04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Қуаныш Жиенбай
Қуаныш Жиенбай - 1952 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бөген ауылында дүниеге келген.

Хайуанаттар бағының шақыру билеті






Қызық, қызық болғанда сұрамаңыз! Хайуанаттар бағының зоолог-маманы Несібелі Жүгінісованың мына тірлігіне таңданбайтын пенде табылса. Оу, бұл кісіге шынымен не көрінген, а?! Анда-санда ақыл-есінің ауытқып кететіні жоқ па екен деуге, тіпті аузың бармайды. Аузың бармағаннан бұрын әлгі күпірлік ойымды біреу-міреу сезіп қалмады ма деп, қарадай-қарап мазаң кетеді. Жан-жағыңа алақ-жұлақ көз жүгіртесің де, зәудесін барып тәубеңе түсесің. Ой, несін айтасыз, Несібелі секілділер сирек қой, сирек. Оқыған-тоқығанын жіпке тізсеңіз басыңыз айналады. Жә, өзіміздікін қойшы, ана бір жылдары заманның бет-алыс бағдары күрт өзгеріп, жұрт түкке түсіне алмай әрі-сәрі күй кешкен тұста Несібеліңіз еш қиналмастан шетел асып, ғылыми еңбегін со жақтан қорғап келген. Әрине, өзіне салсаңыз мұны бір елеулі оқиға деп елемейді. Ал хайуанаттар бағының директоры әрбір жиналыс, әрбір отырыс сайын «біздерде мынадай бар, мынадай бардың» кебін киіп, әжім торлаған қылдырықтай кеңірдегін арлы-берлі созғылап, Несібеліні қалай мақтаудың ретін таппай қиналады. Пенсияға бірер жылым қалғанда орнымды басып алар деп қауіптене ме, әлде сондайлық білім-білігімен жан-жануарлардың қолаңса иісі сасыған мына бақта Несібелінің төбе көрсетіп жүргендігін арқа тұта ма, әйтеуір көзәйнегі дымқылданғанша біраз жайдан хабар беріп үлгереді. Керісінше Несібеліге мұндай әңгіменің бірде-бірі әсер етпейді. Ондайда артқы орындықтың біріне жайғасып алады да түк болмағандай, балмұздағын жеп, қалтасынан тастамайтын қалақтай кітабын аспай-саспай парақтауға көшеді.

Міне, сөйткен Несібеліге бақтың өзге қызметшілері мен күзетшілер қауымының қарадай-қарап ит-жындары тырысады-ай! Дұрысы, сыртынан айтылатын жыбыр-жыбыр, күбір-күбір күңкіл ғой баяғы. Егер біз Несібелі болсақ... «Егер біз Несібелі болсақ, таң атар-атпаста бір нәрсесі ұмыт қалғандай, мына әдіре жегір баққа келіп не жынымыз бар. Жатпаймыз ба, есік пен төрдей кереуетте керіліп-созылып». Басыңның сәл сақинасы ұстады ма, қабылдау бөліміндегі жас қызға хабарлай сал. Ол бұл жайды дереу директордың құлағына жеткізеді. Директордан не сұрайсыз, әртіс қой әншейін. Әлгінің көзінше қарауындағы қызметкердің анау-мынауды сылтауратып, жұмыстан кешігуін жақтырмағандай қабағын түйіп, кейістік білдіргенімен, емен есік сырт етіп жабылған бойда жалма-жан қалта телефонына жармасады.

— Несібелі?!

— Оу.

— Қап, ай-а?! Сырқаттанып қалғанбысыз. Жеңіл жүресіз, жұмысқа да елден бұрын ерте келесіз... Бұл әңгіме екеуміздің арамызда қалсын. Маған десе зоопарктегі аң біткен бір-ақ күнде қырылып қалсын. Оған басым ауырмайды. Ал сіздің амандығыңыз бәрінен қымбат. Әсіресе, маған, өзіңізге қамқор болып жүретін мына жаман ағаңа!

