Әдебиет
Итырғын
Жалпы өзі, қазақтың ұғымында итырғын болды деген сөз — мол байлыққа, оңай олжаға кенелді деген мағынада айтылады ғой. Ал біз болсақ, көзді ашып-жұмғанша тура мағынасында итке байып, итырғын болдық та қалдық.
Бұл енді — өркениетке ұмтылып, елдің алдына шығып, көш басында болайық деген игі қадамымыздың алғашқы жемісі.
Шаңырағымызда бес баланың ең кенжелері, аралары бір-ақ жас болатын екі тете ініміз мектеп жасына жеткенде әкеміз отырып:
— Алдыңғылардың қазақша оқып қатырғандары шамалы болатын. Осы екеуін де орысшаға беремін, — деп кесіп айтқан. Солай істеді де.
Сөйтіп Ерғазымыз Эдик боп, Тұрғазымыз Толик боп, үлкені — алтыншы, кішісі — бесінші сыныпқа да келіп қалыпты. Олар үйдегілермен қазақша сөйлескендерімен, өзара орысша әңгімелеседі. Аралас-құралас балалардың барлығының есімдері Андрей, Саша, Паша, Рафик, Жума, Макс болып келеді. Ішінде орысы, қазағы, шешені, кәрісі, ұйғыры — бәрі аралас. Өздерінің Эдик, Толик болғандары сияқты, өздері құралпылардың арасынан бірде-бір мұсылманша атты естімейсің.
Енді міне, екеуінің келіп тұрғандары мынау. Екеуі есіктен ит қуған тайлақтай боп еліре кірді. Екі танаулары елп-елп етіп, ентіктерін баса алмайды. Екеуінің қолтықтарында да домалата жиналған шуда жіпке ұқсаған бірдеңе жыбыр-жыбыр етеді. Үйдегілердің барлығы ештеңеге түсінбей, ауыздарын апандай ашып, көздерін атыздай адырайтып, аңқиысып тұрғанда алдымен Толиктің, сосын Эдиктің қолтықтарына қысқан «шудалары» бірінен соң бірі «шәңк-шәңк» ете қалысты.
— Бұл — пудель деген күшіктер, — деді Ерғазы, — Қайыңды аллеяның ішінен тауып алдық.
Кіреберістегі аяқкиім шешетін жерге екеуін қатарластырып қоя қойып еді, екеуі де сұр елтірілі қошақандардан айнымайды екен. Қап-қара мойылдай доп-домалақ көздері жылт-жылт жалтырап, жүндес құлақтары салпиып, қып-қызыл тілдерін жалаң-жұлаң еткізеді. Екеуінің мойындарында әп-әдемі жылтырақ түйметемірмен шытырланған қарғыбаулары бар. Обалы не керек, екеуі де жүзіктің көзінен өткендей сүп-сүйкімді екен.
— Қалай ғана тауып ала салдыңдар? Мойындарында — қарғыбаулары, үсті бастары салтақ-салтақ емес, мұнтаздай таза. Қаңғыбас иттер емес, қолда бағылған мақұлықтар екендері көрініп тұр ғой. Иелерінен адасып қалған да!
— Иә, өзіміз де солай деп ойладық, — дейді екі бала. — Қожайындары іздеп келіп қалар деп тұп-тура үш сағат бойы тапжылмай күттік. Аллеяда серуендеп жүрген адамдардан да сұрадық, ешкім ешнәрсе білмейді.
— Енді бұларды не істемексіңдер?
— Анда-санда аллеяға барып ілулі тұрған хабарландыруларды қараймыз. Иелері табылып жатса, қайтарып береміз.
— Ал егер, табылмаса ше?
— Онда, онда біз … — Тұрғазы тұтығып тұрып қалды.
— Жаңа Саша ата-анасынан рұқсат сұрап келемін деген, біреуін соған береміз.
— Екіншісін қайтпексіңдер?
— …
— Ал, біреуін Саша алмайтын болса ше?
— Бұлар — ергежейлі пудельдер. Осыдан әрі өспейді. Өте әдемі, сүйкімді ғой, өзіміз қараймыз.
Үй-ішіндегілер бірінің бетіне бірі жалтақтаса қарасып, бөлме-бөлмеге тарасып кетті.
Енді екі баланың бар ермегі екі күшік болып алды. Екі күн өтпей жатып оларға ат та қойып үлгеріпті — біреуі Альфа, екіншісі — Бета.
