Әдебиет
Тордағы торғайлар
Сәлімдердің ауылы қаладан қашық емес. Бірақ ол қалаға әлі бір рет те барып көрмепті. Сонда тұратын туыстарының баласы Ермек талай мақтанған. Қалада хайуанаттар бағы, цирк, субұрқақтар бар дейді. Теледидардан өзі де күнде көріп жүр, Алматыға барып аралағанға не жетсін? Сондықтан да Сәлім қалаға баруды көптен армандап жүрген.
Міне, енді жолы түсіп, көкесімен бірге Ермектердің үйіне келді. Ермек айта беретін хайуанаттар бағын да, субұрқақтарды да көрді. Қала жақсы ғой. Балмұздақ дейсің бе, пепси-кола ма, квастың түр-түрі ме, кез келген бұрышта сатылып жатады. Дегенмен Сәлімге ерекше ұнаған нәрсе — Ермектің үйіндегі сарғыш торғайлар еді. Тордың ішіндегі екі торғайдың кезектесіп әуендеткендері сондай тамаша. «Црю-лю-лю-лю-лю...» деп барып біреу бастаса, «цип-цип,шик-ширик, цип-цип, шик-ширик...» деп екіншісі іліп әкетеді.
Сәлім Ермектен торғайының біреуін сыйлауын өтініп те көрді. «Торғайлар торда жалғыз тұра алмайды. Сыңар торғай өліп қалады» деп көнбеді.
Сәлім ауылға келісімен ең алдымен жұмсақ сым темірден тор жасады. Сосын торғай аулаудың қамына кірісті.
Ежелгі әдіспен астауды төңкерді. Астына таяқ тіреп, бір жиегін көтеріп қойды да, астына аздап жем шашты. Таяққа байланған жібінің бір ұшын қолына ұстап, тауық қораның қалқасына етпеттеп жата кетті. Торғайлар да көп күттірген жоқ. Олар астау астындағы жемге жиналғанда, Сәлім де жібін тартып қалды. Сөйтіп алдымен біреуін, сосын екінші торғайды ұстап алды.
Тордың ішіне шамалы жем септі. Кішкентай ыдыспен су да қойды. Содан кейін өзі торғайларына қарады да отырды. Олар түске дейін сайрамады. Түстен кейін тағы келіп қарады. Ешқандай әуен естілмейді. «Бұлар бірден сайрап қоймайтын болар. Сәл уақыттан соң көрермін» деп ойлаған Сәлім балалармен ойнап келуге кетті.
Кешкісін торғайлар есіне түсті. Келіп қараса, су құйған ыдысы төңкеріліп жатыр. Торғайлардың екеуі де өліп қалыпты. Сәлімнің денесі мұздап сала берді. Иегі кемсеңдеп, жанарынан мөлтілдеген жас тамшысы тордың теміріне тырс етті.
Ол көкесімен бірге қалаға тағы да келді. Ермек үйінде жоқ екен. Сәлім бірден-ақ торғайлар тұрған бөлмесіне кірді. Ашық терезеден түскен күн нұры бөлме ішін жап-жарық етіп тұр. Терезе алдындағы торда қос торғай кезек-кезек сайрады: «Црю-лю-лю-лю-лю...», «цип-цип,шик-ширик, цип-цип, шик-ши-рик...»
Сәлім торға жақындап, оның кішкентай есігін ашып жіберді. Торғайлар бірінен соң бірі бостандыққа шықты. Тереземен тұспа-тұс ағаш бұтағына қонып, тағы да сайрап жөнелді: «Црю-лю-лю-лю-лю...», «цип-цип,шик-ширик, цип-цип, шик-ширик...»
Сосын кіп-кішкентай құстар биікке самғай ұшып, көгілдір аспанға шарықтап бара жатты.