, қуыс кеуде бір адамдардың дүниенің бәрін тындырып үлгергендей шіреніп, көпшілікке текесінен қарайтыны бар-ау, мынау дипломатка құдды сол. Ал, анау ана ырзығы, дәм, адал ас — жерде, шаң үстінде, бұл міне жоғарыда — орындықта шіреніп қалыпты. Өй, шайтанның сапалығы... Теуіп кеп жіберсем бе, ә?.. — деп ол түтіге қабағы қарс жабылып жігітке қарай жүре түсіп, жақындағанда кібіртіктей әрі асты.
Мосқал, кешегі майдангерді танитындығын сездіре жігіт күлімдей ығысып, қасынан орын сайлай бастағансып оның елгезек, кішік пейілін аттап сотқарлық іске баруға, жамандыққа қимады; олай-бұлай сандалып жүр. «Әй, Ақпан, біз екеуміздің жасымыз жер ортадан ауды. Жігіт-ағасы деген атамызды ардақтайық. Ендігі тентектігіміз ерсі, ел алдында ұят. Сен баяғы партизандығыңа бақпа, жұдырықпен кісіні түземейсің», — деді бірде ақын досы, құрдасы іліп-қағып.
Ол өзі тілді, батыл жан еді. «Мендей ақылды тапқыр болмағансын шамаңды байқасайшы». «Оу, сен боркемік, жасық неме қашаннан бері кемеңгерсің?» .«Мен саған қарағанда ұстамдымын, айлалымын». «Аңғалсың... Иә-иә, өгіз бұзаулапты десе сенетін ашық ауызсың...» «Жә, сен сөзге қонақ бер. Тыңда... Досымсың ғой, өзгеге айтпасам да, сенен сара ақылымды аямайын-ақ. Оқу-тоқуың да аз адамсың. Ғайшаның байысың, обал шығар...» «Кет-ей шайтанның сапалағы. Саған еріп адасқаным аз ба? Әрі жүр». «Оу, қашан?» «Тануын қарашы, ә? Жә, кейін естірсің». «Е, сонау бір жылы бітуажалыққа жұмсағаным ба? Бәлі, оған да қырық жылға таяпты-ау...» «Қайтесің оны, ақылыңды айт. Тыңдап көрейін», — деп екеуі біраз тәжікелескендері есінде.
Ақпан құрдасының соғыста батыл болғанмен мынау бейбіт өмірде тірі бір пенденің көңілін жықпас, тайсақ мінез тапқанын білетін; жалғандыққа бейім, пасық іш-мерезді жанды жеккөрсе де онысын ашып, бетіне шыжғырып басуды ұмытқанын сезіп кей ісін жақтырмайтын еді. Бірде ол: «Ой, мен пәленге өйдедім, бүйдедім», — деп те салған. Ақпан таңданып, үміттене: «Иә, мынауың ғаламат ерлік, рас па? Ол қалай қабылдады», -дегені бар. Сонда құрдасы күлімдей: «Мен, Ақпан, жынды деймісің? Ішімнен айтқанмын», — деп тұр. Қазір де оған пәлендей сенімі шамалы, әйтсе де көкірегінен кері итеруге қимай құлақ түрген еді:
— «Егер сені біреу қатты ренжітсе, сен оның сұп-сұр», мелшиіп табытта жатқан күйін көз алдыңа елестете қойсаң, тез кешіресің», — депті ғой Марк Гаврели сынды бір білгір. Ғажап-е? Мен де бұ күнде сөйтем, Ақпан, — деді.
— О, шайтанның сапалағы, кеңесінің түрін. Ымырашылсың, қорқақсың. Әй, мен өйтіп сүмірейе алмаймын білдің бе? — деп ытырынды.
Сол бір өткен күннің үзігі ойына оралып, жаңағы шиыршық атқан жүйкесі сәл-пәл босап езу тартып қалғанын Ақпанның өзі де байқамады. Гүрілдей арылдай кеп аялдамаға тоқтаған автобус көңілін алаңытып, ерсілі-қарсылы сенделіс жүрісін қойып іркіле берді; алдыңғы есік еріншектене баяу, сықырлай, жартылай ашылған ол шыдамсыздана добалдай қолымен итере сарт еткізді. Сары автобустың кабинасындағы шофер оқыс дыбысқа елеңдей терезеден басын қылтитып:
- Оу, ағасы, сындырамысыз, — деді шіңкілдеп.
Ақпан қарасұр жүзі күреңітіп:
— Дұрыстап аш, — деп қитықты.
Қарияның қапшығын көтерісіп, қолтығынан демеп қалған аққұба жігітке манағыдан гөрі жылы ұшырай қарап, алға оздырар тұста дұрыстап көз тоқтатып тұр. Кәріліктің ауылы жақын қонғаннан ба, кейінгі кезде бүгін көрмегенін ертең ұмытатын бір әдет тапқанын сезеді. Әйтеуір мынау жігітті танитыны кәміл; әйтсе де қалай, қандай жағдайда кездескенін бірден ойына түсіре алмады.
