04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Константин Паустовский
Константин Георгиевич Паустовский (1892 - 1968) - орыс және кеңес жазушысы, сценарист және мұғалім, журналист, соғыс тілшісі.

Станция буфетіндегі шал






Майоридегі станция буфетінің бұрышында сақал-мұрты тікендей, тыриған арық шал отырды. Рига шығанағы үстінен қысқы дауыл ақ жолақтанып, ысқырып өтіп жатыр. Жағалауда сірескен қалың мұз. Шаңытқан қарлы жел арасынан аласұрып тулап жатқан теңіз толқынының өкіріп келіп, тұтасқан мұз кемерді соққылап жатқан үні естіледі.



Шал, тегі, буфетке жылыну үшін кірген болуға тиіс. Ол ештеңеге тапсырыс бермеді, ұсынақсыз жамай салған балықшы күрткесінің жеңіне қолын сұғып, ағаш диванда еңсесі түсіп, салбырап отыр.

Шалмен бірге сабалақ ақ қанден де ішке кірді. Ол шалдың аяғына жабысқан күйі дірілдеп отыр.

Олардың қасындағы шағын үстелде бұқа мойындары қызарып кеткен жас жігіттер дабырласып, торы сыраны тартып жатыр. Олардың қалпақтарына қонған қар ери бастаған. Мөлдір тамшылар сыра құйылған стақандар ішіне, сұр шұжықты бутербродтар үстіне тамшылайды. Бірақ жас жігіттер футбол матчы туралы дауласып, оған көңіл аударатын түрі жоқ.

Жас жігіттердің біреуі кенет бутербродты алып, оның жартысын бір-ақ асағанда, қанден шыдай алмады. Ол үстелге жақындап барып, артқы аяқтарымен қаздиып тұрып, жалынышты түрде жас жігіттің аузынан көзін алмай қойды.

— Пети! — деді шал оны бәсең үнмен шақырып. — Сен қалай ұялмайсың! Жұрттың мазасын неге аласың, Пети?

Бірақ Пети тұра берді, оның алдыңғы аяқтары тынымсыз қалтырап, әлсіреген кезде жылжып төмен түсе береді, олары дымқыл қарнына жетер-жетпесте, ит есін жиып, аяқтарын қайтадан көтере қояды.

Ал жас жігіттер оны байқамайды. Олар әңгіме-сөз қызығына түсіп, жиі-жиі стақандарына салқын сыраны үстемелеп құя түседі.

Қар терезеге соғып жабысып жатыр, осындай ызғарлы күнде мұздай сыраны құныға ішіп отырған кісілерді көргенде, адамның арқасынан аяз қарып өткендей болады екен.

— Пети! Әй Пети! Кел бері! — деді шал тағы итін шақырып.

Ит шалға оны есітіп тұрғанын, бірақ өзіне-өзі ие бола алмағаны үшін, одан кешірім сұрайтынын білдіргісі келгендейін, оған құйрығын бірнеше рет шыбжыңдатып бұлғап-бұлғап қойды. Ол шалға қарамай, көзін мүлде басқа жаққа бұрды. Қанден бұған: `Осы қылығымның жаман екенін өзім де білемін. Бірақ сен маған мынадай бутерброд сатып алып бере алмайсың ғой` — деп тұрған тәрізді.

— Әй, Пети! Пети! — деді шал сыбырлап, қатты реніштен даусы сәл дірілдеп шықты.

Пети құйрығын бұлғап, шалға көз қиығымен жалбарына карады. Ол осынау сиқымен оған енді өзін шақырмай-ақ, ұялтпай-ақ қоюын сұрайтын секілді, өйткені оның іші бұнсыз да әлем-жәлем, егер үздігіп бара жатпаса, әрине бөтен адамдарға ешқашан да көзімді сатпас едім деп тұрғандай.

Ақырында жас жайнақтардың жасыл қалпақты, жак сүйегі шығыңқы біреуі итті байқап қалды...

— Сұрайсың ба, сұмпайы? Қожайының қайда сенің? — деді ол

Пети қуанып құйрығын бұлғады, шалға бір қарап, тіпті баяу қыңсылап та қойды.

— Сіздің мұныңыз қалай, азамат! — деді жас жігіт. — Итті асыраған екенсіз, ендеше омы ауқаттандыруың керек қой. Әйтпесе мынауың әбестік емес пе. Итіңіз қайыр сұрап тұр. Қайыршылыққа бізге заңмен тыйым салынған.

Жас жігіттер жаппай күлісті.

— Валька қатырды бәлем! — деп біреуі қышқырып қалды да итке бір бөлек шұжықты лақтыра салды.

