04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Қанат Қайым
Қанат Қайым (1955 ж.т.) — жазушы, баспагер.

Иттің күшіктері






— Дәл қазіргі жағдайым сыралғы боларлық бір серігі жоқ қаңғыбас иттің жағдайынан да жаман болып тұр, енді, — деп ойлады жабайы ит Дингоның күшігі Джимми.

Хайуанаттар бағындағы қысқы торқамаудың ішіндегі алаңқай абыр-сабыр. Қызметшілердің барлығы тынымсыз әрекет үстінде. Күтушілердің әрқайсысы өздері тәрбиелеп жүрген хайуанаттарын алдағы маусымның жаңа тәртібіне даярлап әлектенсе, жұ­мысшылар жазғы алаңқайларды ыңғайлаумен әуре.

Джиммидің арғы ата-бабаларын осыдан төрт мың жылдай бұ­рынырақта теңіз қарақшылары Малай архипелагтарынан Аустралияға алып келген болатын. Жабайы ит Дингоның арғы тегінің өкілдері сол кездің өзінде-ақ адамдардың сенімді серігі болып, аң аулауға жәрдемдескенге ұқсайды. Қазіргі кезде жабайы ит Дингоның қандастары Тайланд, Индонезия, Бирма, Лаос, Филиппин мен Малайзияда емін-еркін өмір сүруде. Ал Джиммидің өзі осында — Алматы хайуанаттар бағында дүниеге келген. Таби­ғи жағдайда Динго дейтін иттер дүниеге бес-тоғыз күшіктен әкелетін көрінеді. Ал мынандай қысылтаяң жағдайда алдыңғы жылы Джиммидің ата-анасы екі күшік тапты. Ұяласы ұзаққа бармаған екен. Татар дәмі таусылмаған Джимми болса, міне, биыл екінші рет жазғы алаңға шығуға даярланып жатыр. Ұзынқұлақ сыбыстарға қарағанда, Динголардың арғы тегі — Солтүстік Американы мекен ететін Қызыл қасқыр деген әңгіме бар. Жалпы, ит дегендердің бәрі сүтқоректі, омыртқалы жыртқыштар ғой. Олардың қатарында түлкілер, қорқаулар, осы австриялық динголар, сосын қасқырлар бар. Сосын дейді, сосын емес, бүкіл осы ит тектілердің шежіресінің көшбасында осы қасқырлар тұрады.

Джимми қысқы торқамаулардағы тума-туыстары тұрған баспа­налардың жапсарларына жапсырылған жазуларды көз қиығымен бір шолып өтті.

Қабырғалас тордағы көршілерінің атауы «Гиена» екенін білді.

Күні ертең жазғы алаңға шыққанда аралары алыстап кететінін сезе қойған, Джимми көршілерін бірден сұрақтың астына алды:

— Гиена тәте, Сіздер қай жақтан боласыздар?

— Айналайын, дәл қазір біз алматылықпыз, — деді, тұрқы — ит, жалы күзеп қойған жабағының жалына ұқсайтын, ирек-ирек сирақтары мен жұлым-жұлым бауыр жүндеріне қарап, сон­шалықты бауыр тарта қоюға тұра қоймайтын мақұлық. — Алматыға Орынбордағы хайуанаттар бағында жүргенімізде жер­гілікті сілеусінге ауыстырып алған соң келгенбіз. Жалпы, ата-бабамыз бүкіл Африка, Таяу Шығыс пен Үндістанда тіршілік етеді.

— Біздің ататегіміз австралиялықтар көрінеді. Анау, Кенгуру дегендерді білесіз бе? Олар бізге жерлес болып келеді, — деді Джимми.

— Кенгуру деген, жазғы алаңда біздердің торымыздың қарсы­сында қосаяқтап секіріп жүретін есектер ме?

— Иә, солар-ар-р. — Джимми тамағын қырнап, Гиена тәтесінің әңгімеге ыңғай танытқанын бірден сезе қалды. — Олар бұрын дәл қазіргідей қосаяқтап секірмей, осы біз сияқты төрт аяқтап-ақ жүрген көрінеді.

— Иә, содан не болып қалыпты?

— Мәссаған, оларды осылайша артқы екі аяқтарымен секіртіп қойған біздің ата-бабаларымыз екенін сіз естімеген екенсіз ғой! —
Қанша жерден ит тұқымдас болса да, ұсқыны келіспей қалған мына мақұлықтың тарих пен шежіреден мүлде хабарсыз екеніне таңғалуға болмайтынын жабайы ит Динго түсінді.

— Сенің ата-бабаң немене сонша, Кенгурудың алдыңғы екі аяғын қыршып, жұлып алып па?

— Жоқ, олай емес, — деді Джимми. — Егер құлқыңыз соқса, қалай болғанын айтып берейін...

— Айта ғой, бар зейінім сенде болсын, — деді Гиена қос құлағын тікірейтіп.

— Онда, мәселе былай болған... — Джимми тамағын тағы бір рет кенеп алды да, әңгімесін бастап кетті: — Бастапқыда Кенгурудың ұсқын-пошымы дәл қазіргідей болмаған. Ол төрт аяқты, үлпілдеген сұп-сұр жүні бар, өте тәкәппар хайуан болған. Австралияның тұп-тура кіндік тұсындағы сай-салада би билеп жүріп, Нка, Нкинг деген құдайларға барып: «Мені жер жүзіндегі ешбір аңға ұқсамайтындай етіп өзгертіңдерші», — деген ғой. Жаңағы екі құдайдың екеуі де: «Жоғал, көз алдымыздан!» — деп, Кенгуруды қуып жіберіпті. Содан құдіреті ең күшті құдай — Нконгқа барса, ол: «Жарайды!» — деп келісімін беріпті.

Нконг өмір бойы ашқұрсақ жүретін, үсті-басы кір-қожалақ, сап-сары ит Дингоны шақырып алып, Кенгуруды нұсқап:

— Динго, көзіңді аш, Динго! Мына биші мақұлықты көріп тұрсың ба? Ол бүкіл әлемді таңғалдырып, атақ-даңққа бөленгісі келеді. Қане, қуып берші өзін. Егер ол атақ-даңқты қуса, сен оның өзін қуалап көрші! — дейді.

— Қайсысы ол? Мына мақұлық қоянды ма? — дейді орнынан атып тұрған сап-сары ит Динго.

Сөйтіп, өмір бойы ашқұрсақ жүретін, үсті-басы кір-қожалақ, сап-сары ит Динго астыңғы-үстіңгі тістерін бір-біріне қажай шықырлатып, қашып кеп берген Кенгуруды қуып кеп береді.

Кенгуру, байғұс кәрі Кенгуру, екі өкпесін қолына алып, шаба береді. Ағаш-ағаштың астымен, бұта-бұтаның арасымен, биік шөптер мен жатаған көгалдардың үстімен, Шаян және Ешкімүйіз жыныстарының орта-ортасымен шапқылап, төрт аяғының бар-жоғын өзі де ұмытқандай болады.

Әбден ашыққан сары ит Динго Кенгуруға жетіп те алмай, қалып та қоймай Вольгонг өзеніне дейін қуады.

Ал өзеннің бергі жағынан арғы жағаға өтетін не көпір, не болмаса, сал да жоқ. Кенгуру әбден дағдарып, дел-сал болады. Сөйтіп, артқы екі аяғын демеу қылып секірмекке ыңғайланады.

Тастардың үстімен, құмдардың бетімен, Орта Азиядағы бүкіл жазықтықтар бойымен дәл қазіргі кенгурурлар қалай секіріп жүрсе, солай секіреді. Секіре береді, секіре береді...

Алдымен бір аршынға, сосын үш аршынға, бара-бара бес ар­шынға секіретін болады. Артқы аяқтарының серпіні күшейіп, ұзара түседі. Шыбын жаны шиқылдап әбден қысылтаяңға түскен Кенгуру шегірткеше, ыстық табаға түскен бұршақша, жас баланың резеңке добынша секіріп, өмір бойы ашқұрсақ жүретін, үсті-басы кір-қожалақ, сап-сары ит Дингоға жеткізер болмайды.

Алдыңғы аяқтарын кеудесіне қысып, тек артқы аяқтарымен секіре береді. Секірген кезде құлап қалмайын деп, құйрығын әбден созып жіберген. Сөйтіп, сахара бойымен секіруін жалғастырады.

Енді не істеу керек?

Динго — әбден итсілікпесі шыққан, ашыққан үстіне ашыға түскен, сап-сары ит Динго Кенгурудың қашан шаршап, тоқ­тайты­нын білмей, ми қауашағының шат-шәлекейі шығады.

Дәл сол кезде өзінің тұзды көлінің бетіне көтерілген құдіретті құдай Нконг Кенгурудан:

— Қалай, ризасың ба? — деп сұрайды. — Сен неге сары ит Дингоға алғысыңды білдірмейсің?

— Түк түсінсем бұйырмасын?! — дейді Кенгуру. — Не үшін мен оған жылы қабақ танытуым керек? Ол мені бүкіл балалық шағым өткен жерден қуды, жол-жөнекей нәр татқызбады, ең бастысы —
менің төрт аяғымның барлығын жан баласы танымайтындай мүсәпір халге ұшыратты. Мен бұл иттің күшігіне сол үшін алғыс айтуым керек пе?

