Әдебиет
Қуандық Түменбай
Түменбай Қуандық (22.8.1955 ж.т., Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ы.Жақаев атындағы ауылы) - жазушы.
Түменбай Қуандық (22.8.1955 ж.т., Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ы.Жақаев атындағы ауылы) - жазушы.
Аяз би, құмырсқа және «Дайдидау»
Сидам денелі, сүйір иықты, үшкір мұрын, тіп-тік тергеуші осы шаңыраққа бүгін үшінші рет келіп, үшінші рет дарбаза қоңырауының түймедей нүктесін басты. Қаланың дәл орталығы, жанға жайлы тыныш жер. Қос қабатты үйдің екінші қабаты, бір елдің тізгінің ұстаған бірінші басшы болса да, жұртынан бөлініп сыртқары шығып, елден ерекшеленген жайы жоқ. Үш бөлмелі қоңырқай пәтер, бір подъезде екі отбасы, кіріп-шыққан көптің бірі. «Бұл жағынан ештеңе таппайсың, «дворян ұясында» жұмыртқа жоқ» деп тергеушінің миығы тартты. — Өзінің болмысы да біртүрлі қызық екен. Ап-арық денесіне тіп-тік сұңғақ бойы жарасып тұр. Дәл бір бәріне көнгіш аңқау балдар секілді. Бұл ауданда кілең тізгін ұстаған «дедтер» тұрады, сондықтан «Домодедово» деп атапты. Бұның да мәнісіне байырқап қарап, көз жеткізді. Олардың балалары мен немере-шөберелері өзінің уақытша мекені — жиырма бес қабат қонақ үйдің түбіндегі көшеде, оған «Внуково» деп атау беріпті». Армян жігіті мұрт астынан жымиды. «Халық айтса, қалт айтпайды». Қарашы, қалай дәл тапқан. Жарайды, бұл оның жеке басына қатысты іс емес. Күдіктінің ұбап-шұбап жатқан бала-шағасы да жоқ. Әйелі екеуі өмір сүріпті. Партиялық жарна жағынан түк таппадық, енді академиктік жағына қозғау сап көрейік. Көп академиктер мен генералдар осы жағынан тұтылып жатады». Армян жігіті есік алдында тарам-тарам бұтағы иіліп тұрған кәрі сәмбі талдың жап-жасыл жапырағына сүйсіне қарады. «Қандай әдемі, қандай көрікті ағаш. Жиырма төрт жыл ел билегенде сол осы ағаштың көркіне қарады дейсің бе? Қалаға еңбегі сіңіпті. Өзім жатқан жиырма бес қабат қонақ үй мен келген бетте көкке өрлеп, ауасын жұтқан атақты Медеу мұз айдынын өз қолымен тұрғызыпты, не де болса қарлы бөктердің сәнін келтіріпті. Жарайды, бұның бәрі күнделікті қызметі, сол үшін үкіметтен айлық алып отырды» деп, тергеуші көкірегіндегі жылы ағысқа дер кезінде тосқауыл қойды. Бас прокурор тұтқындау туралы ордерді де алдын-ала беріп қойған. «Сені аса жауапты іске жегіп отырғаным — бұл Орталықтың тікелей тапсырмасы. Сен орыс емессің, хохол емессің, мұрның біздей армянсың. Мұсылман күдіктіні тергеу барысында Лубянкіге қамап жауап алам десең де, бәрі өз еркіңде, — деп сипап бастап, сыпайы сөйледі. Сосын: «Енді Саркесян алмаған сыйақыны ит жесін», — деп Бас прокурор иегін қышытып, тамсандырып та қойды. Дәудің өзі арқадан қаққасын делебесі қозған кәсіби тергеуші үш сағатта Алматыға ұшып келді. Жылда миллиард пұт астық беріп жатқан бай елдің аспанында қалықтап келе жатып, пенде ретінде анда-санда гитара тартып, ыңылдап ән салатын көңіл пернесі бос тергеуші өнбойы шымырлап, көк аспанмен тілдесті. «Аспан қандай таза болса, мен де сондай тазамын. Өзімен-өзі өмір сүрген елге қылдай қиянат жасамаймын. Армян мен қазақ киген тазкепеш ұқсас, бұлар да он бес өгей баланың біреуі ғой» деп бойын жазып, қиялын түйіндей бергенде ұшақ төмендей бастады. Бірінші қатарда отырған бұған кірпігіне бояуды қалың ғып жағып, қасы-көзі қиылған сұлу жолсерік қыз имене тіл қатты: «Белдігіңізді салыңыз». Аспан ережесі бәріне бірдей. Беліндегі салбырап тұрған темір қысқышты сырт еткізіп орнына қойды...
