05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Константин Паустовский
Константин Георгиевич Паустовский (1892 - 1968) - орыс және кеңес жазушысы, сценарист және мұғалім, журналист, соғыс тілшісі.

Петлицадағы шағын раушангүл






(Юрий Олеша)

Мен Юрий Карлович Олешамен талай рет кездескенмін. Әрбір кездесу жадымда ұзақ уақыт сақталып жүрді. Мен қазір сондай кездесулердің бірі жөнінен айтпақшымын.

Бұл соғыс дәл басталар кезде, 1941 жылдың шілдесінде болған еді. Мен Одессаға соғыстан, Тираспольдің түбінен әскери жүк машинасымен келген едім, вокзалдың қасынан машинадан секіріп түстім де `Лондондық қонақжайға` қарай жүрдім.

Мен адам атаулының қарасы көрінбейтін Пушкин көшесімен келе жаттым. Таң ағарып атып келеді. Жауын құйып тұрған.

Соғыстың алғашқы күндерінде Одессаның тұрғындары оңтүстіктің ақ үйлерін, суға қою етіп ерітілген күйемен, бояп тастады. Әуеден қара үйлер, ақ үйлер сияқтанып, анық көріне бермейді деп есептелетін.

Үйлерді бояу жөніндегі, `камуфляж` деген әуезді сөзбен аталатын күрделі шара, іс жүзінде мүлде пайдасыз нәрсе болып шықты. Жаз жауынды болады. Алғашқы жаңбырдан кейін-ақ, үйлер қайта түлегендей-ақ, шеттерінен кір-қожалақ болып, айғыздалып шыға келеді.

Мен Пушкин көшесімен келе жатқанымда, көптен бергі таныс сүйкімді қаланы танымай қалдым. Бұл шынында да Одесса еді, бірақ сонымен бірге тіпті де оған ұқсамайды. Мен оны бір мезетте әрі өңімде де, әрі түсімде де көрген сияқтымын.

Су ағатын құбырлардан қайдағы бір сұмдық катерлі су лақылдап ағып жатыр. Жаңбырдың қаңылтыр шатырларды асыға тысырлатқанынан өзге ешбір дыбыс естілмейді. Жайдармалардың жауынға малшынған жапырақтарының иісі ғана жуырда болып өткен шуақты жаз күндерін еске түсіреді.

Мен ол кездері, неге екенін қайдам, соғыс өзімен бірге мүлде жаңа ауаны әкелді деп ойлайтынмын. Ол жер үстінен бұрынғы ескі ауаның жұмсақ та жылы, тұманды болып келетін қабатын жұлып тастады да, оны бүкіл өңірлер мен заттардың сыртқы түр-түстерін өзгертіп жіберген, қатал да бос қуыспен алмастырды. Соны ауа сұйық нитроглицеринге ұқсас болатын. Оның иісі ащы дәрімен араластырылған күйік иісін еске түсіретін.

Осы бір бөтен ауадан ба, әлі көшелер мен сылпылдаған жауыннан ба, әйтеуір мен тірі жансыз қаңырап қалған қалаға келгендей болып, жалғызсырап торыққанымды сездім.

Содан да шығар, `Лондондық қонақжайдың` ала көбең вестибюлінен мен үстінде мыжылған көйлегі бар, ақшыл көк аспа баулы, сақал-мұрты қырылмаған қарт адамды көргенімде, `үһ` деп бір демалдым-ау.

Ол биіктеу үстелше қасында Александр Дюманың `Королева Маргосын` оқып отыр екен.

Оның алдында шырақтың сары тұқылы созыла жанып тұр. Оның жалыны үстінен қиттай айдар тәрізденіп, көкшіл ауа үйіріледі.

— Сіз кезекшісіз бе? — дедім сенімсіздеу үнмен.

— Солай деуге де болады.

— Сіздерде түнеп шығуға бола ма?

— Түсініксіз сауал! — деп шал шамданып қалды. — Қонақжайда тірі жан жоқ. Кез келген нөмірді таңдап алыңыз. Альковымен бе, әлде альковсыз бе (қабырғадан кереует қоюға арналған шымылдықты қуыс). Егер сіз кең пейіл жайдары жан болсаңыз, екі нөмірде бір өзіңіздің тұруыңызға да болады. Тіпті үш нөмірде де. Және де ақы-пұлсыз. Гратис!

Кезекші көпестер мен сапаршы саудагерлердің ескі кәделі сөзін айтты — `гратис` сөзі бұл тауар тегін беріледі деген ұғымды білдіретін.