Автобус іші қапырық, жанармай иісі аңқып тұр. Соңғы аялдамадан кейінгі бұл үшінші ауыл. Жолдағы ферма, бөлімшелерден де қол көтеріп отырғандармен толығып кеткен екен; Ақпан бір сәт солай ойлап, іштей топшылап та қойған еді. Әдетте ел мұншалық көп жиналмайтын. Кім біледі, мүмкін Ақпан біраздан бері бұған аяқ артпағаннан да тосырқап, кейінгі кезде ауыл адамдарының бензинді шығынсынып, жеке меншік көліктерін қаңтарып қойып автобусқа ауысқандарына таң шығар? Әйтеуір алдыңғы қарама-қарсы екі орындықтан өзгесінде жолаушы толық. «Е, бұл жерге жайғасудан үріккен ғой. Анау тұсына қағылған бармақтай сарғыш қаңылтырдағы: «Балалы әйел мен соғыс ардагерлеріне», — деген қара сырлы жазу қаймықтырған тәрізді. Жол бойынан ондай адам ұшырасса, орын беріп тұруы керек. Қалада қайдам, ауыл кісісінің көпшілігі бедірейіп, көрмегенсіп терезеге қарап қалған жасты жан-жақтан күстәналай ұрсып, сүтке тиген күшіктей етеді. Сонан қорғаншақтап жоламайды», — деп ойлады Ақпан қапшық сүйреткен қарияны терезе бетке өткізіп жатып.
Өзі автобустағыларды көзімен еркін сүзіп қалды. Жолаушылардың дені жастар екен. Бір-екеуін шырамытып, иек қаға сәлемдесті.
— Ойпыр-ой, мына майдың иісін-ай, — деді қария басындағы жаулығын түзетіп.
Ақпан жоғарыдан шүйіле қарияға қарап алды да, көпшіліктен ұлықсат сұрамай-ақ, «сарт» еткізе төбедегі желдеткішті ашып тастады. Манағы шофер қалқанның ар жағынан тағы да басын қылтитып:
— Оу, ағасы, сквозняк жасайсыз ғой. Бұныңыз не? Елден ұлықсатсыз, «өзім білдімге» салмаңыз, — деді.
— Әй, шүлдік бас... Тыныш...
— Е, неге? Көпшілік мінетін көлікке бір адамның билігі жүрмейді, ағасы.
— Інішек, мұндағы үлкен кісіге ауасы ауыр тиіп, шыдатар емес. Сіздер жассыздар... Ақпан-аға сол адамға жағдай жасады, — деп дипломат ұстаған аққұба жігіт қарсыдағы орындықтан ара түсті.
Қарасұр, сұсты Ақпанға ұстамдылық жетпей:
— Әй, давай қозғал. Сенімен тәжікелесуге уақыт аз. Маған, абзалы, ылғи ескерту жасауыңды қой, — деді. — Сендей шикі өкпелерді тәртіпке шақыруға менің әлі де құзырым мол. Сөзді қысқарт!
— Е, мейілдерің... Билет алыңдар.
— Міне, жөн сөз.
Ақпан жан қалтасынан шилан шығарғанша дипломат ұстаған жігіт үш билетке ақша ұсынып үлгерді; шофер бала тағы да шыны қалқанның ар жағынан басын қылтитып:
— Екі билет, — деді.
— Е, ағаға ше?
— О кісі соғыс ардагері ғой. Тегін мінуге тиіс.
— Әй, бала, сен заңды бұзба... Қала ішінде ғана тегін мінем. Дала жолында көппен бірдеймін. Сен мені жарылқамай-ақ қой, — деп Ақпан қитықтана бастады.
— Ақпан аға, мен сізден бәрібір алмаймын.
— Алмай көр...
— Алмаймын дедім ғой, алмаймын. Сіз майдан ардагерісіз. Партизансыз... Сіздің кітабыңызды оқығанмын. Білем...
— Әй, бала, таяқ жейсің ғой. Неге ерегісесің-ей, ә?
— Мейлі... Ақпан аға, сабаңыз. Ол маған тек абырой.
— Өй, қосырей неме, — деді Ақпан күлімдей қарияның қасына жайғасып.
Жолаушылар Ақпанның шофер жігітке не дерін білмей амалсыз тыныштанғанына әр жерден мырс етісе күлісіп тынды. Машина дүрілдей тез от алып, есіктері жабылды да қозғалып, жүріп кетті. Төбедегі желдеткіштен аңқылдай жел соғып қоя берді. Таза ауа тек қарияға ғана емес, көпшілікке де керек білем, жадыраса: «Ойхой, рахат-ай», — десіп қалды.
