Әдебиет
Мағжан Жұмабаев
Мағжан Жұмабай (Әбілмағжан) Бекенұлы ( 1893– 1938) – Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы өкілі.
Мағжан Жұмабай (Әбілмағжан) Бекенұлы ( 1893– 1938) – Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы өкілі.
Еңбек - өлім жан қанатын қиятын
Еңбек - өлім жан қанатын қиятын,
Еңбек - өлім жанды ашудан тыятын.
Еңбек деген - еңбектеген мылқау дию,
Жаншып, жанның сұлу сынын жоятын.
Ерді, еңбек, от жүректі жерлейді,
Жанға аспанға өрлеуге ерік бермейді.
Еңбек езіп, соқыр қоңызға айналып,
Сорлы адамзат көкте күнді көрмейді.
Еңбек - қарғыс, адамға ашу Алладан,
Адамзатқа - «еңбек қыл» деп қарғаған.
Мәңгі байрам жұмағынан айрылып,
Адам баста «дүние» деп зарлаған.
Өткен заман - малғұн еңбек билеген,
Адамзаттың ой-қиялын илеген.
Сол еңбектен қарын тойып қампиған,
«Тәңірің - мен...»,- деп жерге, көрге сүйреген.
Мәңгі байрам, көктегі жұмақ ұмытылған,
«Забур», «Тәурат», «Інжіл», «Құран» жыртылған.
Идеал үлкен, Айса, Мұса - келемеж,
Жалғыз ғана қарын қалған қампиған...
Құлдық сіңген адамзаттың бойына,
Мәңгі байрам келмейді оның ойына.
«Жаса, еңбек!» деп жазып алған туына,
Даярлаған азаттықтың тойына.
Еңбек осы ой-қиялды байлайтын,
Еңбек осы қартқа қол caп айдайтын.
Сүйреп жүріп лағнаттың қамытын,
Заман қайда мәңгі байрамды ойлайтын?!
Адамзаттың тәні түгіл, жаны құл,
Адамзаттың ой-иманы, ары құл.
Азған адам қолын ұрмақ құлдыққа,
Адамзаттың бәрі - еңбекшіл, бәрі құл.
Келер ме күн еңбек малғұн өлетін,
Ит қарынды қорылдатып көметін,
Қиялдың ақ қанатына қонып ап,
Мәңгі байрам дүниесіне кіретін?
Келсе сол күн, мен Күн болып күлер ем,
Келсе сол күн, жүйрік желдей жүрер ем...
Келсе сол күн, о, дариға, жұртыма
Судай сұлу жырлар жырлап берер ем.
1 «Тәуратты» Мұса пайғамбар, «Забурды» Дәуіт пайғамбар, «Інжілді» Иса пайғамбар, «Құранды» Мұхаммед пайғамбар жазған (М. Жұмабаев ескертпесі).