— Гратис! Ақша төлей алатын кісі атымен жоқ па? — дедім мен дәліздерден сынған әйнектердің дызылдаған үніне құлағымды түріп.

— Қайдағы жоқ! — деп ызалана дауыстап жіберді шал Сіз не, Юрий Карлович Олешаны есепке қоспайсыз ба?

— Ол осында ма?

— Даусыз осында. Өзіңіз айтыңызшы, ол Одессада болмағанда қайда болады? Мен Юрий Карловичті баяғыдан бері білемін. Одесса тұтас тәулік бойы, карусель сияқты, шыр айналып жататын заманнан бері, ол осында өсіп, осында тұрған. Бәрі де: пароходтар да, Уточкиндері де, әсем әйелдер де, сауыққой серілер, капитандар, ұры-қарылар, итальян примадонналары, әйгілі докторлар мен скрипкашылар — бәрі көз алдымыздан құлдырап өтті емес пе. Мен тағы кімдер келгенін білемін! Енді Одессаға тауқымет төнді. Олеша сол кездері де осында болатын, ол қазір де осында. Ол — таза одессит, сіз ұқтыңыз ба! Қазір ол нөмірінде бір өзі отыр. Ауырып тұрған. Әрбір әуе дабылы соғылысымен, оны азғырып, жертөлеге түсіру үшін, дереу жетіп барамын. Бірақ әсте төменге түспейді де, бірден әзілдесе бастайды. `Соломон Шаевич, — фрицтер бомбылаған кездері мен әлгі `Үш мешкейде` суреттейтін шамдарды сындырып тастамасын, соған абай болыңызшы`, — дейді ол Мен оған не деп жауап берейін. Хал-қадарымша мен де әзіл қашырамын. Егер бәрі менің еркімде болса ғой, Одесса сол кітапты ұмытпас үшін, мен әлгі шамдардың бәрін күміспен күптетіп қояр едім деймін.

Мен Олешаның бөлмесіне көтерілдім. Ол шашы дудырап, үстел басында өзінің ірі де емін-еркін қолтаңбасымен бірдеңе жазып отыр екен.

Біз сүйісіп амандастық. Ол қырынбағалы көп болыпты. Әбден арықтаған — дизентериядан — іш ауруынан айыққаны осы екен. Екі беті сап-сары болып, қуарып кетіпті. Бірақ көзі бұрынғыша, ішіңдегіні білемін дегендей, күлімсірей қарайды. Және әр кездегідей, шабыт қанатыңда қағып алынған сәтті ой отынан, дәл және оқыс табылған салыстырмалармен әп-сәтте жалт етіп тұтанып, дүрілдеп жанғалы тұр. Ол сөйлеген сәттен бастап, өмір-тіршілік бір түрлі қызығырақ болып, нұрланып сала беретін. Сонда несімен? Оның әзіл-оспағы мен поэзиясының отынан, адам жүрегінің жай-күйін қас қағымда дәл тауып, түсіне білетіндігінен.

Маған, Юрий Карлович өмір бойы ешкімге естіртпей, данышпандармен, балалармен, көңілді әйелдермен және қайырымды әпенділермен әңгімелесіп, сырласып жүргендей болып көрінетін (бәлкім, ол шынында да солай болған шығар).

Ол айтысқанда батыл да пәрменді түрде айтысатын. Өзінің қарсылығын әңгімелесіп отырған кісіге аяусыз қаталдықпен шаншып айта, айбаттанып шыға келер еді.

Олешаның төңірегінде, оның өзі айналасындағы шынайы тірліктен мұқият сұрыптап алып, қанатты қиялымен безендірген, бірде қалыңдап, күшейе түссе, енді бірде сейіліп, толастай түсетін айрықша бір өмір тіршілік өтіп жататын. Осынау өмір оның айналасында, оның `Күншілдігінде` сипатталған ағаштың жамыраған жапырақтары мен гүлдеріне толы бұтағы сияқты шулап-зуылдап жататын.

Олешада күндей күркіреген, құдіретті Бетховендік бірдеңе болатын. Тіпті оның даусында да. Оның жіті көзі төңірегінен кісінің жаны жұбанарлық жақсы нәрселерді көп көретін. Ол солар туралы қысқа да нұсқа етіп жазатын, өйткені ол `аз сөз — алтын, көп сөз — көмір` деген нақыл-заңды жақсы білетін.

