05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қуат Адис
1978 жылы 14 тамызда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққыр ауылында дүниеге келген.

Көктемнің иісі






Аудан мен ауылдың арасына қатынап жүрген дөңес маңдай сары автобус автовокзалдан күн екіндіге еңкейгенде шықты. Бұрын аралықтағы жолдың ой-шұқырына шоқырақтап, оның арғы жағында он шақырым тас жолдың шаңын бұрқыратып жолаушылардың тұла-бойын дірілдетіп, діттеген жеріңе әбден діңкелетіп апаратын. Талай көліктің қаңқасын қалдырып, жолаушылардың жүйкесін жұқартқан шоқалақ жолдардың осыдан бірнеше жыл бұрын ой-шұқыры жамалып, асфальт төселді. Содан бері ауылдың адамдары ауданмен аралыққа шаршамай барып-келіп жүр...

Қош, әңгіме көктем жайлы еді ғой. Сонымен жолаушылар автобусы алдынан екпіндей соққан майда желді қақ жарып, тегіс жолмен жүйткіп келеді. Бала күнгі әдетпен терезе әйнегіне шекемді тақап алып, сыртқа көз жіберіп отырмын. Міне, Сырдарияның көпірінен өтіп келеміз. Жаз бойы моп-момақан болып үнсіз ағатын осы Сыр өзені қыс, көктем айларында арнасына симай тасып, жағасын жайлаған халықты қорқытып әбігерге салатыны бар. Бірақ, биыл қыс қатты болғанымен, дариядан қауіп болған жоқ. Әрине, қам қылған қапы қалмайды...

Автобустың жылдамдығынан қалғысы келмегендей көз ұшындағы егістік алқаптар дөңгеленіп жарысып келеді. Жол бойындағы электр бағандары бірінен соң бірі көз алдыңнан көлбең-көлбең етіп, артта қалып жатыр. Міне, жазықтан да өтіп барамыз. Енді жер бедері өзгере береді. Бұйрат төбелердің қары толықтай еріп, жалаңаштанып қалған. Күндізгі шуақ құм төсін құрғатып тастапты, қыстың табы да қалмаған. Биыл жылдағыдан қар қалың түсті. Тіпті, қариялар жағы биылғы қарды «тоқсан үштің қалың қарынан» кем болмағанын айтады. Иә, расында басқа аймақтарды айтпағанда, қыстың соңғы айында Сыр өңірінің өзіне қар құйып салды. Десе де, оңтүстікте қар сүрленіп ұзақ жатпайды, қыстың сәнін кіргізіп бір ай жатты да көктем жақындап, күн жылт еткенде еріп кетті. Табанына батпандап батпақ жабысып, әбігерге салса да көктемнің лебін сезген жұртшылықтың қыстайғы қату қабағы жадыраңқы. Енді ше, көктемді сарыла күтіп әрең жеткенде. Анау бір күні ауылдағы жездеммен сөйлескенімде биылғы қыс төрт түлікті қораға қаңтарып тастағанын айтып: «Көктемге бір ілініп кетсек...», - деп еді телефоннан. Иә, міне, көптің күткен көктемі де келді.

...Ауылдамын. Қас қарая сол жездемнің үйіне сәлем бере бардым. Ол кісі шаруаның адамы. Қорасында оншақты сауын сиыры, кезекке қосып, өріске шығарып отырған елу-алпыс қой-ешкісі және далада бір-екі үйір жылқысы бар. Қазақы тілмен айтсақ, өзіне шақ бақуатты тұрмыс кешіп отыр. Өкіметке қарызы жоқ, несие алмаған. Ауылда отырған соң төрт түліктің тұяғын түгендеп отырады, малының басын кемітпейді. Жаз шықса ауыл сыртына бақша салып, картоп егеді. Ауласында да 10-15 сотық бақшалық жері және шағын алма бағы бар. Жаз бойы көкөніс, жеміс-жидекті сатып алмайды. Майда дақылдардың барлығы ауласындағы бақшалықта өседі. Амандық-саулық сұрасқан соң жездем әдеттегідей өз шаруашылығының жайына ойысты. Биыл да мемлекеттен несие алу ойы жоқ, қарыз болудан өлердей қорқады. Бірақ, мал басын көбейтуді, ірі қараның тұқымын асылдандыруды көздеп отырған сыңайлы, сырттан асылтұқымды бұқалар әкелу ойында бар екен. Журналист болған соң, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі жайында білетінімді айттым. Жездем тұрмысын заман ыңғайына қарай жаңартып, айналасымен бәсекеге түсіп, байуды көздемейді. Кәдімгі қазақы ұғым: әкелік парызын өтеп, балаларына, немерелеріне жететін мал жиып, отбасының басшысы, асыраушысы қақындағы міндетінен құтылуға қам қылады. Бақша салуға дайындығын қыста бастап, кетпенін сайлап, арбасын майлап отыратын адамдардың бірі де осы кісі. Жездем жер емген диқан, бақтағы ағаштарын баладай баптайтын бағбан. Былтыр күзде алған жүз елу қап картопты сұрыптап, біршамасын тұқымдыққа алып қойған, жердің тоңы жібіген бойдан егіс даласына аттанғалы отыр. Әңгіме арасында ауыл халқының бүгінгі тұрмысы кешемен салыстырғанда әлдеқайда жақсарғанын айтып, «тәубә» деп қояды. Бұл өз еңбегіне ғана сеніп, ешкімге қол жайып, телмірмейтін, маңдай тердің әр тамшысында береке барын білетін және Алланың бергеніне қанағат қылатын ынсапты адамның сөзі. Ауылдың дастарқаны да берекелі ғой, шіркін! Күбіден түскен сары май, құрт-ірімшік, айран, қатық, сексеуілдің шоғына піскен тапа нан дейсің бе, бәрі бар. Көптен көрмей кеткен ауыл дәмі. Жалғыз бұл үй ғана емес, ауылдағылардың дені экологиялық таза өнімдер тұтынады. Қайтарда апам қалтама молырақ қылып құрт-ірімшік салып берді. Ауызғы бөлмедегі үлкен ағаш жәшіктің ішінде жаңа туған қозы-лақтар жатыр. Көктемнің алғашқы төлдері.

