Әдебиет
Мағжан Жұмабаев
Мағжан Жұмабай (Әбілмағжан) Бекенұлы ( 1893– 1938) – Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы өкілі.
Мағжан Жұмабай (Әбілмағжан) Бекенұлы ( 1893– 1938) – Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы өкілі.
Бала мен құс
(Орыстан)
-Жыршы құс, тілімді алып, келші мұнда,
Жасыл шөп, жасыл ағаш қалсын онда.
Қапаста жаның тыныш отырасың,
Жазы-қыс жейтін ұрық бәрі қолда.
Мен сені жан досымдай қадірлеймін,
Ерінбей, тамағыңды әзірлеймін.
Мөп-мөлдір саф күмістей, тәп-тәтті су
Күнде ерте, жалғаны жоқ: «Әзір!»- деймін.
Ас-суың керегінше даяр қылам,
Кем-кетік жерің болса, даяр тұрам.
Жаз жетсе - қорқынышсыз, қыс уайымсыз,
Далада мың қорқыныш, суық боран.
Аңшы да мылтығымен ата алмайды,
Қаршыға жақындауға бата алмайды.
Күн ұзын жырың жырлап отырасың,
Басқа жан мұндай рақат таба алмайды.
-Жоқ, мырза, бұл мақтаған қапасында,
Кірмейтін боран, суық лапасыңа
Бермеймін қалың ағаш, өзен-суды,
Келсе де мың бір пәле бұл басыма!
Жайнаған түрлі гүлмен кең даламды,
Қай жаққа ұшсам-қонсам кең даламды,
Балақай, асу-суыңмен сыйланам деп,
Жанымнан, өз еркімнен құр қалам-ды.
-Кең дала, қалың ағаш, аққан бұлақ,
Сүйкімді маған-дағы жасыл құрақ.
Құсеке, соны ойлашы, суық болса,
Қыласың үсіместей қайда тұрақ?
Кетемін онда ұшып жылы жаққа,
Қысы-жаз қар жаумайтын біздің баққа.
Қар кетіп, сіздің жақта жылы болса,
Қайтадан ұшып келем ескі таққа.
-Адассаң жазатайым жолдан шығып,
Құр тоңып өлмейсің бе боран соғып?
-Шырағым, оның үшін қорқа қойма,
Жасаған жол көрсетер қайырым қылып.