Темір есіктің қоңырауын басты. Сержант жігіт тесіктен сығалап қарады да, есікті ашып, қолын шекесіне апарды. Үлкен кісі үйқамақта, тергеу үйде өтуде. Заң орнында өткізуге де болар еді, бір көріп, тілдескеннен кейін кісілік болмысын байқап, шешімді өзгертті. «Сексендегі шалды селкілдеткеннен не шығады, онан да өзім келейін» деп тергеудің күн тәртібіне қол қойды. Бүгін үшінші күн. Екі күн бойы елді асыраған миллиард пұт астық сақталған қоймаларды тышқанша тіміскілеп, тізілген дөңгелек нөлдерді өмірге әкелген үлкен-кішімен беттесті, бас жарып, көз шығарар ештеңе таппады, қазақ деген несібелі ел екен, баданадай-баданадай дәннің бәрі қуысқа тығылмай беті ашық жатыр. Пара жағына келгенде қолы кір сабынмен жуғандай тап-таза, «бердім» деп бергенін даулаған біреу шықпады, «көрдім» деп күмілжігендер де көрінбеді. Желтоқсан көтерілісіне қатысы жоқтығын алқалы топтың алдында өзі айғақтап берді. «86-ны ұйымдастырудың бас кейіпкері, міне, мынау» деп сұқ саусағын шошайтқанда дәмелі топтың біреуі галстук ұшы мойнын қысып, талықси берді. Айғақ айнадан көрініп тұр. Енді... енді мәдени жағына көшейік» деп, тергеуші ойын түйіндеп, үйге кірген бетте өздері отырар бөлмедегі жұмсақ креслоға жайғасты. Қонақ бөлмесі болу керек, бірақ басқалардікіндей далиған кең дала емес, жылтыраған жиһаз да жоқ, төмен салбыраған люстра да көрінбейді — қарапайым тұрмыс, қанағат тіршілік. Сұңғақ бойлы, кең иықты, қоңқақ мұрын, шалдықтың шалғайынан ұстаса да көңілі сергек кісі күдікті ретінде қарсы алдындағы тәпелтек орындыққа жайғасты. Ортаны дөңгелек үстел бөліп тұр.
— Мұхаммед Халықұлы, сіз қай жылдан бері академиксіз? — деп бастады бүгінгі сауалын жүзінде қызыл шырай ойнап тұрған әкесіндей кісіге еркінси қарап. Талай тергеуді көріп еді, осы бір күдіктіге сұрау салғанда өңінде ә дегеннен бір әжуа қызыл шырай ойнап шыға келеді. «Менің әкем де сөз бастағанда сұсты жүзіне осындай бір құбылыс қалықтап шыға келетін» деп тергеушінің жүрек тұсы бүлк ете қалды.
— Мен, Левон Арнольдович, отыз бір жыл болды академик атанғаныма. Бірақ, сол академиктік стипендиямды алмаппын, — деп сауалына бірден жауап бере бастады. — Асырай алмай жатқан бала-шағам жоқ, жалақым бір басыма жетеді. Балалар үйіне, жетімдерге аударып отырдым, — деп, түрегеп барып, қарсы беттегі шкафтан көне әбдірені алып шығып, шет-шеті қысқышпен қыстырылған бір бума қағазды үстелге қойды. — Мынау квитанция.
Қолға ұстап көз салып еді, 1958 жылдан басталып, осы күнге дейінгі құжат-қағаз екен.
— Қызметтен кеткесін де сонда аударғансыз ба?
— Қазақта «Асыл адам айнымас» деген сөз бар. Қартайғанда жолдан тайып неғылам.
Тергеуші бір бума қағазды қайтып берді. Ол куәлікке жараған сарғыш қағаздарды әбдіреге мұқият қайта салып, алған затты тұрған орнына қойып, көңілін демдегендей боп орнына қайта отырды.