— Не, не дейсіз, қой, олай демеңіз!— Несібелінің ардың-гүрдің мінезі белгілі ғой. Ол сол сәтте аузын дөңгелетіп, аспай-саспай артық-кемі жоқ былай дер еді:— Сіз немене, бір-ақ күнде жан-жануарларды қырып салмақпысыз, ондай праваны кім берді сізге?! Оның беті аулақ, егер ондай атты күн туса алдымен сіз қамаласыз түрмеге!

— Түрме! Қайдағы түрме?! — Директордың көзәйнегі әдеттегідей дымқылданып, құлақ шекесінің түбі тершіп, салалы саусақтары үсті-үстіне дірілдейді. Жатқан жыланның құйрығын басқан өзі, өзі кінәлі бәріне. Бүйтіп қамқорсығаны бар болсын! Көз алдынан сан түрлі оқиғалар керуені тізіліп өтеді. Бір айдан соң Оңтүстік Африкадан артынып-тартынып арнайы делегация келе жатыр осы жаққа. Анада мемлекетаралық келісімшартпен оншақты тотықұс пен оншақты түйеқұсты ту...у сонау жер түбінен алғызған. Мемлекеттік мүдде тұрғысынан шешілетін мәселенің өзі күлкі шақырады кей-кейде. Со бар болғыр он түрлі тотықұс пен сирақтары сидиған оншақты түйеқұсқа шығындалған қаржыны есептесеңіз, көзіңіз шарасынан шығады. Оу, сондай түйеқұсты Павлодардың Баянауылында бір фермер-қазақ бағып-қағып, шаруасын дөңгелетіп отырған көрінеді, әнекей! Өзіміздің Баянауылда. Және табиғатымызға төзімді, артық күтімді қажетсінбейді. Түйеқұстың аты— түйеқұс, маңдайында таңбасы, мойынында қарғыбауы жоқ. Ендеше оларды міндетті түрде мұхиттың арғы жағынан алғызу керек пе. Мақұл, әкелуін әкелді ғой, енді солардың артынан бір топ адам және келе жатыр салпақтап. Екі ел арасындағы «достық дәнекердің» Қазақстанға қалай жерсінгендігін, келешектегі өмір сүру дағдысын, тұқым өрбітуге қауқарлы ма, қауқарсыз ба... солардың бәрін өз көздерімен көрмекші, тәжірибе алмасып, біздің мамандармен халықаралық дәрежеде «дөңгелек стол» ұйымдастырмақшы. Ой, сонша гүмпілдеткенімен оның аяғы ақыры қаржыға келіп тірелер. Хайуанаттар бағының шашетек қаржысы болса оңды-солды шаша бермей ме, бүйтіп құдайдың зарын қылмай. Жоқ, бұлардыкі — «шықпа жаным, шықпа». Әлгілерді айтам да, тотықұс пен түйеқұстың жағдайлары жақсы екен деп, бірер күн аялдап, елдің тарихымен танысып, салт-дәстүрлеріне қызығушылық танытып, келген іздерімен кері қайтса сөз бар ма?! Әп, бәрекелді, әне қонақ қойдан жуас. Бірақ не істерсің, жеме-жемге келгенде ойдағының бәрі кері айналады. Олардың төрт мезгіл тамағы, жатар орны, олай-былай бой жазуы, жүріс-тұрысы... шығын ғой тұрғанымен, шығын. Жыл аяғында есептің қорытындысын тапсырасың жоғарғы жаққа. «Ізденіңдер, өз беттеріңше әрекет жасаңдар, қаржы көзін табыңдар!» Бүгінгінің көпке белгілі ұраны осындай. Көзге көрініп тұрған мүмкіндік болса бұлар да аянып қалмас қой. Онсызда күндерін әзер көріп жүрген күзетшілердің болмашы жалақысын қалай қысқартарсың, оған қалай дәтің барады. Сөйтеді де арыстанның аузынан жырып, таразыдағы шикі еттің бір ширегі шегеріледі, ақ аю теңіздің дәу бас сазандарын жемесе өлмес, тоғандағы торта-тобырды місе тұтсын әзірге, маймылдарға жеміс-жидектің өңшең тәттісін теріп бергеннен мүйіз шыға ма. Бір жақсысы, жан-жануарда тіл жоқ, не берсең соған риза. Ал жұмыр бастылар... соның бірі әлгі Несібелі. Сен өстіп күйіп-жанып, ана жыртықты бір жамап, мына жыртықты екі жамап, шыбын жаның көзіңе көрініп, шала бүлініп жүресің. Соған қарамай сырқаттанып қалған қызметкеріңнің қал-жағдайын сұрап, жылы-жылы сөйлескің келеді. Ал оныңыз салған жерден тұлданып, бір нәрсесін өткізіп қойғадай, өзіңе қарай қарсы шабуылдайды. Және істің байыбына бармай бірден түрмеге тоғытпақшы. «Мені түрмеге жапқысы келетіндер сенсіз де жетіп-артылады, қалқам!»

