05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Константин Паустовский
Константин Георгиевич Паустовский (1892 - 1968) - орыс және кеңес жазушысы, сценарист және мұғалім, журналист, соғыс тілшісі.

Ей, оңбаған, Камариннің мұжығы!






— Атажан! — деп қыз шыр ете түсті, ол солдатты айқара құшақтап, кеудесіне басып сүйеді.

Солдат, шамасы, биязы бала қолының болмашы ыстық табын ең соңғы рет сезді білем, жатқан орнынан қозғалақтап, қыздың қолын күректей алақанымен сипады.

Су қараңғы, меңіреу күйіммен кетіп барам, — деді ол сарнап.

— Тым болмаса, күн жарығын көз қиығымен бір көрсем! Сен дауыс қылма, қарғашым. Солдат сорлының өмірі деген шұлғау емес пе. Шешешің де тастай саласың. Бағанағы офицерге жүгір, тез. Кәрі солдатты әскер тәртібімен жерлесін...

Солдат ышқынып барып, серейіп қатып қалды. Үй ішінін жым-жырт болып, демін ішіне тартқаны сонша, мысықтың қытырлатып нан жегені, үй иесінің ырсылдап ауыр демалғаны айқын естілді.

Менің сорыма жолыққан ғой бұлар, — деді ол ақырында. — Тұр былай.

Ол қызды итеріп тастап, солдаттың қалта-қалтасын тінткілей бастады.

Қалтасының тереңін қайтейін, көк тиыны болмағасын, — деді ол тістеніп. — Ұшарын жел, қонарын сай білген қанғыбас! Шарап ішетінін қайтерсің мұның! Және жұртқа да ішкізеді-ау. Жамбас ақыға маған екі теңге бересіңдер, білдің бе!

Қыз орнынан ұшып тұрды. Үй иесі тұра ұмтылып, оны етегінен ұстамақшы болып еді, бірақ қыз есікке қарай жалт беріп, артына қарамастан үйден атып шықты.

Кісінің ақылымен ай қармайтын, шабыты тасыған киелі бір сәттері болады.

Сондай сәтте ол көзді ашып-жұмғанша ғажайып бір өлең жазса, кейінгі ұрпақтар оны жүздеген жылдар бойы жыр етіп айтып жүреді.

Ол бір басына әлемнің күллі ақыл-ойы мен арман-қиялын ұялатып алып, оны кез келген жанға жомарттықпен үлестіріп беріп, қиналмай жүре бермек.

Ол жұрт ештеңені аңғармай самарқау-салғырт өте беретін жерден таңғажайып керемет көріп, пейіштің қоңыржай сиқырлы үнін есітеді: айлы түнде ол жалтыраған күміс ағаш түбірін, теңіз айдыны сияқты зеңгір аспан көгін байқап қалады, желпи соққан самалдың сыңғыр сазын тыңдайды. Ол небір қызық әңгімелерді табан астыңда мың құбылтып, айтып бере алады.

Лермонтов та қазір сондай бір киелі шабытты шақты бастан кешіріп жүр. Ол сабырлы да салмақты, көңілі жарқын. Бұл Щербатоваға деген махаббаттан ғана емес. Ол көкірегін кернеген шабытты ойға, оның теңіздей тереңдігіне, шарқ ұру сергектігіне риза, тасқындаған өлең сөздің, ақыл-ойдың құдіретіне риза.

Күндіз Лермонтов Щербатовамен бірге шағын қаланы түгел аралады. Бақтан шығысымен олар шалқи тасыған өзеннің жағасына барды, со жердей паромды ертең жөндеп бітіретінін білді. Жағадағы ақ қайранға текшелеп үйген, қарағай бөренелер үстінде, күн шуақта екеуі иін сүйесіп ұзақ отырды. Щербатова өзінің балалық шағын, Днепр жайын әңгіме етті, сол жақта жазға салым сыйдиып қурап қалған көрі талдар `тіріліп`, қатпар-қатпар қабығын тесіп, қылтиып-қылтиып жұп-жұмсақ атқұлақ жапырақтар шығады екен.

Әйел өткен-кеткен өмірінен көп әңгіме шертті. Оның даусы сан құбылып, құлаққа жағымды бір қоңырқай нәзіктік пайда болды. Лермонтов оған сүйсіне көз тастайды.

Олар күллі қалаға аты әйгілі бригадир жесірінің, аспаз әйелдің үйіне барып түстенеді. Ол бақ саясына үстел қойып, дастарқан жайды. Алма ағашы шешек ата бастаған. Гүл күлтелері қалың-қалың туралған нан үстіне, қышқыл борщ құйылған тарелка ішіне жапалақтап ұшып түсе бастады. Бригадир әйелі шаймен бірге қою шие шырынын әкеп қойды да, Лермонтовқа қарап:

— Meн мұны мейрамға сақтап едім. Сіздің әйеліңізді көргесін шыдай алмадым. Мұндай сұлуды қайдан тауып алдыңыз? — деді.

Щербатованың жүзіне қан жүгірді. Лермонтов бүгін тұңғыш рет оның кірпігіне ілінген көз жасын көрді. Келіншек оны білдірмей шынтағының ұшымен сүрте қойды.

Лермонтов оның мінезіне қайран. Ол Петербордың гүл жайнап жүрген сұлуы еді, бірақ келіншектің сондағы әдепті байсалдығы, мәрмәр тастай суық, салқын ажары, жүріс-тұрысындағы менмен тәкаппарлығы қайда кеткен? Қазір оның алдында соншалық мейірбанды ұяң ғана ғашық әйел отыр. Ол бір мен үшін ғана тап осылай түлеп шыға келді деген бір қуаныш Лермонтов кеудесінде мазлады да тұрды.

