04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Қуандық Түменбай
Түменбай Қуандық (22.8.1955 ж.т., Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ы.Жақаев атындағы ауылы) - жазушы.

Шемішке






Шиелінің қан базарының қақ ортасы қашан да қарбалас. Басыңды бір сұқсаң қайтып шығуың қиын-ақ. Киім-кешек сататын жердің жәрмеңкесі бір ғанибет — кәстөмін бел ағаштың бөртпешегіне іле сап, бір аяқтап тұрып, шалбарының ұзындығын өлшеген біреуді көресің. Егер балағы ұзын болса, бормен сызып белгі қойып, көзді ашып-жұмғанша өткір қайшымен қырт еткізіп кесіп тастап жатады. Бұны көру де бала көңіл үшін көз қызықтырар бір ғанибет. Қара қағазбен қоршалған тар түкпірде әредік әйелдердің бұлт-бұлт еткен жалаңаш денесі мен қыздардың сүйріктей сұлу тұлғасы көзге шалынып қалады. Бұлар — шешініп тастап көйлек өлшеген төмен етектілер. Ересек еркек кіндіктілер болса, солай қарай мойнын созып, аузын ашып қарағыштап өтеді. Әнебір бұрышта жеміс-жидек сатылып жатыр. Теңкиген сары қауын тұмсығы Көкке қарап пұл болар сәтін күтіп тұр, Сыр топырағының дәмі тіл үйірген жас өскіні — баланың басындай әңгелек, күләбі мен торлама, қызыл қауын мен баспалды, ғалымдар ойлап тапқан жаңа тұқым — мұзжарғыш кемедей үп-үшкір «торпедо» тізіліп, қауын базардың шырайын шығарып-ақ тұр. Мына жердегі топ-томпақ асқабаққа қарасаң күлкің келеді, біздің сыныптағы ұртын толтырып сөйлейтін Асанбайдан аумайды, қыздардың басындағы дөңгелек тақияға да ұқсайды, тек сорайған үкісі жоқ. Бірақ, асқабақ та шалқасынан шәниіп тегін жатқан жоқ, қауыннан кейінгі орынды иемденіп, әркімге әмиянын ашқызып, пұл боп жатыр. Ал, әнебір жерде жіңішке жіппен қылқындыра буылған көк пияз үюлі тұр. Бұл да биылғы жылдың жемісі. Жас өскіннің бәрі жаңалық қой, жұрт бұрылып кетпей ащы-тұщы жасауға қол сөмкесіне бір бау пияз сап кетіп жатыр.

Қан базарды кесіп өтер жалғыз аяқ жол бар, сол жақтан жаңа түскен жапаның иісі шығады — бұл ауыл баласының мұрның қытықтар жағымды иіс. Сиырдың жапасы әбден кеуіп, қиға айналып, ошақта лапылдап жанғанда ирелеңдеген түтін иісі жан сарайыңды ашып, көкірегің бір демалып қалады. Зеңгі баба түлігінің жапасы жерге түсісімен шешеміз алақанымен мәпелей ұстап, жан-жағын әспеттеп, төртбұрыштап қоятын. Сөйтсек ол ертеңгі маздап жанатын отын екен. Әнебір торлы қоршауда қой құмалағы шашылып жатыр. Көнтерлі қара қой жүрген жолды көтере алмай тірсегі майысып тұрып, шашылған дәндей ғып құмалақты ытқытып-ытқытып жібереді. Бұл жер — мал базар. Анда-санда бас жібін бөтен біреу ұстағанда бұзауын қимай бір мөңіреп қалған Зеңгі баба иесінің даусы естіледі. Қозы мен лақтың шырқыраған үні де шығады. Түске таман адам да, мал да шаршап, қағаз ақша ризалықпен қолдан қолға өте бастайды. Осылайша базар саудасы бабына келеді.

Мені еліктіретін ерекше көрініс — қан базардың кіре берісіндегі бір түзуге тізіліп отырып кәріс кемпірлер сатқан шемішке. Үстеріндегі көнетоз киім-кешектері кір сабынмен жаңа жуғандай тап-таза. Алдарындағы қалайы керсен асып-төгілген үшкір тұмсық шемішке. Керсеннің үстіндегі кішкентай қырлы стакан толы шемішкенің бағасы — 5 тиын, үлкені — 10 тиын. Қасында газеттен бүктеп жасалған қағаз қалта үюлі жатыр. Сырты қалың болғасын ба, «Правда» мен «Известиядан» жасалған қалта шүпірлеп тұр. Аракідік аудандық «Өскен өңір» газеті де кездесіп қалады, іші — шемішке, сырты — аудан өмірінен жазылған қысқа хабарлар.

