05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Қуаныш Жиенбай
Қуаныш Жиенбай - 1952 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бөген ауылында дүниеге келген.

Түнде атылған оқ






Үйге не үшін кіргендігін өзі де түсінбейді, артынша сыртқа бір нәрсесін ұмыт қалдырғандай атып шығады. Атып шыққанымен иненің жасуындай пайдалы іспен айналысса екен-ау! Бар бітіргені, есік алдындағы тақтайшаға құйрық қойып, шылым шегу. Шылымды да соңына дейін тауысып шекпейді, ортаң беліне дейін сорғыштайды да ерінін шүйіріп, саусақ ұшымен аулаққа шертіп кеп жібереді. Сосын тамақ түймесін ағытып, ойсоқты кісіше екі көзі бір нүктеге қадалып, көптен ұстара көрмеген екі жағын мүйізгек басқан алақанымен алма-кезек сипалап, мазасыздау күй кешеді. Оу, жұрт құсап ертелі-кеш кеңсе күзетпесе де, жеке шаруашылығын күйттеуге келгенде уақыт жеткізе алмай, екі иығын жұлып жеп, құрқол қарап отыру дегенді тіпті ақылға сыйғыза алмайтын Қоңырбайдың мына секілді бұйығы тірлігін кім көрген?! Атшаптырым ауланың бұрыш-бұрышына тау боп үйілген сіреу қар өздігінен далаға шықса жақсы ғой. Ертең күн жылт етісімен есіктің алды көлкіген көлшікке айналады. Бала-шаға түгілі күнде кешкілік мектептен діңкелеп қайтатын келіншегі Қаншайым да шалшық суға сужаңа етігін қор қылғысы келмегендей, аттап-бұттап табалдырыққа әзер жетеді. Сырт киімдерін шешіп жатып: «Ең құрыса аяқ-жолымызды тауып жүрейік те...» деп Қоңырбайға назар салмастан кәдімгідей зілдене сөйлейді. Сөйтеді де есікті қаттырақ жауып, арғы бөлмеге өтіп кетеді. Ол сөздің түйінін Қоңырбай тайға таңба басқандай түсіне қояды: «Күні бойы үйдесің, үйге де қарасаң қайтеді бір уақ...»

Иә, қарамай жүр еді! Екі қабатты зәулім үйдің еденін жалтыратып, құстың ұясындай жып-жылы етіп, отын-суын ерте бастан әзірлейтін кім; супермаркеттің жаңа түскен тағамдарын тоңазытқышқа толтырып, кешкі асқа жарайтындарын алдын-ала аршып, тазалайтын кім?! Жә, еркек басымен әйелмен салғыласып, ұпай түгендей алар ма. Қоңырбай үндемейді. Бір жағынан келіншегін де аяйды. Орта мектептің ащы ішектей созылып, өмірі түгесілмейтін тірлігінен Қоңырбай да хабардар. Бір-екі жыл оның да әуселесін көрген. «Әйеліммен бір жерде қызмет істегенім жарамас, одан жеке кәсіпшілікте бағымды сынайын, азды-көпті өмірлік тәжірибем бар, аштан өліп көштен қалмаспыз» деп, мұнан үш-төрт жыл бұрын еңбек пәнінің ортаң қолдай мұғалімі Қоңырбай Балтабаев өз еркімен арыз жазып, мектеппен қоштасқан. Осы шешім өзіне бек ұнайды. Жүрсе жүре берер еді сүйретіліп. Оның үстіне осы күндері жоғары сынып оқушыларына сабақ беру — тұрғанымен азап. Қаншайымның күңкілін түсіністікпен қабылдайды сондықтан. Әйтпесе, айдың-күннің аманында алай-дүлей боран соққызатындай дүлей ашу Қоңырбайдың бойынан да молынан ұшырасады. Дегенмен сабырлы. «Қарды асылы күреп тастармын, не екі-үш жігітті жалдап, мәшинеге тиетіп жіберермін» деп шешті ішінен. Күртешесінің сол қалтасына қайтіп қол жүгірткенін, қымбат сигареттің бір талына қайтіп от тұтатып үлгергендігін өзі де аңғармады. Не ғып шектен тыс шылымқор боп кетті бүгін?

Қақпаның кнопкалы темір есігі сырт етіп ашылды да, сегізіншіде оқитын үлкен қызы — Сандуғаш алдыр-салдыр сөйлей кірді.

— Папа?

— А...а, не, не дедің?!

— Бүгін бір түрлісіз ғой өзіңіз.

— Бір түрлі... бір түрлісі қалай?

— Сабақ қалай өтті деп те сұрамайсыз ең болмаса. Математикадан — бақылау. Әдебиеттен — «бес».