Автобус ата қаздай ырғалаңдай бұрылып, күздің шағырмақ, шаңқай түстегі ыстығынан дымдана жіпсіп қарасұрланған асфальт жолға ілінісімен арылдай күш шақырып, азынай жөнелді. Терезе тұсынан жапырағынан ерте айрылып, сидаң селдіреген жол жиегіңе тігілген тал шыбық, сарғыш ойлы-қырлы дала бұлдырай дөңгеленіп, қатар жарысып қалып барады. Артқы орындықта сықылықтай күліп, күбірлескен бір топ жастар да сап тиылған; самал жел, тыныш, шоқалақ-шұңқырсыз тегіс жол, екпінді машина жүрісі оларды да бір мамыражай күйге түсіріп, қабақтарына ұйқы тығып, кірпіктерін ауырлатып, қалғытып-мүлгітіп тастаған еді.
Сергек, құс ұйқылы Ақпан қарсы алдында жол бағытына ту сыртын беріп, тізесінің үстіне дипломатын қойып, соған екі қолын артқан сұрғылт костюм, қызыл көйлекті сары жігітке қарап отыр. Өзі қой көзді екен. Құс мұрынды жүзінен мейірім, кеңдік еседі. Әлгінде билет алуға ұмтылып, қызмет көрсетуге тырысқанына Ақпан оның елгезек, ақ көңілдігін сезіп, іші жылыған. Ол әрине бұны таниды; ілтипаты да бар. Ал, Ақпан сонысын байқаса да, аңдамаған рай білдіріп, өзінің өлердей сірескен қалпынан қысылыс тауып жалтақтай берді.
«Апыр-ай, қайда көрдім? Иә, бұл жігіт ауыл адамы емес. Астананың азаматы, оқыған жан. Екі сағатта Алматыға жетеміз. Е, бұ жақта неғып жүр? Соғыстан кейін мен де қалада тұрғам. Әй, басымды қатырмай неге жөн сұраспаймын? Бет-моншағым үзіліп, неменеге қаймығам. Тоқта... Мен өзі жазушылардың да біразын білем ғой. Пенсия жасына жеткесін Алматыдағы үйімді балаларыма тастап ауылға көшкем. Ым... Осы дәу де болса ақын жігіт. Едіреңдеген тентектердің санатында жоқ. Бір кішік, нәзік жандылардың қатарынан», — деп Ақпан пышыраған ойын бір жүйеге келтіре алмай әлек. « — Сонда кім? Әй, есімі де жадыма түспеуін қара да...»
— Әй, інішек, біздің Шелекте жай жүрмісің? — деді Ақпан ақыры тағаты таусылып.
— Үлкен балам осында шофер ғой. Кеше соған келгенмін. Немеремді сағынып кетіп, құстай ұшып жеткенмін, Ақпан аға.
— Е, сен де немере сүйдім де. Қайран, уақыт-ай. Ой, жүйріксің-ау. Таңдану да қиын. Менің немеремнің үлкені қазір тоғыз оқиды. Болар-болар...
— Біздікі кішкентай, аға. Төрт жаста.
— Бәрекелді... Өзің қайда істейсің, қарағым?
— Е, аға, баяғы сол республикалық радиодамын ғой. Бөлім меңгерушісімін. Өткен жылы елуге толдым. Біз де міне қартайдық, аға...
Ақпанның есіне жігіттің аты түсті. Иә-иә, Сағынтай. Әзілкеш, ақ көңіл ақын бала. Соғыстан кейін сонау Закарпатьеден Алматыға келген Ақпан республикалық радиоға қызметке орналасқан. Жоғары білімді, институт бітірген маман болмаса да жазуы жатық, соғыс ардагері деп жұмысқа алған...
— Сағынтай шырағым, сіздердікі неғылған қарттық, — деп Ақпан танитындығын аңдатып, жылы ілтипат білдірді.
Жігіт ырзалықпен күлімдеп, басын шайқап қойды; сөз таластырып, ізеттілікпен қартпын деп тәжікелесудің келеңсіздігін сезіп үндемеді. Ал, Ақпан сонау соғыстан кейінгі, қазіргі мынау Сағынтайдан жастау, асау шағын ойлап қалған еді.