Шемішке деген бір тәтті нәрсе. Аудан орталығына келген бала-шаға бір стакан шешімке алмай қайтпайды. Апта сайын екі шақырым жердегі моншаға келеміз. Сағат сайын жүретін автобусты күтпестен 10 тиынға үлкен стакан шемішке алып, топ бала әңгімелесіп жаяу қайтамыз. Бұл бір рахат дүние. Шемішке шағудың да тәсілі бар. Шырт еткізіп шағып, қабығын қолға жинап ап бір жерге апарып тастай саласың. Қыздар көбіне осылай шағады, олар балдарға қарағанда ұқыпты. Олар қабықты жерге бей-берекет тастай салмай алақанына жинап, жол жиегіне әйтпесе ілуде бір кездесіп қалар қоқыс салғышқа тастайды. Біз болсақ, шырт еткіземіз де, қабықты көрінген жерге түкіріп тастаймыз. Көнбіс Жер-Ана бәрін де көтереді. Кейде алыстан лақтырып, ауызбен қағып ап жарысамыз. Дән таңдайға тигенде өмір деген керемет тәтті боп кетеді. Қабығы бір езуден ытқып шығып, шашылып қалып жатады, қала көшелеріндегідей. «Тазалық — денсаулық кепілі» деген жазу ілулі тұрған жоқ, сондықтан бізге бәрібір. Ал, енді «бір жақсылықтың бір жамандығы бар» дегендей, шемішкенің қабығына қақалғаннан жаман нәрсе жоқ. Бұны мен де басымнан өткердім — қабық не әрі, не бері кетпей дем ала алмай қалдым, шемішке қанша тәтті болғанмен өмірдің онан да тәтті екенін сонда ғана білдім. Балдар еңкейтіп қойып арқамнан ұрып, қара қабық әрең дегенде ытқып жерге түсті. «Сопы» Серікболдың ажалы шешімкеден болды. Бізге еліктеп, алыстан лақтырып шағамын деп, қолын ебедейсіз ербеңдеткен күйі серейіп қалды. Әуелі ала тақиясы жерге ұшып түсті. Қабығы аршылмаған шемішке топ-томпақ боп тамағына тұрып қалыпты. Сол күйі демала алмай қолы ербеңдеп, сұлқ түсті. «Біреудің ажалы оттан, біреудікі судан» деген осы. Басынан тақиясы түспейтін қожа баласы — «сопы» Серікболдың ажалы шемішкеден келді.

Сыр бойына күріш егуді жиырмасыншы ғасыр — отызыншы жылдардың аяғында Кореядан жер ауып келген кәрістер үйретіпті. Шемішке де солармен бірге келіпті. Сап-сары боп Күнге қарап иіліп тұрған күнбағыс — есік алдының көркі. Бірақ, тек кәрістер егеді, қазақтар солардан сатып алады, өздері егуді білмейді, шемішке шағып отырып кәрістерді «Бейнетке жаратылған халық қой» деп мақтайды да, шемішкесі таусылғасын «Отырыстарын қарашы, 5 тиын үшін күн батқанша базарды қарауылдап» деп сөз қылады. Мұндай күбір-сыбырға қарсымын. Одан да менің атам сияқты белі бүгіліп кетпен шаппай ма? Шемішкені ақша шығындап сатып алғанша өздері неге екпейді. Бұл — біздің ауыл үшін ұят тірлік екен. Қауынның қасында сорайып шемішке тұрса жұрт күлетін көрінеді. Оның несі ұят. Өз өніміңді өзің жесең ұят па? Өзбектер неге ұялмайды? Базарды жарып өтіп, бала көңілімді аулаған көріністерге көз тойдырып, шемішке сататын жерге келдім. Сол баяғы тізіліп отырған кемпірлер. Күнге күйген өң-жүздері қап-қара, бірақ түстері жылы, қысық көздерімен адамға мейірлене қарайды, «шемішке ал» деп те айтпайды, қаққан шегедей тіп-тік боп отыра береді. Сұрасаң ғана тап-тұйнақтай ғып қағаз қалтаға орап береді, артық ақшаңды бір тиын кемітпей қайтарады. Мына кәріс әже Фросядан аумайды-ау, аумайды. Ол «Гигант» колхозынан. Көзі қысық, мұрны тәмпіш болса да бір сұлулық бар өң-жүзінде. Егер Фросяға жақын болды дейік, сонда үш шақырым «Гиганттан» кеп сатып отыр ма шемішкені? Бұлар жолды алыссынбайды, сауда жол таңдамайды. Кәрістер негізінен «Гигантта» көп, сосын «Авангард» колхозын мекендейді. Оны жұрт «кәріс колхоз» дейді. Сұрасам ба екен. Не деп сұраймын. Фрося қыз, мен еркекпін, ол сөз естіп қап жүрсе... 5 тиындығын ба, әлде 10 тиындығын алсам ба екен. 5 тиындығын алайын. Екінші қайтара барғанда таусылып қалды деп сылтауратармын. Таусылды ма, жоқ па, оның шаруасы қанша? Қайта саудасы жүргеніне қуанбай ма?

— Мынадан...

— Қазір. — Кәріс кемпір қасындағы үйіліп тұрған қағаз қалтаға қол созды. Жіңішке білегі мен сидам саусақтары Фросянікінен аумайды-ау, аумайды. Сұрасам ба екен. Жоқ, құр босқа қыздың абыройын төгермін. Үйіне барғасын ұрсып жүрсе...

— Мінеки.

Бір ғажабы, кәрістер қазақшаға судай. Біздің ауылдың трәктір бригаді Чан-Ген деген кәріс үйге кеп айран ішіп отырып, қарауындағы көңілі толмағандарды сынап-мінеп, «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» деп мақалдап сөйлегенде таң қалдым. «Бұлар қазақшаны қалай үйренген?» деп апамнан сұрасам шаңқ ете қалды. «Нанын жеп, суын ішкен жердің тілін білу керек, бұлар орыстардай өркөкірек емес қой», - деді. Бұл сөзге онша түсіне қоймадым. Орыс неге өркөкірек? Сұрасам ба екен. Жарайды, кейін бәрін де білермін.

Кәрістерде тәрбие қатал, қыздарын қатаң ұстайды деп естігем. Аудан орталығындағы теміржол саябағында біздің қыздар шошаңдап билеп жатқанда бұлар бір-бірін қолтықтап, қарап тұрады дейді. Биге шықса бір топ боп бірге шығады, бір-бірінен көз жазбайтын көрінеді. Қазір сұраймын. Сонда не деп сұраймын. «Сіздің Фросяға жақындығыңыз бар ма? Ол сол күйі хабарласпай кетті деп пе. Ұят-ай!». Бойымдағы ынжықтық жібермеді. Сол күйі сұрай алмадым.