— Осы, сіз, зорлыққа сап, Алматыда қазақ мектебін аштырыпсыз. Бұған не дейсіз?
— Бұл менің бетім күйетін-ақ нәрсе, — дей бергенде, ақ желеңге малынған қазақ қызы имене басып кірді де, «Кешіріңіздер. Мұхаммед Халықұлы, сізге укол салатын уақыт болды, — деді баяу үнмен. Шал білегін түріне бастады.
— Рұқсат болса, мен инемді сұққызып келейін, — деді сәл күлімсіреп.
Тергеуші басын изеді.
Ілкі сәтте күдікті жеңін жүре түсіріп, бөлмеге сөйлей кірді.
— Сіз, Левон Арнольдович, менің баламдай жігіт екенсіз, қарсы сауал қойғаныма айып етпеңіз? Сіздің Арменияның астанасы — Ереванда армян мектебі бар ма?
— Бар болғанда қандай.
— Қай жылдардан бері?
— Бұрыннан бар. Бізде орыс мектептері кейіннен ашылды.
— Ал, бізде, Левон Арнольдович, қазақ мектептері кейіннен ашылды. Қазақтың астанасында 60-шы жылға дейін қазақ мектебі болған жоқ. Бізде Шонай деген ұлт патриоты бар еді, сол маған кіріп, осыны айтқанда жүрегімді ұстадым. «Не бітіріп жүргенбіз» деп күйіндім.
— Сіздер интернационал республикасыздар, «достық лабораториясы» деген аттарыңыз бар, — деп тергеуші көз астымен қарағанда шалдың көзіне шық тұрып қалыпты.
«Кәрілік, зайыбы қайтқан қамкөңіл, атбайлары жоқ адамның кейпі осындай болады» деп көз көрген көріністі жуып-шәйді.
— Әуелі қазақ мектебін орыс мектебіне қосымша ғып ашып, бір жылдан кейін таза қазақшаға айналды. Кемелденген социализм кезеңіне бет бұрғанда ұлт астанасында ұлттық мектебі жоқ ел біз екенбіз. Мен сол кемістікті жөндеуге тырыстым. Жақын жердегі ауыл-ауылдарға қатынап оқитын, малшының балдарына арналған мектеп-интернатта жатып оқитын қазақ балдары мектепке сыймай кетті.
Армян жігіті абайламай айтып қалған сауалына тілін тістеп қалғанмен қолда тұрған биліктің шылбырын қызу көкірекпен тағы да сермей лақтырды.
— Сіз «Алматы ақшамы» деген қазақ газетін ашуға да мұрындық болыпсыз ғой?
Күдікті оң иығын қозғап, сілкініп қалды. Сосын тергеушіге тесіле қарады. «Осыны да сөз деп айтып тұрсың ба?» деген көңіл көншімес орта қап салмақ өң-жүзінен көрініп тұрғандай. «Бүгін мәдени сауалдар күні. Осымен бітіреміз. Жауап берсін» деп, үлкен жерден келген өктемдігін алға сап, биліктің белбеуін қынай тартты.
— Бұл да сол қазақ мектебінің кебін киген нәрсе ғой. Бізде «Вечерняя Алма-Ата» деген қалалық газет бар, қазақ басылымы жоқ. Бұған да шырылдап жүріп, мұрындық болған әлгі Шонай деген ұлт патриоты. Маған идеологиялық тұрғыдан ешкім де Алматыда қазақ тілінде қалалық газет жоқ деп хабарлама жасаған емес. Айтса қамданар едік, — деп иығын бір бүлк еткізіп, әлсіз қомданып қалды. Екеудің бірі — бойшаң күдікті отырғандай, тапалдау тергеуші түрегеп тұрғандай боп көрінді. Күдіктінің қасқа маңдайы жарқырап, бір уыс шашы төбесіне үйіліп қалыпты. Көз жанарында күңгірттік бар, алыс та, жақын да көмескі тартып, сүзіле қарайды.
— Ақшам деген не мағына білдіреді? — деді тергеуші.
— Бұл — кешкі уақыт, ымырт үйірілген шақ, күннің әбден батқан мезгілі.