Директор дымқылданған көзәйнегін сүрткілеп, қоңқақ мұрын үстіне қайта қондырады. Креслодан тік көтеріліп, атшаптырым кабинет ішін олай-былай кезгілейді, ыстығым көтерілген жоқ па деп маңдайын ұстайды. «Өстіп жүріп инфаркт болмасақ көреғал!» Әлдекімге кейістік білдіргендей қабағын түйіп, орнына қайта келіп жайғасады. Оң жақ бүйірдегі ақ кнопканы үсті-үстіне мыжғылайды. Артынша қабылдау бөлмесіндегі өңсіздеу қыздың бір жақ шекесі көрінеді. «Шай, сүт қосылған ыстық шай!» Дауысын әдейі үстемелейді. Жел шығару керек қалайда. Тыныштық, өлі тыныштық. Сүт қосылған қою шай алтын патнос үстінде өңсіз қыздың мықынсыз қыпша белімен қоса билеп, буы бұрқырап, бері қарай жақындап келе жатады.

— Тоқ-та! — дейді директор,— Несібелі Жүгінісованың соңғы рет қашан бюллетень алғаны есіңде жоқ па?

— Несібелі Жүгінісова мен келгелі бірде-бір рет бюллетень алмаған! — Осы сұрақтың жауабын өмір бойы жаттан жүргендей, хатшы қыз лезде сарт еткізеді

— А...а, солай... солай деңіз! — Директор «боссыз, шыға беріңіз» деп ілмиген саусақтарымен ауа қармайды. Қою шай мидың өліп қалған талшықтарын құйрықтан түртіп, қайта оятады білем. Алыстан келген әтібірлі кісілермен шеттілінде ауызба-ауыз сөйлесетін де, «дөңгелек стол» ұйымдастыратын да, хайуанаттар бағы туалы мәліметтер беретін де, керек болса, әрине, өздерінің өтініштеріне орай, қала әкімінің қабылдауына алып кіретін де Несібелі! Тек қана Несібелі! Одан басқа ондай ауқымды шараларға тісі бататындар жоқтың қасы бұ маңда.

Телефонға қайта жармасады.

— Несібелі айналайын, мазалағаныма ғафу етіңіз. Мынаны қаперіңізге салайын деп. Асықай емделіп шығыңыз, ауруханаға жатсаңыз да еркіңіз. Ал санаторийге жолдама керек болса...

— Жо-жоқ, о не дегеніңіз, ертең ертемен жұмыста боламын. Оған қам жемеңіз. Болмашы, болмашы ғана бастың сақинасы.

Хайуанаттар бағының қызметшілеріне әрине, бұ секілді әңгімелердің қажеті шамалы. Бірақ қайтесіз, біреуді өсектемесек, біреуді жазғырмасақ, біреуді жамандамасақ өзегімізден ас жүре ме. Несібелінің таң білінер-білінбесте бақты біреу өртке орағандай, жан-жануарлардың тұс-тұсқа тұра қашып, от-жалынға оранған түрлеріне тек соның ғана жаны ашып, сондай сұмдықтан құтқарып қалу тек соның ғана қолынан келетіндей, әлі де өң мен түсті ажырата алмай, алау-далауы шығып, өз кілтімен қақпаны айқара ашып тастап, алқына жүгіріп келе жататын әрекетіне әбден көздері үйренген соң әңгіме ауаны солай қарай еріксіз ауа береді-дағы ит жегір!