— Маладес! — Шылымды дәл өткен жолғыдай ернін шүйіріп, саусақ ұшымен шертіп жіберді. — Бақылау есепті түгел шығардың ба?

— Шығаруын шығардық қой...

— Қай есептен күмәнің бар?

— Бәрі дұрыс, тек аздап асықтым.

— Неге асықтың, асықпау керек еді.

— Артымда отырған бір бала... құлағымның түбінен ызыңдап...

— Есептің жауабын тексеріп берші деді ме?

— Жо-ға.

— Ал қызық...

— Қызық болғанда... мектептен бірге шығып, үйге бірге қайтайықшы деп, сонша жалынғаны.

— Қарай гөр, немене, сенсіз жалғыз жүрсе қасқыр жей ме?!

— Соны айтам...

— Мына біреу маза бермеді деп мұғалімге неге жалыбы жасамадың?

— Білмеймін, аядым. Апай сойып салады ғой деп аядым.

— Үн-түнсіз отыра бердің бе сосын?

— Бір жағынан... бір жағынан соным да дұрыс болған шығар. Кешіріммен қарадым.

— Кешірімшілін!

— Өзі бір... өзі бір үсті-басын күтіп ұстайтын тәртіпті, ұяң...

— Қайдағы тәртіп, қайдағы ұяң... мен мұнан ешқандай тәртіптілік көріп тұрғаным жоқ. Бақылау үстінде біреу менің артымнан қыңқылдаса...

— Жо-жоқ, құлағымның түбінен. Аузынан шыққан ыстық демін де сезіп отырдым.

— Ол кім, кімнің баласы? Айтшы кәне, әкесін көзіне көрсетейін! — Қоңырбай дауысын әдейі көтеріп, қызының алау-далау жүзіне қуақылана жымиды: — Кімнің қызымен әзілдесуді білмей жүр екен?! Тоқтай тұр бәлем, ондай-ондай боқмұрынның тәубесіне келтіру түк емес мен үшін!

Әкесінің бекерден-бекер «нервісін» қоздырғанына қызы да іштей өкінді.

— Бір білместік болған шығар, — деді ақырында бәтеңкесінің тұмсығымен сызды топырақты сызғылап тұрып.

— Ал кәне, кімнің баласы дедің? — Қоңырбай тап қазір тұра жүгіретіндей кейіп танытты. Орнынан сүлесоқтау түрегеліп, өкшесі қисайған керзі етігінің қонышын тартқылады. Өзіне солай көрінді ме, Сандуғашының үлкен көздері үсті-үстіне жыпылықтап, әкесінің өңірін қаусырмалады да, әлгі сұраққа жауап берместен тырп-тырп басып, ағаш басқышпен жоғары өрледі. «Әне, өмір солай, бұл бой түзеудің алғы шарты. Бұған істейтін қайраның да шамалы». Қарсылық танытқандай ма, әлде мақұлдағандай ма, екіұдай сезім алқымға тірелді де, еріксізден еріксіз басын шайқады.

Темір тордағы тауықтарға тыным жоқ. Қалайы табақшадағы ақталмаған күріш дәнін бір шұқып, артынша астаудың қанжылым суынан бір ұрттайды да, ұртындағыны аспанға қарап қылқ еткізеді. Аспанға қарағаны, сірә : «О, Жаратқан, бір ұрттам суды армансыз жұтуға мүмкіндік жасаған шексіз рақымыңа құлдық!» дегені болар?! Мұндай кереметті бұрын не ғып байқамаған? Ақшыт аспаннан бір нәрсе түсер болса, аспанға қараудан шаршамас еді-ау, бірақ Қоңырбай осындай қиналған сәтінде о түгілі жер бетіндегілерден титімдей жәрдем көрсе, кәні! Жан-жағы өлі тыныштық. Тек ара-тұра күнге қыздырынып, қанаттарын еріншектене қағып, сирақтарын арлы-берлі созғылап, бейқам жүрген тауықтар ғана Қоңырбайдың мына шарасыздығына шынымен таң қалғандай, көз алдарындағы дәу Көлеңкеге жылт-жылт қарайды. Оу, бұл дәу Көлеңкенің дәл осы уақытта жау тигендей дән толы қанар қапты арқалап әкеліп, жайдақ қораның бір құшақ шаңын бұрқ еткізіп, лақтырып тастап қайқайып жүре беретіні қайда; қамыс сарайдағы үш доңғалақты «Урал» мотоциклін өкпеге бір теуіп, ауланы көк түтінге көміп, бір жақтарға шұғыл аттанып кете баратыны қайда?! Көп айналмай қайта оралады. Жайбарақат жүре алмайды Қоңырбай. Асығыс. Оны айтасыз, шылымды да бүйтіп бейқам отырып шеккен емес. Езуіне еріншектене қыстырғаны болмаса, онысы кейде өздігінен жанып бітеді, не олай-былай көстеңдеп жүргенде өздігінен сөніп тынады. Сосын қамыс сарайдағы тарс-тұрс дауыстар үдей түседі, төске соғылған балғаның жер тітіркендірер дүрсілі-ақ миыңды шағады. Электр дәнекерлегіштің көз қарықтырар жарқылы да жаныңды жейді. Сөйткенше әлдебір жеңіл мәшинелер қамыс сарайға артымен кіріп, ізінше алдымен шығып жатады.