Ауыл аспаны ашық. Жұлдыздар жыпырлап тұр. Мені шығарып салып тұрып көкке қарап бірдеңе деп күбірлеген жездем ертең күннің жылы болатынын айтты. Ауадан ауылдың иісі аңқып тұр. Біреуге оның қандай иіс екенін, ненің иісі екенін айырып айтып бере алмайсың, бірақ, әйтеуір, танауыңды қытықтап, көкірек сарайыңды ашатын ғажап иіс. Дәлірек айтсақ, ауыл көктемінің иісі.

Орталық көшенің бойында электр шамдары жарқырап тұр. Көше мүлгіген тыныштық құшағында. Маң төбеттер ғана әр ауладан әуп-әуп етіп бір-екі үріп, иттік мндетінен құтылады. Біздің ауыл иттерінің өзі адам жатырқамайды. Батыс жақтағы шеткі көшеге түстім. Бұл – Дойна көшесі. Айтпақшы, бұл көше қазір олай аталмайды. Бұл қазір ауылымыздың өркендеуіне үлес қосқан, ел бірлігі жолында қызмет еткен Шаймағанбет Есұлы атындағы көше. Алпысыншы жылдардың ортасында Аққыр ауылының құрылысы басталғанда дәл осы көшені Молдавиядан келген құрылыс отряды салып, қазақтарға деген құрметінің, достығының белгісі ретінде «Дойна» деген атау беріп, тастан қашалған ескерткіш тақта орнатқан. «Дойна» – біздің тілде «Достық» деген мағына береді екен.

Иә, сол әкеміздің атымен аталатын көше бойымен келе жатырмын. Бағытым – ауылда тұратын сыныптас досымның үйі. Менің келгенімді естіген соң, мана күндіз телефонмен қонақ еткісі келетінін айтып, үйіне шақырған. Міне, досымның үйіне де кірдім. Сыртқы есікті ашқан бойдан қыстайғы сақталған сүр қазының иісі бұрқ етті. Құрдасымның келіншегі ауыл әйелдерінің әдетімен қонақ келгенше балаларын тойдырып қоймаққа әрекет етіп, кеше туған сиырдың «уыз көжесін» алдарына қойып жатыр екен...

Түн ауып кеткен. Құрдасымның ауласында тұрмыз. Ол ерініне насыбайын шиырып салып алып, үйдегі үзіліп қалған әңгімесін жалғап тұр. Көбі ауылдағы айтқыштардың бұралқы әзілдері. Ауылда аузы дуалы, тауып айтқан сөздері сол заматта алты дуанға тарап кететін ағаларымыз көп. Тек, мәнісін келтіріп, майын тамызып айтатын адамы болса болғаны, езуің күлкіден жиылмайды. Әңгіме ауаны құрдасымның шаруасына ойысты. Қорасына бес-алты сиыр, оншақты бас уақ мал ұстап отыр екен. Көктемді асыға күтетіндердің бірі – осы жігіт. Бұл да жылда ауыл сыртына бақша салып, бала-шағасының ырыздығын жерден айырып отыр. Жас болған соң қалаға қарай қоныс аудару ойын білмек ниетпен қойған сұрағыма көшпейтінін бірден шорт кесіп айтты. Үйдің кенжесі болған соң әке-шешесінен қалған қара шаңырақты қаңыратып бос тастамай, жұбайы екеуі отын тұтатып, ошағын ұстап отырғысы келеді екен. Әдепкіде қараңғыдан аңғармаппын, үйінің жанына 6-7 бөлмелі жаңа үйдің іргетасын да қалап қойыпты. Жаз шыға құрылысын бастамақ. Бір сөзбен айтқанда құрдасым ауылдың келешегіне сенеді. Әрине, келешекке сеніммен қарау – жүрегіңдегі үмітті өлтірмейді. Қара шаңыраққа ие болып, сол үйдің отын үзбей, ошағын күзетіп қалатын «кенже баланың» ойын іштей құптадым. Тіпті, төрт түлігінің тұяғы көбейіп жатса, өз қаржысына ауыл орталығынан шаштараз ашып, халыққа қызмет көрсетсем деген жақсы ниетін де жасырмады...

Ауылда екі күн болғанымда көшеде сенделіп бос жүрген адамды көзім шалмады. Барлығы өз тіршілігінің қамымен асығыс кетіп барады. Айтпақшы, сол түні құрдасым дастарқанға ішімдік қоймады. Өзі де «ащы суды» мүлдем татып алмайтын болыпты және қазірде ауыл адамдарының дені арақпен араздасқан, жастар жағының араққа мүлде әуестігі жоқ екенін есітіп қуандым...

Екі күн бойы ағама көмек бердім. Ауладағы бақша ішін ретке келтіріп, қоршауын бүтіндеп демалып отырмыз. Күн едәуір ұзарған. Сәскедегі шуақ, танауыңды жаратын ауыл көктемінің жұпар араласқан саф ауасы тұла-бойыңды рахатқа бөлеп, маужыратады...

Кенет, жақын маңнан шыққан дауыстан селк етіп, артымызға бұрылсақ, көрші әжей шарбақтың арғы бетінен айқайлап, бізді «уыз көжеге» шақырып тұр екен...