ХХХ

Несібелінің қолынан түспейтін қоңыр кітап белгілі ақынның соңғы жыр жинағы болатын. Екі ауыз сөздің басын құрай алмаса да ақынға еліктейді, айна алдына барып, қолдарын арлы-берлі сермеп, шабыт буған шақтағы соның кейпіне еніп, әсіресе, махаббат жырларын жатқа оқығанда үйдің төбесін тесіп шығып, ақша бұлттардың арасында жүргендей сезінеді. Қандай рақат! Не құдіретінің барын кім білсін, осы кітаптың ақжемі шығып ескірген, жырым-жырым парақтарына үңілсе-ақ бітті, мына дүниенің кір-қоқысынан тазарып, жаны мен тәні аса бір жайлылықты сезініп, хайуанаттар бағындағы ертеңгі қым-қуыт шаруаны, тіпті қылдырықтай кеңірдегін созғылап, қаржы тапшылығы жайындағы жарапазанды тізбелей жөнелетін директордың шіңкілдеген дауысын да басы бүтін ұмытып, бір керемет құпия әлемнің құшағына кіреді де кетеді. Ақын жырлары жүрегіне науалап құйылып жататын рахман нұрынан аумайды. Әрине, Несібелі де ет пен сүйектен жаралған пенде. Ендеше, жан-жағындағы қаумалаған тіршіліктің жазылмаған қатал заңынан қайда қашып құтылады. Қатал болғанда сұрамаңыз, сенің еркіңнен тыс екпіні қатты сел-ағыс сәл қалғып, сәл маужырай бастасаң — түйе өркеш толқындар ағаш жаңқасындай қақпақылдап, ашық айдынға қарай жұлқи ала жөнеледі.

Иә, ертеңді-кеш осындасың, осы жердесің, көретінің, жүздесіп амандасатының таныс-біліс ниеттес адамдар. Анау айтқандай, аса бір күрделі тапсырмаларды мезгілінен бұрын орындап, дуылдатып, кернейлетіп ай сайын «рапорт тапсырып» жатпаса да, қала ортасындағы хайуанаттар бағының да өзіндік ішкі тәртібі бар, өзіндік ережелері бар. Осы ұжыммен түстік ішесің. Әлдекімнің әйелі босанады, әлдекімнің қызы тұрмысқа шығады, әлдекімнің ұлы үйленеді. Жалт-жұлт еткен зәулім мейрамханада екі жүз, үш жүз адам шақырып, аста-төк той жасамаса да әркім көрпесіне қарай көсіледі. Барымен базар. Ұжымнан бөлініп, оқтау жұтқандай сіресіп қашанғы жүресің. Несібелі де жұмыстан соң осындай шағын дастарханнан дәм татады. Бірақ үйінде баласы жылап, не күйеуіне ас әзірлейтіндей тыпыршып, ұзақ отыра алмайды. Отырғысы да келмейді. Себебі... тұс-тұстан: «бар өмірімізді зоопарктің сасық иісіне тұншықтырып өткіземіз бе? Біз де ел қатарлы бастаңғы жасап, ел қатарлы көңіл көтеретіндігімізді дәлелдейік өзгелерге!» дейтін... өзеуреген, гүжілдеген дауыстар барған сайын күш алып, барған сайын даңғыр-гүңгір көбейе түседі. Ал әйелдер іштерінде толық қалған тосын «жаңалықтарды» сыртқа шығарғанша жандары қалмайды. Алдымен бұлармен инедей байланыстары болмаса да, билік басындағылар жайлы «шежіре» шертіледі. Ананың әйелі, ананың күйеуі... олардың қалай киініп, қалай тұратыны... шетелдегі байлықтары... балаларының мінетін мәшинелері... көңілдестерінің кімдер екендігі, қойшы әйтеуір, бүгінгінің мұндай «ертегісі» жуық маңда түгесіле ме?! Тақырып ауқымды болғанымен, қолға ұстайтын нақты дәлелдер кемшін түседі де, бірден старт алған сыпсың келе-келе білтесі түгесілген шам секілді көмескілене береді. Ал зоопаркті қалай жатқызып, қалай тұрғызамыз десе де қолдарында ғой. Мәселен, арыстанның күшіктегені, түйенің боталағаны, дала бүркітінің қоршаудан сыңалау тауып, белгісіз жаққа ұшып кеткені қызық емес және оны мынадай ортада талқыға салу және ұят. «... Бухалтериядағы ана келіншекке не көрінген шырағым-ау, жыны басылмаған бұл еткен найсап! Ер-азаматтарды айналдырғаны аз еді, енді бозбалаларға ауыз сала бастапты...»