Сонда құдіреті күшті Нконг құдай:

— Егер мен ұмытып қалмасам, өзіңді жер-дүниедегі аң-құстың бәрі таң-тамаша болатындай, өзге хайуанаттың ешқайсысына ұқ­самайтындай аңға айналдырып бер деген сен емес пе едің? — дейді.

Қанша дегенмен, Кенгурудың аздаған болса да ұяты бар болғаны ғой, Нконг құдаймен салғыласуға дәті бармай, кері бұрылып, қосаяқтап, басы ауған жағына секіре жөнеліпті.

— Иә, сауап болған екен, өзіне де. — Джиммидің Гиена тәтесі былшық басқан көздерін жыпылықтатып алып, ары қарайғы әңгімеге зауқы жоқ екенін танытты. — Енді аздап көз шырымын алмасам, әлім құрып бара жатқан секілді.

— Е, бопты, дұрыс екен, — деді жабайы ит Динго — Джимми. —
Сіздердің арғы жағыңыздағы «Кайота» деген кімдер? Таныс-бі­лістігіңіз жоқ па?

— Білмей не болыпты, құдайы көрші емеспіз бе? — деді Гиена. — Олар жабайы иттер емес пе? Кәдімгі жабайы иттер.

«Ойпырым-ай, ә! Торға қамалып тұрғанымыз болмаса, біз немене, біз де жабайы ит емей кімбіз?! — деп ойлады Джимми. — Бәріміз де жабайы иттерміз».

Кайотадан кейінгі торда жүрген, жүрген емес, сала құлаш қып-қызыл тілін салаңдатып бір бұрыштан екінші бұрышқа безектеп, тыным таппай жүгіріп жүрген хайуан — кәдімгі түлкі. Қайдан келгенін кім білсін?! Жергілікті — қазақстандық па, әлде, өзге құрлықтан әкелінген бе, тек бір тәңіріге ғана аян. Бұл түлкілердің жер-дүниеде жиырма бір түрі болатын көрінеді. Ал енді, сол жиыр­ма бір түрді жік-жікке бөліп, жіліктегенде — олардың сала-саласының саны қырық сегізден асып жығылады дейді, мәссаған!

Сол қырық сегізді айтпағанның өзінде, әр түлкінің қай-қай­сының қырық сегіз түрлі айласы бар екен. Өте қу, залым хайуан ғой, бұл қу түлкі дегенің.

Баяғыда, XIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың бас кездерінде бір түлкі көк бөріні алдап, суаттан құйрығымен балық аулауға болады деп таң атқанша мұздың ойығына отырғызған ғой. Балық аулап қарнын бір тойғызуды ойлаған қасқыр байғұстың құйрығы таң атқанша мұз болып қатып, ауылдың шәуілдеген иттерінен қашамын деп, құйрығын мұз-суатта қалдырып, құйрығының тұқылын шолтаңдап тұра қашыпты деген әңгіме бар.

Тағы бір қызығы, жиырмасыншы ғасырдың басы, он тоғызын­шы ғасырдың соңы болуы керек, бір түлкі, анадайда келе жатқан ат шананы көріп, өтірік өліп, жолдың үстіне сұлай құлаған ғой. Сөйтсе, шанада келе жатқан кәрі шал: «Ойбай, шіркін, мына бір түлкіні жаратқанның өзі маған жолықтырған екен. Өзіме тұмақ, кемпірімнің шапанына жаға болуға бұйырған шығар», — деп балық толған шананың үстіне түлкіні лақтыра салған көрінеді. Содан соң қуанышы қойнына сыймай ауылына қарай шаба жөнеліпті. Ал жаңағы қу түлкі болса, жол бойы шанадағы балықты шетінен жол жиегіне лақтыра беріпті. Ауылға жақындағанда өзі де шанадан секіріп түсіп қалыпты. Сөйтіп, шал байғұс үйіне түлкі де жоқ, балық та жоқ, сымпиып барыпты. Бұл қырдың түлкісіне қатысты әңгіме.

Арғы көршілес тордағы түлкі анау жүрген қырдың қызыл түл­кісінен мүлде бөлек. «Поляр түлкісі» деп жазылыпты. Өзінен соң екі тордан кейін болса да, дауыс жетер жер ғой деп ойлаған, Джиммидің Поляр түлкісімен де тілдескісі келді. Дауыстап шақыра қояйын десе, атының кім екенін білмеген соң қырдың қызыл түлкісіне өтінішін айтты:

— Түлкі апай, арғы жақтағы көршіңізді бергі жаққа мойын бұрғызып жібермес пе екенсіз?

— Түлкі де болса, ит тұқымдас емес пе? Қанына бұрмағанның қары сынсын. Арғы жағындағы Поляр түлкісін бері қаратты.

— Кешіріңіз, — деді Джимми. — Айыпқа бұйырмасаңыз, сізден бір жағдаятты білгім келіп еді?..