Тек кешке салым ғана олар мейманханаға қайтып келді. Ақ отаудай алтын күн сонау шалқыған су жиегіне қарай еңкейіп барады.

`Нөмірдің` офицерлер жатқан үлкен бөлмесінен қарқылдаған парықсыз күлкі, гитараның жыламсырай шыққан қоңыр үніне қосыла бір берекесіз ырду-дырду естіледі.

Жер айналады дегенді дәлелдемек

Болды-дағы, Коперник тартты бейнет:

Ақымақ-ау, араққа тойып алса.

Жүрмес еді сабылып, арам тер боп.

`Нөмірдің` қабырғасына арқасын сүйеп, тізесіне басын салып бүрісіп, бағанағы қайыршы қыз отыр. Өзі ұйықтап қалғандай. Лермонтов оның қасына келді:

— Неғып жалғыз отырсың? Солдат қайда? — деп сұрады ол.

— Қыз басын көтерді, бірақ орнынан қозғалған жоқ.

— Слободкада. Үйде жатыр.

— Оған не болды.

— Өліп қалды. Қап-қара болып, түтеп кетті де, лавканың астына сылқ етіп құлады. Мені сізге жұмсады.

— Heгe?

— Білмейміи, — деді қыз сыбырлап, сосын оның ерні дірілдеп, иегі кемсеңдеп кетті. — Дереу сізге жет деді, сөзінің соңын ести алмай қалдым.

— Қорыққансың ғой?

— Иә! — деді қыз естілер-естілмес сыбырлап.

Щербатова Лермонтовқа көз қиығын тастап еді, оның жүзі албырап ойланып тұр екен. Ол жігіттің мұншалық мұңайғанын көрмеген болатын. Жүрегі инемен шанышқандай тыз етті.

— Сізді осынша көңілшек деп ойламап едім.

Лермонтов оған тесіле қарады.

— Meн кісіні жарылқау дегенді жек көрем, — деді ол қабағын түйіп. — Оның бәрі бос әуре! Бірақ кешеден бері осы бір баланың болашақ ғұмырына өзімді жауапкер жандай сезінем.

Лермонтовтың атқосшысы сүйекке сіңген әдеті бойынша, терезеге сүйеніп жатып алып, көзін сығырайтып, көшені бағып отыр екен. Ол осы бір құлақ естімес, көз көрмес түкпірде әбден зеріккенін әдейі аңдатқысы келгендей, әрлі-берлі өткендерге самарқау көз тастайды. Лермонтов оған қатты дауыстап, қызды тамақтандыр деп әмір етті.

Щербатовамен екеуі `нөмірлердің` қуықтай дәлізімен қаздай тізіліп қатар келе жатқанда, офицер бөлмесінің есігі ашылды. Одан көзін қарамен таңған жандарм ротмистрі сығалады да, Лермонтовты көріп есікті жаба қойды.

— Кешіріңіз, менің бір шаруам боп тұр, — деді Лермонтов Щербатоваға, сонсоң басып иіп қоштасты да, жалма-жан офицерлер бөлмесінің есігін ашты.

Бөлмедегі даң-дүң су сепкендей басылды.

Щербатова өз бөлмесіне келді, бірақ ішке кірмей есік алдына аялдады. Ол Лермонтовтың тосыннан-тосын тұра жөнелгеніне шамданып қалды.

`Құдай-ау! - деді ол өзіне-өзі. — Әрбір минут алтыннан да қымбат боп тұрғанда, есіл уақытты картаға қор қылды-ау. Бұнысы несі?`

Кеудесі қысылып, тынысы тарылды. Сол мезетте ол Лермонтовпен бір сөтке де болса, айырылысудың қиын екенін айқын түсінді. Ертең, ұзақ уақытқа, бәлкім, біржола айырылысар кезде қайтпек?

Дәліздің түкпіріндегі терезеден аспанның күңгірт тарта бастағаны байқалады. Күн сөніп барады. Төңіректі шытырман жұлдызды түн тыныштығы басып келеді.

Ресейдің осы бір мылқау түкпіріндегі меңіреу түннің шабан жүрісін тоқтатар күш болса, шіркін! Таң атпаса, ертеңгі күн келмесе...

Офицерлердің арақ ішіп, карта ойнап жатқанына екі тәулік болған еді.

Лермонтов есік қақпай, еркін кіріп келді. Ол табалдырықтан аттай бергенде аппақ бет орамалы қолынан түсіп кетті, бірақ оны қас қаққанша қағып алғаны сонша, офицерлердің бір қатары-ақ: `Иә, бұл қызыл көз пәледен аулақ жүргеннің өзі жақсы. Сілтегені мүлт кетпейтін сұр мерген шығар, шамасы` деп ойлады.

Көзін қарамен таңған жандарм ротмнстрі ұшып тұрып, көрші бөлмеге зып берді. Лермонтов оның ту сыртынан тесіле қарады. Жалғыз көз! Бәлкім, арам ниетін асыру үшін бір көзін әдейі таңып алған болар.

Офицерлер жым болды. Олардың сазара қалған кейпіне қарап, Лермонтов жаңа ғана Щербатова екеуін әңгіме қылғанын сезе қойды. Ол ернін тістеп, ашуын әзер дегенде басып, жұртқа басын иіп сәлем берді де:

— Ротмистр мырзаның тұра жөнелгені өкінішті-ақ. Қайтейін, мен соның тап өзімен шайқасқым келіп еді, — деді әдейі естірте сөйлеп.

Жандарм офицері жалма-жан көрші бөлменің есігін ашып, сумаң етіп шыға келді.

— Қаласаңыз, мен дайын, — деді ол жадырап, сәл ғана басын иіп. — Атақты орыс ақынымен айқасуға әрқашанда дайынмын.

— Менің байқауымша, — деді Лермонтов салмақпен, сіз тек қара ойнауды жақсы көресіз ғой деймін. Жарайды, ендеше темныйға-ақ ойнап көрелік.