Сонымен не керек, Эдигіміз бен Толигіміз бар, Альфамыз бен Бетамыз бар, олардан өзге бұрынғы бес жан бар, төртінші қабаттағы бес бөлмелі пәтерде әжептеуір өркен жайып, итырғын болдық та қалдық.
Түнеукүні ата-анасынан рұқсат сұрауға кеткен Сашаны әлдеқашан санамыздан сызып тастағанбыз. Аллеяға барып хабарландыру қарау екі баланың қаперлеріне кіріп те шықпайды. Қайта олар күндіз-түні интернетке итініп, иттер туралы, оның ішінде пудель тұқымы жайлы ақпарат іздеумен әлек.
Тұқымың өскірлердің жейтін ерекше тамақтарынан өзге толып жатқан асай-мүсейлері болады екен. Нәресте сәбилері бар үйлерде баланың ойыншықтары шашылып жатушы еді, біздің үйде ерке екі күшіктің қоқыр-соқырына сүрініп-жығылып жүретін болдық.
Альфа мен Бета бара-бара бүкіл үйдің мәтібилеріне айнала бастады. «Шәңк-шәңк» етіп, бірін-бірі қуалап, асыр салып ойнап, есігі ашық тұрған кез-келген бөлмеге емін-еркін кіріп-шығып жүре беретін болды.
Осылайша күз өтті, қыс келді, көктем жылжып, жаз шықты. Альфа мен Бета сол баяғы қалыптары — тұрқы да, ойнампаздығы да, тіршіліктері де еш өзгеріссіз. Шынында да осы шаңырақтың толыққанды мүшелері сияқты болып кетті. Үйдегілердің барлығы оларды еркелетіп, тіпті серуенге кетіп немесе әлдеқалай көзден таса бола қалса, елегізіп іздейтін болды. Тек үйге кіріп-шыққан бөгде біреулер, яки ауылдан келіп қалған ағайын-туыстардың алакөзденіп, адырая қарағандары болмаса, қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ, итырғын тіршілігімізді итшілеп өткізіп жатқанбыз.
Бірде, аяқ астынан осындай мамыражай өмірімізге тағы да бір тосын өзгеріс енді.
Эдик пен Толик ертелете тұрып, екі күшікті ертіп алды да, ешкімге ештеңе айтпастан кетіп қалған болатын. Түс ауа келіп тұр. Алдымен есіктен Эдик сығалады. Арғы бетте Толиктің төбесі қылтияды.
Қайда жүрсіңдер?
— «Тастаққа» бардық …
— Күшіктерің қайда?
— Бір күшік …
— Тағы біреуі қайда? Жоғалтып алдыңдар ма?
— Жоғалтпадық. Бірақ, енді бір күшік болғанымен, породасы — екеу.
— Бір күшік, екі порода деген не ол?
— Доберман-пинчер.
—Эдик қарғыбауынан тартып, Толик бөксесінен итере демеп, мұрыны сүп-сүйір, құлақтары тіп-тік, құйрығы шолақ, шоколад түстес бір күшікті ішке кіргізді.
Альфа мен Бетаны қосақтап беріп, осы мақұлыққа айырбастап алыпты.
— Бартер, — деп қояды ақырзаманның балалары. — Зато, тұқым-тұқиянының бәрі жазылған құжаты бар.
О заман да, бұ заман иттің құжатын қолына ұстап көрген кім бар екен. Құдая тоба, расымен әкесі, шешесі, ата-бабасы түгел тізіліпті. Атамзаманнан келе жатқан қазақтың шежіресінде еркеккіндіктілер ғана аталушы еді, мына хайуанның құжатында шешесі, шешесінің шешесі, оның шешесі — бәрі-бәрі хатталыпты. Бүкіл тұқым-тұқиянымен шетінен чемпиондар, грамотадан грамота, медальдан медаль — құтты бір «Халық қаһарманының» алтын жұлдызы ғана жетпей тұр-ау» деп қаласың. Түрі-түсі, биіктігінің, шоқтығының өлшемдеріне дейін түгел жазылған.
— Аты — Гафур, — деді Эдик.
— Гафуры несі, адамның есімі ғой?
— Құжатта солай деп толтырылған…
Алла сақтасын, бұлар немене соншалықты?! Иттеріне баттитып тұрып Гафур, Мұхтар деген аттарды еншілеп бере салады. Есімдері елді елең еткізетін адамның атына құмар боп өліп бара жатса, Пушкин, Лермонтов деп неге қоя салмайды екен?