Бөлменің бір бұрышында қолдан жасалған таяқ сүйеулі тұр. Оның балдағында тор көзді жолдорба ілулі.

— Әне, — деді Олеша таяқ пен жолдорбаны иегімен нұсқап, — ең соңғы сәт, ең соңғы минут келген кезде, мен, жаяулап Николаевке, сосын Херсонға қарай кетемін. Діттеген жеріңе жету үшін, ештеңені де ойламай, адымдап жүре беру керек, жүре беру керек, қашан аяғың талғанша...Иіні келгесін айтайын, маған бір карта тауып берсеңіз, мектеп атласынан болса да. Маған картасыз жүру өте қиын болады.

Мен оны тыңдаған күйімде қалғып кете беремін. Менің бір сағат болса да, жатып тынығуым керек. Олеша ең таңдаулы бөлмені табу үшін, қонақжайдың қаңырап қалған дәліздері арқылы менімен бірге жүрді.

Терезелердің бәрі дерлік жарылыс толқынынан быт-шыт болыпты. Мейманхана ішін күрең түсті перделерінің шаңын бұрқырата желбіретіп, өтпе жел билеп алыпты. Оған ілесе пальмалардың құрғап қалған жапырақтары сытырлайды.

Менің ұйқым да ашылып кеткен сияқты. Біз бөлмелерді арадан, олардың бірінен соң бірін жаратпай, тәлімен бастадық: біреуінен жер сабынның иісі шығады, екіншісінің айнасы сынық, үшіншісінің әлгідегі жарылыстан әктің шаң-тозаңы басқан `Боярлар тойы` картинасы ұнамады деп...

Ақырында біз ең бір аядай, күңгірт бөлмені таңдап алдық. Оның терезесі ішкі аулаға қарайды екен. Онда жүз жыл жасаған шынарлар тұр.

— Блиндаж! Қонақжайдағы ең қауіпсіз бөлме, — деді Олеша.

Мен шешінбестен бірден ұйықтап қалдым. Қайтып бара жатқан бомбардировщиктердің алыс гуілінен оянып кеттім. Батар күннің жарығы ашық қалған терезенің көнеліктен қабыршақтанып кеткен әйнегіне түсіп тұр.

Мен ұшып тұрып, Олешаға бардым. Ол нөмірінде болмай шықты. Мен оны мейманхана мейрамханасының кішкене ғана күңгірт залынан көрдім.

Бұл — тарихи думанхана болатын. Газеттердің есептерінде `оның қабырғалары көптеген` атақты адамдарды көрген деп жазатын. Тек жақында ғана хрустальмен, күміспен, мәрлен және мельхиорлармен жарқырап тұрушы еді. Шағын үстелдерінің көкшіл дастарқандары пергамент сияқты сытырлайтын. Жүзім шоғыры тәрізді люстралар оның әшекейлі де бедерлі төбесінде жанып тұратын. Кішкентай күміс шелектер толы сықырлаған мұз болатын, оның бар мәзірі де сырлы да сымбатты еді.

Енді қазір зал бос, алакөбең, сонау соғыс уақытының бірден-бір шамы сығырайып жанып тұр. Үстіне мыжғыланып қалған ақ күртке киген, Одессаның өзі сияқты көрі, екі шал-даяшы, Олешаның көңілдестері, залды кезіп жүріп, тым сирек келетін кісілерге құрғақ шай мен қап-қара жылымшы вермишелді үлестіріп жүр.

Олеша үстел басында үн-түнсіз мұңға батқан бір негрмен — Одесса киностудиясының актерімен бірге отыр екен.

— Әлгіде ғана ұшақтар шабуылы болды. Сіз онда ұйықтап жаттыңыз. Сіз енді `Одесса үшін` не айтасыз? — деді Олеша маған.

— Соғыс басталғалы бері қала өзгеріпті, тына қалыпты, және одессалықтар өздерінің дәстүрлі ширақтығынан айырылып қалған тәрізді.

— Бе-кер! — деді Олеша сөзін буынға бөліп, анықтап. — Одессалықтар берілмейді де өлмейді. Олардың өткірлігі ер жүректігімен қоян-қолтық бірге. Олардың батырлығы өткір сөзден күшейе түседі. Сіздің одессалықтар жөніндегі пікіріңіз ұшқары. Мәселен, Диоген жөніндегі ой-пікіріңіз сияқты.

