22 Қараша, Жұма

Әдебиет

Мағжан Жұмабаев

Мағжан Жұмабай (Әбілмағжан) Бекенұлы ( 1893– 1938) – Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы өкілі.

Жатыр




Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр,
Кілтін өнер-білім ашып жатыр.
Бірі - ай, бірі - жұлдыз, бірі күн боп,
Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр.
Таласып өнер-білім алып жатыр,
Күнбе-күн алға қарай барып жатыр.
От жегіп, көкте ұшып, суда жүзіп,
Тәңірінің рахметіне қанып жатыр.
Ойламай біздің қазақ текке жатыр,
Бір іске жанаса алмай, шетте жатыр.
Азырақ көз жүгіртіп қарап тұрсаң,
Қазекең таң қаларлық көпте жатыр.
Байларың мыңды айдаған шалқып жатыр,
Бар малын болыстыққа сарқып жатыр.
Барымта, ұрыс-керіс, кісі өлтіріс -
Ішінде сорлы қазақ қалқып жатыр.
Кең жері күннен-күнге құрып жатыр,
Сұр жылан бар қан-сөлін сорып жатыр.
Астана, жұрт билеген адамдарды
Тәңірі күннен күнге ұрып жатыр.
Біреулер оқып төре болып жатыр,
Шен алып, бақыт құсы қонып жатыр.
Ұмытып өзін- өзі бұл сабазың,
Жұртына қарсы таяқ соғып жатыр.
Шәкірттер медреседе шіріп жатыр,
Қайдағы ескі нұсқа көріп жатыр.
Оқыған, дін іздеген байғұс шәкірт
Жемтікші құзғын болып кіріп жатыр.
Әйелдер мал орнына жүріп жатыр,
Жас қызын малға, шалға беріп жатыр.
«Бес байтал - әйел құны» деген бір сөз
Қармаққа талай жасты іліп жатыр.
Дау-жанжал ел арасы толып жатыр,
Өзара талас-тартыс болып жатыр.
Кешегі шешек жарған қазақ гүлі
Сарғайып, бір су тимей солып жатыр.
Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр,
Күннен күн артқа қарай кетіп жатыр.
Сезінбей өз өлгенін, өзінікін
Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр!