Әдебиет
Константин Паустовский
Константин Георгиевич Паустовский (1892 - 1968) - орыс және кеңес жазушысы, сценарист және мұғалім, журналист, соғыс тілшісі.
Константин Георгиевич Паустовский (1892 - 1968) - орыс және кеңес жазушысы, сценарист және мұғалім, журналист, соғыс тілшісі.
Қарт өтірікші Бекмет
(хикаят)
Сен солып едің, енді қазір гүлденіпсің, Хорезм!
Қазіргі замандағы түрікмен өлеңі.
Берил қатты қиналды. `Қарабұғаз сүлфаттың` солтүстік кәсіпшіліктерінде ана бір қырсық шал Бекмет селтиіп жүргенде жер қазушы түрікмендер арасында мардымды жұмыс жүргізуге болады деп ойлаудың өзі күпірлік еді. Ол бүгін тағы да мұның дінге қарсы бағытталған сұхбатын өткізбей тастады.
Кешқұрым кермек шаң-тозаң басқан түрікмендер қараша үйлерінің қасына жиналды. Оттар лаулап жанып тұр. Жел шығанақ жаққа қарай соғып тұрды. Отқа жаққан жусанның ақ түтіні су үстіне қатпарлы бұлттар сияқты төселіп барады.
Будақтаған түтін арасынан сүттей аппақ жұлдыздар күңгірттеніп көрінеді. Сұрапыл жел жабысқақ ақ көбікті құмдауыт жағаға лақтыра беруден шаршады ма, әйтеуір, толастай бастады.
Кәсіпшіліктердегі жалғыз төбет — Хаким жағалаумен біраз жүгіргесін, оңтүстікке қарап, даусы қырылдағанша ұзақ үрді. Ол жақтан туып келе жатқан ай нұры тұнжырап көмескі көрінеді. Төбет екі нәрсеге — айға және бумен жүретін қатерге өш болатын, қатер шығанақтан қоныс тепкен трестен бұл жаққа жиі-жиі келетін. Хаким кеме тұрағындағы ағаш төсенішке жатып алып, толқын үстінде тартыншақтай ырғалып, ағаш төсенішті селкілдете қозғағаннан-ақ оған қарап, ырылдауын бір қойған емес.
Бұл күні жұрттың бәрі — тіпті Гасан-Кули де, бұрын пошташы болған Мұратқа дейін жиналды.
Мұрат шөлде тым сирек кездесетін ауру — ревматизммен ауыратын. Оның аты да осы аурумен шықты, жұмбақ дертке ұшыраған кісілердің бәріне елдің ерекше қарайтын әдеті бар емес пе, бұл да соның нұрына бөлеңді. Еуропа адамына пендинка яки ірешта қалай төтенше дерт болса, ревматизм де түрікмендер үшін дәл сондай төтенше дерт болатын.
Әлі есімде Красноводскідегі шаңлы базар саңылауынан мен алып түрікменнің аяғынан аттың қылы секілді жіңішке де ұзын ірешта атты құртты қалай суырып алғанын толық бір сағат бойы бақылағаным бар. Корчагин менің қасымнан кетпей, бұған қайран қалып тұрып алды. Ол өзінің Костромасында мұндай аурудың болатынын да білмейтін.
Құртты абайлап оттыққа орай бастайды. Егер құрттың шығуы қиындап кетсе, оттықты құртпен бірге аяғына орап, танып тастайды, оператор науқасты шаңлы арқасынан қағып, оны бір күнге серуендеуге босатты. Бүкіл емдеу жолы мынадай еді: Құрттың басын оттықпен іліп алып, оны асқан сақтықпен бір апта бойы сол шырпыға орап, ақырына дейін шығарып алу. Егер құрт үзіліп кетсе, күллі ем зая болады.
Шамамен, Мұраттың ауруы да түрікмендерге тап солай әсер етті. Олар оны қоршап жүресінен отырып алады да тізесін зорлап бүктіріп, жаздыра береді. Со мезетте тізенің ұршығы астынан тарс еткен дыбыс естіледі, алда отырған көрермендер қорыққандарынан еріндерін сылп еткізіп, кейін жылжып, арттағылардың үстіне құлайды. Бекмет Мұратқа тіліңнің астынан бір кесе қан алғыз деп кеңес берді, егер Борил бұған ашуланып кіріспегенде, Бекмет өзінің кетік ұстарасымен бұрынғы пошташының қанын ағызатын еді.
Мұрат ауруының тарихы Бәрилді қызықтырғаны сондай, ол `Туркменская искра` газетіне ол туралы мақала жазды. Ол бұдан былай мұндай жайттар қайталанбауы үшін, жедел шаралар қабылдауын талап етті.
Красноводскіден Қарабұғазға баратын жолды салып бітіргеннен кейін, Хоробрых трестің солтүстік кәсіпшіліктерінің меңгерушісі болып тағайындалған еді, ол осы мақаланы оқығаннан кейін, оған:
— Гасан-Кули пошташыларын ревматизмнен құтқару үшін, Гасан-Кулидегі жер қазу ісінің келесі жылғы жоспарына біржарым миллион сом ақша болу керек, — дейді. Газеттің кішкене ғана мақаласынан не шығатынын осыдан байқауға болады.
— Түһ, осы инженерлер қызық! — деп дауыстап жіберді Берил
— Осы инженерлер өздерінен басқа адамдардың бәрін ақымақ дей ме екен!
Мұраттың тарихы нағыз қарапайым тарих болатын. Ол Гасан-Кулиде пошташы болып істейтін. Пароход Гасан-Кулидің тұсына келгенде жағалаудан жиырма шақырым жерге тоқтайтын. Суы таяз болғандықтан одан әрі жақындауға болмайтын. Пароходқа жету үшін әуелі арбамен біржарым шақырым жер жүру керек еді, содан кейін түбі тегіс қайы-құлазға отырып, пароходқа жету керек болатын.