— Айтарыңды тезірек айтшы, жарқыным. Мына қапырықтан жүрегім лоблып, қан қысымым көтеріліп тұр. Құдайдың күнінің суығында жылы қораға қамап, көресіні көрсетті ғой бұлар. Тезірек далаға шығарса екен, — деді Поляр түлкісі.

— Даладағы торларға бүгін-ертең ауыстырамыз деп жанталасып жатыр ғой, осындағылар. Бірақ түнде тау жаққа қар түсті дейді. Әлі де ертерек емес пе екен? Салқынның шалығы кетпеген сияқты ғой, әлі?

— Тух! Айналып кетейін, — деді Поляр түлкісі. — Менің тұқым-тұяғым сонау полюс шеңберінің арғы жағындағы Тундра және Шығыс пен Батыс жартышарындағы Солтүстік Мұзды мұхитты мекендеген. Енді, өзің ойлап қарашы. Солтүстік мұзды мұхит пен Қазақстанның оңтүстік астанасы — айырмашылық бар ма, жоқ па? Оның үстіне, төрт қабырғасы тұйықталған темір торқамау. Мені шаршата бермеші, күшігім.

Поляр түлкісінің соншалықты шаршап-шалдығып айтқан әңгімесінен Джиммидің түйіткілдей түсінгені, Солтүстік мұзды мұхит деген жақта аз да болса салқын самал есетін болуы керек.

Ыссылап тұрған туысқанынан жөні дұрыс әңгіме суыртпақтай алмайтынын сезген Джимми — жабайы ит Динго, тұп-тура қарама-қарсы беттегі торда жүрген аңға назар салды.

— О, тоба! Мына біреуі қандай мақұлық тағы да? — Джиммидің жон арқасындағы түктері тікесінен тік тұрды.

— Ал саған керек болса, аңның аты — Фенек. Бойы — бір қарыс, құлағы — қырық қарыс. Нағыз кереметтің өзі ғой. Түріне қарасаң, түлкі сияқты. Басынан үлкен, қалқайып тұрған қос құлағына қарап, осындай нақұрыстармен бір итатадан тарайды екенбіз дегенге Джиммидің намысы келді.

— Фенек, а Фенек! — деп айқайлады Джимми.

— Неге соншама даурығасың? Сыбырлап айтсаң да бір жарым шақырымнан естіледі. Қандай шаруаң бар еді? — деді қарама-қарсы тордағы мақұлық Фенек.

— Жәй ғой, әшейін. Қарама-қарсы торда тұрған соң, танысайын дегенім ғой.

— Бүкіл қыс бойы қайда болдың таныссаң. Ес-ақылың енді кірді ме?

— Жоғ-а-а, жазғы алаңға шыққан соң тұрақтармыз алшақтап кете ме дегенім ғой. Өздерің қай өңірдің туғаны боласыңдар?

— Анау әпкем Оңтүстік Африкада туған. Мен... мен ұмытып қалдым. Әлде Шымкенттен, әлде... иә, иә, Қарағандының хай­уанаттар бағынан алғызды-ау деймін. Асырап алған апам ұйықтап жатыр еді. Күте тұрасың ба, сұрап келейін?

— Ие-е, керегі жоқ...

Тұқым тұяғының осыншалық ұсақтап бара жатқанына Джим­мидің шын мәнінде намысы келе бастады. Сөйтті де, бүкіл осы иттектілердің көшбасшысы қасқыр екенін есіне алды. Есіне алды да, қарсы бетке, дәл жаңағы қалқанқұлақ Фенектің сол жақ қапталына қараса, жон арқасы күжірейген көкжал қасқыр тұр екен.

Ә, дегенде алдында тұрған алпауыттың түр-әлпетіне қарап-ақ Джиммидің мысы басылып қалғандай болды. Содан кейін бойын тіктеп алып, көкейіне келген алғашқы сауалын көкжалдың өзіне тікесінен қойды:

— Сіз, Қасқырсыз ба?

— Иә, сөйтсе қайтеді екен? Мен — Арланмын.

— Осында көптен тұрасыз ба?

— Қайда? Қазақстанда ма? Дүниеге келіп, көзімді ашқалы бері Сарыарқаның кең байтағында көсіліп шауып едім. Ашкөзденіп, өзіме қажетін ғана алмай, бейбіт отырған бір шопанның жарты отарын жайратып салып, қара басты да, осы жерден бір-ақ шықтым. Сол жарты отар қойды қарным ашқандықтан, бәрін бір-ақ жеу үшін емес, өзімнің жыртқыштық қасиетімді тежей алмай, қырып салыппын. Қанша жерден ит болсаң да, иттік жасауға болмайтынын енді түсіндім.

Жабайы ит Дингоның баласы Джимми ойланып қалды.