— Пети, тоқта! — деп айқайлады шал, оның жел қаққан беті мен қылдай мойыны қызарып кетті.

Ит бейшара бүрісіп, құйрығын түсіріп, шұжыққа қарамастан, шалдың қасына келді.

— Олардан титімдей қиқымды да алма! — деді шал

Ол қолы қалтырап, қалтасын тінте бастады, аздаған күміс пен мыс тиындар алып, теңгелерге жабысқан кір-қоқысты үрлеп тастады. Оның саусақтары дірілдеп кетті.

— Өзі тағы шамданып қалды! Пәлесін қара, сыр бергісі жоқ! — деді жағы шығыңқы жайнақ.

— Қойшы соны! Онда не жұмысың бар! — деп, жолдастарының бірі бәріне сыра құйып жатып, оны мәмлеге шақырды.

Шал лом деп жауап қатпады. Ол тік тұрақтың қасына барып, ылғал тақтасы үстіне бірнеше теңгені қойды.

— Бір бутерброд! — деп ол қырылдап.

Қанден оның жанында құйрығын қысып тұр.

Сатушы әйел оған тәрелкеге екі бутерброд салып берді.

— Біреу! — деді шал.

— Алыңыз! — деді сатушы әйел жайымен. — Мен бұдан кедейленіп қалмаймын...

— Палдиес! Рахмет! — деді шал

Ол бутербродтарды алып, платформаға шықты. Онда ешкім де жоқ екен. Бір шолақ дауыл ұйтқып өтіпті, екіншісі де көтеріліпті, бірақ ол әлі де алыс көкжиекте жүр. Тіпті күннің бір әлсіз сәулесі Лиелупа өзенінің ар жағындағы ағарып жатқан орманға барып түсті.

Шал тақтай скамейкаға отырды да бутербродтың біреуін Петиге берді, екіншісін сұрғылт бет орамалына орап, қалтасына салды.

Қанден оны асығып-аптығып жей бастады, шал оған қарап:

— Әй, Пети, Пети! Ақылсыз неме сол! — деді бәсең үнмен.

Бірақ ит оны тыңдамады. Рақаттана жеп жатыр. Шал оған қарап, жеңімен көзін сүртіп отыр — тегі көз жасы өкпек желден шығып жатқанға ұқсайды.

Рига жағалауындағы Майори станциясында өткен шағын оқиғаның бар болғаны осы.

Мен оны неге айттым?

Прозадағы мәселенің егжей-тегжейі туралы ойлана келгенде, мен осы бір оқиғаны есіме алдым да егер оны егжей-тегжейінсіз — ит өзінің күллі түр-пішінімен қожасынан кешірім сұрағанын, со бір титімдей тірлік иесінің одан қаймыға — жалына қарағанын бермесеңіз, онда бұл оқиға іс жүзінде болғанынан әлдеқайда дөрекі болып көрінер еді.

Ал егер оның үйсынық жалғыздығын білдіретін ебедейсіз қолмен тігілген жамауы, жайнақтардың қалпақтарынан еріп түсіп жатқан қар тамшыларын, мұздай сыраны, қалтасынан алатын, қиқымдар жабысып қалған тиын-тебендерді, сосын теңіз жақтан аппақ дуалдай болып соғатын шолақ дауылдарды айтпаса, әңгіме бұдан шын мәнінде болғанынан гөрі, қан-сөлсіз құрғақ бірдеңе болып кетер еді.

Соңғы жылдары біздің қара сөзімізден егжей-тегжей атаулы жоғалып барады, әсіресе жас жазушылардың нәрселерінен.

Бірақ егжей-тегжейінсіз зат тіршілік ете алмайды. Онда кез келген хикая Чехов еске салатын, сүрленіп ысталған ақ саха балық сияқты, қу таяққа айналады. Ақсаханың өзі жоқ, тек бір қу жаңқа ғана қалады шошайып.

Пушкиннің сөзіне қарағанда, егжей-тегжейдің мәнісі, әдетте көзге еленбей қалатын уақ-түйек бүтін болып жалт етіп, жұрттың бәріне көрінуге тиіс.

Басқа бір жағынан қарасақ, кісіні қажытып, жалықтырып жіберетін, байқампаздығы дертке айналған жазушылар да бар. Әр нәрсенің егжей-тегжейі, егер ол айрықша сипатта болса ғана, не жарықтың шұғыласы сияқты, қараңғы түнектен кез келген адам мен құбылысты айқын көрсете алатын жайтта ғана өмір сүруге қақысы бар екенін түсінбей тұрып, олар өз туындыларына егжей-тегжейді үйіп-төгіп, оны аузы-мұрнынан шығарып қояды.