Ротмистр зорлана күліп, үстелге келді. Ашуға булығып. көзі ежірейіп кеткен.

Мың сом тіктім, — деді Лермонтов. — Көп те емес, аз да емес. Бір-ақ рет ойнаймын. Ұтысымен кетемін. Жарай ма?

Ротмистр мақұлдап басын изеді.

— Келістік! — Ротмистр үшін, банкомет болып отырған ақсары драгун капитаны жауап қатты. — Тек ұтыс қана болмаса, басқаның бәрі әзip. Лермонтов мырза, шынымды айтайын, мен сіздің карта ойнауға мұршаңыз жоқ қой деп ойлап едім.

Ойыңызды жан қалтаңызға сақтаңыз, — деді Лермонтов қатуланып.

Егер сіз Кавказға, от пен оқ астына бара жатпасаңыз... — дей беріп банкомет қызарақтап, сөзін шорт кесті.

Лермонтов оған сабырмен барлай көз тастады.

Иә, бара жатпасам не болар еді, кәне айта қойыңызшы? — деді Лермонтов сыпайы ғана.

Жай... әншейін, — деді банкомет күбірлеп.

Ротмистр басын изеп, үстел үстіне бір буда ақшаны тастай салды.

— Лермонтов та ақшасын шығарды.

— Мынау мың сом, — деді ол. — Бәрін жүрдім!

— Сіз оны айтқансыз. Картаңыз мінеки.

Офицерлер сықырлап, теңселіп тұрған үстел басына топырласты. Бәрінің де мастығы лезде тарқап кетті. Лермонтовтың жайдаи-жай ойнамайтынына күллісінің көзі жеткендей. Осы қу, бір пәлені шығарайын деп тұр, айтпады деме. Әбден сілейе мас болған, уыздай жас чиновник қана:

Мұндай шайқас түстеріңе де енбейді сендердің! — деп айқайлап жіберді.

Қой, даурықпа! — деді Лермонтов оған жай ғана.

Чиновник жыламсырап көзіне жас алып барып, тынышталды. Лермонтов жеделдетіп картасын ашты.

Мың сом сіздікі! — деді банкомет жайдары қалпын сақтауға тырысып.

— Ал мұның қармысын қалай қайтарар екенсіз, оны да көрерміз, деді Лермонтов ротмистерге. Ақшаны алып, санамастан қалтасына салды да, жұртпен басын изей қоштасып, шығып кетті.

Осы сәттен бастап, Лермонтов ротмистрдің өзін аңдуға жіберілген жансыз тыңшы екеніне әбден көзі жетті.

— Ақымақ, ынжық, — деді ротмистр банкометке кіжініп. Ана байғұс ұйқысыз өткен түннен қызарып, қанталап кеткен көзін жыпылықтатып абдырап қалды. — Кеңкелес! — деді тағы да ротмистр.

— Ол есіріктің сазайын беретін жердей аузың аңқиып құр қалдың. Ол өңмеңдеп дауласқысы-ақ келіп еді, сен құйрығыңды бұлаң еткізіп жалт бердің. `Жай... әншейіи...` — деді ол банкометті әжуалап.

— Бұндай пәледен аулақ жүрген жақсы, — деді бетінде шешек дағы бар жаяу әскер капитаны. — Тұрған бойы бір баскесер бұзық қой! Табан астынан мас чиновник шу көтерді.

— Лермонтовпен атысам дейсіңдер ме? — деді ол даурығып. — Жол бермеймін мұндай бассыздыққа! Тантымай, райларыңнан қайтыңдар!

— Ұйқыңды біл, шіңкілдек неме! — деп арс етті оған ротмистр тыжырынып.

Ес-түсін білмейтін екі мас драгун қолтығынан демеп, серіппесі сықырлаған ескі жыртық диванға жатқызғанға дейін, ештеңеге түсінбеген банкомет қызыл көзі жыпықтап ұзақ отырды.

Әлгі ұтыстан кейін Лермонтов Слободкаға тартты.

`Нөмірдегі` бөлмесіне ол қызыл іңірде келді. Жетім қыз мұнда жоқ екен. Қосшысы үстел басында көңірсіп жанған шырақ балауызын тырнағымен шұқылап ермек қып отыр екен.

Лермонтов табан астынан қатты ашуланды, көзі қарауытып, басы айналып кетті. Осындай соқпалы ашу-ыза кейінгі кездері жиілеп барады. Соңғы рет зиялы қауымның маскарадында, ұлы княгиня қылымен келіп мұны қолынан желпуішімен шарт еткізіп, ақынды көңілдес серіктерімнің қатарына қосқым келеді дегенде, дәл осындай ашу қысқан еді. Бірақ ондағы ашуының жөні бар-ды: күйіп кетіп княжняға тіл тигізді.

Ал, ендігі ашуыңа жол болсын? Өзі бұны бажайлап ұғынғысы да келмеді. Мүмкін, ол бөлмеден кішкентай қыздың көрінбегеніне ашуланған шығар, мүмкін атқосшысы манаурап қалғып отырса да, өзін мазақтағандай болып көрінгесін ашуланған шығар, кім білсін.

— Сүлгіні суға малып әкел! — деді Лермонтов қарлыққан дауыспен. — Шырақ көңірсіп, түтіндеп жатыр, ал сен болсаң жын соққандай есеңгіреп отырсың. Қыз қайда манағы?

Атқосшысы сүлгіні алып, жез қол жуғышқа тосты.

— Ішкілікті азайтпасаң болмайды, — деді ол ақыл үйретіп.

— Қыз қайда деймін? — деді Лермонтов қайталап, ол қаһарына мініп алған.

— Сіз оны маған күзет дегеніңізде ғой... — қосшысы күңкілдеп, өкпелей үн қатты, бірақ Лермонтов оның сөзін аяқтатпады.

Қайда? — деді ол ақырып. Қосшысы оның құтырынған көзінен шошып кетті.

Княгиня осында келіп, ертіп кеткен, — деді қосшысы жылдамдата сөйлеп. — Мен оны, құдай деген бейбақты, зорлап ұстап отырайын ба, қайтейін!

Лермонтов қосшысының қолынан сүлгіні жұлып алып, басын таңды.

Бар, жөнел, — деді ол ашуын тежеп. — Қайтар жолыңа қамдана беp. Ертең Тарханға қайтасың. Жоғал, көзіме көрінбе!

Мұныңыз қалай? — деп сұрады қосшысы көзін сығырайтып.

Жо-о-ғал! — Осы бір сөзді Лермонтовтың тістеніп. кіжіне айтқаны сонша, атқосшысы құныстай бүрісіп, дәлізге атып шықты.

ІІІыға сала асығыс шоқына бастады. `Шынында да кеткенім жөн болар осы, — деп ойлады ол — Әйтпесе өлтіріп тастар бір күні. Құдай ақы өлтіреді. Жынды ғой өзі!`

Лермонтов терезенің алдына отырып, кәсекке шынтағымен сүйеніп, қолымен басын ұстай алды.

Мойыл тоғайынан түнгі самал есіп тұр. Мойыл ағашы осы бір салқын самалды ұзақты күнге ұстап, ымырт үйірілгесін ғана еркіне жібергендей. Барқын аспандағы сансыз жұлдыз шырақтары төмен төніп кеп дірілдеп тұрғандай.

`Щербатоваға баруым керек, — деп ойлады Лермонтов. — Бірақ ерсі болмас па екен? Даяшысы бар қасында. Бәрібір жұрт білмейтін сыр болмайды. Неге жолығыстық қайтадан. Тағы да торыға бастадым, көңіл шіркін бір жамандықты сезгендей өрекпиді келіп`. Ол жалғыздыққа үйренген. Кейде оны мақтан тұтатын: `Әм жалықтым, әм жабықтым сүйеу болар қай жігіт, көңілден кеткен соң тыным?` деп те жазған. Ал, қазір көңілде де тыным жоқ, сүйеу болатын да жан бар, бірақ тасқын селдей уайым басып, жүрегін жаншып кететін сияқты.

Ешқашан да ол біреуге қамқор болармын-ау демеген. Ал, енді...

Осы бір мұңлы қыз сияқты, оның да ата-анасы болмаған. Даңқты ақын мен әбден запыс болған қайыршы қыз екеуін табыстырған ма осы қу жетімдік еді. Со қыздың тірлік-тағдыры әлдеқалай болады те, дегбірсіздененіп де осыдан ғой дейді Лермонтов өзіне-өзі мысқылдай.

Ол шешесін еміс-еміс біледі — расын айтса, әйтеуір білетін сияқты көрінеді — оның жұмсақ даусын, бып-биязы, мейірбан қолын, қоңыр әнін есіне түсіреді. Анасын ет бауыры елжірей есіне алғанда, ол жәннаттың хүш-әуезді, сазды күйін, сұрқай тірліктің сұрықсыз әнінен артық көрмесе, кем көрмейтінін айтып жыр жазған.

Далада күзетші дағыра қағып жүр. Көкектің неше рет шақырғанын санап, қанша ғұмыры қалғанын білгісі келетін адамдар сияқты. Лермонтов та күзетші дағырасын қанша рет қаққанын санай бастады. Бірақ санағының баяны болмай-ақ қойды: — Бірде үш жыл, бірде тоғыз жыл, енді бірде тіпті табаны күректей жиырма жыл жасайтын болып шықты. Иә, ол енді жиырма жыл жасаса, артық болмас еді.

Лермонтовтың ту сыртынан есік ашылды. Бөлмеге лап қойған ауадан шырақ оты жыпылық атты.

— Тағы келдің бе, — деді Лермонтов самарқау. — Басымды қатырма деп айттым ғой саған.

Жұп-жұмсақ балғын білек Лермонтовтың мойнына оралды, Щербатова ып-ыстық ақын бетіне жүзін жасырды, сол кезде Лермонтов әйелдің көз жасын төгіп тұрғанын сезді.

Әйел үнсіз, егіле жылады, сүйріктей қолымен Лермонтовтың иығына жабысып тұрып еңіреді. Ол әйелді құшағына алды.

— Қуанышым менің! Серденько мое — жаным менің! Енді қайттым! Енді қайттым мен мұңлық, — деді әйел.

Осы жабырқап, жаны жүдеген сәтте, бала күніндегідей Украинаның жан елжіретер ыстық сөзін айтқанына қарап, Лермонтов әйелдің өзіне шын ғашық екенін аңғарды.

Не істеу керек екенін өзі де білмейді. Тағдырға мойынсұнбақ па! Тірлік оны жіпсіз байлап тастағандай, қанша талпынса да, шырмаған тордан шыға алмас. Оны тек қалың көптің ықылас-тілегі ғана құтқарады, халқыма барып қорғаласам қайтеді деген бір қияңқы ой жылт етті кенет. Бірақ ол бұл ойынан тез айығып, мырс етіп күліп жіберді. Есуас! Күллі халық танитындай еңбек сіңіріп пе едің сен?! Ардагер атандыратын ақындықтың асқар шыңына апарар жол қиын да ұзақ — сен оған жете алмассың!

— Мария. — деді ол даусы дірілдеп, — менің өмірге қандай құштар екенімді білсең етті. Ұзақ өмір сүргім келеді, Машенька!

Әйел оны кеудесіне қысты. Соңғы жылдары жылап көрмеген еді, әйелдің торғын көйлегіне жүзін басып, көз жасын көрсетуден ұялмай, тұңғыш рет булыға, қинала жылады.