— Діни ұғым емес пе?
— Мұсылманда ақшам намазы деген бар. Тәу етуші ымырт үйірілгенде жайнамазға жығылады. Бұны мен ойлап тапқан жоқпын, ата-баба сөзі. «Алматы ақшамы» «Вечерняя Алма-Ата» деген ұғымды дәл беріп тұр.
— Өзіңіз ше? Өзіңіз намазға жығылған жоқсыз ба?
— Намазға жығылу — мұсылманның бес парызының бірі. Екеуміз де атеист емеспіз бе, — деп, тергеушіге қарап мысқылдай езу тартты. — Пайғамбар жасынан асқанда өтірікші болмайын, мен намаз бен Құранды қайда жүрсем де күбірлеп ішімнен оқыған адаммын.
Тергеуші түртінектеп жүріп, қалқитқан ұясына қонайын десе бір нәрседен сескеніп, шырылдап тұрған қара торғайды көргендей болды. Сол сәт теректей ұзын кісі сәл иіліп, таза орысшалап бастап, «Көршіміз өзбекте «Тошкент окшамы», қырғызда «Кечки Бишкек», өзіңіздің Арменияңызда «Ерекоян Ереван» бұрыннан шықпай ма?» — деп қарсы сауал қойды.
— «Ерекоян Ереван» 1957 жылдан шығады, — деп күбірледі тергеуші.
— Ал, бізде отыз екі жыл кейін шықты, — деп күдікті естіртіп айтты.
— Жарайды, келесі сауал, — дей бергенде, әуелі есік әлсіз тық етіп, аққа малынған қыз тағы да басын сұқты.
— Мұхаммед Халықұлы, отыз минөт өтті, сізге тағы да укол салуым керек, — деді ыңғайсыз кейіпте.
— Рұқсат па? — деді креслода өзін еркін сезініп, шалқая түскен тау халқының өкіліне қарап.
— Рұқсат, — деп ол да орнынан тұрып, темекі шегуге қамданды.Түс те боп қалды.
— Мұхаммед Халықұлы, тергеуді түстен кейін жалғастырсақ, — деді жігіт темекісін саусақ ұшымен умаждап тұрып.
— Болады. Біздің қазақ үйіне келген қонаққа «шәй іш» деуші еді. Бүгін үшінші күн, ондай сөз әлі аузымнан шыққан жоқ. Біткесін бір-ақ ішерміз, - деп күлімсіреп тұрып, білегін түріне бастады.
«Нағыз таулықтың өзі. Тау да анау көрініп тұр». Тергеуші торлы терезеден төбесі қарауытқан Алатауға бір қарап, темекі тұтатар отбергішін іздеп, кәстөмінің қалтасына қол сұқты. Бірі — жеңі түрулі, бірі — қалтасын қармалаған екеу бір-біріне бас изесіп, екі жаққа бұрылып кетті.
***
Арнайы орынға барып темекісін шегіп, көкірегін ыстап, шәй-пәйін ішіп қайтқан тергеуші бөлмеге қайта кірді. Тау жаққа қараған терезеден күн сәулесі ұшын темір торға тигізіп-тигізіп ап себезгілеп тұр. Сол қолының жеңін жолай түймелеп, күдікті де қарсы алдына кеп отырды.
— Қан қысымыңыз бар ма? — деді тергеуші.
— Бар. Соңғы кездері күшейіп жүр. Мен бұрын инфаркт алғанмын.
Тергеуші қағаздарын желп-желп еткізіп аударыстырғанмен қиялы басқада, көз алдында кірсең шыға алмас түсі суық тас түрме. «Бұл кісіні изоляторға отырғызғанмен денсаулығы жарамайды. Сотқа жете алмайды. Тіні таза, көңілі кең. Фактілер анықталмай отыр. Ең бастысы, қолы таза».
— Осы, Мұхаммед Халықұлы, сіздерде «Қыз-Жібек» деген кино бар ма? — деді сауалды төтесінен қойып.
Шал тосын сауалға жаны жадырап, мәз боп қалды.
— Бұл — халықтық дастан. Махаббат туралы лиро-эпос.
— Төрт сериялы ғой.
— Екі сериялы. Әуелде төрт серия ғып түсірген. Бірақ, күңкіл көп болды. Мәскеу, Госкино бекітпей қойды. Ру, жүз тартысы деген бар ғой бізде, соны насихаттаушы көріністері көп екен деп, Госкино екі сериясын қысқартып тастады.
— Кеткен шығынды кім өтеді?
— Шығын өтелді. Бұл — халықтың ең сүйікті киносына айналды. Шал-кемпір жылап отырып көретін болды.
— Шығын қалай өтелді деймін?!
— Шығынды көрермендер өтеді, кинотеатрлар арқылы өтелді. Артығымен өтелді, - деп бөгеліп қалды. Сосын жылдам сөйлейтін әдетімен шалт сөз бастап кетті. — Біз, Левон Арнольдович, халықтық ертегілері, батырлық және махаббат эпостары көп халықпыз. Мысалы, осы «Қыз-Жібек», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Ертөстік», «Алпамыс» — осының бәрі кино боп түсірілді. Сіздерде Давид Сасунский деген 7-10 ғасырда ел қорғаған батыр бар емес пе, — дей бергенде, армян жігіті «Наш Давид Сасунский», — деп бір қырына төңкеріліп түсті. Сосын күдіктіге көз астымен қарап: «Жарайды, әрі қарай жалғастырайық», — деді қазақтың аузынан шығып, өзінің көкірегін шымырлатып өткен екі ауыз сөздің мақтаныш лебін бір стакан «Сарыағаш» суымен жуып тастап. Шал өзінен үш мүшелден аса кішілігі бар, дәл осы сәтте кідірістеп қалған билік өкіліне көзін сүзіп, сауалын күтті. Жаңа ғана ине сұғылған күретамырының орнын көйлек сыртынан бір сипап қойды.
— Осы, Мұхаммед Халықұлы, сіз өнерде, әсіресе, музыкада татар ұлтының өкілдерін ерекше көтермеледі деген сөз бар. Бұған не дейсіз? — деді қос саусағына қыстырған көп қырлы автоқаламның түбімен дөңгелек үстелді тық-тық ұрып.
— Не хватало! — деді дауысына келемеж әуез қосып. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» деген сөз бар біздің қазақта. Жазғыш, жазғыш дегенге жаза береді екен де. — Тамағын кенеп, мүдіріп қалды. Бірақ, өзіне арнап қойылған алдындағы «Сарыағаш» суына қол созып, дәм татпады. — Қазақта Шәкен Айманов деген актер-режиссер бар, Шәмші Қалдаяқов деген композитор бар. Вальс королі. Көбіне соның әндерін тыңдаймын. Ең әуелі, жұбайым радиодан тыңдап, сол айтты Шәмшінің әндерінің керемет екенін. Бойыңды босатып жіберетін бір құдіретті әуез бар әндерінде. Шақырып алып сөйлестім, пәтер жағынан көмектестім. Нұрғиса деген қазақ болды, соған «Отырар сазы» деген халық аспаптар оркестрін ашуға қол ұшын бердім. Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, ағайынды Абдуллиндер, — дей бергенде, тергеуші тоқтатып, сауал қойды.
— Әлібек Дінішев те қазақ па?
— Қазақ, тегі қазақ. Бұл анау ағайынды Абдуллиндер деген егіз татар әншінің жиені. Бар бәле осыдан шығып отыр ғой. Ой, халқым-ай, — деп ішін басып отырып қалды.
— Да-а, Дінішев «Смуглянка» мен «В городском саду играет духовой оркестрді» өлтіріп айтады. — Тергеуші аз-кем ойға шомып, көз алдына бір көріністерді әкелді де, бұл тақырыпқа нүкте қойғандай болды. — Осы Мұхаммед Халықұлы, — деді басын шалқайтып, — жасыңыз болса сексенге тақап қалды, қазір немен айналысасыз? Үйде отырып ішіңіз пыспай ма? — армян жігіті сынай қарағанда сүп-сүйір мұрын ұшы бет аумағын тастап, бір жаққа сүйреңдеп кетіп бара жатқандай көрінді.