Несібелінің көз алды тұманданады, тамағы құрғап ашқарақтана әзер жұтынады. Құлақтың ішіне мын-миллион құрт-құмырысқа кіріп кеткендей, түк естімейді. Одан бұрын бойынан жан кетіп қалғандай, буын-буыны босап, аяғы ілдері қарай басқызбайды... Содан сүріне-қабына пәтеріне жетеді. Душ қабылдайды, ыстық кофе ішеді. Музыка тыңдайды. Бәрі, бәрі дұрыс-ау, бірақ өзі куәгер болған әлгі «драманың» теріс әсерлерін жуық маңда ұмыта алмайды, жуық маңда ащы тер секілді бойынан шығарып тастай алмайды. Кішкене көз іліндірсе кәнекей! Әрі төңбекшиді, бері дөңбекшиді. Секс фильмдердің касетасын қосады. Анайы, баяғы өліп-өшкен өтірік ыңқыл, ең болмаса жүректі бір дір еткізуге шамасы жетпейді. Төсек қатынасынан жұрт түңілген. Ашық-шашық, сезімі жоқ көз бояу. Орнынан сүйретіліп түрегеледі. Шашын жөндейді. Тамаққа тәбеті шамалы. Әлде бірер бокал вино ішіп, соның әсерімен тас бүркеніп ұйқыға кетсе. Біреулерге телефон соғып, біреулермен әзілдесіп, уақыт өткізсе қалай болар еді. Бірақ түн жарымында кімді мазалайсың, Несібелінің шектен шыққан мұндай «тәртіпсіздігі» кімге керек. Зообақтың бірді-екілі жігіттерімен қалжыңдары түзу. Көпшілігі үйленген, балалы-шағалы. Жазатайым телефонның екінші құлағын әйелдері көтерсе жағдай тұйыққа тірелді дей беріңіз. Ертеңінде әлгі батырыңның жүні жығылып, Несібеліні көрсе анадайдан тұра қашады. Түсінікті, ал түсінікті болса біреуді неге бекер жазғырасың. Терезеден төмен қарайды. Төмендегі тірліктің де оңғаны шамалы. Ішіп алғандарға не дауа, айналамызда емізулі сәбилер ұйықтап жатыр-ау, сырқаттанған қарт кісілер мазасызданады-ау, ертең ел жапатармағай жұмыстарына жүгіреді-ау, түнгі демалыстарына кесірімізді тигізбейік дейтін ақылға жүгінсе бүйте ме. Зәулім үйдің әр бұрышынан әлгілерді балағаттаған, жер-жебірлеріне жеткен, өктем райдағы ескертпелер де үздік-создық естіліп жатады: «Полицияға хабарладым, көздеріңе көк шыбын үймелетемін қазір!»

Несібелі денесі тоңазыған соң дереу терезені жаба қояды. Не істейді. Жо-жоқ, арылу керек бойдағы арам қаннан. Миығынан күледі, ойламаған жерден ақылды боп кететіні бар өстіп. Ой, данышпаным! Айтыла-айтыла әбден ығыры шығып, жауыр болған тіркестерді құдды өз жанынан жаңа шығарып айтып тұрғандай, әсіре әсерге бөленбесе не қылсын! Өз-өзін өстіп алдарқатады, а?! Бәлкім, осындай ұйқысыз, мазасыз түндердің сал ауруына себепші болатындығын да жаңадан біліп тұрған шығар. Ендеше не тұрыс, өзіңе-өзің жаулық тілеймісің, өз-өзіңнен ала алмай жүрген өшің бар ма?! Дереу қам жасап, ауырмаудың амалын ізде, дәрі іш, көңіл көтер. Түк таппасаң, ішіңнен ыңылдап өлең айт. Егер оған көнбесе...