— Не болды саған! Не болды, жарығым, қуанышым менің, — деді Щербатова сыбырлап.

Лермонтов тістеніп барып, әрең тиылды. Бірақ көпке дейін солығын баса алмады.

— Жүр, менімен бір болайық, — деді сыбырлап Щербатова. — Meн әлгі кішкене қызды көрсетейін саған. Қазір ұйықтап жатыр. Мен оны жуындырып, шашын тарадым. Өзіммен бірге ала кетпекпін.

— Жарайды. Сен жүре бер. Қазір жуынып алайын, сосын барам, деді ол.

— Тезірек кел, жаным.

Ол шығып кетті. Лермонтов жуынбады. Үстел қасына отырып, жедел жаза бастады:

Қайғылымын, өзіңді сүйгенімнен,

Жастығыңды гүл атқан

білемін мен:

өсек-ғайбат қуғыны аямайды...

Ол орнынан тұрды, өлеңін мундирінің сөгерлігіне салып, шырақты үрлеп сөндіріп, далаға шықты.

Меңіреу түн аядай қаланы, мүлгіген дала мен тасыған өзен үстін басып, әлдеқайда алысқа жылжып бара жатқандай. Түңгі күзетші қалғып бара жатқандай-ақ дағырасын соңғы рет жайымен ғана бір қақты.

Таңертең азанмен Лермонтов тағы да Слободкаға кетіп, одан түске жақын оралды. Кетерінде ол Щербатоваға хат қалдырды. Хат французша жазылған еді.

`Бүгін кәрі солдат алдындағы соңғы парызымды өтемекпін. Егер Қара көйлегіңіз болса, соны кигеніңіз жөн болар еді. Қыз екеуіңізді кешірек соғып ертіп кетермін`.

Щербатова жұпыны ғана қара көйлегін алып, жеде-қабыл киінді.

Ұзамай Лермонтов та келді, байсалды бір ойға шомғандай тіл қатпайды, іле-шала үшеуі Слободкаға харай беттеді.

Солдат жыртық дастарқан жайылған үстел үстінде, қолапайсыз ағаш табытта жатыр. Ол таңертеңгі дабылды, полк кернейінің әмірлі үнін әдейі тосып жатқандай.

Тырнадай сидиған ұзын кемпір, әлдекім аузыма қақпақ болады деп қауіптенгендей, дұғасын судыратып отыр. Үстел үстінде табытты кенерелей жирен тарақандар жортып жүр. Кемпір оларды Оқтын-оқтын қолымен қағып тастайды.

Үй иесі Лермонтавтан алған үш теңгеге біраз `бас жазып` та үлгіріпті, жылай ма, жөтеле ме, кім білсін, әйтеуір бұрышта тұрып, шыт көйлегінің жеңімен бет-аузын сүрте береді.

Қасына өлмелі сопысын ертіп, бір жайдары жирен поп келді, келе ескі мәллесін жамылып, май-май шашын сипады да, бетін қоңыр орамалмен сүртіп, даусын хирағаттап, кәрі солдаттың жаназасын шығара бастады.

Щербатова төмен қарап, мұңайып тұр. Жіп-жіңішке шырақтың еріген балауызы оның қолына тырс-тырс тамады. Бірақ әйел оны аңғарар емес. Ол үйсіз-күйсіз қаңғырып өлген солдатты, өзінің Петербордағы сән-салтанат пен қызық қуып, мағынасыз өткен көңілсіз күндерін ойлайды, ойлайды да, сондай тұрмыстың маған қажеті не еді? Қалай шыдағанмын? — деп өзіне-өзі таңғалады. Сол үшін ол махаббатты, қуаныш-шаттықты мансұқ етпек пе? Япыр-ау, сонда жалаң аяқ-жалаң бас зыр жүгіріп жүретін, шық моншағы төгілген көкорай шалғынмен де қош айтыспақ па? Лермонтов тағы да ойына оралды. Олардың жан елжіретер пәк сезімі мәңгі сөнбейді. Әйел осының бәрін де көз алдынан өткізді, сол сәтте ол солдат үшін, Лермонтов үшін, әлемдегі ең бір аяулы, мұңлы махаббаты үшін тағдырға мінәжат қылып, дұға қайырғандай болды.

Асығыс та болса, өзіне әдейі арнап тігілген сұр көйлекті кие салған жас қыз кірпік қақпай терезеге қарап тұр.

Лермонтов та терезеден сыртқа көз тігеді. Далада сорлы солдаттың соңғы көктемі тамылжып тұр. Баяу ескен жұмсақ самал ладан түтінін желпіп әкетіп жатыр. Мөлдір аспан мен жасыл ағаш түтіп арасынан бұлдырап көрінеді.

`Бәлкім, бұл менің де соңғы көктемім болар` деп ойлады Лермонтов, бірақ табан астыңда жалт беріп басқа нәрсені — Щербатованы есіне алды. `ендігі паромды жөндеп те болған шығар, бірнеше сағаттан кейін аяулыммен айырылысам ғой` деді ол күбірлеп.

— Кутузовтын сарбазы еді! — дейді үй иесі күрсініп арт жақтан. — Топырағы торқа болсын, жаны жәннаттан жай тапсын!

Лермонтов баяу күлімсіреді. Щербатова оған үрпие қарады. Осы шағын қалада жолыққалы бері жігіттің әрбір қимылы, ойы оның назарынан қағыс қалған емес. Ал, Лермонтов болса, бір кезде осындай жоқтауды маған да айтады ғой деп ойлады. Тынымсыз, тыныштықсыз тірлікке жаралған кісіге енді сен де мәңгі тыншығарсың, топырағың торқа болсын дейді-ау әлі. Мейлі, о кезде маған бәрібір емес пе!