Әлі есінде, республикалық радионың ауыл шаруашылығы бөлімінде істеп жүрді. Закарпатье орманында талай ұрыстарға, қауіпті барлауға қатысып, фашистерді талқандауға көзсіз ерлігімен, өжеттігімен көзге түскен; басына төнген небір қиын сәтте өлімнен де құтылды. Күні кеше орта мектепті бітіріп, майданға аттанған ауыл баласы бір ұрыста ауыр жараланып партизандарға тап келіп аман қалды. Қызу қанды, намысқой жігіттің қандай қатерлі жағдайда да тұйыққа тіреліп, жүрегі шайлығып үркектемей сабырлы қалпынан айнымайтыны, тіпті екі-үш қарулас досымен ізін кескен жаумен атысып, енді бірде көз жазып адасқанда да аштыққа шыдап төзімділік танытқан, жолдасты жолда тастамас бір сөзділігі оның қадір-қасиетін, беделін арттырады. «Бұл операцияны Ақпан ғана орындайды», — деген сенімді үн де жиі естіледі. Сөйтіп ол соғыс жылында аты аңызға ұласқан партизан. «Алеша» болған. Партизан арасында ол Коммунистік партия қатарына өтті. Өзіне деген қарулас достарының сенімі қуантып, Ақпан еркін сөйлеп ерке жүрді. Бейбіт күндегі адамдардың кейбір қылтың-сылтыңы, пендешілігі алғашқы кезде оны талай келеңсіз қылыққа ұрындырып, қол жұмсатып жіберіп ұятқа қалдырды. Партизандық шапшаң қимыл, кешірімсіздік, тез шешім бейбіт өмірде жараса бермейтінін ұққанша да «тентек Ақпан» атандырып үлгергені бар.
Ақпан да сондай соғыс ардагерінің бірі. Редакцияның тапсырмасын «бұйрық» санап, уақытпен санаспай өліп-тіріліп орындайтын. Тәулік бойы ұйықтамай дала кезіп, материал жинап қайтады; жазады, сызады, көшіреді. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Қатаң... Сөйтіп жүріп, бөлім бастығы дәрежесіне дейін өседі. Бастауыш партия ұйымының бюро мүшесіне сайланады.
Соғыс тәртібі тыныш заманда кім-кімге де ұнай бермейтінін ойламайтын, ескермейтін.
Көрші колхоздың егістігінен ақпарды телефонмен алып, мақала жазған бір жігітті «көз бояушы» — деп жұмыстан қуғаны да, өз бөліміндегі жігіттердің бес минут кешіккендеріне «сөгіс» жариялағаны да күңкілге, өкпеге айналады. Әрине өсекшілдер жұмыстан себепсіз кеткендерін жасырып, тонның астарын айналдырып айтады: Біз творчество қызметкеріміз. Интервью ұйымдастыру үшін редакцияға соқпай, үйімізден тура өндіріске, не колхозға жүріп кетеміз. Кейіпкерімізбен сөйлесеміз. Оның уақыты аз. Қырман басынан құрылыстан тауып тілдесеміз. Мен пәлен жердемін», — деп телефон соғатын қалада емеспіз далада сабылулымыз», — деседі. Ақпан мұндай күңкілді естісе де, көп құлақ аспайды. Радионың бас редакторы ол үшін командир. Бұйрық тек сонан. Ол бұрыс болса — ескертеді деп ұғады. Өзгенің қаңқу сөзінің қажеті не? Соғыста тәртіп солай.
Көп жыл баспаларда істеген мосқал Бас редактор Ақпанды сырттай қолдап, адалдығына дән разы. Қатар санап ылғи кеңесіп отырады. Ұмытпаса, көктемнің алғашқы айларының іші. Бірде ол Ақпанды кабинетіне шақырып: «Бюро мүшелері сізге үлкен бір іс тапсырғалы отыр. Сен өмір көрген адамсың. Жастарды тәрбиелеуге көмегің керек. Бізде бір ақын жігіт істейді», — деді. Ақпан Бас редакторының нені меңзеп келе жатқанының байыбына жеткізбей: «О не бүлдіріпті?» — деп шыдамсыздық білдірді.
«Ақа, ол әзір ештеңе бүлдірген жоқ. Біз қазір оның жеке өміріне араласуымыз қажет сияқты. Өте дарынды жас қой. Сезімге құрылған лирикалық өлеңдерін бәріміз де оқып жүрміз. Болашағынан зор үміт күттірер жігіт. Ақын шіркін еркетотай келеді ғой. Оның үстіне елдің жел сөзі де қамшы. Жаңа бастауыш комсомол ұйымының секретары бір жайсыз хабар жеткізді. Сағынтайдың жұмыстан кейін ішіп, қыдыруы көп, жолдастарының үйіне қонып қалады білем. Өзі қыста үйленген. Келін келіп арыз етіп, тәртіпке шақырсаңдар депті. Біз, басшылар төрт көзіміз түгел жиналып кеңесіп, сізді сол үйге жұмсасақ дейміз. Сара ақылыңды айтып, жас ошақтың бұзылмауын ойластыр. Бәріміздің ішімізден сені сайлауымыз Сіздің беделіңіздің жоғарылығын. Сағынтайдың пір тұтатындығын, өлең арнағандығын ескергеніміз...» «Қайреке-ау, мен бітуажалыққа жарамаймын ғой. Бүлдіріп алсам қайтем?» — дейді, Ақпан ағынан жарылып.