Шемішкемді алып, автостанцияға келдім. Автобус жүретін жер — ығы-жығы адам, көрмеген адамыңды көріп, көпшіліктің аузынан сан түрлі сөз естисің. Бұл жердің бір қызығы — төбелес. Үлкен төбелестер осы жерден басталады, мілицаның ащы ысқырығын да осы жерден естиміз. Кімнің қалай төбелескенін көре қалсақ, күндер бойына жарысып айтып жүреміз. Мен үшін шемішке шағып тұрып автобус күту бір ғанибет, тамашаөмір. Міне, мынау біздің ауыл — «Қызылтудың» автобусы, мынау «Төңкерістікі», мынау — «Авангард», мына автобустың әйнегінің алдында «Гигант» деп жазылған қатырма қағаз тұр. Мініп кетсем бе екен? Сосын қалай табам Фросяның үйін. Шиелі сияқты зәңкиген аудан орталығы емес, таппай қалмаспын. Әне, қара, рас па, өтірік пе, «Гиганттың» автобусының ішінде Фросяның өзі отыр. Тіп-тік боп бір нәрсе ойлап отыр. «Мені ойлап отыр ма екен?» Көз алмай қарап тұрмын. «Барсам ба екен, жоқ әлде өзі келер ме екен?». Ол мойнын бұрғанда мені көріп қап есікке қарай ұмтылды. Сол тал бойында бір міні жоқ сидам қалпы. Екеуміз де он бестен астық. Құрдаспыз. Бойы да өспеген, сол қалпы. Мен де қияли десе қиялимын, қыз деген бір жылда серейіп, өсіп кетеді ме екен.Кітаптан оқыған кейіпкерлеріммен салыстыра бастадым. Ботакөз, Күлпаш, Шұға... Олар он үшінде отау иесі болған қыздар. Балдар мені «қияли» дейді, осы қиялилығым басыма бәле болды, көп жерде кедергі де келтіріп жүр. Ол қуана күлімсіреп жерге ытқып түсті де, бетімнен шөп-шөп еткізіп екі рет сүйіп алды. «Ешкім көрген жоқ па екен? Ол ешкімнен де ұялған жоқ, түбі мұсылман емес қой, қазақтың қызы болса өтірік болса да сызылып тұрар еді. Қазақтан өткен ибалы әрі ынжық халық жоқ шығар. Әйтеуір ауылдан ешкім көрмесе болды, «кәріс колхоздың» автобусының қасында тұрғанымыз қандай жақсы болды. Олар бізге қарағанда кетпенге жақын. Кетпендері үшбұрыш, кішкентай болғанмен, өздері майда сөзге жоқ. Төзімді-ақ. Еңбекке адал. Біз үшін шемішке сатып отыру өліммен тең нәрсе болса, олар үшін еңбектің жемісі. Жарайды, не болса соны ойлап, басымды қатырмайын.

— Хал қалай? Мұнда негып жүрсің, — деді Фрося жүзі жадырап.

— Сені кездесіп қала ма деп тұр едім. Кездескенің қандай жақсы болды.

— Жүр, — деп қолымнан ұстап, қан базардың қақ ортасына қарай жүрді.

— Қайда барамыз?

— Жүр.

Қыз болғасын ба, пысық-ақ, әйтпесе екеуміз құрдаспыз ғой.

— Галямен хабарласып тұрасың ба? — деді бетіме үңіле қарап.

— Қайдағы Галя?

— Сен... соны жақсы көруші едің ғой, — дегенде біртүрлі кемсеңдеп кетті.

— Олай емес, — деп қалт тұра қалдым. — Фрося, олай емес.

Ол мені саусағымнан ұстап, орнымнан қозғады. Тізіліп шемішке сатқан кәріс кемпірлердің қасына әкеліп, өзіне ұқсатқан кемпірге өз тілдерінде бір-екі ауыз сөз айтты. Кәріс кемпір басын изеп, үйілген қағаз қалтаға қолын созбастан сұқ саусағын бүгіп, мені өзіне таман шақырды да, үлкен қырлы стакан шемішкені шалбарымның оң қалтасына лақ еткізіп төңкере салды. Сосын бетіме тура қарап сәл күлімсіреді. Фрося саусағымнан ұстап кері тартты. «Рахмет!» деп те айта алмадым, артыма бұрылып басымды изедім. Кәріс кемпір көзі сығырайып, күлімсіреп қарап отыр екен.

— Ол менің әжем. Маған ұқсай ма? — деді Фрося.

— Айнымайды. Мен жаңа шемішке алғанда саған қатты ұқсаттым. Сен жаңа әжеңе не дедің?

— Менің пионер лагерінде бірге болған досым, дедім.

— Иә, әуелі пионер, сосын лагерь деген сөз шықты аузыңнан.

— Бұл екеуміздің соңғы кездесуіміз...

— Неге соңғы? Келесі жылы да лагерьге бармаймыз ба?

— Мен бармаймын. Галяңа сәлем айт, — деп есігі жабылып, дөңгелегі қозғала бастаған автобусқа қол бұлғай жүгірді.

Ол кетті, мен жалғыз қалдым. Ерегіскенде енді ауылға жаяу тартамын. Шалбарымның оң қалтасы томпиып тұр, өйткені аузы-мұрнынан шыққан шемішке. Соны біртіндеп шағып барамын. Алыстан лақтырып, аузыммен қағып алып, жерге түсірмей шағамын. Ажалым жетсе қақалып өлермін, Фрося үшін жан пида. Сол Галя деген қыз басыма бәле болды, «күріштің арқасында күрмек су ішіп...». Әкемнің тәрбиесінен де бар. Тоқ етері — өзімнің табанымның бүрі жоқ. Әйтпесе Фрося кім, Галя кім?