Мұрат пароходтың алдынан айына төрт рет шығатын. Пароходтың қашан келетінін, қанша уақытқа кешігетінін тірі жан білмейтін. Мұрат зәкірін түсіріп, теңіз үстінде тұрып қалады да азғана тағамын алып, талшық ететін.
Кеш батады, түн түседі, бірақ пароход келмейді. Содан кейін Мұрат құлаздың түбіне жата қалып ұйықтайды, бір кездері — әдетте түннің бір уағында пароход гудогінің ащы даусы оны оятып жібереді.
Мұрат поштаны алысымен жағаға қарай қайығын есе жөнеледі, ал жалқау арбакеш әманда пароходтың келуін күтпей кетіп қалады, Мұрат болса пошта салынған тері қапты арқалап алып, бір жарым шақырым жердегі жағалауға тізесінен келетін су кешіп, малтығады келіп.
Мұрат поштасын арқалап, түнгі теңізбен жиырма жылдан бері жазда да, тастай су тамыры тартылғанға дейін, аяғын қарып түсетін қыста бір де тыным көрмей, сенделіп жүре береді.
Бір рет ол қабын түсіріп алып, хаттардың бір бөлегі ылғалданып қалады.
Со бір күні кешкілік дінге қарсы сұхбатқа Прокофьевтің бұрынғы серігі жас Гұзар және аты мүлде беймәлім, Фирюзадан шыққан пілләші қарт келді. Пілләші баяғы заманда жібек пілләсін өсіреді. Бірақ бір күні со бір тер төгіп істейтін өндірістің негізгі шикізаты — тұт ағашының жапырақтары жетпей қалады, оның кемпір әйелі қайтыс болады, содан кейін пілләші карт жүрген жерінде тақыр кедейдің уағызын айтып, Түрікменияны кезіп кетеді.
Бірінші қатарда әлбетте Бекмет отырады. Ол орнына жайғасып жатып, самбырлап сөйлеп, көршілерін итеріп, Бәрилге де жадырай қарап, басын изеп үлгіреді. Жүзінен рақаттанып отырғаны сезіледі. Ол Бәрилдің не айтатынын шыдамсыздана күтеді. `Қарияның көлгірсуін` деп ойлады да Берил сөйлей жөнелді.
Оған орыс тілін жақсы білетін Ғұзар көмектесіп отырды. Дін мәселесіне байқап жанасу керек. Берил Алла жоқ дегенді айтады, бірақ күннің күркіреуі, найзағай, автомобильдер мен пароходтар сияқты кереметтердің шын мәнісін қарапайым сөздермен қысқаша түсіндіріп шықты. Түрікмендер оны аузын ашып, көзін жұмып тыңдады.
Берил жымиып күліп тұрып, бұл жерқазушы жұмысшылардың жиналысы емес, балалар бақшасы ғой деп ойлады. Шынында да шөлдегі әрбір із бен әрбір төбені білетін, күнге күйген ержүрек еркектер бұған риза болып, бір-бірінің сеңсең бөріктерін алақанымен соғып, кісі тынысын буатын шаң-тозаңды бұрқырата көтеріп жатты.
Мылтықпен жарты шақырым қашықтан нысанаға тигізетін олар жіп-жіңішке қоңыр қолдарын жыртық шекпенінің жеңіне жасыра қояды.
Берил сөзін аяқтап үлгірмей-ақ, Бекмет арадан киіп кетіп, асығыс дабырлай жөнелді.
— Әлгі автомобиль дейтін шайтан арбаны адам ойлап тапқан, оның даңқы арта берсін, бірақ ол әлі `кассак` деп аталатын, кісінің көңілін көтеретін ағашты ойлап тапқан жоқ. Ондай ағашты жасау тек Алланың ғана қолынан келер еді.
Тыңдаушылардың көздері жылтырап, Бекметке бұрылып қарай бастады.
— Бұл оқиға Варун-Калада болған еді, — деді ол Бәрилдің наразылығын көзіне де ілмей. — Сен де тыңда. Бұл өмірде болған жайт, оны өз көзіммен көргенмін. Мен ол ауылға Меккеге бара жатқан сапарымда тоқтағанмын. Менің Меккеге бара жатқанымның себебі, өздерінің әулелігін пайғамбар табытының шаңын жалап алу арқылы тапқан дәруіштерден әсте кем емеспін. Ол кезде патша шенеуніктері әлі де болса ауыл-ауылды аралап жүретін, ал Хиуада шаһ Сейид — Асфендияр отырған.
Орыс шенеуніктері ақша жинап жүретін. Көне, жыл сайын бес сомнан ақша беріп отыр дейтін олар, сосын жиырма жылдан кейін сол ақшаң үшін пароходпен Мәдинаға дейін апарады, сол арадан мұсылмандар топтарымен бірге Меккеге бет түзейсің. Пароход еш жаққа кетпейді, сені күтеді, әрине тиісті адамдар мен тар қоршаудағы қойларды жинап бітіргенше. Мен де бес сомды бердім, өйткені қасиетті кісі — қажы атанып, өзімнің ақымақ басыма жасыл сәлдені орау үшін.
— Сөйтіп мен қажетті қағаз бен пароходқа билетті де алдым, сосын Ашхабадқа барар жолда Варун-Кала ауылына, жирен шашты Хушет деген кісінің үйіне қондым. Мен оған күллі кеш бойы Мекке мен Мәдина туралы, кофе гүл-шешегін жарып, тауларында биік пальмалар жапырақтарын жайқалтып тұратын жерлер туралы әңгімені гөйіттім келіп. Дін мұсылманның жүрегі мұндай қызыққа қалай шыдасын. Бүкіл кеш бойы маған деген қызғаныштан жарылып кете жаздады. Сосын қоналқыға жаңа арбасына жақсы ат жеккен тағы бір кісі келді.