Ортаншысы — бесінші сыныптың оқушысы Төребай, әпке-қарындастарына қарағанда батылдау. Еркек. Әкесімен де еркін сөйлесетін сол. Телевизордың шатырға орнатылған антеннасы желдің екпінімен бұрылып кетсе, бәрі жабылып көріп отырған әдемі мультфильмнің шәт-шәлекейі шығады.

— Ал Төребай...

— Соқталдай жігіт қой біздің Төребай...

— Әкесінің ізбасары...

— Төребай болмаса, өңшең қыздар біз не бітіреміз?..

Мұндай мақтау-марапат Төребайдың да жанына майдай жағады білем. Жалаң аяқ, жалаң бас, үйден атып шығады. Әкесінің қолы бос па, бос емес пе, оған бәрібір.

— Аманшылық па? — Белуардан келетін қазан шұңқырда иіліп-бүгіліп жеңіл мәшиненің әлдебір тетігін жөндеп жатқан Қоңырбай ұлына немкеттілеу назар жығады.

— Телевизор көрсетпей қалды.

— Өй, сендер де! Ертең көре қал, сол телевизор асырайды сендерді! — Май-май қолын жүре сүртіп, сәкімен үйдің шатырына өрмелеп бара жатады.

Міне, қызық! Бүгін сол дәу Көлеңкенің күллі дүниеден түңіліп, бір шұқым боп бүрісіп отырған түрі мынау. Тіпті қалайы табақшадағы ақталмаған күріш дәнінің ортайып қалғандығымен де шаруасы жоқ. Тауықтар күлге аунап жұмыртқалай ма екен сонда?!

Сандуғаш үйге киетін жеңіл киімдерін иығына іле салып, ылдым-жылдым тауық қораға кірді де кетті. Қараңғы түкпірдегі мамық төсенішті әлжуаз саусақтарымен сипалап жүріп, жып-жылы бес-алты жұмыртқаны көйлегінің етегіне салып алды да, бір нәрсе тындырғандай жүзі бал-бұл жанып, күлімсіреп қайта шықты.

— Папа! — деді кезекті сигаретін тұтатып үлгерген Қоңырбайдың жанына бұйымтай айтатын кісіше жақындай түсіп, — әлгі әңгіме екеуміздің арамызда қалсын. Мамам білсе тірілей терімді сыпырады. Келістік пе?

— Келістік.

ХХХ

Оу, айдалада тегін дүние өздігінен шашылып жатса жан қинамай, уақыт шығындамай керегінше жинап ала бермей ме. Ондай батпанқұйрық Қоңырбайға әлі кезікпепті. Болар-болмас бой тіктеп, ел қатарына қосылғандардың санатына іліксе, ол — табан ақы, маңдай терінің арқасы. Үй тұрғызсын, қолының ептілігінің арқасында мәшине жөндесін, көктем мезгілінде ауыл іргесінде тау боп үйіліп қалатын дария сеңін жарылғыш затпен бомбаласын, осының бәрі Қоңырбайға құдайдың оң көзімен қарағаны. Арыдан сілтегенде азын-аулақ беделі. Бұл ауылда Қоңырбай секілді қаншама адам бос жүр. Олардың да сенделіп бос жүрейін деген ниеттері болмас, шаруаның иінін келістіре алмайды көбісі, бастаған істері орта жолда тоқтап қалады, не әкім-қаралармен дұрыстан сөйлесе алмайды.

Ал Қоңырбай «мен темірден түйін түйетін шебермін» деп өзін жалқы сәт жарнамаласа, кәнікей! Қысылтаяң шаруасы барлардың өздері-ақ іздеп келеді. Өздері іздеп келген соң кекірейіп, кісімсінудің қажеті қанша. Ондайда өліп-тіріледі, аянып қалу дегенді атамаңыз! «Азды-көпті қызметімнің ақысы төленеді, қазір нарық заманы ғой» деп әлдекімдермен есептесіп те жатпайды. Бергеніне риза, бермесе де өкпелемейді. Сосын Қоңырбай төрт құбыласы түгел адамша алшаң басып, әндетіп жүре береді. Бұйырған несібе сырт айналып кетпес. Күрежолдың бойымен арлы-берлі ағылған жеңіл мәшинелерден кішкене ақау шықса, оған бас ауыртып қайтеді, дереу Қоңырбайдың үйіне қарай бұрылады. Қоңырбайдың қамыс сарайы құрал-сайманға лықа толып тұр. Кішігірім зауыт дерсің кәдімгі. Және Қоңырбай жөндеген мәшине бір-екі айға дейін бұзылмайды. Яғни, Қоңырбайға бергенің адал. Жарнама дегенің, әне сол!