Зират қала сыртыңда, Щербатованың Лермонтовпен дидарласқысы келген шағын тоғайдың ішінде екен. Жақында ғана жапырақ жайған қайыңның сұйық көлеңкесі табан астыңда тербеліп, шайқалып жатты.

Үй иесі балға мен шеге алып, табыттың қақпағын бекітпек болып, ілгері шыға берді, шегелерді ернімен қысып алыпты.

Лермонтов оны бір шетке қарай ығыстырып, еңкейе түсіп, солдаттың күсті қолын сүйді. Оның қара торы жүзі қуқыл тартты.

Щербатова тізерлеп отырып, солдаттың суық қолын сүйіп жанып, бұл күн ешқашан да есімнен кетпес деп ойлады.

Қайыңның жапырағын тербеген самалды да, ұялшақ қалыңдық тәрізді шақырмақ күнді де, дірілдеген қыз ернін, Лермонтовтың, оның әрбір сөзін, шетсіз-шексіз уақыт айдынының тамшысындай көзден ғайып болатын осы бір аса ыстық, аяулы сәтті — қасиетті бой тұмардай жадында мәңгі сақталатын осынау екі күнді ол ешқашан да ұмытпас.

Дымқыл топырақ бірте-бірте табыт бетін қымтағанын көріп зират басындағылар үн-түнсіз тұр. Жұрт көзінен қаға берісте Щербатова Лермонтовтың қолын алып жай ғана сүйді. Әйелдің осы бір ыстық ықыласы ақынның басынан кешірген қайғы-қасіретіне, өкінішпен өткен жастық шағына, онымен бір мезгілде, бір аспан астыңда өмір сүрген өз қуанышына — осының бәр-бәріне бағышталып еді.

Щербатова күймелі арбада көзін жұмып, шәлісін бүркеніп отыр, Ол еш нәрсеге алаң болмау үшін ауруын сылтау етті.

Лермонтовпен айырысқалы бері оның ештеңемен зауқы жоқ. Ол иен далаға да, өткен-кеткен жолаушыларға да көз қиығын салған жоқ. Мұның бәрі көңілін алаң қылып, сүйіктісімен бірге болған ыстық сәттерінен айыратындай көрінеді, ал оның есіл-дерті, ынтызар жүрегі тек сонда. Ардағына қатысы жоқ нәрсенің бәрі жарық дүниеде болмаса да көңілі баяғыдай.

Сонау бала күндерінен-ақ ол махаббаттың тажалы — айырылысу деген сөзді талай-талай естіген. Сөйтсе, ол жалған екен! Тек айырылысқан шақта ғана сүйіктің жуысып кеткен әрбір затты көздің қарашығындай қастерлеп сақтайды екенсің.

Әне, күйме тепкішегіне бір терек жапырағы жабысып қалыпты. Лермонтов Щербатовамен қоштаспақ болып тепкішекке секіріп шыққанда соны басып кетіп еді.

Щербатова ызғырық жел зыр айналдырып, діріл қақтырған жапырақтан көзін алмай, оны жел ұшырып әкетпесе жарар еді деп отыр. Бірақ жапырақ қалтырап тұра берді. Тек үшінші күні, кешке салым, Днепр сыртыңдағы жарлауыт шоқылардан қатты жел соғып, күн күркіреп, найзағай ойнап, қара дауыл қабаттаса келіп, күңгірт тартқан өзен суының әңкі-тәңкісін шығарған кезде ғана, әлгі жапырақ зырылдай ұшып, көзден ғайып болды.

Жазғы жауын күркіреп келіп, жер бетіне қара түтін қаптатты, ол иен даланы сұрғылт, лайсаң су тасқынымен шайып, санын шапалақтап, бет алды жосып барады.

Көшір алыстан қарауытып көрінген деревияға ат басын бұрды. Күймені өкшелей қуалап, бірде он жағынан, бірде сол жағынан шатыр-шұтыр соққан жасыннан үріккен аттар, құлағын жымитып, оқыранысып көсіле шауып келеді.

Щербатова бойын жазып, шәлісін ысырып тастады. Тепкішектегі терек жапырағы көрінбейді.

Дәл төбеден найзағай шартылдады, аспан қақырап сөгіліп кеткендей болды.

`Дүниенің бәрін талақ етіп, сонымен бірге неге ғана Кавказға еріп кетпедім`, — деп ойлады Щербатова мұңайып.

Қазір маған ештеңенің де қажеті жоқ - жайбарақат-жайлы тұрмыс та, қаннен-қаперсіз тірлік те адыра қалсын. Соны ғана, соның өзін ғана көрсем, қолынан қысып ұстасам. Ол менің қасымда, менімен бірге болып, енді бұ жалғанда бізді бір-бірімізден ешкім де айыра алмайды десем, дүние-ай, қайтейін.

Кішкентай қыз күннің күркірегенінен шошып кетті. Щербатова оны құшақтап, бауырына басқан кезде ғана қыздың ағыл-тегіл жылап отырғанын аңғарды.

— Кімді жоқтап жылайсың, кімді? — деп сұрады Щербатова көңілі босап.

Қыз басын шайқап, Щербатованың бауырына тығыла түсті.

Сонау шырқау биікте ұйтқи соққан долы жел дал-дал боп жыртылған аспан үзіктерін жалбыратып, түстікке — Кавказға қарай жөңкілте қуып бара жатты. Басыма шекпен жамылған украин шалы ақ көбікке малшынған аттардың алдынан шарбақ дарбазасын шалқайтып аша берді.

— Осындай жауында кісі жолаушылай ма екен! Жасын соқпай ма. Үйге кіріңдер тезірек, — деді ол.