Ұйқыға бас қояр алдында Хушет: `Мен ойланайын. Бәлкім, пайғамбардың қара тасы үстінен төніп тұрған кешкі жұлдызды көру үшін, Меккеге сенімен бірге мен де барармын` — деді.
`Сен қайырымды бір істі тындырасың` — деп жауап бердім де ұйықтап кеттім.
Мен түнде ұйқымнан оянып кетсем, төсегімнің жанында әлде кім жүр екен.
— Бұл кім? — дедім мен ұйқылы көзбен.
`Ұйықта, — деді Хушет. — Мен наргиле тартайын деп, оттықты іздеп жүрмін`.
Ертеңгісін ол мені қуана қарсы алып, өзінің де Меккеге баратынын, бірақ маған Красноводскіде қуып жететінін айтты. Шынында да ол мені Красноводскіде қуып жетті. Сөйтіп біз екеуміз жолай намазымызды оқып, тамаққа болмашыны талшық етіп, ұлы жолды бірге жүріп бітірдік.
Сонда біз не көрдік десейші! Біз бархандағы құм қанша болса, сонша адамдары бар қалаларды көрдік, Стамбұлды көрдік, көптеген теңіздерден көктей өттік. Меккеде біз керуен-сарайларда Белуджистаннан, Үндістан мен Триполиден қажылыққа келген кісілермен түнеп жүрдік. Мен түн баласында көз ілмедім, қалың тобырдың у-шуын, намаз оқығандар әнін, жүздеген түйелердің бақырғанын тыңдадым.
Пайғамбардың қара тасын бес рет сүю бақытына ие болдым.
Үшінші күні түнде біздің керуен-сарайға Оманнан бір кісі келді, ол кішкене-кішкене солып қалған жемістері бар, бір бұтақты қапқа салып әкеліпті.
Ол, қажылыққа келгендер рухы Алла алдында қуанып тұруы үшін, мен кісінің көңілін көтеретін — кассак деген ағашты сатамын деп айқайлай бастады.
Біз сол ағаштың жемісін сатып алып, әрқайсымыз оның төрт дәнегін жұттық. Біз орыс арағын ішкендей-ақ, шат-шадыман күйге түскенімізді сездік. Мәз-мейрам болып күліп, би биледік, бір-бірімізге қызғылықты оқиғаларды айттық. Тек таң алдында ғана қатты ұйықтап қалыппыз, содан қайдағы бір қаңғыбас — оның бүкіл ата-тегін қарғыс атсын — менің чувяктарымды, Хушеттің жастығы астынан қапқа салынған нан мен зәйтүннің жемісін жымқырып әкетіпті.
Біз үйге қайтып оралдық. Қайтар жолда мен ең соңғы ақшасын пайғамбардың табытын көруге баратын сапарға бергісі келмеген Хушетке батамды бердім.
Бірақ біз Варун-Кала аулына келуіміз мұң екен, полицейлер жетіп келді де, Хушетті тұтқынға алып, Ашхабадқа айдап әкетті. Мен, қажы атын алып, бұрынғы күнәларын ораза тұтып, дұға-намазын оқу арқылы өтеген кісіге мүлде лайықсыз дөрекілік жасағанына түсінбей, қайран қалдым.
Дәл сол күні мен не білдім? Біз кетіп қалғаннан бір ай кейін, Хушеттің әйелі, жуас та кішіпейіл әйел, өкімет орындарына барып, Хушеттің со күні түнде үйіне жақсы, жарау атқа мініп келген қонақты өлтіріп, мәйітін ауыл сыртына апарып көміп, аты мен арбасын Ашхабадқа апарып сатып, содан түскен ақшамен қажылыққа, пайғамбардың табытына тәуәп етіп қайтқанын айтады. Тәуәп ету мен діннің адамды қандай күйге түсіретіні міне осындай!..
Бекмет сөзін бітірді, ол бұл сөзді шынымен айтып тұр ма, әлде күліп тұр ма — оны түсінуге болмайтын еді. Бәрилдің ойлағанындай, ол жай қарапайым шал болмады.
Ол от басынан тұрып, тақтайдан салынған тар үйге, Хоробрыхтың сол үйден кенеппен қоршап берген мүйісіне қарай жүрді. Ғұзар онымен бірге келе жатып, осы шал бәле, қайдағы жоқты айтады деп күле берді.
— Көңілді шал, өте көңілді шал! Саған мықтап көмектесе алады, — деп қайталай берді бір сөзді.
`Көмектескенде қандай! — деп күйіне ойлады Берил – Көмегімен қоса мұның өзін де шайтан алсын!`
Хоробрых пен оның күн қақтаған көмекшісі Казанскийдің күнге күйіп, қызарып кеткендігі сондай, шашын айырып қойған жері қанды тыртық сияқтанып көрінетін — ол екеуі далада ұйықтағанды жөн көрді. Үй ішінде бүйілер мен сарышаяндар бар-тұғын. Жағалауда олар аз болатын: сол бәлекеттер сүлфатты жақтырмайтын.
Хоробрых пен Казанский кебентайларын сүлфаттың тақтатасына төседі де алаңсыз ұйықтады, тек жағалауды зеңбірекпен атқылағандай болып басталған дауыл толқыны тұз тозаңын бұрқырата көтеріп, оларды оятып жіберді. Түйелер артын жел өтіне беріп, бақыра жөнелді. Хоробрых пен Қазанский жатқан жерінен атып тұрып, балағаттап, тұзды шаңнан жылағандай болып, үйге кіріп жасырынды.