— Үйқамақта отырған адамның іші пыспаушы ма еді, - деп бұл да сауалға сәтімен жауап берді. — Көбіне кітап оқимын. Қазақтың халық ертегілеріне бала күнімнен құмармын. «Шөптің жаманы — қарақоға, құстың жаманы — сауысқан» деп дәлелдеп берген алба-жұлба киінген қойшы жігітке хан: «Ал, адамның жаманы кім?» деп сауал қойғанда: «Сірә, мен болармын» деп жауап беріпті. «Жоқ, сен адамның ең жақсысысың» деп өз орнына хан сайлағанын айтқанда, тергеуші басын шайқады. Оның Аяз би атанып, алба-жұлба шапанын өмір бойы есік маңдайшасына іліп қойғанын естігенде, «Чудо!» деп жабық тұрған қызыл есіктің маңдайшасына сүзіле қарап, күбір етті.
— Қазақта фольклор деген көп екен де.
— Қазақ фольклорға да бай, тілге де бай. Тек қазір өз тіліміз өзімізге бұйырмай тұр... — күдіктінің өнбойынан бір өкініш көргенде, «осы сөзді несіне айттым екен» деп отырып қалды. Сосын: «Қазақстан — интернреспублика емес пе, — деп жуып-шәйді. — Брежнев бір келгенде: «Қазақстан — достық лабораториясы» деп атап айтқан жоқ па? Сол лабораторияның өнімдері өсіп-өнгесін қазақша сөйлей ме екен? — тергеуші тауып кеттім дегендей тәкаппарлана қарады, орысша сөйлегенде армян акценті өз тілін айбарлап тұрса, көкіректегі биліктің буы таба нанның ыстығындай басылар емес.
— Сіздерде Данелия түсірген «Мимино» деген кино бар емес пе? — деп күдікті аттың басын кері бұрды.
— О-о, этот грузин, — деп тергеуші алдын орап кетті.
— Грузин мен армян Мәскеуде, қонақ үйде отырып та бір-біріне беріспейді, армян өзінің ұлттық тамағы — дурмаға дейін насихаттайды, — деп ұзын кісі иығын бір қозғап қойып қарағанда, көптен дәмін татпаған дурманың иісі үшкір танауын қытықтағандай болды. — Ал, біздер, артық асымыз болса қонағымыздың алдына қоямыз. Айдалып келген шешен де, кәріс те, неміс те, тіпті, Солженицынға дейін қазаққа риза. Сонан, әлгі ертегінің ақыры, — деді жауап беруші иығын тіктеп. — Біздегі «Аяз би әліңді біл, құмырысқа жолыңды біл» деген мәтел осыдан қалған...
Мынау қарсы алдындағы кісі күдікті емес, күнде көріп жүрген ескі танысындай боп бара жатыр. Қобалжуы жоқ кеңқолтық адам күдікті емес, көзкөргені сияқты.
— Екі жыл болды жұбайым қайтқалы. Бізде «Күн астындағы Күнікей қыз» деген де ертегі бар. Ол да менің Күнікейім еді, құмырысқадай еңбекқор еді. Мен өзі құмырысқаны жақсы көрем. Есік алдындағы сәмбі талдың түбінде тырбаңдап бара жатқан құмырысқаға көзім талғанша қарап отырамын, — дей бергенде:
— Ән саласыз ба? — деп сөзін бөліп жіберді.
— «Дайдидау» деген халық әні бар. Өмірде бір қызға ғашық болған жігіттің мұңы. Міне, былай: «Хат жаздым қалам алып сізге еркем, Жүзің бар он төртінші айдай көркем, Есіме сен түскенде, беу, қарағым, Қозғайсың қатып қалған іштің дертін» деп, сәл әндетіп барып, дәлме-дәл орысша аударып бергенде, тергеуші күдіктінің көзінен тағы да төңкерілген шық көрді.
— Дайдидау деген не өзі? — деп құмарта сұрады.
— Бұл — әннің қайырмасы. Адамның музыка тілімен шамырқануы, ыңылға қосылған іштегі ызың. Әрекеті таусылған адамның ең соңғы әрекеті. Мен де бір дайдидаумын ғой, — деп оң тізесін бүлк еткізді.
«Осыны... сұрап нем бар еді» деп өз-өзін сөккендей болды да, «Басқа қандай ән тыңдайсыз?» деп тағы бір сауал қойды.