Қазақ бітуажалыққа ақсақалды, елге беделді, сөзге шебер, шешен, орнықты кісіні жұмсайтындығын Ақпан бала жастан естіп өскен. Өзім де сондай кемеңгерлік кемел шақтамын деп әсте ойлаған емес. Қазір аңдап қараса жиырманың тоғызында екен. Тіптен балаң кезі. Ал, ол уақытта іштей өзің кексе, өмірдің ащы, тұщысын татқан кәрі сезінетін. Мынау Бас редактордың қолқасы орынды да, қызық та көрінгені кәміл. Тіпті соған бөркі қазандай боп көтеріліп, мардымси қалғаны да жадында: Сөйлесіп, аңсын-аңдайын», — деп еді, бастық: «Ту — у, із не деп отырсыз? Татуластырып қайтыңыз», — деді.
Бұл сөз Ақпанға командирінің бұйрығындай шалынып, құп алды. Сағат дәл алтыда жұмыстан шығып, үйіне қайтты. Есіктен кіре ытырынып:
— Ғайша, қайдасың-ай?! — деді даурығып.
Төргі бөлмеде балаларды тамақтандырып жатқан аққұба, биязы мінез келіншегі шығып, дыбыс бергенше шыдамай:
— Өй, қатын, қайда жоғалдың? — деп те үлгерді.
Ғайша аяғын жүгіре асып, есіктен көріне:
— Ақа-ау, жай ма? Не болған саған? — деді.
— Қонаққа киетін костюм мен көйлекті дайында. Бұл — бір. Екінші, бір бөтелке коньяк пен шампанды қалтама сал. Түсінікті ме?
Пісте мұрын, бидай өңді келіншегінің аласы мол қара көзі күлімдей қарап тұр. Ат жақты, жүзінде, қабағында реніш, не таңдану жоқ. Қиылған қара қасын кере қалыпты. «Ойпыр-ой, жау келділеп неменеге даурығасың. Ақырын сөйлесең де құлағымыз бар. Жөн сөзіңді естиміз ғой», — деп қосылғалы берлі бір ытырынып, қарсылық білдіріп дауыс көтерген емес. Тұрған бойы сабыр, ізет. Тума-туыс, абысын-ажын, көрші-қолаңның бәріне де жайлы жан. Әйелдігіне бағып жылтыраққа қызығу, дүние-мүлік жинауға әуестік те сездірмейді. Киім, төсек-орын бүтін, таза болса, қалған қаржыны тек тамаққа жұмсап, қазан түбі тақырланбауын ойлайтын; бүйірі шығып балалар келім-кетім қонақ тойынса, соған мәз кісі.
Үйленген жылы елге апарып, шешесі мен әкесіне таныстырғанда Ғайша енесіне бірден ұнаған; тек қияңқы мінезді әкесі ғана ертеңіне қайтқалы отырғанда Ақпанға: «Балам, әйелді бастан...» — деген, қатынға сыртыңды берсең де, ішіңді берме. Келін бала жоғары білімді, мектепте мұғалім дедің ғой. Ал мен білгенде мұғалима атаулының жүйкесі тозған, шытырлақ келуші еді. Бір көрмеге есті бала екен. Тілін бір шығарып алма. Басыңнан асырсаң, мойныңа мінеді. Өбектеуді қой. Тегінде қатын атаулы кейісе — қазан қайнатпайды. Бекер сөз. Күйеуінің сорын қайнатады, миын жейді. Тыңдай берсең — әңгі есекке айналасың. Айтқанына қарсы болмай-ақ қой жүдә. Тек керісінше істе. Сонда қателеспейсің. Жә, шақшадай басыңды шарадай етпейін», — деді. Оқығаны жоқ, көзі қара танымайтын жылқышы, сойқан-содырлы әкенің сол сөзі осы қазір құлағында күмбірлеп өтті.
Ғайшаның көнбіс, шыдамды, сабырлы мінезіне жайшылықта Ақпан дән разы-ақ. Кейде қарадан-қарап аяп та кетеді. Әсіресе, өзі жөнсіз тиісіп, ақырып жөнелгенде күлімдей төменшіктеп үнсіз қалғанда не істерін де білмейтін; сабасына түскенде Ғайша: «Иә, сонша түгесіліп шаршағаның не? Бүлінген не бар?» — деп ұялтар-ау дейтін. Келіншегі керісінше күліп: «бұл үйдің бес баласының кенжесі — Ақпан ғой. Тентек», — деумен шектелетін. Қазіргі ерін бауырына ала шапшып, жөн-жоғасын түсіндірмей: «Өй, қатын, қайда жоғалдың?» — деп күндей күркірей кіруінің ар жағында Сағынтайдың үйіндегі өмірі көрмеген келінмен қалай сөйлесудің, қайтып үгіттеудің ретін таппай қиналу, бір әйелді тәрбиелей алмай арыз айтқызып қойған Сағынтайға деген ыза, солардың кесірінен қыруар жұмысын тастап, өзінің тентіреп баратыны, жолы боп ісі оңға басса — жақсы, сәтсіз аяқталса ше деп те көңілі әрі-сәрі. Осының бәрі қиямет-қайым көрініп, тұлан тұттырып тұр. «Бір қатынның кесірі — мың есекке жүк», — дегенді ел қалай тауып айтқан. «Үлкен басыңызды кішірейтіп сіздің келгеніңіздің өзі бізге арқау. Енді мазаламаспыз», — деп есті жанның сөзін айта ма, жоқ ушығып берекемді кетіре ме дейді қобалжып. «О да мынау Ғайшадай әйел емес пе?..»