Ауылға алып барар тас жолға түстім. Тас жол деген аты — төселген қиыршық тас туфлиімнің үшкір тұмсығы тисе болды жан-жаққа шашырап ұшып жатыр. Шалбардың балағы қою шаңға малынып, оң қалтам салбырап тұр, ауылға жеткенше шемішкем таусылып, шалбарым сидам денеме жабысып, бұтым бұт боп орнына келер. Әр шемішкені шырт еткізіп шаққан сайын лагерьдегі әрбір күн көз алдыма елестеп, жүрегімді шым еткізеді. Бұл өзі халық «Көдрекеп» деп атап кеткен қалың баулы мекен. Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамитындағы Кудря бауы — птонер лагері. Күнде ақ көйлек, қара шалбар киіп, қызыл галстук байлап, ертеңгілік жиынға сап түзейміз. Мен үрлеп горн тартам, өйткені әуенге жаным құмар. Кез-келген әуенді ысқырып, әнге қосып жүрем. Барабанды шешен бала Уақит ұрып тұрады. Ол бір нәрсені тарсылдатып тұруға әуес, әуеннен гөрі даңғырағы басым бала. Екеуміз доспыз, екеуміз таңертең пионер лагерінің көркіміз. Төрт дружина төрт бұрыш боп сап түзейді. Біздің дружинаны Фрося басқарады. Қазақшаға да, орысшаға да тілі жатық. Тағы бір дружинаны Галя Тайманова басқарады. Ол — аудандық оқу бөлімі бастығының қызы. Түсі суық, кісіге мұрнын шүйіре қарайды. Әкесі бастық болғасын ба, анау-мынауды менсінбейді. Бір күні лагерьде концерт қоятын болдық. Концертті біздің дружина бастады. Фрося әнді сондай бабымен айтады екен, әуелі «Мой адрес — Советский Союзды» ерекше екпінмен, сосын өз тілінде кәрісше бір ән шырқады. Жұрт қол шапалақтап қоймаған соң «Куда уходит детство» деген тағы бір әнді шырқады. Сөзін түсінбесем де, ән мұңлылау көрінді. Мен таңқалып, ескерткіштей селт тұрып қалыппын. Галя қабағын түйіп, шала қазақшасымен «Жетісіп қапты» деді. Өзі аудан орталығындағы Пушкин есімімен аталатын орыс мектебінде оқиды, орысша сөйлейді, қазақшасы жетісіп тұрған жоқ. Кезек маған да келді, Қастек Баянбаев деген ақынның өлеңін жатқа оқыдым. Әлі күнге ұмытқан жоқпын. Міне, былай:

— Мынау ғарыш ғасырының ұлымын,

Ілесуге жетсе, бірақ білігім.

Болмасам да әріптесі,

Қандасы,

Гагаринге мен рухани інімін.

Ерлігімен таңырқатқан заманын,

Бәріміздің сүйіктіміз Гагарин.

Қаршадайдан тыңдап өскен мен құсап,

«Совинформбюроның» әр хабарын.

Қуанатын,

Қынжылатын ол да адам,

Даңқ жұлдызы тегін келіп қонбаған.

Біз партия мүшесіміз екеуміз,

Мен ұқсаймын Гагаринге,

Ол маған, —

деп бір қайырдым да, қайта жалғастырдым.

— Ғасырымның алғаш ашқан қабағын,

Ленинге мың табына қарадым.

Бір жағынан болсам оған замандас,

Бір жағынан ол — әке,

Мен — баламын.

Талқандаған жаудың түнек қамалын,

Мен Талғатты туысыма баладым.

Ұлы диқан Жақаевқа інімін,

Шахматшы Карповқа мен ағамын, — деп аяқтап, орныма кеп тұрғанда Фрося құлағыма сыбырлап, «Жарайсың!» — деді. Біздің дружина бірінші орын алды. Ол кезде жүлделі орын алу мәртебе еді, алдық 1-ші орынды. Галяның қабағы ашылмады, оның дружинасы 2-ші орын алды. Ол сол күні үн-түнсіз үйіне кетіп қалып, бір күннен кейін қайта оралды.

Сол концерт болған күні кешке лагерь түбінен толып аққан дәу арнаға армансыз суға түстік. Біздің бұтымызда делеңдеген қара түрсік, қыздар болса, кеудесін шүберек анарқаппен жауып, бір тұтам қарлығаш-лыпа киіпті. Бұрын мұндайды көрмеген мен бәріне көз алмай қарадым. Әсіресе, Фросяның сидам денесі, томпайып тұрған анарқап шүберегі мен бір тұтам қарлығаш-лыпасы сондай сұлу көрінеді. Денесінде артық ет жоқ, әбден күнге күйген. Кәріс қыздар жаз күндері тынбай кетпен шабады деп еститінбіз, сол рас-ау деймін, денесін әбден күн жалап, жылтыратып жіберген.

Ол суда мойнына дейін малынып отыр еді, шлюз үстінен үңіліп тұрған мені адуын Уақит итеріп жіберді. Оның да осындай шешендігі қалмайды, Фросяның дәл үстіне етбетімнен түстім. Ол мені құшағын жайып тұрып қағып алған секілді — көкірегіне қысып қатты құшақтап, өзіне тартты. Сосын құлағыма сыбырлады — «Бүгін бәрі ұйықтағасын сағат 11-де есік алдына шық». «Неге?» деймін ағын суға қақалып-шашалып. Ол үнсіз күлімсіреп қарап тұра берді.