— Менің біраз өмірім Мәскеуде өтті. Он жеті жасымда үлкен жерге барып оқуға түстім. Жастық дәуренімнің бір бөлігі сонда өтті, әр барған сайын Мәскеуді сағынып барамын. Сағынғанда «Подмосковные вечераны» ыңылдаймын, — дегенде тергеуші бүгінгі сөзді, жалпы тергеуді осымен тоқтату керек деп көңілін тұйықтады. Тау халқының өкілі Давид Сасунскийді айтқанда бір қопаң ете қалып еді, «Миминода» ойнаған Мкрчянның Мәскеуде жүріп дурманы сағынғанын көз алдына әкеліп, тәтті тағамды аңсаған тәтті қиялдан көңілінде бір тамсану пайда боп қозғалақтап кетті.
— Левон, — деп есімімен атады, — мені отырғызу ойыңда бар ма? — Күлімсіреп қараған жүзінен әрлі-берлі жүгірген әжуа көрінгендей.
— Сізді ешкім де отырғыза алмайды...
— Отыз минөт өтті, — деген аққа оранған қыздың төбесі көрініп, жіңішке даусы шықты.
Тергеуші орнынан балаша ұшып тұрды. «Тағы да адам тәніне ине қадап, жанын ышқынту ма?» Ол күдіктімен қатар тұрғанда баласындай боп көрінді. Шалт бұрылып, шалдың тұлабойына тіміскілей қарады.
— Мұхаммед Халықұлы, ертеңге ештеңе қалдырмайық. Алған сыйлықтарыңызды көрсетіңізші.
— Мен сыйлық алмаймын. Халықаралық сапарларда алған сыйлықтарымды мұражайға өткіздім. Үйде бары мынау, — деп жәй басып түкпірге таман тақалып, төртбұрышты үстел үстіндегі ақ матаны желп еткізіп көтеріп жіберді. Аңшы мылтығы мен алмас жүзі жалтылдаған қанжар жатыр. Мылтықтың оқшантайы оқ тілесе, қанжардың түсі суық.
— Бұны неге ақ матамен жауып қойдыңыз?
— Менің көңілім қашанда ақ. Қаруға да ақ жүрекпен қараймын. Ізбасарым тартқан сыйлық еді, қазір бұлардың бетін жауып қоймаса болмайды. Біздің қазақта «бет көрсе, жүз ұялады» деген мәтел бар.
— Мен енді келмеймін. Сізді тұтқындау туралы санкцияны кері қайтарам.
— Өзіңіз білесіз, — деді күдігі сейілмеген сыңаймен.
Тергеуші дәліздегі қабырғамен қабысқан тіп-тік айнаның алдынан өтіп бара жатып өз кейпіне көзі түсіп кетті. Артынан келген күдікті төбесімен Көк тіреп тұрғандай көрінді. «Енді келмей-ақ қояйын осы үйге. Жаны жүдеу адамды мазаламай-ақ қояйын». Сыртқа шыға берісте үйқамақтағы күдіктіні күзеткен қарауыл тік тұрып қолын шекесіне апарды. Есік алдындағы ағаш отырғышқа жамбас тигізіп, пәпкесін қопарыстырып, бір қағазды қолына ап, күдіктіні тұтқындау туралы санкцияны қызыл сиямен ортан белінен бір тартты. Осы бір адаммен ертең ешқандай тергеусіз, жайбарақат отырып мамыражай сөйлескісі келді. «Ертең телефон соғам. Өз билігім өзімде емес пе». Бір құмырысқа аяқ астында тырбаңдап барады. «Тек өмірдің өткен-кеткенін айтып, екеуара әңгімелессем деймін. Бір-бір кеседен шәй ішерміз. Қазақ шәйсіз жібермес...». Тергеуші ертеңді күтті. «Таң атқанша тұп-тура 17 сағат 45 минөт бар екен». Қалтасын қарманып, темекісін іздей бастады. Құмырысқа қыбырлап кетіп барады. Арқасына салған қиқымы бар. «Үйінде «Дайдидаудың» күйтабағы болу керек. Соны бір тыңдасақ, құмардан шыға тыңдасақ». Тергеушіні келер күннің қамы да қармап қалды. «Қайтуға да билет алып қою керек».