22 Қараша, Жұма

Әдебиет

Мағжан Жұмабаев

Мағжан Жұмабай (Әбілмағжан) Бекенұлы ( 1893– 1938) – Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы өкілі.

Жауынгердің жыры




Желе бер, жаным Қаракөк,
Желкілде желмен, айдарым!
Қолымда найза көк болат -
Ерлігіме айғағым.
Ұлт дегенде көпіріп,
Жарайсың, қаным, қайнадың,
Ұлтымнан мен садаға,
Бекіндім, басты байладым.
Көктегі кәрі Күн куә -
Ежелден жаудан таймадым.
Қорқыныш емес нажағай,
Нажағай - өзім, жайнадым.
Білгенін енді істесін,
Өлімменен ойнадым.
Желе бер, жаным Қаракөк,
Желкілде желмен, айдарым.
Қазам жетсе майданда,
Басымда найзам - сайғағым.
Қайратты, қайтпас жан досым -
Ерлігіме айғағым.
Желе бер, жаным Қаракөк,
Желкілде желмен, айдарым!