Жүрегінің атша тулап, кеудеден атып шығатындай, сонша сұққылағаны. Тоқ-та, тоқтаңыз! Самайынан бұрқ ете қалған ащы терді сұқ саусағымен сылып тастайды. Бәли, жүйкесінің тоз-тозы шығатындай Несібеліге не көрінді, а?! Терезе жақтауынан біреу бар күшімен итеріп жібергендей, кері серпілді. Төсегіне барып шалқалай құлады. Жаңа әзірде секіріп кетуі керек пе еді жоғары жақтан! Ал секірді, мұнымен кімге қыр көрсетпекшісің?! Түкке түсіне алмады. Иә, жанынан безіп, ана жақта жұмақ күтіп тұрғандай бойға жабысқан психикалық ахуалдан айыға алмай, қас-қағымды өміріне нүкте қоятындарды, дәлірегі, өз-өзіне қол жұмсағандарды санап тауыса алса... Айтқандай, тұрмысқа шыға алмағаны кінәлі ме екен бәріне? Кәрі қыздар өстіп секіріп өле берсе...

А...а, не, не?! Несібеліні шынымен бір нәрсе иектегеннен сау ма?! Денесі түршігіп, иегі-иегіне тимей қалшылдады. Ақ түтек боранмен айқасып жүргендей. Ақ түтек боран. Мына айналаңдағы екі аяқты пенделердің бір-біріне деген ашкөздігі, қараулығы, бір-бірін көре алмауы, қызғаныш... алай-дүлей ақ түтек бораныңнан бір мысқал кем болса. Және сен де құлап-сүрініп, соның ішінде жүресің. Солардың жуық маңда бітпейтін де қоймайтын «сойқан соғыстарына» қатысасың, өзіңше біреулерді жақын тартқансып, әжік-гүжік бірдемелеріне құлақ қоясың, мақұлдайсың, бас изейсің. Әне, сенің де батпаққа батпаған түрің қайсы?!