Жә, бұл мәселе түсінікті ғой. Бұрындары теңіз сағасына тақау қоныстанған осы ауыл жылдың дәл осы уағында абыр-сабыр боп, дүрлігетін де жататын. Дария ағысымен жоғарыдан жөңкіле ағып жеткен сең осы тұсқа келгенде кимелеп, бірінің үстіне бірі мініп, соның әсерінен қызыл су далаға жайылып, ауыл-аймақтың зәре-құтын алатын. Бір-ақ күнде апатты жағдай қалыптасып үлгереді. Аудан орталығынан келетін көмек шамалы. Ағыс енді сәл көтерілсе төңірек түгел су астында қалмақшы. Дарияның ернеуіне құмнан тұрғызылған дамба қай жыртығыңды бүтіндейді. Топан судың екпіні ана жерден де, мына жерден де «құлақ» шығарып, діңкеңді құртады. Кептеліп тұрған сеңді төмен ыдыратпаса қауіп сейілмейді. Күрек ұстауға қауқары жететін қарияға дейін кеудесін сүйретіп жағалауда жүреді. Күні-түні күзет. «Қой бүйтіп, бейшараның күйін кешу жарамас, тұйықтан шығатын жол іздейін» деп Қоңырбай іштей тас түйін бекінген. Қымбат шылымды да өстіп үсті-үстіне сорғыштады. Қамыс сарайға бір кіріп, бір шықты. Қоңырбайдың қамыс сарайы құрал-сайманның ғана қоймасы емес, ақыл-ойдың да қазына қоймасы болып шықты ақыры. Тапты. Соған бола шаршап-шалдыққандығын айтсаңшы! Оның құпиясы институтта оқып жүрген кезінен белгілі болатын. Кейіннен керегі болмаған соң соншалық мән бермеген-ді. Ал Қоңырбай аңға шықсын, шықпасын оқ-дәріден қиналмайды, оны олай өткен мен былай өткеннің өздері-ақ әкеп тастайды. Себебі, Қоңырбай олардың ең сенімді адамы. Жақсылыққа — жақсылық. Сол оқ-дәрінің көмегімен қуаты күшті қопарғыш затты өзі жасаса, оны қалаған сеңнің астына жасырып, кнопканы Қаншайымның шәйін ішіп отырып-ақ басып жіберетіндей жағдайға жеткізсе — немене, Қоңырбайдың бір нәрсесі кете ме. Қопарылған сең мың-миллион бөлшекке бөлінеді де ағыс тоқтаусыз жөңкіліп, теңіз табанынан бір-ақ шығады. Бәрінен бұрын «төтенше жағдайдың» беті қайтады. Елдің Қоңырбайға айтар алғысы ағыл-тегіл.

Міне, екі-үш жылдан бері бұл ауыл топан су тасқынынан аман. «Әрине, Қоңырбайдың алтын қолының арқасында!..» Жергілікті газеттің жігіттері өстіп көпіртіп жазғанда бар ма, ұялғаннан жердің жыртығына кіріп кете жаздайды. «Тым асыра сілтейді. Жәрдемдесті десе де жетеді ғой...»

Бүгін, бүгін болғанда да мана, күн шықпай жатып, әлдене күйіп, өртеніп жатқандай ауыл әкімінің Қоңырбайды шұғыл кеңсеге шақырғаны. Шақырса бару керек болар. Үйі мен әкімшілік арасы әудем жер. Үш аяқты «Урал» мотоциклімен секектегісі келмеді. Қарсы кезіккен ауылдастарымен емен-жарқын амандасайын деді бір ойы. «Қоңырбай кісікиіктеніп, бізден ірге ажыратқалы қаш-шан» деп өсектеп жүре ме, кім білсін. «Ірге ажырататындай бұл ауылдан көшкелі жатқан Қоңырбай жоқ. Кісіні өстіп күйдіресіңдер-ау, сабаздар! Үйге бас сұққандарыңды шай-сусыз қашан аттандырып ем. Ақиқатында, сендер секілді бос сенделіп жүре алмаймын. Бар болмысым, жаратылысым осы. Ал дүниеқұмар, ашкөз десеңдер, оңбай қателесесіңдер. Ешкімнің ала жібін аттағам жоқ. Табыс тапсам — ақ адал еңбегім. Өйтіп жазғырмаңдар, Қоңырбай әлі керек сіздерге!..»