Әлбетте, мен бұл арада қосаққа бос тіркелгенімді түсіндім, Диоген жөніндегі пікірімді мен ешқашанда Олешаның көзінше айтқан емеспін, өйткені ондай пікір менде мүлде жоқ болатын. Диоген, тегі, тағы бір өткір нәрсені ойдан шығарудың себебі болса керек.

— Әне, — деді Олеша, — жұрттың бәрі, оның ішінде сіз де барсыз, Диогенді арсыздардың басшысы деп есептейді. Ол қайдағы арсыз! Ол жасқаншақ та топас шал ғой. Былайынша айтсақ, бөшкеде тұрған. Бұл да сол топастығынан. Ал бөшке, қанша айтқанмен, тұрғын жай. Оған ақша төлеу қажет. Әрине, Диогеннің ешқашан да тиыны да, драхмасы да болмаған. Бөшкенің қожайыны, өтелмейтін қарызы үшін, шалды бөшкеден көшеге лақтырып тастаймын деп қорқытады. Содан кейін Диоген дос-жарандарына барып, қызарып тұрып: `Бөшке үшін` ақша беріңдерші, — деп күбірлейді. Құдай сақтасын, содан кейін қандай айқай-шу, шыңғырыс басталды дейсің. `Бөшкеге ақша?`, `Көргенсіз!`, `Сұғанақ!`, `Арсыз!`

Үнсіз негр кенеттен қарқылдап күліп жіберді. Олеша оны көзімен бір атты да:

— Одессалықтар қазір, соғыс кезінде де, дәл бұрынғысындай, ер жүрек, көңілді де күлкішіл Жүріңіз, қаланы біраз аралайық, бір жер болмаса, бір жерден ешкімге де, ештеңеге де берілмейтін кәрі одессалықты көретінімізге кепілдік етемін. Бұл да өзіндік бір қаһармандық, — деді Олеша.

Біз мейманханадан шықтық. Мөлдір ауа батқан күн шапағынан нұрланып тұрды. Ағашты алаң шулап жатыр.

Теңіз үстімен Очаковоға қарай фашист ұшақтары шырқап бара жатты. Оларды салмақпен гүрсілдетіп, теңіз зениткалары ата бастады.

Біз грек базарына қарай беттедік. Олешаның сөзіне қарағанда, ондағы нағыз молдаван брынзасын беретін шайхана да соңғы сағаттарын санап отырған шығар.

Бірақ біз грек базарына жете алмадық. Жолай әуе дабылын қақты. Милиционерлер жағалай пистолеттерін тарсылдатып, әуені атқылай бастады (әсілінде, радиодан әуе дабылын естімей қалғандар үшін). Бұған қоса, олар өткен-кеткен кісілердің бәрін аулаларға айдап кіргізді.

Біз бірінші кездескен аулаға кірдік. Бұл кәдуелгі грек ауласы екен. Бұндай ауланы сипаттаудың өзі қиын, оның бүкіл әсемдігін білу үшін, оны көзбен көру керек, не онда бірнеше күн болса да, тұруың керек.

Бұл — жан-жағынан екі қабатты ескі үйлер қоршаған, тік бұрышты аула болатын. Мұндай аулалардан сыртқа шығатын жалғыз жол - көшеге шығатын қақпа. Грек үйлерінің күллі қабаттарының бөлмелері мен пәтерлері сыртқы көне ағаш айвандар (терраса) мен со айвандар сияқты, көнебасқыштарға шығатын.

Айвандар үйдің күллі қабырғаларын қуалап, сықырлап, теңселіп созылып жатады. Олар, бүкіл бөлмелер мен пәтерлерге қосымша қызмет ететін, жұрттың ең сүйікті дидарласатын жері болып табылады.

Айвандарда кероеинканы жағып, скумбрия мен камбаланы қуырады, әйгілі `көкшіл` уылдырықты әзірлейді, балаларын шомылдырады, кір жуады, шапылдасып жанжалдасады (қабат-қабатпен), патефон тыңдайды, тіпті билейді де.

Біз аулаға кірдік. Ол қаңырап қалыпты.

Немістің бомбылаушы ұшақтары миды шағып қиқулап, шүйлігеді келіп. Бомбалар гүрсілдеп, жарылып жатыр. Әуе снарядтарының жарықшақтары аула тастарын осқылап жатыр.

Біз жарықшақтардан қорғану үшін, жоғарғы айван қалқасының астына барып тұрдық. Біздің дәп қасымызда жәшік үстіне жайғасып алып, иығына жыртық противогазын ілген, қарт аулашы ұйықтап отыр. Ол соғыстың гүрсілі мен ысқыруына, шаң-тозаңына қарамастан, оянбай қойды. Ал со шаң-тозаңды көше жақтан будақтатып айдап келіп жатыр.