Берил де сүлфат үстінде ұйықтап жатқан. Түнде сүлфат көкшіл отпен жылтылдайды. Сүлфат төсегі бала кезде оқып, ұмытып қалған ертектегі хрусталь төсек тәрізді, шұғыла шашып жатады.
Хоробрых шылымын шегіп, жуан даусымен гүжілдеп отыр. Мұратты шығанақ суына он шақты рет зорлап шомылдыру керек, сонда оның ревматизмінен көшпелі ел аузында тек әңгіме-сөз ғана қалады. Берил жолдас, сіз осы мәселемен шұғылдансаңыз қайтеді, әйтпесе жұрт оны түрікменнің әулиесі деп кетеді де өте ыңғайсыз жағдайда қаламыз.
— Сіздердің таусылмайтын әзіл-қалжыңдарыңыз-ақ мені жалықтырып жіберді. Әрине мен оның дертін сіздермен ерегіскенде әдейі жазып жіберемін. Мен бұған баяғыда бел байлағанмын, — деді Борил.
Хоробрых көпке дейін ұйықтай алмады. Ертең тауды тесіп, жол салу жұмысын бастау керек еді. Жұмысшылар аз болатын, олардың өзі сүйменмен әктасты соғудан жүрексінеді.
Хоробрых, `Менелай патша` деп атап кеткен қарт түрікмен, сыбыр-сыбысты ұшықтырып, оқтастың зұлым киесі бар, кімде-кім кимелеп таудың жүрегіне жол салса, содан рақымсыз қатыгездікпен ош алады деумен болды.
Хоробрых таң сәріден Ғұзарды атқа мінгізіп, көршідегі қараша үйлерге жұртты жұмысқа шақыруға жібермек еді, әрбір жұмысқа тартылған үй үшін, ол Ғұзарға он сомнан ақша төлемек болды.
Трест, Махачкаланың тәжірибесіне еліктеп, солтүстік кәсіпшіліктерінде сүлфат өндіруді бассейндендіру әдісін қолданбақ еді.
Бұл үшін кеуіп қалған бір көлді іріктеп алып, нөмір 6-шы қол деп атады (күллі кеңістік атаулыдағы инженерлердің бәрі түгелдей дүниенің бәрін нөмірлеуге айрықша құмар келеді).
Осынау көлге шығанақтан жарма (канал) қазып, жолдағы шағын тауды үңгіп, жүз отыз метрлік туннел салу керек еді, содан кейін күзде осы жарма арқылы әлгі көне қарабұғаз суын ағызып, тереңдігі үш метрлік деңгейге жеткізу қажет болды. Осынау су содан кейін бір шаршы шақырымдық көлемде елу сантиметрлік жауын жаудыруы керек еді. Ыстық жел мен ми қайнатарлық күн — күн сайын — көлдің бетіндегі мирабилит қабатын қалыңдығы үш сантиметрлік сүлфат пленкасына айналдыруы қажет болатын.
Көл бетіндегі сүлфат бірқалыпты жатады, оның беті үстелдей теп-тегіс, сол себепті де оны машинамен де жинауға болады. Трест жинағыш машиналарға заказ беріп, жұмысты тезірек аяқтау үшін, Хоробрыхты қыспаққа ала бастады.
Кешегі көшпелілерге күректі қалай ұстауды үйретемін деп, Қазанский әуелгі кезде көп азаптанса да, канал белгіленген уақытынан ерте бітті. Олар оның сыртын ұдайы үстіне қаратып, теріс ұстауға тырысты, осы шайтан алғыр машинаны игеру жолында олардың да шеккен азабы аз болмады. Бірақ сосын жұмыс оңға басты.
Жарма тауға барып тірелді. Ертеңгілік `Менелай патша` Хоробрыхқа келіп, жұмысшылар жағалай діндар болғандықтан да тауды бұзудан бас тартады, әйтпесе, Алла бүкіл даланы қара қабықпен жабады да таудың киелері суды ағытып, киіз үйлерді ішіндегі адамдарымен, түйе-мүйелерімен, болмашы бұйымдарын қоса, тасқынға қарық қылады, — деп қорқытты.
— Қария, — деді Хоробрых құлақ тұндыратын дауыспен, — құрметті кісілерді үйіңе жина. Мен де барайын, сосын біз таудың киесі жөнінен сөз қозғайық. Жұрт сені алапестен сақтайтын дұғаны біледі дейді, ал мен тау киесінен сақтайтын дұғаны білемін. Алла әркімге керегін береді: — кесірткеге құйрық, есекке — құлақ, ал ақылдыға — күйзелістен құтқаратын сөз береді.
`Менелай` кетіп қалды. Берил Хоробрыхтің осы сияқты `фокустары` жақсылыққа апармайды деп есептейді. Қазанский тауды динамитпен жарып, жұмысшыларсыз-ақ істі тындырайық дегенді ұсынды. Хоробрых күліп жіберді:
— Бірінші жарылыстан кейін-ақ барлық киіз үйлер жиылып, шөлге қарай зытып береді, сосын сіз нарзан суы тиелген баржаны әкелсеңіз де, олар бұл араға жоламайды. Бұлардың тілін табу керек. Мен ортаазиялықпын, маған сеніңіздер.
Бәрінен бұрын Хоробрых `Менелайдың` үйіне бір құты көк шай апарып беруге әмір етті. Осы бір дәріхананың иісі шығатын ащы сусынсыз ешбір күрделі жұмыс орнына келмейтін. Шай жұрт көңілінің кірбеңін кетіріп, қажетсіз қорқыныштан айықтыратын.
Бірақ күндіз бүкіл істің шырқын бұза жаздаған оқиға болды. Мұрат Бәрилдің азғыруына көніп, шығанаққа барып шомылады. Қазір ол қараша үй ішінде жаны ұшырып ойбайлап жатыр. Оның шыбын-шіркей талап, бөртіп кеткен денесін қарабұғаздың тұзды жебір суы оттан бетер күйдіріп барады.
Түрікмендер толқи бастады. Бекмет дереу өлім аузында жатқан байғұстың харам қанын ағызбақ болып, кетік ұстарасын алып, жалақтап жетіп барады, бірақ сол сәтте Берил де келіп үлгіреді:
Оның — Жоғал! — деп ақырып жібергені сондай, Бекметтің ұстарасы қолынан түсіп, ұры көзі ойнақшып кетті. — Құрт қараңды, сандалбай! Тірі адамды кескілеу де сән бе екен!
Ол Мұраттың ақшыл сәлдегүлі шешек атқан қызғылт ыстанды аяғын көтеріп, бірнеше рет оның тізесін тез-тез бүгіп жазды. Түрікмендер кейін шегінісіп, тыныстарын тартып тұра қалды. Олар тізенің қатты сыртылдауын күткен еді, бірақ ештеңені де есітпеді. Тым-тырыс мүлгіген тыныштықта қараша үйден жүз қадамдай жерде жатқан түйенің күйіс қайырған үніне дейін естілді.
Мұрат ыңқылдауын қойды.
— Қалайсың? — деді Берил салтанатты үнмен. — Бұған бір шелек тұщы су әкеліңдерші, шомылсын.
Түрікмендердің үрпиіскен түрінен шындап шошынғаны көрінді. Бұларға тек бет-аузын, қолы мен аяғын ғана жууға рұқсат ететін шөл заңын мына мұрнына әйнек машинасын қондырып алған әйел табанымен таптағанын қарашы.
Мұраттың кемпірінен басқа ешкім де селт етпеді. Ол бір шелек су әкелді. Бәрі де қараша үйден жылыстап шығып, Мұраттың пайғамбар атын жөнімен де, жөнсіз де атап қойып, рақаттана дауыстап, шойын қазан үстінде шалпылдатып жуынып жатқан дыбысын аңтарыла тыңдап тұра берді.
Сосын ол ғұмырындағы тұңғыш рет шомылудан біртүрлі тыңайып, жүзі жайнап шыға келді де, баяу басып Бәрилге барып, қолын кеудесіне басып, оған иіліп тағзым етті. Ол сол сәтте өзін бірінші рет қыз алып қашқан бозымдай сезінді.
— Хоробрых, — деді Берил ақсақалдар кеңесіне барғалы жатқан инженерге, — бүгін біздің кәсіпшіліктерде Қазан революциясы басталды. Көшпелілерді бір орнынан қозғасаң болды, сосын әрі қарай желдей есіп, жүре береді.
— Мен оны сізге баяғыдан айтып келемін, — деп жауап берді Хоробрых.
Берил жадын тінткілеп, қанша ойланса да инженердің осы тәрізді бір сөзді өзіне қашан айтқанын есіне түсіре алмай-ақ қойды.
Ақсақалдар кеңесі екі сағатқа созылды. Әуелі олар шай ішіп отырып, Адай даласындағы шөптің шығымы өте нашар екенін, Қоңыратқа баратын көне керуен жолдарын құм басып қалғанын сөз етті.
Хоробрых әңгімеге араласпады, бірақ іштей алаң болып, елгезек тыңдады. Сырттан бір түрлі түсініксіз дыбыстар естіліп жатты. Түрікмендер үйлерін жығып жатқан тәрізді.
Сосын Хоробрых сөйлеп, туннел жайын сөз етті, оны таудағы үйреншікті құдықтармен салыстырды. Ол түрікмендердің атағы жер жарған батыр жұрт екенін естеріне салды. Сүлфатты кереметтей мөлдір тас — әйнек жасауға және мақта егістігін тыңайтатын үн жасауға болатынын сөз етті.
Түрікмен Тайбазар бірінші болып түрегелді:
— Мен барамын. Темір таяғыңды әкел.
Екініші болып Ниязов деген қазақ көтерілді.
— Ау, дұға оқымаймыз ба? — деді Бекмет тауы шағылғандай қышқырып.
Оны тыныштандыру үшін Хоробрых жадына бірден түсе қойған өлең жолдарын айтты:
Айтыңызшы, маған, ағай Бермепті ғой французға жай Орт ұйпаған Мәскеуді
Шалдар сақалдарын сипап, сеңсең бөріктерін изеп мақұлдады.
Хоробрых сыртқа шығып, біреуді ұзақ балағаттады.
Берил, Хоробрых қосырейленіп, есуастық жасады, — деп есептеді. Хоробрых иығын қушитты да қойды:
— Бос сөз! Сіз неге кәрі ақымақтарды күнәсіз әзілден қорғайсыз? — деді.
Қимыл-әрекеттің тап осындай азиялық әдістері Бәрилдің ашуын шақырады, бірақ көп ұзамай ол да ашуланбайтын болды: тау баурайынан соғылған сүймендер даусы талып естіле бастаған еді.
— Біз шөлді, бүйі сияқтандырып, жаншып тастаймыз, — деді де Хоробрых тауға қарай жүріп кетті.
Тамыз туды. Ол кісі төзгісіз өртті лапылдатып ала келгендей, ыстық, аспаннан аппақ тұз сияқты кең өрісті өзен болып құйылып жатыр. Шаң-тозаң кісі терісінің тыныс саңылауларын бітеп тастады. Адамдар терлей алмайтын болды, соның кесірінен қапырықты сезіп-түйсінудің аяғы бас айналуына апарып соқты. Кісі қаны қоюлана түсті, Хоробрых оның ауыртпалығын өз тәнімен-жанымен сезді. Адамның күре тамырларында ағаш желімі қатып қалған сияқты көрінеді.
