22 Қараша, Жұма

Әдебиет

Мағжан Жұмабаев

Мағжан Жұмабай (Әбілмағжан) Бекенұлы ( 1893– 1938) – Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы өкілі.

Тәңірі




Зор Тәңірі, күштісің сен, сенеміз біз,
Әділ деп, әр ісіңе көнеміз біз.
Өз құлын өзі еңіретпес тура Ие деп,
Өзіңе ерік тізгінін береміз біз.
Ауыздан Алла атыңды тастамаймыз,
Алласыз ешбір іске бастамаймыз.
«Әділ хан, бұйрығыңа бойсұндық»- деп,
Бұйрықсыз бір адым да аттамаймыз.
Кеш, Тәңірім, болса сөзім пендешілік,
Мінекей, айқын зұлым, қайда әділдік?
Соншама кең рахметтен құр тастайтын,
Баласы алты Алаштың - біз не қылдық?
Басқаға орын бердің жақсы жайдан -
Зеңгір тау, түпсіз дария, терең сайдан.
Үмітсіз, тілегі жоқ, тұрағы жоқ,
Қуылған дәргаһыңнан біз бе шайтан?
Бізге отсыз шөл даланы орын қылдың,
Бақ-дәулет, өнер-білім қырын қылдың.
Айт - той, мейрам мағынасында.
Кесір деп кек алатын өгей балаң
Біз бе едік? Көп төбетке жырым қылдың
Жібердің басқа жұртқа жолбасшылар,
Әр жұрттың жолбасшымен көзі ашылар.
He елші, не жол сілтер кітабың жоқ -
Алашқа әлде жазғаны бар да шығар?
Бақытсыз қаңғып жүрген казақ сорлы,
Әркімге күні кетіп, мазақ сорды.
Бір елші жібермедің, санға алмадың
Жалаңаш түйе баққан араб құрлы!
Кеш, Тәңірім, сорлы құлға қаһар етпе,
Рақым қыл, біз сорлыны шетке теппе.
Сөз шықты жан ашумен, Әділ Тәңірім,
Тиген соң ащы таяқ тұщы етке.