Қарсы жолығысқан ауылдастары айран-асыр. Жандарынан апыл-ғұпыл бас изесіп қана зулап өте шығатын Қоңырбай бүгін қалай өзгерген, а?! Аялдайды, хал-ахуалыңды, үй-ішінің амандығын, тіпті мектепке баратын балаларыңның атын атап, түсін түстеп, тәтпіштеп сұрастырады. Оу, сөйткен Қоңырбайға қайтіп ішің жылымайды. Жасыратыны жоқ, кейбір алас-қапаста өз балаңның аты-жөні еске түспей, әуреге салады емес пе. Ал сол жамандардың қай сыныпта оқитындығын, оларға кімдердің сабақ беретіндігін, кімдердің компьютерге әуестігін Қоңырбай сарт та сұрт санап бергенде, не айтарыңды білмей сасқалақтайды екенсің!

Қоңырбай да өстіп біраз борыштан құтылған. Тек әкімнің не үшін шақырғандығына қайран. Әкімнің бекерге шақырмайтындығы және белгілі. Дария ағысы қалыпты. Қыс бойы жекешенің азын-аулақ малына тыныштық бермеген қасқырлардың да үні өшкен. Қасқырға қасқыр адам кезіксе түз тағысы құйрығын бұтына қысып, айылын жияды екен де. Бұған келгенде де Қоңырбайдың асығы алшысынан түсті. Екі жеп биге шықты. Несі кетеді, моторлы шанасы бар, алыстан көздегенін қалпақтай ұшыратын супер мылтығы бар Қоңырбайдың айдың-күннің аманында ағайынның бір-екі қарасын қасқырға талатып қойып, тыныш отыруы ақылға сия ма?! Атамаңыз, әкімшілік «охотсоюдың» рұқсатын әперсе, Қоңырбай қыран секілді дүр етіп ұшуға дайын. Қасқыр аулауға алақаны бұрыннан қышып жүретін. Себеп табылды. Жыртқышты желеп-жебесең күндердің күнінде қорадағы қойыңды тамақтап кетер. Жұрт мұндайда мұң-зарын Қоңырбайға айтпағанда, кімге айтады. Әкімнің де табан тірегені — Қоңырбай. Қасырдың әрбір терісіне төленетін сыйақысы да қомақты. Және қолма-қол.

Әкімнің дене бітімі төртбақ, қимыл-қозғалысы ширақ. Сөзге де шешен. Қолдан келетін мәселені сөз бұйдаға салмай тез шешеді.

— Биыл қанша қасқырдың терісін өткіздіңіз қазынаға? — деді салғаннан.

— Ол өзіңізге белгілі емес пе, он бес— он алты...

— Жо-жоқ, маған нақты саны керек. Нақтысы! — Дауыс ырғағында сәл салқындық бар. Баяғы: «Сені берген құдай бізді өлтірсін бе, Қоңырбай! Бұға берсең бұл қасқыр малды қойып, адамға шабар. Бар үміт өзіңде. Ал заң тұрғысынан реттеу, табиғи ортаға келер зиян, сіздің браконьер еместігіңді растау жағын бізге қалдырыңыз. Одан қам жемеңіз!» дейтін кешегі мәймөңке мінез қайда қалды деп соған іштей қапа болған-ды Қоңырбай.

— Он бес қасқыр терісін өткіздім дейсіз, ә?

— Солай, сіз не, маған сенбей тұрсыз ба? — Қоңырбайдың дауысы да қатқылдау естілді. Әкімнің өткен жолғы кескін-келбеті көз алдында.

— Неге? Сізге сенбегенде кімге сенеміз. — Қоңырбайдың үсті-басына сүлесоқтау назар жықты, — Мәселе былай. «Охотсоюздың» басшылары сізге өкпелі.

— Не ғып, мен не істеппін?!

— Біздің рұқсатымызсыз қасқыр аулады, табиғи ортаға айтарлықтай залал келтірді. Оның үстіне қаруы тіркелмеген. Тіркелмеген қаруға мемлекеттік тұрғыдан айыппұл салынады... Тағатын кінәларына сірә, шашының түгі жетпес. Қалғанын аудан орталығына барып, әлгілердің өз ауыздарынан естігеніңіз жөн болар.

— Бастапқы уәде олай емес еді ғой.

— Біз де аянып жатқан жоқпыз! Құдайдың зарын қылып, үлкен басымызды кіші етіп, алдарына жүгіндік. Тыңдайтын емес, тыңдамақ түгілі... осы іске сіздің де «үлесіңіз» бар шығар деп, ақыры өзіме бас салды. Түрлері жаман...