Жүрегім алып-ұшты. Ел жатса да мен жатпадым. Қаз-қатар кереуеттегілер бірі пысылдап, бірі қорылдап, әдеттегідей «хор» басталды. Арасында тарс етіп атылып жатқан табиғи артиллерия да бар. Мысықша басып есік алдына шықтым. Ол үй алдындағы кәрі талдың түбінде көлеңдеп тұр екен, менің сұлбамды көре сап қолын бұлғады. Солай қарай жүгірдім. Қасына келісімен талдың ар жағындағы жіңішке өскен қара ағаштарға қарай саусағымнан ұстап сәл тартқандай болды. Тік бақай қара ағаштардың арасына кірісімен әуелі екі бетімнен, сосын ернімнен шүйіле сүйгенде дем ала алмай қалдым. Әуелі кәрісше, содан кейін «Я тебя люблю!» дегенде тұлабойым мұздай боп кетті. Іле «Мен сені сүйемін» деп қараңғыда тура қарады, күлімсіреп тұр ма, әлде бетіме безірейіп қарады ма, білмедім. «Мен де» деген сөз аузымнан шығып кетті. Сол жердегі сірестіріп қағып тастаған екі адамдық орындыққа отырдық. Ол мені қапсыра құшақтап алды. Денесі сондай ыстық. Апам айтатын — «кәрістер ит жейді, Шан-Ген жылда соғымға бір ит сояды» деп. — Олардың қолқаны атқан иісі болады, суыққа тоңбайды. Соғыс кезінде қақаған қыста біз дірдектеп жүргенде олардың қатыны да, еркегі де жалаңбас жүре береді» дегені есіме түсті. Мейлі, кім не десе о десін, әйтеуір Фросяның денесі оттай ыстық, тиген сайын денемді өртеп барады. Иісі қандай әдемі. Ернімді өпкенде дем ала алмай қалдым. «Болды» дедім ернімді қолымның сыртымен бір сүртіп тастап. Ол «бірінші рет, өмірімде бірінші рет» деді дауысы дірілдеп. Осылай жеті күн жұп жазбай кездесіп жүрдік.

Бір күні ертеңгілік жиын бітіп, мен горнды, Уақит барабанды орнына қойып келе жатқанда Галя Тайманова қарсы алдымнан шығып, түсін суыта қарады.

— Анау кәріс қыздың менен қай жері артық, — деді өзін зор санап.

Үндей алмадым.

— Бүгін 11-де, бәрі ұйықтаған соң есік алдына кел. Талдың түбіне, — деді қазақшаны әрең сөйлеп, бұйрық раймен.

— Мақұл.

Басқа не дерсің. Тәжірибе жоқ қой. Әйтпесе басқаша жауап берер едім. Галя сөйлегенде аға пионер вожатый да үндемей қалады. Сөйтсек әкесінің қызметінен сескенеді екен. Менің әкем де лауазымдыларды силайды. Өзі өмір бойы қой фермасының меңгерушісі болған, қызметі төмендермен қияс сөйлеседі, СПТУ-да оқитын балдармен дос болсам, «кілең трәктірдің оқуында оқитындармен жүресің» деп көңілі толмайды. «Солар шөбіңді түсіріп береді ғой» десем, «олардың ішінде де тәуірлері бар ғой» деп жуып-шаяды. «Енді кімдерге жақын жүрейін?» десем, «Дәулердің балдарымен жолдас бол, олардың болашағы зор» дейді. Сол сөз де ызыңдап миымды жаулап алды. Оның үстіне аудандық оқу бөлімі бастығының қызы қандай болады екен, соны да бір байқап көрейін дедім. Әйтеуір сертімде тұрып, түнгі 11-де Галя айтқан жерге келдім. Ол жоқ. Бұл қалай? Фрося менен бұрын келіп, күтіп тұрушы еді. Шақырған адам бірінші келмей ме деп дызақтай бергенімде есіктен шыққан қыз сұлбасы көрінді. Кәрі талға қарай маңғаз басып келе жатыр. Аяғына іле салған тор-тор шәркей, үстіне қысқа етек көйлек киген. Топ-томпақ тізесі тоқпақтай боп бүрсең-бүрсең етеді. Фрося мұндай емес, тойға келгендей әдемі киініп шығатын. Ұзын етек көйлек киіп, қазақтың қызындай өрілген қос бұрымы арқасында салбырап тұратын. Мына қыз жалбырап, бетіне түскен шашын анда-санда құлағының түбіне қарай ысырып қояды. Дәл бір кинодағыдай бейне.

Ай сәулесі астында да қабағы түюлі, адамға деген бір жылуы жоқ. Оның әкесі аудандық оқу бөлімінің бастығы болса, менің ағам облыс прокуроры, атам Социалистік Еңбек Ері. Осыны енді ғана ойлап тұрмын.

— Кәріс қыздың несі артық екен? — деді ә дегеннен шап етіп. Қазақшасы да онша қиылыспай тұр. Бетін жаба берген шашын уыстап ап құлағының түбіне жинады. Бірақ, шаш қыздың еркіне бағынбай бетіне қарай ысырыла берді.

— Ағаң прокурор, жағдайларың жақсы шығар, — деді тағы да тосын сұрақ қойып.

— Онда не жұмысың бар? — деп едім, сәл жүні жығыла қарады.

— Біз элита емеспіз бе, — деді бұл жолы бетіме шұқшиып. — Шемішке сатқан кәрістің қызында нең бар. — Бетінде мейірімнің ізі жоқ, сұп-суық. Неткен қатыгез қыз.

«Элита» деген сөзіне түсінбедім. Менің білетінім — біз қарапайым қазақпыз, кетпен шапқан диқанның баласымыз.

— Біз деревнямыз ғой, — дедім білген орысшамды сөзге қосып.

Шиеліге барғанда аудан орталығының таныс балдары «Деревня, хал қалай?» деп сөйлейтін. Сол есіме түсіп отыр.

Ол жалт қарады да, қараңғыда жымың ете қалғандай болды. Бұрынғыдай емес, бір нәрсе жанына әсер еткен сияқты.

— Сен деревня емессің. Ағаң прокурор, атаң герой, — деп тағы да менің отбасыма шолу жасады.

