25 Қараша, Дүйсенбі

Әдебиет

Мағжан Жұмабаев

Мағжан Жұмабай (Әбілмағжан) Бекенұлы ( 1893– 1938) – Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы өкілі.

Жан жарымды бір сүйейін түсімде




Тұтқын болып, тысқа шығып жүре алмай,
Зарықтым ғой, жан жарымды көре алмай,
Осы күнде алтын сәулем нағып жүр,
Қандай күйде, қайда екенін біле алмай.
Ойлай ма екен тұтқын жарын түн, күндіз?
Жүрек - жара, жасты ма екен қара көз?
Шашын жайып, түн ұйқысын төрт бөліп,
Тілей ме екен: «Жолықтыр,- деп,- Тәңірі,-
Зарлағаным кетті ме әлде далаға,
«Жар» дегенім әлде жапқан жала ма?
Ойыны - ойын, баяғыдай күлкісі,
Мені есіне еріккенде ала ма?!
Қиын боп тұр көзім жасын тыюым,
Қажытты ғой күндіз-түні күюім.
Оның қалай ойлауында ісім жоқ,
Бұрынғыдан мың есе артты сүюім.
Айрылам деп алып па едім есіме,
Амал қанша әзелдегі кесімге?!
Тәңірі ием, ұйқы берші тезірек,
Жан жарымды бір сүйейін түсімде!