— Ол қандай «үлес», оқ-дәріден көмектестіңіз дей ме?

— Ол бер жағы ғой, ауыз жаласады дейтін болар. Олардікі барып тұрған жала. Кісіні қаралау. Қасқырдың терісі түгілі, бір тиыныңызға кесірімізді тигізсек, не дейсіз?! Есепшінің актісі де тура қолмен ойғандай, дәлме-дәл. Қалғаны өзіңізге байланысты.

— Мәселе менің аудан орталығына барып-келуіме тіреліп тұр-ау шамасы?!

— Әне, оны өзіңіз де біліп тұрсыз.

— Мақұл, о жағын көре жатармыз. Қол тисе... — Қоңырбай емен есікті қаттырақ жауып шығып кетті.

ХХХ

Аядай ауылда зиялы дейтіндер саусақпен санарлық. Орта мектептің директоры, ауыл әкімі, пошта бастығы, балық зауытының директоры... тізімге алдымен ілігетін осылар. Ал су торабының меңгерушісі бұлардың тобына кейде қосылады, кейде қосылмайды. Сөздің жүйесін түсінбей ме, әлде әдейі әпенді болғысы келе ме, осы ауылдың абырой-беделі бәрімізге ортақ қой деп қаншалықты ішке тартайын десең де, қайдағы-жоқты араға тықпалап, ай далаға лағады. Әйелі құм құрсауындағы ауылда не бар, ендігі қалған ғұмырымды құм көшкінімен алысып өлсін демесең — бармаймын да, бармаймын деп, табандап көшпей отырған көрінеді. Әйеліне үкімін жүргізе алмаған еркектің телпегін қақырайтудың қажеті не. Аман болсын да, жүре берсін.

Зиялы топтың да қарапайым жұрттан бөлектеніп, ара-тұра іште қордаланып қалған «желді» есебін тауып сыртқа шығарып тастағылары келеді; олардың да ертеңді-кеш қайыс креслода құйрық қажатып отыра бермей, бой жазып, емін-еркін көсіліп, әңгіме-дүкен құрғылары келеді, әуелетіп ән салғылары келеді. Жұмыс, жұмыс түгесіле ме. Өстіп бірді-бірге жалғайын деп жанығып жүргенде, қалпақтай ұшсаң, дүниенің шолақтығын әне, сонда түсінерсің!

Мектеп директоры Құтекең, Құтмағамбет ақсақал жалпы пейілі кең, біреуге жаманшылық тілемейтін жақсы адам. Пенсия жасынан әлдеқашан асса да, әлі күнге дейін сүйретіліп қызмет жасап жүргендігіне ептеп қысылады. Қысылмайды, орнымды басатын бір жалмаңдаған жас жігіт қашан төбеден дүрс ете қалар екен деп, содан қаймығады. Өзіне салса денсаушылығым әлі мықты, асқазаным дін-аман, басым компьютер секілді сарт та сұрт жұмыс істеп тұр деп, желпіне сөйлеуді де артық санамайды. Мұның сырын түсінбейтіндей, немене ауыл әкімі ақымақ па?! Әрнені сылтауратып, үйіне жиі қонақ шақыратын себебі, егер тұтқиылдан жаңа директор келе қалса мені бірден сыртқа итеріп тастамасын, тұғырдан тайып тұрғаным жоқ, қатардағы жәй мұғалім болсам да бір-екі жыл жүре тұрайын, егер сондайлық қысылтаяң жағдай қалыптасса мені қолдаңдар, қорғаңдар дейтін немеурін жатады сол көп шақырыстың арғы астарында.

Өткен жолғы көңілді отырыс та түннің бір уағына дейін созылған. Тамақ жібіген соң, қан қыздыратын толағай тостар айтылды. Бірінің астына бірі көпшікті қалыңдатып та қойып жіберді. Ауыл әкімінің төбесін де ақша бұлттардың арасына апарып бір-ақ тіреді. «Өстіп беймарал өмір кешіп жатқанымыз сіздің арқаңыз ғой» дегенде, әкіміңіздің де жон-арқасы жыбыр ете қалды. «Сірә, өзімді-өзім танымай да жүрген болармын дәуде болса...» Дембіл-дембіл ән шырқалды. Келіншектерінің сұлулығы да талай жырдың өзегіне айналды. Құм құрсауына қоныстанғанымен дария жағалауындағы бұл ауылдың да өркениет көшіне мықтап ілескені сан түрлі дәлелдемелермен тұздықталды. Бұларға үш қайнаса сорпасы қосылмай өзімен өзі жүрген Қоңырбайдың іскерлігі, нарық заманына тез бейімделгендігі, тіпті қызыл кірпіштен әңкитіп екі қабатты үй салып алғандығы да ұмыт қалған жоқ.