Біз қарсы алдымыздан ауыр есігі бар бір басқышты көрдік. Ол, сірә, жеке пәтерге апарса керек. Есік сыртына `Tic дәрігері Вайнтраубъ` деп бәдізделген мыс тақтайша бұралма шегелермен бекітіліпті.

Фамилия соңындағы қаттылық белгісіне қарағанда, Вайнтрауб мұнда атамзаманнан бері қоныс теуіп келе жатқан сияқты.

— Төңкеріске дейіи! — деді Олеша. — Бұл сөз қазір `Христос туғанға дейін` немесе `Күлліәлемдік тасқынға дейін` деген сияқты болып естіледі.

Басқышпен деңгейлес пердесі түсірулі венециялық терезе бар екен. Оның ар жағынан қарайып фикустың жапырақтары көрінеді.

Ұшақтың гуілдеген даусы шықты. Темір-жұмырлардың суылдаған дыбысын жарылыс гүрсілі үзіп жіберді, оған ілесе зениткалардың дүркін-дүркін атқан үні естілді.

Сол сәтте біз ешкім назар аудармайтын іс-қимылды көрдік. Шынымды айтайын, содан кейін, біз Олеша екеуміздің, соны еске түеіріп, ұзақ уақыт күлгенімізді осы уақытқа дейін түсінбеймін.

Әлдекім венециялық терезе пердесін ашумен серпіп тастап, алақанымен кәсекті қойып қалғанда, ол сарт етіп ашылып кетті. Терезенің екі жақтауы қабырғаға соғылды.

Терезеден иық бауы салбырап түсіп кеткен, көйлегі мыж-мыж, өзі шала-пұла қырынған карт еврей сұғынып сыртқа қарады. Оның доктор Вайнтраубтың өзі екені анық еді. Қолында газеті бар. Ол шыбыннан қорынып, со газетті бетіне бүркеп жатса керек. Жарылыстар мен ұлыған ұшақтар оны оятып жіберген сияқты.

Ол алақанымен терезе алдына сүйеніп, сыртқа сұғына берді. Ызалы қызыл көзі долырып, сары сайтандай ұлып, аула үстімен төмендей ұшып өте берген жау ұшағына қарап:

— Не болып қалды? Тағыда ма? Жалаңаяқтар түге!! — деп айқайлады.

Ол ұшақтың артынан ашулана бір түкіріп, терезені тарс еткізіп жауып, пердені түсіре салды.

Сол-ақ екен, тіпті жарылыстан оянбаған аула сыпырушы, бірден оянып кетті де, бір есінеп:

— Біздің ауланың ең өжет тұрғыны: Наполеон! — деді қайғылы үнмен.

Әуе шабуылы аяқталды. Біз көшеге шықтық. Айналаны қараңғылық басыпты.

— Көрдіңіз бе? Мен дұрыс айтыппын. Қадымнан келе жатқан, тірі жанға берілмейтін Одессаңыз, міне, осы, — деді Олеша.

— Сіздің жолыңыз сәтті болды, — дедім мен оған.

Біз `Лондондық қонақжайға` қарай жүрдік. Опера театрының жанында тамырымен қопарылған жайдарма жатыр екен. Оның тамырлары көне заман үйінің екінші қабатындағы балконға ілініп қалыпты.

Кірер есік алдында Жедел жәрдемнің каретасы тұр екен. Екінші қабаттағы терезе түбінен тротуарға қып-қызыл қан тамшылап жатты.

Теңіз үстінен тарам-тарам болып, түтін ұшып барады. Пересып жағында бір жер өртеніп жатса керек. Мүмкін, сонау жайылма жазық үстінен ай туып келе жатқан шығар.

`Үш мешкейлердің` шамдарына ештеңе тимепті әйтеуір, мен бұған Олешадан кем қуанбасам керек.

Мен Олеша туралы әлі де көп нәрсені айтар едім, бірақ әзірше тым ауыр болып тұр. Ол жуырда ғана қайтыс болды, ал оның алдымызда ойланып отырған нұрлы жүзін қалай ғана ұмытарсың. Және оның ескі пиджагінің петлицасындағы кішкентай қызыл раушангүлді де ұмытпайық. Мен оның үстінен осы пиджагін көптеген жылдар бойы көрген едім.