Ақпан жұмыс киімін шешіп, ұқыпты, таза Ғайшаның уақытылы жуып, үтіктеп қойған көйлегін, костюмін, оның сыртынан жұқа, сұр плащын киіп айна алдына келді. Кісі өлтіруге шыққандай жүзі сұп-сұр. Ғайша ақырын қасына таяп галстугын түзеп берді. Қайда жиналғанын бір ауыз сөзбен Ғайшаға білдірсе де бөтен емес еді, үндемеді.
— Әй, ескі костюмнің ішкі қалтасында тілдей қағаз бар. Соны әкелші, — деді.
Ғайша төргі бөлмеге маймаңдай жөнелді. Сәлден соң қайтып оралып, әлгіні қолына ұстатты. Плащының жағасын түзеп, сипап, жауырынынан қағып:
— Ақа, үйден ренжімей шықшы, — деді.
— Әй, қатын, мендегі шаруаң не?
— Жә... Тек сабыр бал. Сабыр түбі — сары алтын дегенім ғой. Өзіңнен артық мен не білем.
— Білмейсің. Қысқарт...
Ақпан есікті теуіп ашып, жаппай кетті. Биік үйдің екінші қатарынан ақырын аяңдай түсіп барады. Әйелінің соңынан қарап қалғанын жауырынымен сезіп келеді. Ол қызба болғанмен әне бір ессіз емес. «Ғайшаның орнында өзім, есікті тарс еткізіп, ренжігенімді білдірер едім», — деп ойлап, іштей әйелінің кеңдігіне, ақылдылығына, парасаттылығына дән разы.
Дала қоңыр салқын. Күн қызыл жалқындана жиекке ілініп, қала үйлерінің арасына қалың көлеңке көрпесін жайып үлгеріпті. Ақпан ақырын аяңдап кешеге өтті. «Бітуажалыққа Ғайшадай адамды жұмсау жөн. Біздің командиріміз... Батя, қауіпті операцияға кімді тағайындауды білетін. Бас редактор ондай кісі танығыш, сергек мінезді емес. Маған бар дейді. Өмірі істемеген шаруам. Әрине, сенім артқаны жақсы. Әйтсе де менің бұған ыңғайым қалай? Ойламайды... Амал не, орындау керек. Тапсырма аты тапсырма. Е, тәйір-ай, қайдағы тапсырма. Бітуажалық та іс пе?» Ақпан өз ойынан қатты толқып, көшенің бұрышына жетіп іркілді. Сағынтайдың Тастақ жақта пәтердеміз дегені есіне түсті. «Оған қандай автобус барушы еді? Сұрап алмағанымды қара да...» Ол жанынан өте берген жас жігітке:
— Інішек, тоқташы, — деді.
Шалбарының балағы дастарқандай кең, арық жігіт қапталдаса аялдады.
— Иә, аға, жай ма?
— Шылымың бар ма?
— Бар...
— Берші...
Кең балақ шалбарының қалтасынан «Қазбек», папиросын шығарып, бар талын ұсынып жатыр. Шырпысын шағып тұтатып та берді. Ақпан екі сорып, түтінге шашалып та қалды.
— Ойбай-ау, аға, сіз темекі тарта білмейсіз ғой.
— Дәнеңе етпейді. Ал, Тастаққа қалай жетем? Соны айтшы.
— Екі мақала төмен түссеңіз, — Шевченко көшесі. Сол жерден трамвай жүреді. Төртінші санына отырыңыз да соңғы аялдамадан түсіңіз.
— Рақмет, айнам...
Ақпан көшені бойлап, ақырын аяңдап келеді. Шылым шекпейтін адамның темекіні алғаш аузына алғанда өші қалғандай құныға үсті-үстіне соратын жаман әдетіне бағып, әйтеуір тез бітіру қамымен бұрқ-бұрқ еткізді. Сәлден кейін жүрегі кілкіп, басы айналғансын папиростың жарым жартысының қалдығын көшенің жиегіндегі арыққа атып жіберді, онымен басы айналып, жүрегі лоблығаны тыйылмады. «Сол құрғырды қайдан ғана аузыма алдым», — деп опынып, ит-ырғылжың мынау күйіне ызаланып та келеді. Нені де болса тез істеп бітіруге бейім Ақпан әрі-беріден кейін трамвайдан бас тартып, бос таксидің біріне қол көтеріп, ұстап мінді. Бұл ойдың бірден есіне келмегеніне де осы қазір өкінішті.