Тағы да кідіріс. Бұл жолы ол паромның кесірінен емес, жауынның кесірінен кідірді. Көктем нөсері жасыл отын жайнатып, шартылдап, түнгі даланы шарлап жүр. Түз жолының екі қанатына жарыса өскен қалың қурайлар мен қаукөрік шөптер мылқау түнектен жарқ етіп көрініп, жалп етіп сөнеді де, бір сәттен кейін көздің жауын алып, қайтадан жалтылдайды.

Найзағай жарқылы қылышының сабына, жәмшікті арасындағы жез тоғаға шағылысып, ойнап келе жатқанын Лермонтов көріп отыр. Кең алқаптан қоныс тепкен дала станицасы жай отының жарығымен көз түрткісіз қараңғылықтан бір көрініп, бір сөніп тұрды. Көк нөсерден құтылғысы келгендей бұқпаңтайлап, жер төсіне жабысып қалыпты.

Жауынның басылуын күтіп, Лермонтов көп үйлердің біріне аялдады. Ертеңіне-ақ жүріп кетпекші болып еді, бірақ қара топырақты жұмсақ жер түнгі нөсерден мыйы шығып, көлкіп кетіпті. Жол дегдігенше кідіре тұрмаса болар емес.

Тоқтағаны — мыжырайған ескі үй екен. Үйдің төбесіндегі бел шашта қурап қалған бір буат жусан ілулі тұр. Мұнда ел ішінде бақсы-балгер атанған, ем-дом жасайтын Христина деген құмалашы кемпір мен оның күйеуі Захар Тарасович деген скрипкашы қарт тұрады екен. Ол шілдехана мен үйлену той-томалақтарында скрипка тартады екен. Оның скрипкасы да шатырға ілулі тұрған жуcaн сияқты, қурап қансып қалған. Сол жусан тәрізді жеп-жеңіл, шап-шағын бірдеңе.

Лермонтов станицада екі күн аялдады. Екі күн бойы қағаздан бас алмады. Атқосшысын Тарханға қайтарып жіберген, енді оған кесірін тигізетін, әңгімемен алаң қылатын адам жоқ.

Бұлтсыз түндей ойы айқын. Осындай жарқын ойдан ба, әлде төңіректегі дүниенің бәрі жырға табынады, жырға бас иеді тегінде, деген бір сезімнен бе, қалай, әйтеуір көңілінде қаяу, жанында қылау жоқ. Щербатовамен айырылысқаны, ғашық болған жас әйелді сағынышпен еске алғаны жігіт жанын тебірентеді, осының бәpi шалқып тасып, жыр болып төгіледі. Ақын жүрегінде әндетіп тұрған жыр жолдарына деген сүйіспеншіліктен күшті ештеңе болмайды екен-ау деп мұңая ойға шомды ол.

Станицадан кетер алдындағы соңғы кеште Захар Тарасович Лермонтовты бір үйлену тойына шақырды.

Лермонтов көне кетті. Со бір кеште жалғыз қалғысы келмеген. Өзі әлденеден сезіктеніп, тынши алмады, сосын жұртпен сұхбаттасқысы келді. Күндіз ол көзін қарамен таңған ротмистрдің шарап сататын жас әйелдің үйіне кіргенін көрген. Со бір ротмистр үйірсектеп, осының маңынан шықпай қойды-ау.

Тойда Лермонтов бір бұрышта, қарайып кеткен ескі лавканың үстіне отырды. Түсті қағаздан жасалған венок киген қыздар оған монтанси қарап, көзін тайдырады да, алма беттері лапылдап, қызарып кетеді. Беліне кестелі орамал байлаған құдалар аспай-саспай бидай арағын ішіп, сары ала май мен ашыған капустаны араластырып соғып отыр.

Қыздар қосылып баяу әндетеді.

Ой, Ерусалммде

Қоңырау ерте қасылды.

Жас басымен бір бейбақ

Ұлды тауып кәдімгі

Жаман атқа тағылды.

Қалыңдық жұрттан жасырып көз жасын сүртеді, ал Захар Тарасович қыздардың өніне қосып, скрипкасын сарнатып отыр.

Түн ортасында Лермонтов үй иелерімен қоштасып, далаға шықты. Зәулім көкте жұлдыздар аңдызданды. Оңтүстіктің қара мақпал барқын түні. Даладан жусан иісі аңқиды.

Тұрған үйіне жақындай бергенде Лермонтов бір маспен кездесіп қалды. Маскүнем үн-түнсіз, Лермонтовтың жолын кес-кестеп мелшиіп тұр. Лермонтов бұрылып өте берейін деп еді, мас адам мырс етіп күліп, тағы да жолын бөгеді.

— Ойнама менімен, жарқыным, — деді Лермонтов ашуланғанын білдірмей. — Былай тұр, өтіп кетейін.

— Қайда? — деп сұрады мас адам баяу ғана, сосын Лермонтовты қолынан шап беріп ұстай алды.

Лермонтов оның қолын серпіп тастады. Жаныңда пистолеті де, қылышы да жоқ еді.

— Қашанғы жер басып, тайраңдап жүрем дейсің, — деді мас кісі тық-тық күліп.

Лермонтов оны өңменінен итеріп жіберді, ол сонда ғана мас адамнан арақ иісі шықпайтынын сезді.

Лермонтов үйіне қарай жүре берді. Дала жым-жырт. Лермонтов артына бұрылып қарай берем дегенде пистолеттің аузынан көмескі от жалт етті, зуылдаған оқ Лермонтовтың иығын жалап өтіп, үйдің дуалына барып қадалды. Қабырғаның аппақ сылағы үгітіліп түсті.

Лермонтов қаһарына мініп кейін қарай тұра ұмтылып еді, әлгі кісінің орнын сипап қалды. Түнгі мылтық даусынан шошынған иттер шәуілдесіп, күллі станицаны басына көтерді.