Кенет, төргі бөлмедегі үлкен қабырғаның ұзына бойына салбырата ілінген арлан қасқырдың қаракүрең терісінің әсіресе, ауыл әкімінің көзіне оттай басылғаны. Мектеп пен үй арасына әзер қатынап жүрген Құтекең мұндай қасқырды қақпанға қайтіп түсіреді?! Әкім әдейілеп терінің арасына саусағын сұғып, жылтыраған түгін құшырлана сипады. Шоқ секілді бойға қызу тарата ма қайтеді-ей! Өмірге деген құштарлығыңды оята ма қайтеді-ей! Егер бұл өзіне бұйырған, не болашақта бұйыратын олжа болса оны бүйтіп көзге күйік қылмай, ауызғы бөлменің еденіне көлдей етіп жайып тастар еді. Жатсын немерелерінің аяғының астында, қыздырса солардың табандарын қыздырсын!..

— Қоңырбайдың әйелі әлі сізде оқытушы боп істей ме? — деп сұрады директордан сыр тартпақ болып.

— Оқытушы болғанда қандай, Қаншайым секілділер сирек! Облыстың алдыңғы қатарлы оқытушысы деген құрметті атаққа ұсынып отырмыз осы жылы. Бұйырса Қоңырбайдың үйінен де қуырдақ жеп қалармыз, — деп тілі күрметіле міңгірледі Құтыкең.

«Адамдар қалай, ә?! Аудандық табиғат қорғау мекемесінің басшылығына беделіңді салып, сен қасқыр атуға рұқсат әпересің, ал бұлардың істеп жүргендері мынау!..» — Әкім сол күнгі кештен соң үйге кіруге асықпай, тыста бір сағаттай таза ауа жұтып, жүріп қалды.

ХХХ

Шылымды ортаң беліне дейін шекті де, мультфильм көріп отырған Төребайды дауыстап шақырды.

— Шаруаға жарайтындай жігіт болғандығыңды білемісің. Енді мұнан былай телевизор деген пәледен аулақ жүр! Адамның жар жасын кемітеді қызталақ! Тыңда! — Ақ матаға мұқият оралған затты Төребайдың қолтығына қыстырды.— Ешқайда бұрылма, ешкімге жолықпа. Мынаны Әскербек әкімнің үйіне апарып бер. Үйі қай тұста, білуші ме ең?

— Білеміз ғой, — деді Төребай дауысын созыңқырап, — бұл не?

— Сенің міндетің — мына затты тиісті жерге аман-есен жеткізу. Сосын айналмай кері қайту.

— Егер аяғыңды шеш, дастарқаннан дәм татып кетесің деп жатса...

— Пах! Бәлкім, саған арнап қазан көтеретін шығар. — Қоңырбай ұлының аңқаулығына ма, әлде қайдағы-жоқты ойлап табатын қиқарлығына ма, «осы күнгінің баласы бала емес, шетінен пәле ғой» деп ішінен бір мырс етті. — Сөзді көбейтпе, сұрақты шамадан тыс көп қоясың. Мына түріңмен әскерге жарамай жүрмесең болғаны.

— Неге?

— Әскери тәртіп көп сөйлегендерді жаратпайды. Жә, болды, ай да марш!

Төребайды қақпадан шығарып жіберді: — Ешқайда бұрылма!

— Айтыңыз ғой, не... мені бір! — Жүріп бара жатып, ораулы затты бір қолынан екіншісіне ауыстырды.

Қоңырбайға аудан орталығы не тәйірі?! Үш доңғалақты «Урал» мотоциклі аман болсын. Түске дейін-ақ кіретін кеңсесіне кіріп, тіркелмеген мылтығына айыппұлын төлеп, «мұнан былай қасқыр атуды желкемнің шұқыры көрсін» деген секілді жазбаша түсінігін бірге қалдырып, әлдекімдердің түкке қажеті жоқ ақыл-кеңестерін тыңдаған боп, тездетіп кері оралар еді ғой. Бірақ малға шапқан қасқырды не үшін атты? Кім үшін атты? Қасқырдың терісін өткізгеннен тапқан тиын-тебен болмаса, Қоңырбай күнін көре алмайтын ба еді?! Қоңырбайға жалынып-жалпайып жағдай айтқан ауыл әкімі бүгін неге кекірейеді?! Қоңырбай айыпты болған адамша біреулердің алдына барып неге кішірейеді? Аудандағылардың қолдарына бір іліксе, Қоңырбайды күтіп тұрған «сый-сияпат» жетерлік. Алдымен оқ-дәріні қайдан алдың деп тергейді. Алыстан тигізетін супер мылтығының тіркелмегендігі туралы «жыр» да жуық маңда түгесілмейді. Ағайынның малына қырғидай тиген қасқыр жыртқыш емес, табиғи ортаның көркі, сұлулығы болып шыға келеді мұндайда. Жыртқышты іздесеңіз — Қоңырбай тұрар қарсы алдарында қасқиып! Қоңырбайдың табиғатқа тигізген зиянын статья тіліне көшіргенде бірден түрмеге түседі... Ал мықты болсаң, үстіңе су жұқтырмай осы пәледен аман құтыл! Оу, мұның әрбіріне асықпай тоқталып, жағдайды бастан-аяқ түсіндіріп, кім үшін қасқыр атқандығын толыққанды дәлелдейтіндей мүмкіндігі болып тұр ма Қоңырбайдың?!..