Зырқыраған жеңіл, жүрдек машина әп-сәтте қаздай қалықтатып Руднева көшесіндегі Сағынтайдың пәтеріне алып жетті. Жол бойы ашық терезеден соққан самал тынысын кеңітіп, сергітіп, басы айналғаны да басылған еді.
Көше бетке жасыл сырмен жиектелген төрт терезесі қараған, ақ шаңқай кірпіштен қаланған, төбесі шифрлі үйге Ақпан көз тоқтатып, сәл аял тапты. Машина, көлік, кісі аяғы сирек үй төңірегі тып-тыныш. Арықтың суы да бөлекше үнді, тап-таза шалынады. Жиегіне әлі бетон плита төселмегеннен бе, алабота, қоян-қарта өскен жағасы шөпшең екен. Тегі бұлақты шалбыр, қиқымынан тазартып, көз жасындай ғып жіберетін де осы өсімдік-ау деп ойлады ол бір сәт бұл жерге неге келгенін ұмытып.
Кісі бойы, көк сырлы темір қақпаның бергі тұсындағы тақтай есік ашылып:
— Аға, неғып кірмей тұрсыз, — деді бір орта бойлы келген ақсары қызыл көйлек, қоңыр шалбарлы жігіт. О кезде де қазіргісіндей қызылшыл білем деп қарсысындағы дипломатына сүйенген жігітке көз жүгіртіп өтті.
— Қазір, бала. Келін үйде ме?
— Иә, жұмыстан келген.
— Қайда істейді?
— Ресторанда официант. Жүріңіз, — деп Сағынтай қалбалақтай қолтығынан алды.
Ақпан алғаш көргеннен Сағынтайдың өзіндей тік мінезді, кісі талғағыш емес, елгезек, сергектігін ұнатқан. «Ақынмын деп танау көтермей ылғи ізетті «сіз» деуден бір жаңылмайтынына таңданатын. «Не деген нәзік, қорғансыз баласың. Ноянтопай бір қыздың қолына іліксең қор боласың-ау», — дейтін ішінен. Күндердің күні бітуажалығына жүретінін білмегені хақ. Сағынтайдың қолқасына бағып, есіктен аула ішіне енді.
Кең шарбақтың ортасында екі терезелі тағы бір үй тұр. Айнала алма бағы. Қызыл қыш кірпіштен өрген жалғыз аяқ жолмен сол аула ішіндегі шағын үйге бет түзеп келеді.
Қара дермантинмен қапталған есікті ашқан да Сағынтай Ақпанды алға оздырған; табалдырықты аттай бергенде электр шамы көз ұялта жарқ етті. Төрт бұрышты кең бөлменің ортасында стол, әріректе тұсына кілем тұтылған екі кісілік кереует, бір бұрышында тумбочка, оның үстінде төрт-бес қатар кітап жинайтын сөресі бар — мүлік, кіре берісте қолжуғыш, сол жақта киім ілгіш тұр. Қасында шар айна ілулі. Соңынан ілесе кірген Сағынтайға коньяк пен шампанды ұстатып, Ақпан плащын шешті.
Сүйекті, ірі, қараторы келіншек оң қолдағы аузынан оты жылтылдаған пештің қасында іспек қабақ, қиық көзінің астынан қарап қалыпты. «Жасы үлкен кісі келді-ау», — деп ибалық сездіріп басына орамал салғанды да білмепті. Қысқа кесіп, бұйралатқан шашы ербие үрпиіп кеткен. Үстіндегі көйлек те емес, сұрғылт халат, жалаң аяғына сүйретпе шарық іліпті. «Бейтаныс адам, құдайы қонақтың өзін әйел заты халатпен қарсылағаны ұят. Тәрбиесіздік, не надандық», — дейтін Ғайша. Ақпан келіншегінің осы сөзін еске түсіріп тыжырынса да сабыр сақтап, плащын іліп:
— Ал, келін, аман ба? Қоныс құтты болсын! — деді жақындай қолын ұсынып.
— Есенбісіз, аға. Рақмет...
Жып-жылы келіншек қолына босатып Ақпан төрге өрлеп столдың қасындағы екі-үш орындықтың біріне отырды. Қоңыр салқын даладан кейін мынау үй ет иістенген ұядай жып-жылы екен. Дүние-мүліктері бірсыдырғы тәуір, таза. Екі терезеге тұтқан шілтері жапқыш та сәнді, желдеткіштен енген самалдан баяу толқиды.
Сағынтай ортадағы стол үстіне жабылған газеттерді қалбалақтай жүріп: сыпырып тастаған астынан дап-дайын помидор, қиярдан жасалған салат, неше түрлі дәмді тағам «ал, кеттік», — дегендей самсап шыға келді. Тәтті нан, мәмпаси, шоколадтың да түр-түрі осында.