Лермонтов үйге кіріп, шырақ жақты, ол сонда ғана сол иығының погоны жұлынып қалғанын көрді. Иығын ұстап еді, аздап ауырады екен.

Кемпір пеш үстінде жатыр.

— Қарғыс атқан қаныпезер-ай! — деді кемпір. — Көгермей, көктемей кеткір жауыз сол! Сізді жаралап кеткен жоқ па, әйтеуір?

— Жоқ. Нақ мені атқанын қайдан білесің?

— Жай... Қайдан білейін, — деп жауап қатты кемпір. — Шырақты сөндір де, терезеден былай тұр. Өзі бір рақымсыз өжет неме.

— Ол кім?

— Кім біледі со шіркінді, — деді кемпір самарқау ғана. — Біздің станицаға келгеніне биыл үшінші жыл. Бір теңгеге бола — кімді болса да аямайды, ал екі теңге үшін — өлімші етіп сабайды. Өзі жендет, кісілерді дарға асқан дейді. Уақыты біткен соң басшылары көзден таса болсын деп, біздің станицаға әкеп тыға салыпты ғой.

Лермонтов пистолетін оқтады, шырағданды өшірді, сосын кебентайын жамылып, лавка үстіне жатты.

Осыдан бірер жыл бұрын болса ғой, шамды сөндірмес едім, қайта тағдырмен тайталасқа түсу үшін, жарық терезенің алдына әдейі отырар едім деп ойлады ол. Ал қазір өмірінің әр сағаты қымбат.

Қазір оның өз тағдырымен ойнауға хақы жоқ. Ол әлі айтылмаған сыр-жырына, келешектегі әрбір сөзіне, әрбір өлең жолына жауапкер. Сонда кімнің алдында жауапкер? Қалың көптің алдында, арының алдында, поэзия алдында жауапкер. Жасырынбақ ойнайтын несі бар. Кейде өз өлеңіне өзінің құмарта қызығатыны бар, бірақ оны тіс жарып ешкімге айтпақ емес. `Жұлдызбен жұлдыз сырласты` деген сөзді жазған өзі емес пе? Ендеше бұл үшін шамды сөндіріп, тысқа құлақ түріп, анда-санда құрыш пистолетті ұстап қойып, тым-тырыс жатуға болады ғой.

Қайтейін, әзірге менен өш ала алмай жүрсің ғой, ротмистр мырза, — деді Лермонтов естірте.

Ол ұйықтап кетті. Ұйықтап бара жатқанда оны бір жұмсақ жел желпіп өткендей болды. Сықырлауық есікті серпіп тастап, үйге Щербатова кіріп келді, ашық есіктен бозала таң белгі беріп келе жатқандай, сансыз жұлдыздар жымыңдасып тұрды. Түн самалы, даланың сай-салаларымен жарыса ағып жатқан бұлақтардың салқын сабатын бойына сіңірген жанға жайлы рақат самал ақын жүзінен аймалай берді. Сол салқын самалдан ба қалай, оның бетін, көзін өпкен Щербатованың ерні ып-ыстық болып көрінді, күн нұры бейне бір түн түнегін жарып өтіп, Лермонтовтың жүзіне шұғыла сепкендей.

Лермонтов оянып кетті. Жүрегі самарқау соғады. Пеш үстінде Христина Захар Тарасовичке түндегі Лермонтов басынан өткерген оқиғаны күбірлеп айтып жатыр.

Лермонтов таң атқанша көзін жұмып жатты да қойды. Ол түпсіз аспан астыңда, кең даланың болмашы бір нүктесіндей ғана жапырайған аласа үйде жатыр, кебентайын жамылып жатыр.

Ол қайыршы қыздың зират басында кәрі солдатты иығынан құшақтап, бір сәт кеудесіне жабыса қалғанын есіне түсірді. Шіркін, балғын бөбек өзін де тап солай аймаласа, дүниеде арманы болмас еді.

— Жоқ, ондай қайда маған! — деді Лермонтов басын шайқап.

Далада, көрші үйде ме қалай, жылаған баланың даусы естілді. Осы бір шырылдаған жетім дауыс меңіреу түнді күңірентіп жібергендей. Осы бір жетімдік, сорлы жалғыздық болмас үшін пе істемек керек?

Лермонтов лавкаға отырды. Пеш үстіндегі қариялар қозғалақтап барып тынышталды. Шам жақпастан Лермонтов темекі орайтын қағазға сусылдатып жаза жөнелді.

Күлкі етпе ерте сезген жаным мұңын,

Білгенмін соғарын бір тағдырымның,

Кеудеңе көп сүйенген ғазиз басым

Білгенмін көретінін дарды бір күн.

Жалғанда бақыттың да, даңқтың да

Айтқаммын табылмасын зарықтыра

Келерін қанды сәттің айттым саған.

Құларымды айттым мен...

Ал содан кейін жаздың ұзақ айлары, Ставрополь түбіндегі сеңгір таулардан шайшөп иісі аңқыған самал, күміс сәлделі Кавказ таулары, жусаған орман ішіндегі чешендермен шайқас, ысқырған оқ. Пятигорск, іштей жақтырмасаң да жақыныңдай көруге тиіс болған қайдағы бір жат жандар — бәрі-бәрін де басынан кешті. Сосын тағы да жолай – ат үсті Петербор мен Кавказды, Дағыстанның сары тауларын, көңілі сүйер көрікті Пятигорскіні қайта көрді. Аз тыныстап, көп ойланған күндер, тау шыңдарына шөккен ақша бұлт сияқты, аспап-көкті шарлаған қанатты жырлар: жекпе-жек — бәрін де бастан кешті. Жер бетіндегі тірліктен оның соңғы бір байқағаны — Мартынов атқан мылтықтың үніне қоса, өзі тұрған жарқабақтың өкпе тұсындағы ағаш арасынан екінші мылтық д