Жау тигендей жатын бөлмеге алқын-жұлқын асығыс кірді де, шифонердегі нафталлинге салынған қаракүрең теріні қолтығына қысып қайта шықты. Қаншайым бір теріні директордың үйіндегі жеңгеме сыйладым, бұйырса екіншісін қыстық пальтомның жағасына жапсырармын деп жүрген. Қоңырбай тірі тұрса тері табылар.

Төребай өзіне арнап жайылған сыйлы дастарқанды тастап кетуге көзі қимағандай, барған жерінен кештетіп оралды...

— Иә? — Шартақтың сыртынан әкесі ұлын тағатсыздана тосып алды.

— Үйге кіргенім сол еді, Әскербек ағаның әйелі «жоғары шық та, жоғары шық» деп, жалынғандай боп, күртешемді иығымнан шешіп алғаны.

— Бекер, бекер істегенсің. Сылтау айтып сытылып шығып кетуің керек еді.

— О жағын алдын ала ескертсеңіз қайда қалдыңыз! — Төребайдың да ащуы шым-шымдап басына тепті, шұғыл тапсырманы мінсіз орындап келгенде алған алғысы осы ма?!

— Өзі біледі ғой деп ем. Жә, болған іс болды, ал сәлемдемені кімге бердің, кімнің қолына ұстаттың?!

— Әкімге... кімге беруші ем, ол әлгіні алған бойда арғы бөлмеге кіріп кетті.

— Содан?

— Әйелі екеуміз асүйде терлеп-тепшіп шай іштік. Алдын ала мені күтіп отырған ба қайдам, әйтеуір асты-үстіме түсіп, бәйек болды қалды. Тағамдары да тіл үйіреді.

— Битіңді салған екенсіз ғой армансыз. Түк көрмегендей құнығып бәрінен ауыз тиген шығарсың. Танымайтын жерде сәл тартынғаның дұрыс еді. — Қоңырбай әлденеге ренжігендей, мұрнын тыржитты, — Жарайды, жаман күтпеген екен. Ал, сен шай ішіп шыққанша әкім қайда болды?

— Мен кеткелі жатқанда жайлап жаныма жақындады да: «Дұр-ыс» деді ыңыранып. Ненің дұрыс, ненің бұрыстығын қайдан білейін. Сізді де мақтады.

— Қойшы-ей!

— Өтірік айтып нем бар. «Әкең жақсы жігіт, жақсы жігіт» деп екі мәрте қайталады.

— Ал керек болса! Тағы не деді?

— Аз ба?. Тағы... — Төребай ұртындағы тәтінің тұқылын түкірігіне шашалып әзер жұтты: — Иә, айтқандай, «Қоңырбай соған бола ауданға шапқылап қайтеді. Бармай-ақ қойсын, оны өзіміз-ақ телефонмен тындырамыз» деп желкесін қасыды.

— Түсінікті. — Қымбат сигаретті орта беліне дейін құмарта сорғыштаған Қоңырбай әдеттегідей ернін шүйіріп, саусақ ұшымен шертіп жіберді де түнделетіп қамыс сарайға беттеді. Самсоз. Ешнәрсеге қолы бармады. Әкімнің тірлігіне де іштей күйінді: «Бұлар қасқырдан да қауіпті. Жымын білдірмейді. Ата алмайсың, атқызбайды!» Алыстан тигізетін супер мылтығын шұғыл оқтады да, тысқа шығып гүрсілдетіп атып-атып жіберді.

Төребай үйден жүгіріп шықты: — Бұл не?

— Бұл ма, бұл — салют!

— Ненің құрметіне?

— Сенің, сенің жігіт болған құрметіңе!

«Бірақ сені мұндай жиіркенішті шаруаға жұмсамауым керек еді. Әкеңді де кешіргейсің бір жолға». — Жылтырақ қораптағы соңғы шылымға от тұтатты.