Қысқасы, не керек, азын-аулақ жүргізілген дипломатиялық келіссөздерден кейін Альфа мен Бетаның орындарын Гафур басып, біздің итырғынға үйренген үйімізге ол дағы тастай батып, судай сіңіп кетті.
Залда адам жоқ кезде төрдегі диванда жататын төреміз сол. Бір тәуірі, майлап қойғандай жып-жылтыр жүнінен бір қылшық түспейді. Қолымызға газет-жорнал ұстап, телевизор көру үшін залға кіре қалсақ, зиялылығын танытып, ешқандай ескертусіз бос креслоның біріне үн-түнсіз ауыса қояды.
Ал енді Гафурдың ас мәзірі дегеніңіз өз алдына бөлек әңгіме. Үйреніп қалған тағамы — макорон, ең мықтағанда ет болатын қазақтар, оның үлесіне қарап екі қолдарын төбелеріне қойып, безіп кетеді. Айран, ұйыған қатық, шикі балық, көк-сөк, жеміс-жидек — алма, алмұрт, қызылша, сәбіз, қырыққабат, ботқаның қарақұмық, сұлы, күріштен дайындалатын небір түрі. Қойшы әйтеуір, толып жатыр. Осының бәрі интернетте жазылыпты.
Гафурымыз бес-алты айда тайынша-торпақтай демей-ақ қояйық, кіші-гірім бұзаудай болып қалды. Былайғыда мазасыздық танытпаса да, есіктің қоңырауы дыз ете қалса болды, елден бұрын босағаға жетіп, арсалаңдап үріп береді. Алдында арғы бетте тұрып, кейіннен табалдырықтан аттаған адам әлгіндегі әупілден соң, тізгінін тарта қалып, кіргеннен бастап шыққанға дейін сүтке тиген мысықтай болып отырады.
Бірде қала маңындағы ауылдардың бірінде тұратын Әлимансұр деген ағайынымыз үйге келе қалды. Оны әдеттегідей Гафурдың әупілімен қарсы алып, есіктен кіргізіп алдық.
— Мынау не сұмдық! — деді Әлимансұр. — Атам қазақта жоқ үрдіс, асылзада итті төрлеріңнің төбесіне қойып отырғандарыңа жол болсын.
— Енді мына балалар қыңқылдап қоймаған соң …
— Қыңқылдай ма, мыңқылдай ма білмеймін, қазақ деген итті үйде ұстамаған. Керемет қастерлі құмай тазының өзі кіре беріс шоланның табалдырығынан ары аттамайды. Астына бөстегін тастап, алдына итаяғын қойып, сол жерде ұстаған.
— Енді мұны не істейміз?!
— Ештеңе істеудің қажеті жоқ. Маған, ауылға әкеліп салыңдар. Бізде де өздерінше елден ерек болуды ұнататын байшікеш-бишікештер баршылық. Солардың бірінің гаражында жатады да …
Мектепте көктемгі каникул енді ғана басталып еді. Эдик пен Толик Саша, Пашаларының бірінің қала маңындағы саяжайына демалуға кеткен болатын.
— Жата-жастана көрерміз, — деді әкеміз.
Сонымен әңгіме тәмәм болған.
Арада екі-үш күн өткенде есіктің қоңырауы тағы да безілдеп ала жөнелді. Қалалықтар сияқты бөліп-бөліп баспайды, ауылдан келгендер осылайша саусақтары қоңырау түймесіне жабысып қалғандай, есікке адам жақындағанша зар қақсатып тұрып алады.
Әдеттегідей елден бұрын елпілдеп Гафур жетті есікке. Зор дауысымен екі рет «әуп» етіп еді, біреу барып электр сымын жұлып алғандай, безілдек дыбыс қалт тиылды.
Құлыпталмай тұрған есіктің тұтқасынан ұстап, ішке қарай тартып қалсам, айтқаным айдай келіп, босаға сыртында Шелектегі жамағайын туысымыз Жолтай аға тұр.
— Астафиралла, бұлардың үйіне ит кіріп кеткен бе деп жүрегім тас төбеме шықты емес пе, расымен мұнда ит жүр ғой?! — дейді.