Мына қыз бастықтың қызы болса да Фросяның тырнағына татымайды екен. Адам қызығатын сөз айтпайды. Өткен жолы Фросяға: «Екі жылдан кейін 10-шы класты бітіреміз. Екеуміз Алматыға барып оқуға түссек қой» деп едім, «Оған әлі екі жыл бар. Асықпа. Түсеміз», — деп мені құшақтап, өзіне тарта берді. Осы жолы түртиіп тұрған төсіне көкірегім тигенде денем шым ете қалды. «Қандай жақсы, қандай жұмсақ, бойым балқып барады».

— Иә, екі жыл қалды, — деді Фрося біртүрлі қамығып.

Ал, мына Галя әлі маған пышақ елі жақындаған жоқ, саусақ ұшын да тигізген жоқ. Осындай да кездесу бола ма екен? Өзі шақырғасын өзі бастамай ма?

— Сендердің жеңіл машиналарың бар ғой. Атаңның «УАЗигін» өзің айдайсың ба? — деді сәл бөгеліп.

«Оны қайдан біледі. Мына қыз барлаушы емес пе?»

— Айдаймын. «ИЖ» деген матасеклім де бар.

Сықылықтап күліп жіберді.

— Матасекіл емес, мотоцикл десейші, — деп түзету енгізді. — Капиталист, — деп күбірледі.

Не айтқанын түсінбедім.

— Ана кәріске жолама, — деді тағы да. Дәл бір менің шешем сияқты.

— Тоңып кеттім, — деп орнымнан ұшып тұрдым да, келген ізіммен аяқ жолға түсіп, тұра жүгірдім.

Бар болғаны осы.

Ертеңіне Фрося менімен сөйлескен жоқ.

Сапқа тұрған ертеңгілік жиыннан кейін горн мен барабанды Фросяға тапсырамыз. Ол суық қол созып, бетіме тура қарамады. Тіл қатпады.

Осы күннен бастап Галя Тайманова мені иемденіп алды. Суға түссек те маған жақындап, алау жаққан түнде әнге балқып отырсам да қасыма келгіштеп қоймайды. Мен қашқақтап жолағым келмейді. Тура кездесіп қалса, бұрылып кетемін.

Бір күні алаудың шоғын өшіріп жатқанда қасыма жетіп кеп «Предатель!» — деді ызбарлана тіл қатып. Жақсы сөз емес екенін білдім, бірақ дәл аудармасын таппадым.

Фрося мені көрсе бетіме тура қарамай бұрылып кететін болды.

Кәріс қыздан осылай айрылдым.

Лагерьдегі отыз күн де осылай зырлап өте шықты.

Фрося бір күн бұрын қоштаспастан кетіп қалды.

Галяны әкесінің шопыры келіп, машинасымен алып кетті.

***

Келесі жылы пионер лагерінің есігі тарс жабылып, қайта құрудың құлпы салынды. Бұл — қайта құрудың кішкентайларға тартқан сыйы болды. Мен болсам, Фросяны іздеп шарқ ұрып жүрмін. Жатсам да, тұрсам да ойымнан бір кетпейді. Бар бәле сол Галядан келді. Галядан емес, өзімнен, табанымның бүрі жоқ, неге оның еркіне бағынып, кездесуге бардым. Тәжірибем де жоқ, бұрын ең кемі екі қызбен жүрсем осылай болмас еді. Хат жазсам ба екен? Әдірісін де алмаппын. «ИЖ» матасекіліме мініп, «кәріс колхозды» аралап жүріп, үйін тауып алармын. Алақандай ауыл ғой. Фросяны сондай сағындым. Галяны көргім келмейді. Бар бәле содан. Соның әкесінің қызметіне қызығып, оның үстіне лагерь де тікелей соған бағынады дегесін... Өз әкемнің сөзі де қамшы болды, «лауазымы барлардың балдарымен жақын жүр» деп... Екеуі қосылып, Фросядан айырды. Жүрегім өртеніп, ішім удай ашиды. Ол өкпелеп кетті, енді қалай бетін қайтарам. Әуелі тауып алайын. Әдірісін де білмеймін. Енді тарылдақ «ИЖ»-ге отырып ап, «кәріс колхозды» аралап, үй-үйді тінткілегеннен басқа амал жоқ. Бірақ, ол қыз бала, төмен етек, оның үстіне мектеп оқушысы, әке-шешесі естісе ұят боп қалмас па екен?

Таптым. Іздеген таппай қалмайды. Хатты базарда отырған әжесіне апарып берем. Әжесі ашып оқыса қайтемін. Ол оқымайды, ол сондай мейірімді, өсекке, жел сөзге жоқ адамдар. Не де болса хатты әжесіне тапсырамын. Сонда не деп жазам. «Фрося! Сен мені түсінбей жүрсің. Әдірісіңді айтып, хат жаз. Сонда бәрін айтамын. Қуантай» деймін. Артық сөз айтпаймын. 1958 жылы шыққан «Орысша-қазақша сөздікті» ауыл кітапханасына барып ақтарып отырып, Галя айтқан «Предатель» деген сөздің аудармасын тауып алдым. «Сатқын» деген сөз екен. «Мен сені сатқан жоқпын» десем... жоқ, оны кездескенде айтармын. Бұл сөзді кейінге қалдырдым. Бір бет қағазды үшбұрыштап бүктеп едім, көзге қораш көрінді. «Бұл кинодан көрген соғыс кезіндегі хат емес қой, қазір заман басқаша. Онан да конвертке салайын». Конвертке сап, желімін тіліммен бір жаладым да, «Кому» деген тұсқа «Ким Фросяға» деп жаздым. Бір дәу стакан шемішке аламын да, «Мынаны Фросяға бере салыңызшы» деймін. «Бір рет бетпе-бет жүздесті, қалтамды толтырып шемішке салып берді, ұмытпаған шығар». Сабақтан кейін хатты кәстөмімнің ішкі қалтасына салып, торсеткіні қолыма ұстап, тас жолға түсіп, Шиеліге қарай құстай ұштым. Шешем жүрегімнің дүрсілін айтпай-ақ сезеді, бәрін жүріс-тұрысымнан біліп қойды.