Бір, не жарты сағат. Көзі ілінісіп кетіпті. Тың. Бой-сойы жеп-жеңіл. Жалма-жан әлденені жоғалтқандай, жан-жағын қарманып, қолға ілінген киімдерін олай лақтырып, былай лақтырып, бөлменің де ойран-ботқасын шығарды. Әне, біреу айтса сенбес еді, тегін емес, сірә, жұқарған жүйкені емдегені жөн болар. Оу, мана... ертеңгі алас-қапаста ұмытып кетермін деп, ақыл-есі бүп-бүтін кісіше ақын кітабының жыртылған беттерін жөндеп, кейбір тұстарын желімдеп, жұмыс костюмінің төс қалтасына салып қойғаны қайда. Ауызғы бөлмеге жүгірді. Тұр. Мұқабасы түтеленген қоңыр кітапқа жау тимепті. Екі иығын жұлып жеп, былайғы кезде моп-момақан көрінгенімен жұрт алдына шықса жыны қозып, екі қолын арлы-берлі сермеп, жөпелдемеде басқа әлемнің құшағына қалай кіріп кеткендігін аңғармай, көз алды сағымданып, не тұманданып, тыңдаушысының ұнатқан-ұнатпағандығын да місе тұтпай, күллі жырын жатқа оқитын ғажайып ақының соңғы жинағы. Ақын жырларына ғашық адамның бірі — мына Несібелі. Қоңыр кітаптағы жұтып қоятындай «бас-аяғы жұмыр келген» жақұт жырларды үтір-нүктесіне дейін жатқа білетін екі адам болса, соның бірі, егер жалғыз болса, сол жалғыздың өзі — Несібелі. Қоңыр кітаптың қимасына, қымбат қазынасына айналғалы қаш-шан! Кішкене көңіліне кірбің түсті ме, дереу кітаптың кез-келген бетін ашып жібереді де басын бастап, арғы жағын көзін жұмып алып, жүдемелете оқи жөнеледі. Қиналмайды, өзі сұранып, тіл ұшына оңай орала салатын жыр шумақтары бірімен-бірі үндестік тауып, қапелімде жан-жағынан қара дауыл тұрғызып, қапелімде жайма шуақ жаздың жадыраған шуақты күніне тап келгізіп, алай-дүлей сезім қақпақылына түседі де, дария ағысымен бірге жүйткіп аға жөнеледі. Күлкісі келеді, елді дүрліктіріп бар дауысымен айқайға басуға да шақ қалады. Таңғал, таңғалма, осы құдірет — беттері жұлым-жұлым мына кітаптың өн бойына сыйып тұр. Сыйғанда қандай, атақты экстрасенс алақанын маңдайыңызға тигізгендей, бойдағы арам қан атаулыдан бүтіндей айығып, арғымақтай шиыршық атып шыға келгеніңді де байқамай қаласың. Жұрт қайдан білсін, ал Несібелінің пайымдауынша осы заманның нағыз экстрасенсі — мына жырларды жазған ақын ағасы. Және біреудің қалтасына көзін сатпай, өз жүрек қалауымен қанша адамға күні-түн сеанс жүргізеді десеңші! Әсіресе, махаббат жырларындағы биоток толқыны аузы-мұрнынан шыға шүпілдеп толып тұр. Адал ниетпен ыңғай танытсаңыз, сұңғыла жырлар таңдайға жабысып, тұра-тұра қалады. Бал жұтқандай тамсанасыз, кейде кеңірдегіңе ащы өксік кептеледі... Жә, жетер, ақын жырларынан алған әсерін бұдан артық қайтіп жеткізеді, осыған да шүкірлік. Тағы бір аңғарғаны, ақын жырларын көрпенің астында тұншығып жатып, не терлеп-тепшіп шай ішіп отырып оқуға болмайды екен. Мұнысы тіпті кешірілмес күнә. Ақын жырларын дәл өзі секілді айна алдына барып, ара-тұра өкшесін жерден көтеріп-көтеріп қойып, екі қолын оңды-солды сермеп, мына жалғанда өзінен басқа пенде барын қаперден шығарып, емін-еркін, алаңсыз оқығаны абзал.

Несібелі де сөйтеді, қазір де талай жырды жүдемелетіп төкті де тастады. Тынысы ашылып, оқыған үстіне оқи беруге қайлы. Түн жарымынан ауды-ау, ертең де өмір бар-ау, шаршап-шалдығып ертеңгі «пяти минуткіде» қалғып-мүлгіп отырмайын деген ой басына кіріп шықса, кәні! Ақын жырына өлердей ғашық ұрғашы, ал ақынның жеке басына қалай қарайды?! Туһ, осындай да жиіркенішті, осындай да тұрпайы сұрақ болады, ә?! Бұған жауап беруге Несібелі әлі дайын емес-ті!

Кенет айнаның арғы бетінен ақын бейнесінің жылт етіп көріне қалғаны.

— Амансыз ба, қалқам, менің өлеңдерімді мүдірместен жатқа оқиды екенсіз. Ай аралатып па, жыл аралатып па, орайы келгенде оқырмандармен жүздесіп тұрамын ғой. Сондай кешке келсеңізші.

— Ой, ағай, сіз де айтасыз-ау! Мен сіздің осы қалада өтетін кештеріңіз түгілі, Шымкентегі, Қызылордадағы, Тараздағы кештеріңізге де шақырусыз барып, бастан-аяқ қатысып жүрген жоқпын ба?! Құлағым шалса бітті, кешіңіздің қай жерде өтетіні сөз емес, жұмыстың бәрін жиып тастаймын да Қиыр Шығыста болса да жетіп барамын. Бірақ сіз мені байқамайсыз. Қолды-аяққа тұрмай мазасыздау күйге түсемін сонан соң, жүгіріп барып шүмектеп аққан маңдай теріңізді сүрткім келеді; өз қолыммен шөліркеген, қарлыққан тамағыңызға су тамызғым келеді.

— Бәли, мынадай заманда сіздей әпендіні көріп тұрғаным осы. Атыңыз кім?