Екеуіміз қауқылдасып, аман-сәлем жасасып, аяқкиімін шешкізіп боламыз дегенше Гафур біздің жанымыздан жоқ болды. Әкеміз әдетте мұндай мезгілде залдағы диванда жатып газет-жорнал қарайтын.
— Сіз былай қарай өте беріңіз, мен қазір дастархан әзірлеп жіберейін, — деп Жолтай ағаға залды нұсқап жібердім де, өзім ас бөлмесі жаққа өтіп кеткенмін.
— О, тоба, тоба, тоба! Мыналар үйлерінің бәрін итке толтырып қойғаннан сау ма? — деп жан ұшырған Жолтай аға шоқша сақалы шолтаңдап менің соңымнан іле-шала ас үйге жүгіріп келіпті. — Ана жерде, диванда әлгі мақұлұқтың тағы біреуі жатыр ғой?!
Әкем аздап көз шырымын алайын деп өз бөлмесіне кеткен болуы керек. Үй ішіндегілерден ешкім болмағанда залдағы диван Гафурдың иелігінде.
— Ол жаңағы өзіңізді қарсы алған ит қой. Диван бос болса, сол жерде жатады.
— Сонда қалай, төсек орындарыңда алдымен иттерің, сосын өздерің жатасыңдар ма?
— …
Әкем орнынан тұрып, туысқанымен қауқылдасып амандасып болған соң дастархан басына отырдық. Кез-келген тақырыпта басталған әңгіме айналып ит төңірегіне оралады.
— Бұл енді өзі сондай асылтұқымды, ерекше жаралған ит, — деді әкем. — Небір түрлі жарыстарға қатысып, медаль, диплом, кубок дегендерді бірінен соң бірін әкеліп жатыр. Қарағандыда, Бішкекте, Орынборда болып қайтты…
— Әй, қайдам, «байтал шауып бәйге алмас» деген сөз айтылатын еді. Ал енді итін жарысқа қосып, жетістігіне мақтанған қазақты сенен көріп отырмын — деді Жолтай аға.
— Өзі сондай кірпияз, аса таза хайуан, бір тал қылшығы бір жерге жұқпайды ғой …
— Бәсе, сол екен ғой, төреңдей ғып төріңе шәнитіп қойғаның. Түнде қойныңа алып жатарсың, бәлкім?
— Әй, сен де бір өзі, тырнақ астынан кір іздеп қалған бірдеңе екенсің. Ол иттің тұла бойы тап-тұйнақтай, тап-таза. Ішкен-жегені адал ас. Тіпті аяқ-табағына дейін өз алдына, бәріне белгі соғып қойылған…
Жолтай аға аспен апарған қасықты аузынан суырып алып, бір айналдырып қарады да, табақтың шетіне етбеттете сүйей салды. Сөйтті де шәйі толық ішіліп болмаған кесенің бетін алақанымен жауып:
— Хош, әбден тойдым, көп рахмет! — деді.
— Жарайды, олай болса, ана бөлмеге барып аздап тынығалық, — деп әкем де екі алақанымен бетін сипап, қонағын залға қарай бастады. Алдымен өзі барып отырып, бір қолын диванның арқалығына артты да:
— Кел отыр, енді ауылдың әңгімесін айт, — деді.
Залға кірген беттен-ақ екі танауы едіреңдеп тұрған Жолтай аға әкем отырған диванға осқырына қарап алып:
— Анау Сағындықтың біреулерге беріп жіберген сәлемдемесі бар еді. Жеткізіп бермесем, үлгермей қалармын, — деді де, қоштаспастан бұрылып алып, есіктен шығып жүре берді.
Жаңағы ыдыс-аяқты жинастыра салайын деп ас үйге кірген мен бірден Жолтай аға тамақ ішкен ас қасыққа жармастым. Масқара! Қасықты аударып жіберіп қарасам, ас алатын шұңғылына шегемен тырнап тұрып «Гафур» деп бадырайтып жазылыпты. Жазуды залда отырған әкеме алып келіп, көзінің алдына жақындаттым.
Мұндай итырғынның итырықтатқан шегі дәл осы жерге дейін ғана келіп жеткен болуы керек, әкем аяқ-асты шарт ете қалды да:
— Әкет, ана Әлимансұрға! — деп сұқ саусағымен итті нұсқап, бірақ кесті.
Балалар әлі саяжайдан қайтып оралған жоқ еді. Бір ауыз сөзге келместен Гафурдың тұмсығына тұмылдырығын кигізіп, төртінші қабаттан түсе бердік…