— Қайда барасың?

— Шиеліге, моншаға...

— Бүгін базар күн емес қой.

— Бір күн ерте барам.

Мен 9-сыныпты бітіретін түбіт мұрт жігітпін. Маған ешкім де кедергі келтіре алмайды. Тек табанымның бүрі жоқ, әйтпесе жігіттігім бір басыма жетеді. Енді түзелетін шығармын. Басыма таяқ тиді ғой, бір жылда біраз нәрсеге көзім жетті.

Базардың да базар сиқы қалмапты. Тізіліп отыратын шемішкеші әйелдердің орнында зәңкиіп қос қабатты үй тұр. Маңдайшасына «Шиелі аудандық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресу комитеті» деп жазылған. Тек сол үйдің артында тұмсығын Көкке қаратып, дуалға тіреп қойған екі-үш күләбі қауынды көріп қалдым. Бұл да тығып сатып тұрған саудагердің сиқы. Базардың базар көркі қалмапты. Барлық жер бұзылған, ала тақия өзбектер кірпіш қалап, там соғып жатыр. Базар деген қайнап жатқан қарбалас мекен, адамның емен-жарқын көңіл-күйі емес пе еді. Мына жерде қабағы ашылған ешкімді көрмедім. Бұрынғы береке жоқ. Көңілім құлазып қайттым.

— Тез қайттың ғой, — деді апам тұлабойымды тінткілеп қарап.

Үндемедім. Бәрін біліп тұр.

— Бүгін анау кәріс Шан-Ген үйіне шақырды. «Елімізге көшеміз» дейді. Қоштасып, шәй бермекші. Қайта құру деген жақсы болды, әркім Отанын тауып, туған-туысқанына көшіп кетіп жатыр. Шан-Геннің қатыны «кетпей-ақ қояйық» десе, анау мәттақам көнбепті, «еліме барып өлемін» деп. Өзі де трәктір сияқты темір ғой. Қатыны мені көрген жерде солқылдап қоя береді. Қайтсін, өсіп-өнген жері болғасын. — Апам сөйлеп тұр. — Сенің анау Уақит досыңның әкесі шешен Дүду кеше көшіп кетіпті. Ләм деген жоқ, әйтпесе елу жылдан бергі ауылдас емес пе. Шешен деп басымызға көтердік. Саған досың ештеңе айтқан жоқ па?

— Жоқ, — деп басымды шайқадым.

— Қатыгез ғой, қандары бұзық қой.

Апам әрең дегенде сөзін аяқтады. Мен шаршап тұрсам да, қайта жолға шықтым. Автобус та келе қойды. Екі шақырым жол алыстап кеткендей көрінді, автостанцияға төзімім таусылып әрең жеттім де, «Гигант» деген жазуы бар тағы бір автобусқа отырдым. Ол да қашық емес, үш-ақ шақырым. Сонда да тықыршып, мазам кетті. Дәл орталықтан түсіп қап, тақия киген кексе кісіні сөзге тарттым.

— Көке, Ким Фрося деген қызы бар кәрістің үйін қалай табуға болады? — деп едім, қырсықтау жауап берді.

— Құдаң ба еді?

— Жоқ, керек еді.

— Ким-Ир-Сен ғой. Ол бір ай бұрын көшіп кеткен. Отанына. Әуелі кәрі шешесі: «Мен ойаққа барғанда не бітірем деп көнбеп еді, ақыры кетті, байғұс. Кәрінің сөзін кім тыңдасын. Қан тартып тұр ғой, — деді тақиялы кісі жұқа мұртының астынан жымиып. Айтарын айтып, қисалаңдап жүре берді. Ілкі сәтте қайта бұрылып: — Иә, Прося деген бойжетіп отырған қызы бар еді. Ол не, ашынаң ба еді? — деді тағы да мұртынан күліп.