Мәселен, енді жауа бастаған ірі жаңбырды көз алдыңа елестету үшін, оның әуелгі тамшылары терезе түбінде жатқан газет бетін тырсылдатып шертіп жатты деп жазсаңыз да болады.

Немесе, емшектегі нәресте ажалын сұмдық шошына сезіну жайын беру үшін, ол туралы Алексей Толстой `Азапты сапарында` қалай айтса, тап солай айтсаңыз жетіп жатыр.

Сілесі қатып шаршаған Даша ұйқтап кетеді, оянғасын нәрестесі өліп қалғанын көреді.

`Дереу бас салып, жөргегін ашып қараса, — оның шошиған басындағы сирек сары шашы тікірейіп тұрып қалыпты.

...Даша күйеуіне:

— Мен ұйқтап жатқанда, оған ажал келіпті...Сен түсінсеңші — оның майда шашы тікірейіп тұрып қалыпты...Ол қатты қиналыпты...Мен ұйықтап жата беріппін...

Ол қанша азғырса да, әйелдің көкейінен сәбидің ажалмен жалғыз өзі қалай арпалысқанын көргенін кетіре алмай-ақ қойды`.

Мәселенің осы бір егжей-тегжейі (сәбидің жұмсақ шашының тік тұрып қалуы) ажалды дәлме-дәл суреттейтін талай-талай беттерге татиды.

Нәрсенің осынау егжей-тегжейінің екеуі де нысанаға дәл тиіп жатыр. Егжей-тегжей дегенің тұтас дүниені міндетті түрде анықтай түсетін дәп осындай зат болуы керек.

Мен бір жас жазушының қолжазбасынан мынадай бір диалогқа тап болдым:

— Паша апай, амансыз! — деді Алексей ішке кіргесін. (Бұған дейін автор, есікті дәл бір баспен ашуға болатындай-ақ, Алексей Паша апайдың бөлмесінің есігін` қолымен ашты, — дейді.)

— Аманбыз, Алеша, — деп емен-жарқын сәлемдесті Паша апай, тігіп отырған ісінен басын көтеріп, Алексейге қарады. — Көптен бері келмедің ғой?

— Қол тимейді. Апта бойы жиналыстар өткіздім.

— Апта бойы дейсің бе?

— Дәл солай, Паша апай! Апта бойы. — Володя жоқ па? — деді ол бос бөлмені көзімен бір шолып.

— Жоқ. Ол өндірісте.

— Ендеше мен кеттім. Көріскенше, Паша апай. Сау болыңыз.

— Көріскенше, Алеша. Аман бол – деді, Паша апай.

Алексей есікке қарай беттеп барып, оны ашты да шығып кетті.

Паша апай оның соңынан қарап, басын шайқады.

— Жүректі жігіт. Моторлы.

Бұл үзіндіде жазу мәнеріндегі салақтық пен жалқаулықты айтпағанда, ол мүлде қажетсіз, бос нәрселерден құралған (олар сызылып көрсетілді). Бұлардың бәрі мүлде керексіз, ешбір ерекше сипаты жоқ, ештеңені айқындамайтын егжей-тегжейлер.

Нәрсенің егжей-тегжейін іздеп, анықтап алғасын, оны аса қатал сұрыптау қажет.

Егжей-тегжей, өзіміз әдетте интуиция деп атайтын нәрсемен, аса тығыз байланысты.

Интуицияны мен тұтас заттың жеке бір бөлшегі, егжей-тегжейі, бір ғана қасиеті арқылы оның суретін қалпына келтіру деп білемін.

Интуиция тарихи романдардың авторларына өткен дәуірлердің шын мәніндегі суретін ғана емес, олардың қайталанбас бейнесін де, адамдардың сезім-түйсіктерін де, психикасын да (біздермен салыстырғанда өзгеше болған) қалпына келтіруге көмек көрсете алады.

Интуиция, ешқашан да Испания мен Англияда болмаған Пушкинге кереметтей испандық өлеңдерін жазуына, `Тас мейманды` жазуына көмектесті, `Оба кезіндегі тойда` ортағасырлық Англияның суретін айқын беруіне жәрдемдесті, ал бұл сурет со бір тұманды елде туған Вальтер Скотт не Берне жасай алатын дүниелерден әсте кем емес қой.

Нәрсенің тәп-тәуір егжей-тегжейі, оқырманның көз алдына интуициялы түрде тұтас бір дүниені — адам мен оның жай-күйі туралы, оқиға не дәуір туралы ұғымды дұрыс елестете алады.

Аударған Әбілміжін Жұмабаев