Түрікмендер тақылдатып тауды тесіп жатыр. Ыстық оларды өшіктіре түскен тәрізді. Сүймендер соққысы қаһарлы да қатыгез. Қазір енді таудың киесі ешкімнің де есіне кіріп шықпайды. `Менелай патшаны` жұрт сыртынан күлкі етіп, қорқақ деп атайды.
Қариялар ілбіп әрең жүріп туннелге келді, сосын оның көлеңкесіне келіп отырды да шөлде бұрын болып көрмеген жұмыстың қайнап жатқанын бақылады. Олар туннелді салып бітіргеннен кейін, қараша үйлерді Бекташқа апару керек дейді, өйткені `ағаш нәргилелі` адам (олар аузынан трубкасын тастамайтын Хоробрыхты осылай деп атайтын) солтүстіктегі кәсіпшіліктерден Бекдашқа дейін теміржол тартқысы келетін көрінеді. Тағы да орыстар жиналмалы үйлер әкеліп салады, оларда ешқашан да қараша үйдегідей бүргелер болмайды деседі, бұған қоса, Мәскеу күллі түрікмен балаларын сауаттылыққа оқытып үйретеді және шөл далада зауыттар мен сұлулығы Хиуамен тең түсетін қала салатын көрінеді.
Берил дұрыс айтыпты: көшпелілер бір орнынан қозғалып, жылжып жүріп кеткен еді.
Шөл адамдарына тән бай фантазия Қарабұғаз жағалауында басталып жатқан істердің бәрін аңызға айналдырып жіберетін еді.
`Менелай патша` буын-буыны сықырлап: енді бірнеше онжылдықтардан кейін шөл-баябанда бау-бақшалар гүлдеп, тұщы су мақта егістіктерінде жалтырап жайылып жатады дейді, — деп шағынатынды шығарды.
Мұрнына әйнек машина қондырып алған әйел: адамдар қазір жаңбырды қолдан жаудыруды үйренді, ендеше шөлде де жаңбыр молынан жауатын болады дегенді айтты. Алла қателесіп, бұны, `Менелайды` тым ерте туғызыпты. Қайтейін-ай, туған өлкесінің, бақытты Мешедиссердің жағалауы тәрізді, гүлденген кезін көрмей өлуге тура келетін болды.
`Менелай` жас шағында парсының Мешедиссері жағалауында болған еді, сондықтан да ол, мейрам күндерінде балкондарда таңғажайып кілемдер қалай жаюлы тұрса, тап солай, теңіз үстінен төніп, салбырап тұратын апельсин тоғайлары мен жаңғақ ормандары туралы әңгімені өмір бойы айтудан жалыққан емес.
Ол — Мешедиссер! — деп дауыстайтын, сосын әл-дәрменнен айырылып жылап жіберетін, сөйтіп өзінің атамекені — Суилы құдығын шынар тоғайы қоршаған көкорай шалғынды күйінде көз алдына елестетуге тырысатын.
Күн өткен сайын өмір өзгеріп, түсініксіз болып барады және біраз нәрсені ойдан шығаруға, ойланып-толғануға аса бай мүмкіндіктер жасалып жатыр.
Шығанаққа бір ғажап машина келді. Ол су түбін қазады. Бұдан кейін екінші машина пайда болды, ол шығанақ түбіндегі қоймалжың суды насоспен канал арқылы көлге ағызып тұруы керек. Хаким жаңа машиналарға қарап, екі күн бойы үрді де құтырып кетті, сосын оны Ғұзар атып тастады.
Содан кейін бәйге жарияланды. Бәйге туралы жарқын ой Хоробрыхтың басына ұйқысыз өткізген түндерінің бірінде келген еді.
— Біз құм арасында жарыс өткіземіз, — деп ескертті ол Бәрилді ертеңгісін.
Берил оған күдіктене қарады: мына инженер тағы да қияли бірдеңені бастайды білем. Термометр алпыс бес градусқа жеткенде қайдағы жарыс туралы сөз қозғауға болады!
Берил соңғы кездері, әсіресе әйелдермен көп айналысқан. Ол әйелдерді қолын жууға үйретті және ит жемей тастаған қатты қабықтарды балалардың аузына тыға салмаңдар деп ескертті. Қолды жуу туралы ой бір күні кешке салым, аспаз түрікмен әйелі тақтай үйді мекендеушілерге жұқа нан илеп жатқанда айдан анық болып есіне түсті.
— Сіз қалай ойлайсыз, ана әйел жұқа нандарға қанша қадақ кір-қоңыс қосты екен? — деп сұрады ол Қазанскийден.
— Бәрібір жеп қоямыз, — деп енжар жауап бере салды Қазанский.
— Ол шөлде тұру жағымды да жеңіл өйткені мұнда ешқашан `сөзбұйдаға салу жоқ` деп, соған иманындай сенетін. `Сөзбұйда` деп хат-қағаздарды, қарым-қатынасты және телефонограммаларды айтатын.
Жұқа нандардың бәрін бір отырғанда жеп қойды, бірақ Берил оған қол созбады. Ол енді түрікмен әйелдерімен шұғылдана бастады. Бәрінің де асқынып кеткен ауруы бар, отыз жасында түрікмен әйелі кемпірге айналады, бала табу қабілетінен айырылады, сосын ауыздарын жаулықтарымен жауып жүреді.
Туннелдің жұмысы аяқталып қалды.
Таудың екі жағындағы екі топ адам бір-біріне қарсы келе жатқан, енді бірер күнде кездесулері керек. Тап сол кезде туннелде Хоробрых бәйге жариялады.