— Оның қажеті қанша?

— Қажет, ең болмаса бір кітабыма қолтаңба жазып берейін.

— Сосын?..

— Одан басқа, одан басқа ақынның қолынан не келеді.

— Келістік, қашан?

— Кез-келген уақытта...

Айна бетіндегі ақын бейнесі тыстан түскен таңғы сәуле әсерімен көмескілене бастайды. Несібелі жұмысқа бармас бұрын асүйге кіріп, бір шыны шай ішуге оқталды.

ХХХ

Бұл ағайынның аңқаулығына не берерсіз?! Несібелінің қолынан түспейтін қоңыр кітапты олар зоолог-маманның жан-жануарлар әлеміндегі өзгерістерді жазып жүретін күнделік-журналы деп түсінеді екен ғой. Ғылыми жұмысын жалғастырғысы келетін Несібеліге, әрине күнделік жүргізу жарасып-ақ тұр. Ал Несібелінің әр клетканың тұсына келіп, ақын жырларын нәшіне келтіріп оқып тұратындығын қайдан білсін қайран қазақ! Жан-жануардың жаратылысы солай, дәп бір атақты ақын жырларына шөліркеп жүргендей, құлақ қақпастан мүлгіп тұра береді. Біреуі бетіңе келіп, қарсы сұрақ та қоймайды: «Бар қызықты кітаптан іздеген қияли сорлы!..», «осы заманда кітаптың сөзі азық болса көре ғал!», «қолынан кітабы түспейтін гүлзар бақтағы хор қызы құсап...» Оу, қалай дегенде де мұндай сөздерге кісі кейістік білдіре ме? Керісінше тұла бойын тосын күш билеп, жігерлене түседі. Төңірегі сұлулық құшағында. Сұлулық. Хайуанаттар бағы бүтіндей ақын жырына ұйыған. Тыныштық. Жайма шуақ тыныштықта ақын жырлары ғана өз үстемдігін жүргізіп жатыр. Несібелі «клиеттеріне» жыр оқудан шаршамайды.

Жын соққандай түс ауа ешкімге білдірместен жұмыстан кетті де қалды. Таксилетіп үйіне жетті. Сәнді көйлектерінің бірін киіп, бірін шешіп, шала бүлінді. Айна алдына мың мәрте барып, бой-сойын түзеді. Шашын берде төбесіне үйіп, бірде мойнына төгілдіріп бос жіберді. Өзі де әдемі ғой, әдемі. Бүгін «Студенттер сарайында» ақын әдеттегідей оқырмандарымен жүздеспекші. Несібелі мұнан бір апта бұрын алдыңғы қатардан орын сайлап қойған. Ақынды жақын маңнан көріп отырмақшы. Одан бұрын... кездесу аяқталған соң қаумалаған жұрт ақынды сахнадан жібермей, бірі кітабына қолтаңба жазғызып, бірі әлденені сұрап, бірі қонаққа шақырып дегендей біразға дейін жібермей тұрып алады ғой. Міне, сондай да Несібелі де қайраттанып, қалың нөпірдің арасынан сыңалау тауып, әбден ақжемі шығып жыртылған, түтеленген ескі кітапты ақынның қолына табыстайды. Ешқандай жауап та күтпейді. Ақын шығармашылығына деген қарапайым оқырманның ғашық жүрегін солай түсінсін.

ХХХ

Келер айдың басында хайуанаттар бағының директоры қатпарланған қылдырықтай кеңірдегін арлы-берлі созғылап, тілдей қағазға қайта-қайта үңіліп, өзімен-өзі шала бүлініп, ұрысып жатты.

— Бұл не масқара, бұл не масқара! Атақты... ел сыйлайтын ақынды хайуанаттар бағына кездесуге шақырған бұл қай жүрек жұтқан?!.. Кімді жинаймыз бұл араға?!.. Шақырдың ба, сый-сияпатыңды әзірле... Күнімізді әзер көріп отырғанда...

Ұзын дәліз бойымен өз бөлмесіне бұрыла берген Несібелі директордың ышқынған дауысын естіп, еріксіз күліп жіберді.