Мен түкке түсінбей бұрылып кеттім. Автобус күтпестен аудан орталығын қиғаштай кесіп өтіп, ауылға жаяу тарттым. Кәстөмнің ішкі оң қалтасындағы хатты қолыма алдым. Енді бұны қайтем? Жыртып тастайын ба? Жыртпай-ақ қояйын. Фрося туған жерін сағынбайды дейсің бе? Сағынбай тұра алмайды. Қайтсе де бір келеді. Сонда мені іздеп неге келмейді. Келеді. Оған дейін хат жазып қалуы да мүмкін. Сөзсіз бір хабар болады. Барған жерін жерсінбей көшіп келсе ғой, шіркін. Фросяны қасымнан бір елі шығармас едім. «Қайта көшіп келіп жатқандар аз емес» деп апам айтқан. — Барған жердің бәрі алдынан ағарған алып шығатын біздің ауыл емес қой» деп сөздің сірағасында тағы бір сілтеген. «Фросялар да сөйтсе ғой» деп армандап келемін. Апамның айтқаны рас, Карл Вехтер деген Шиелідегі шаштараз неміс Германияға қоныс аударып, жарты жылдан кейін қайта көшіп келіпті. «Мен жарытып немісше білмейді екенмін, тіл білмейтіндерді ол жақта екінші сортқа санайды екен. Германияда екінші сорт болғанша, Шиеліде жоғарғы сорт боп жүрмеймін бе?» деп жылап көрісіпті қайтып оралғанда. Фрося да қайтып келсе ғой. Туған жерін қалай қиып кетті екен. Бірақ, олар алған бетінен қайтпайды, тірлікті адал істеп, кетпенді адал қолмен шабады. Бізге күріш егуді үйретіп кетті, енді өзім шемішке егуді үйренем. Таңдайыма шемішке дәмі білінді, Фросяның әжесі қалтама салған шемішке қандай тәтті еді. Бала күнімнен шемішке шақтым, бірақ сол бір стакан шемішкенің дәмі өмір бойы таңдайымда қалып қойды. Фросяның әжесі отырған жерде қазір тірі жан жоқ. Базарды айбақ-сайбақ қып қоршап қойыпты. Балдардың таңдайына тәтті боп тиер шемішке де көзден бұлбұл ұшты. Мал базар да ала жіппен қоршаулы. Бұл — құрылыс жүріп жатыр деген белгі. Сиырдың мөңіреген жуан даусы мен қара қойдың маңыраған жіңішке үні де естілмейді. Тіпті, өзіміздің төл дақылымыз — күрішті де пойыздан сатып алып жүрміз. «Бардан жоқ жасап жүрміз ғой» деп апам анда-санда бұрқ-бұрқ етеді. Екі шақырым жол екі күндік жолдай алыстап кетті. Әйтеуір қалтамда өз қолыммен жазылған хат бар. Соны медет тұтып келемін. Шын көңіліммен, бар өнерімді салып жазылған хат ғой. Былтыр бір стакан шемішкені кәріс әже лақ еткізіп төңкере салған қалтамды сыртынан тағы бір сипап қойдым. Сол шалбар, сол қалта, осы шалбарды бұтымнан шешкім келмейді. Хат қара кәстөмімнің ішкі қалтасында, оны да сыртынан бір сипадым. Осы екеуі көңіліме медет боп келеді. Егер Фрося келмесе мекен-жайын тауып ап, жер аяғы кеңіп, өзіме-өзім келіп, жігіт болған соң артынан барып қайтамын. Мен онсыз да жігіт емеспін бе? Бір мезет ішім шым ете қалды. Қысық көз кәріс қыз өзіне ұқсас басқа біреумен жүріп кетіп жүрмесе... Жоқ, ол мен емес, ондайға бармайды. Жүрек тұсым мұздай болды. Хатты сыртынан тағы бір сипап қойдым. Аяқ алысым да жиілей түсті. Баяғы өзіміз суға түскен дәу арнаның бойын жағалап келемін. Тас жол арнамен қатар тартылған. Осы арна біздің ауылдың тұсынан өтеді. Әне, Көдірекеп бауының төбесі көрінді. Фрося екеуміз түбінде кездескен кәрі тал орнында тұрған шығар, ешкім кесіп тастамаған болар. Қазір қарайған ағашты кесіп тастау түк емес, ештеңенің иесі жоқ заман боп тұр. Басқа басқа, ауылдағы дән суырған күріш қырман таздың басындай тап-тақыр боп жалтырап жатыр, қолы ұзын біреу дән суырған жерге баласына арнап там соқпақшы дейді. Лагерь үйінің маңдайшасы көрінді, әзір бұзылмапты, бұған да шүкір. Анау төбесі көк тіреген кәрі сәмбі тал... сол күйі тұр. Арна жағасынан төмен қарай құлдиладым. Қою топырақты борп-борп басып, аяғымды әрең алып келемін. Сол кәрі талға жетіп жығылып, қатпар-қатпар бүдіріне қолымды тигізсем... Сол жерде Фрося тұрғандай, мені күтіп, дегбірі кетіп, тапал орындыққа бір отырып, бір тұрады. Қасына жеткенше кетіп қалмаса екен. Қазір жетем. Ол мені түсінеді, кешіреді, сатқын емес екенімді біледі. Балағым малмандай боп шаңға малынды, асыға басқан сайын делеңдеген балағымнан боз топырақ бұрқ-бұрқ етеді. Апама да шынымды айтам, енді ештеңені де жасыруға болмайды. Аз қалды, әйтеуір хат қалтамда. Асау арнаның жағасы алыстап, кәрі талға таяқ тастамдай жер қалды. Сол жерде Фрося мені күтіп отыр. Тез жетпесем кетіп қалуы да мүмкін. Маған деген қара қазандай өкпесі бар ғой. Бәрін айтып, өзімнің «предатель-сатқын» емес екенімді түсіндіруім керек. Сол үшін тез жетуім керек. Сідік шаптырымдай жер қалды. Лагерьдің маңдайшасы ғана бүтін, қабырға кірпішін біреулер бұзып алыпты. Кәрі талға ешкімнің шамасы келмес, оған ешкім де қол тигізе алмайды, оған ешқандай балтаның жүзі өтпейді. Ол біздің алғаш кездескен жеріміз. Сол жерге жетіп жығылсам болғаны, басқа ештеңенің керегі жоқ. «Үйге қайт» деген апамның даусы құлағымда күңгір ете қалды. «Кәрі талды бір көрмей қайтпаймын» деп ішімнен жауап бердім. Жетіп қалдым, міне, міне... Қарашы, тапал орындықты да біреу түбінен жұлып әкетіпті. Бұ заманға не болды? Қарайғанның бәрін жоқ қылып... Фрося екеуміз отырған жер осы. Сол жерді бір көріп, табаным тисе болды. Сол шемішке салған боп-бос қалтамды сыртынан тағы бір сипай бергенде қара туфлиімнің үшкір тұмсығы кесілген ағаштың түбіртегіне тиіп, етбетімнен түстім. Тізем удай ашып, тұра алмай қалдым. Құлап жатып төңіректі бір шолып шықтым. Шөп басы сарғая бастапты. Фросяны көрмегеніме де бір жыл болғаны ғой. Ауырсынып жатып сарғайған жусанды уыстадым. Жусанда да иіс қалмапты. Мейлі, біраз жата тұрайыншы. Қандай рахат. Дәл осы жерде Фрося екеуміз құшақтасып тұрғанбыз. Енді сол жерде майып боп етбетімнен түсіп жатырмын. «Кәріс колхозға» тағы бір барып, толық әдірісін тауып аламын. Кәріс Елі деген немене, түк те алыс емес, мынадай самолет самғап жатқан заманда... Оға