Бәйге — таңдаулы шабандоздардың жарысы. Сол шабандоздың біреуінің алдына қошқарды көлденең салады. Кімде-кім шауып келе жатып, қошқарды жұлып алып, жанталаса ұмтылған басқа да бәсекелестеріне шалдырмай, төрешілер отырған шатырға апаруы керек.
Жарыс сөзінің ұғымын түрікмендер арасына сіңіру үшін, ол оған теңеу жолын қолдануға бел байлады. Екпінді жұмысты ол бәйге деп атады. Әктастың ең соңғы қабатын опыра тесіп, кездесуге келе жатқан топ адамына кімде-кім қолын бірінші болып созса, сол жер қазушы бүкіл жер қазушылар ішіндегі таңдаулы жұмысшы болып саналады.
Екі жақтан да алты-алты адамнан еріктілер қойылды да бәйге басталып кетті. Шалдар ақырындап туннелге кірді, өйткені шешуші сөз соларда болатын.
Жұмыс кезінде жұрт ысқырып, улап-шулап, қарқылдап күліп тұрды. Әктастың қабырғадан қопарылып түскен әрбір дөңбегіне көпшілік мәз болып, қуанысып қалады.
Тау гуілдеп, дірілдеп тұрды.
Берил, адамдар айқайласып, шуласып жатқан туннел аузына балаларды жуытпайды, ондағы жұрттың ызышуыт — қымғуыт болып жатқаны сондай, олар жанталаса төбелісіп жатқан сияқтанады. Берил рақаттана күліп, балаларды шеткерірек ысырып тастаймын деп, қара терге түсті, ақырында ағылған тер оның көзәйнегін мұрнына қозғай бергенде, ол жерге түсіп, сынып қалды. Балалар тұс-тұсқа тұра қашты. Тап сол сәтте туннел ішінен күркіреп шыққан дауыстың күштілігі сондай, Бәрилдің тұла бойы тітіркеніп, сынған әйнегін де іздеуін тоқтатты.
Екі топ бір-бірімен кездесе кетті. Бірінші саңылауды Ғұзар ұрып теседі. Кешке таман туннел жұмысы да аяқталған еді.
Шалдар жұмыстан толқып, тебіреніп қайтты. Туннелдегі бәйге өздерінің жастық шағын, Маңғыстаудың борлы тоқал тауларындағы ат жарыстарын естеріне түсірді. Бүкіл кеш бойы қараша үйлерде дабыр-дүбір әңгіме басылмады. Жұрттың бәрі қабырғаны бірінші болып, жер қазушылардың ішіндегі ең қайраттысы деп есептелетін Ниязов емес, Ғұзардың тескеніне таңғалысты.
Берил көзін сығырайтып, ұяла күлімсірейді. Бүкіл шығанақты тұман күргелейді, сол тұманда жоғалған жұлдыздар, алаулаған оттар, Хоробрых трубкасының қызғылт шоғы адасып жүргендей болады, су мен көгілдір сүлфат жылтылдайды. Әйелдің жақыннан ғана көретін мүкіс көзі осынау таныс жерлердің бәрін көңілді бір пьесаның сәнді-сәулетті декораңиясына айналдырған тәрізді.
Ғұзарға кәсіпшіліктердегі бірінші мақтау қағазы берілді, онда Ғузардың бүкіл жағалаудағы жер қазушылардың ішіндегі таңдаулы, екпінді жер қазушы екені жазылған еді.
Ғұзар қағазды бипаздап қойнына салды да қариялармен бірге көк шай ішуге барды, мұндай ұлы құрметке әдетте ең озық шабандоздар ғана ие болатын.
Хоробрых шыдай алмай, сол кеште көшпелілерге арнап үндеу жазды. Ол мұны жұмысшыларды тартабанды теміржол салуға қатыстыру үшін, керші қараша үйлерге таратқысы келген еді.
Ұзындығы отыз шақырымдық жолды кәсіпшіліктен Каспий теңізіне дейін тартуы керек еді, ондағы Бекдашта, баяғыда, шығанақта `Дағыстан оттары` қожалық етіп тұрған кезде, кемежайы салынған болатын. Сүлфатты теңізге түрікмен қайықтарымен таситын. Ол өте қымбатқа түскен. Қайықтар қатар-қатар болып, тәуліктер бойы, теңіздің тынышталуын тосып, құмдауыт қайраңда тізіліп жататын. Дауылды күндері қайраңда тұру өте қауіпті еді — шығанаққа жақын жағалаудың бәрі қиратылған қайықтар мен шхуналардың сынықтарынан қарайып кеткен болатын.
`Көшпелілер! — деп жазды Хоробрых. — Совет өкіметі сіздердің еліңізді гүлденген егістік пен бауға айналдыру туралы қаулы шығарды. Қарабұғаздан біз таңғаларлық тұз өндіре бастадық; одан әйнек жасайды және жүзімдіктердің, мақта мен жүгерінің нәр-құнарын арттыратын ұнды шығарады.
Көшпелілер! Қараша үйлеріңізді көліктеріңізге артып, Ала Тепе көліне барыңыздар, сол арада сіздерге су мен ауқат беріледі. Өлі шөлдерді қуалап, сергелдеңге түсулеріңізді қойыңыздар да жұмысшы болыңыздар, өйткені жаңа заман келді. Өлмейтін жан жоқ, ескі өмір де тап солай өледі. Бақытсыз өмірден ашынып, ызақор болып кеткен шалдардың сумаңдаған суық тіліне сенбеңіздер`.
Ертеңіне таң сәріден Ғұзар қараша үйлерді тағы да аралап, шапқылап жүрді, ал келесі күні кешке салым маң-маң басқан түйелеріне киіз үйдің жабдығын, уық-керегелерін артып, балаларды отырғызған көш салтанатты түрде құнарсыз жағалаумен жүріп, Ала Тепе жағына қарай беттеді.