— Біреу келуші ме еді, келін? — деді Ақпан дәмді меңзеп.
— Жоқ... Сізге дайындалған. Қараң қалған бұл ошаққа есі дұрыс келуші ме еді.
— Ойпыр-ай, келін-ай, қатты айттың-ау. Қанша күйеуіңе ренжігенмен де ақырын сөйлеген жөн еді ғой. Көріп отырмын, тұрмыстарың жайлы.
— Ақпан аға, әңгіме кейін... Дәм алыңыз. Кешіріңіз. Дәмеш бүгін ашулы. Сіз біздің шақырып келтіре алмайтын қонағымызсыз, — деп Сағынтай жортақтай жөнелді.
Ақпан түтігіп кетті. Бітуажалықтың ауырлығын, түк қолынан келмесін сезініп сазарып қалды. Келіншекке жауыға қарап отыр. Ол түк болмағандай шағын табаққа буы бұрқыраған қуырдақ сап әкеліп, стол ортасына қойып кеткен; енді шыны-аяқты шылдырлатып шай қамымен пешпен екі арада етегі желбіреп жүр. Ақпан туралған наннан аузына үзіп бір салды да:
— Дәм таттым. Сіздер енді әрлі-берлі селтеңдемей екеуің де бері келіңдер. Отырыңдар! — деді. — Соғыс өткен, аштық жоқ.
Әмірлі қатқыл үн Сағынтайға жүргенмен, келінді пәлендей ықтырмаған еді. Ол ұмыт қалған шай қасықтарды уыстап келеді.
— Отырыңыз, келін. Мазаланбаңыз. Мен өзі майданда фашистен «тіл» әкелуге жібергенде де мұндай қиналмаған жанмын. Өлімге талай басымды тіккен адаммын...
«Е, онымен не айтпақсыз? Сізді мен шақырыппын ба? Жалғыз сіз соғыстыңыз ба? Келгеніңізді неменеге бұлдайсыз», — дегендей келін бедірейе қарады. Ақпан әйелдің қиық көзінен соны ұқты. Ұқты да енді бір сөз айтып арадан киліксе салып жіберуден жүз жанбайтынын сезіп:
— Кәне, Сағынтай, не ішесіздер? Маған минерал су құй. Тамақ жіпсітелік, — деді. — Ащы судың маған өкпесі жоқ. Кезінде жоспарын орындағанбыз, маған фужердің біріне құй. Рюмкең добалдай қолымда сынып кетер.
— Мақұл, аға. Құп болады.
— Мен күл-бүлтені білмеймін. Сіздердің тату-тәтті тұруларыңа тілектестігімді, мынау қой үстіне бозторғай ұялаған бейбіт, тамаша заман қадірін түйсініп, ошақ бүтіндігін ойлаңдар дегенді қатерлеріңе салғалы келдім. Бас құрап, шаңырақ көтеру, түтін түтету, түсінісіп тіл табысу — қиын. Ал оны бұзып, қара қазанды қақ бөлу — оңай. «Семья да — мемлекет», — дейді емес пе? Оны да ақыл тоқтатқан ғана басқарып, бүтіндігін сақтайды. Міне, мен көріп отырмын: тәп-тәуір, тұрмыс құрып, жып-жылы ұя жасап алыпсыңдар. Тіл-көзден сақтасын! Ұзағынан сүйіндірсін, қарақтарым. Сол үшін мынау тосты ішелік, — деді Ақпан аптыға, екі мәрте ұмсынған келінді сөйлетпей киіп кетіп.
Кәрі, жас демей, қатты разы болған адамына еш риясыз елжіреп, ақын жанымен «айналайын» деп қалбақтап қалатын Сағынтай бұл жолы үрдісінен жаңылып аға алдында сәл іркіліп, иба сақтап рюмкеге су құйып алған еді; Ақпан фужеріне соғыстырып:
— Айналайын, ағатай, рақмет. Мына сөзіңізден кейін өлсем арманым кәне?! — деп құрақ ұшты.
Ақсары жүзі қуарып, құс мұрынның жұқа сарғыш шұғадай желбезегі желбіреп барады. Ақпан түксиіп: «Өй, келінмен неге соғыстырмадың? Бұ қай қылығың? Келген кісіні арқаланып әйелін жерге қаратқан еркектік пе? Ол малғұнның әдеті. Қайта беделін түсірмей, абыройын асырып отырмайсың ба?» — деп қабағын шытып қалды.
Табиғатта нөсерлі қатты жауынның да қайтымы, басылуы тез. Ашу да сол тақылеттес қой. Әлгіндей болмай Ақпан көңілінде Сағынтайға деген аяныш оянып, нәзік жанның дәрменсіз кейпіне ұ