Ғұзардың марапатталуына байланысты Берил жұмысшылардың жиналысын өткізді. Осы жиналысқа бірінші рет ұяң әйелдер келді. Олар жұрттың артыңда жайғасты да тіпті бір-бірімен сыбырласуға да жүрексініп, сескене берді.
Борил шиланынан запастағы көзәйнегін ұзақ іздеп, таба алмады да бұған кәдімгідей ренжіп, жиналыстан кешігіп қалды. Ол `Менелайдың` қараша үйіне келгенде алқа-қотан отырған түрікмендер селт етпеді. Әлгі судыр Бекмет бірдеңені айтып жатыр екен, шамасы өте тартымды қызық нәрсе ме, қалай, әйтеуір Ғұзарға дейін, оның малжаңдаған аузынан көздерін жазбай отыр екен.
Берил жақын келіп, құлағын тосты. Ол әңгіменің бас жағын тыңдаудан кешігіп қалыпты, оны орта тұсынан тыңдай бастады.
Берил аңызды жақсы көрмейтін. Шығыста болған әрбір адам шығыстың атышулы аңыздарына асқан сақтықпен қарайды. Аңыздарды сипаттауға бейім тұратын қысыр сөз иелері Орта Азияның барлық көлдері мен өзендерінің, қалаларының аттарын сол аңыздармен байланыстырады.
Бірақ Бекметтің аңызы айрықша екен. Ол оны теңселе айтып отыр:
— ...Ол Файреддинге былай дейді: `Осындағы кісілер бітік бидайымен, тәтті жүзімімен, былғарыларымен, жұмсақ жүндерімен, зәулім ормандарымен, семіз балығымен мақтанып жатыр. Ал, сенің өлкең несімен бай?` Файреддин үндемейді. Міне, жұрттың бәрі Мәскеуге съезге келіп жатыр, сонда әркім өз нәрсесін айтады, тек жалғыз сен ғана үндемейсің. Кәне, досым, қорықпа, айтарыңды айт. Сіздер өз өлкеңізде немен күн көріп жатырсыздар, осы заманнан нені күтесіздер?`
Файреддин жылап қоя береді. `Жолдас-ау, Абдалла аталығынан шыққан карт түрікмен, мына, мен, сіздердің бәріңіздің алдында не айта қояйын? Қазіргі уақытта құдықтарымыздағы судың соңғы тамшысын ұрлап жатса, кешегі жүзімдікті құм көміп жатса, біз уақыттан не күтуші едік? Мен Үстірт және тағы Қарақұм деп аталатын елден келдім. Біз қайыршылықпен, шөлдеуімізбен, құммен және тұзбен баймыз. Жолдас, сіз кедейлердің бақыты туралы ойлайсыз, ал біз суды ойлаймыз. Бірақ су жоқ! Алла біздің жерімізді он аршын тереңдікке дейін, тандырын кептіріп қойған, тіпті жанбырдың өзі жерге жетпей құрғап қалады. Өзендер құм астымен ағып жатады, бірақ олардың да суы, парсы апельсиндерінің қабығындай ащы. Темірдің заманынан бері біздің еліміз солумен келеді. Жолдас, бұған не шара? Төмендегі жердің бәрі бос емес, жоғарыдағы жер де бос емес, енді бізге жер бетінен орын болмай тұр. Сен ұлықсың, және сен құдыреттісің. Сен үлкен адамсың, сенің құлағың сергек, көзің жіті, — бірақ сен бізге, түрікмендерге, немен көмек көрсете аласың? Міне, сол себепті де мен ұлы құрылтайда үндемей отырмын.
Сонда Ленин күліп жібереді де карт Файретдинге: Алла жасай алмаған, Темір жасай алмаған істі большевиктер жасай алады, Файреддин`, — дейді.
Файреддин басын шайқайды.
`Егер сен бүкірмен бірге жүрсең, — бойыңды онша соза берме, оның бүкірлігі жұрт көзіне түспес үшін. Егер сен Қарақұмнан келген кісімен сөйлеседі екенсің, сен оған күлме, мүмкін емес нәрсеге уәде берме`, — деп жауап береді ол.
Осыны айтады да Файреддин шытынып, кетіп қалады.
Бірақ сол керемет жүзеге асырылады. Күзге таман Файреддиннің қараша үйіне, Хорезмге көптеген инженерлер, темір түйеге ұқсайтын машиналар келіпті, қайықтардан цементті түсіріп жатыр дейді, большевиктер мыңдаған жылдар бойына кеуіп жатқан Амударьяның Ұзбой деп аталатын ескі арнасына су жібереді екен деген сыбыс жетеді.
Ұзбой, өзеннен бір бүйірге, керуендер он күн бойы жүретін, нағыз сусыз шөлге қарай, шығандап кетеді.
Файреддин большевиктердің балалық ісіне күлген де қойған. Одар Ұзбой түбінің саздан тұратын қатты жерлері де барын, ал үш күн бойы су көрмеген мың қодас сияқты, суды сорып алатын борпас құмды жері де бар екенін білмейді ғой. Әрине, Ұзбойға тұтас бір теңіздің суын сарылдатып құюға да болады, бірақ құм бір сағат деңгейінде оны обып алады да арнада тек өлі балықтар мен тұзды көбік қана қалдырады. Шөлді жеңуге болмайды, түйелер мен сексеуіл жайдан-жай жаратыла салған жоқ қой.
Файреддин күлген сайын, большевиктер жарманы қазып, бөгетті орната береді. Ұзбойдың ыспа құмды түбі бар жерлеріне олар асфальт құйып, бітеп тастады.
М