04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Константин Паустовский
Константин Георгиевич Паустовский (1892 - 1968) - орыс және кеңес жазушысы, сценарист және мұғалім, журналист, соғыс тілшісі.

Қарабұғаз. Лейтенант Жеребцовтың адасуы


Каспий теңізінің, қай жағынан алсаңыз да, мүлде іске аспайды дерлік жағалауы жоқ.

Саяхатшы Карелин

Сіздің өтінішіңізге құрметпен қарап, теңізде жүзу сапарынан, мен. Қарабұғаз шығанағынан сирек кездесетін екі құстың көзін құртып, өзіңізге әкеле жатқанымды күнілгері хабарлағым келеді. Кемедегі біздің дәрідәрмекшіміз әлгі құстарды ұқсатып, тұлып жасады, енді со жануарлар менің каютамда тұр. Осынау құстар египет елінен, аты коқи (қызыл қаз деп те атанды) қызғылт нұрмен боялған үлпілдек қауырсынының ғажайып сұлулығын көрсеңіз етті. Олардың Каспий теңізінің шығыс жағалауында жүруін мен тылсым бір жұмбақ деп есептеймін, өйткені дәп осы уақытқа дейін осынау құстар тек бір ғана Африканы мекендеп келген еді. Бұл құстарды аулауға байланысты жағдайлар да тым қызық және оны кеңірек сыпаттауға тұрарлық нәрсе.

Өзіңізге мәлім, биылғы, 1847 жылдың көктемінде, мен Каспий теңізінің күллі жағалауын өте мұқиятты түрде сипаттап жазып, өлшеп шығу туралы бұйрық алған едім, сол үшін менің қарауыма бумен жүретін `Волга` деген корветті — әскери кемені берген.

Біз Бакуден Астраханға қарай шығып, одан әрі жүзіп, Гурьевке жеттік, сол арадан тұнжырап жатқан беймәлім жағалауды бойлап, оңтүстікке қарай беттедік. Сіздерге артық-ауыс нәрсені оқытып, әуре қылмау үшін, бұларды сипаттап жатпаймын. Тек, Маңғыстау түбегі жағалауларының кісі таңғаларлық суреттерін ғана атап өтемін, Азия сол арадан, орал шөлдерінің сыртынан, тіп-тік биік қара табалдырық сияқтанып, түнере қарап тұрады екен. Сол табалдырық теңізден қашықтап, теп-тегіс жал-қабырға болып, шығысқа қарай шығандап кетеді, о жақтан бұлдыр сағым бүркеп тұрғаны себепті, құба жөн мен күннен өзге ештеңе де көрінбейді. Табалдырыққа шығу қайда, көшпелілердің әңгіме-сөзіне қарағанда, оған тек бір ғана жерден шығуға болады — арнасы кеуіп қалған өзек арқылы ғана. Табалдырық бір жерінің түсі қара, енді бір жерінің түсі қоңырқай тартып кеткен, қашалған қабырға тәрізденіп, теңізге қарай құлдырап түседі. Дүниені кезумен өткен ұзақ жылдарда, мен, теңізде жүргендерге қауіп төндіретін тап осындай тұнжыр жағалауды көрген емеспін.

Кендірлі қойнауына дейін біз төскейден аңқи соғып, өзімен бірге шаң-тозаң мен күкірт иісін ала келетін — теңіздік — желіне қарсы жүзіп отырдық, өйткені жұрттың айтуына қарағанда, шөл-баябанда күкіртті таулар жатқан көрінеді. Осынау жел бірден кісі тынысын буып тастайды екен, әсілінде, тірі жан біткеннің бәріне де түгелдей зиянды болуға тиіс.

Мен оның кісінің жүрегін көтеретін тәтті дәмін татып көрдім, матростардың жағалай қақырынып, түкіргендері сондай, боцмандар шынымен-ақ қатты қиналды: палуба үсті түкіріктен жылпылдап кетті де оны күніне үш рет шалпылдата су төгіп, шайып тастауға тура келді. Түсіндіре кетейін, бұл теңізге түкіруге тыйым салатын байырғы теңізшілер әдетінен туған жайт еді, теңіз мұны өзін қорлады деп түсініп, әлгі кемені қатты сілкілеп тастайтын көрінеді.

Кендірлі қойнауына келіп кіргеннен соң, екі айлық жүзу сапарынан кейін, біздің көзіміз мәрлі көк шөпті алғаш рет көрді, осы бір сортаң жерде бұл ғажайып кереметтей болып көрінеді екен, біз Қарабұғаз шығанағына аңырап соққан теріскей желі өтінде жүзіп кеттік. Осынау соңғы желдің де төтенше қасиеті бар. Ол кісінің күллі денесін, қаны мен сүйектерінен айырғандай-ақ жеңілдетіп, оны қайдағы жоқ құлазыған қуысқа, суық пен ашық айқын бірдеңеге әкелгендей әсер етеді. Оның бұл жеңілдігі мүлде жағымсыз, қайта кісі жанын қинайды және құлағыңды шулатып, басыңды айналдырады.

Кендірлі қолтығындағы ескі құдықтардан біз тұщы су алдық, бірақ түнге дейін-ақ ол ащы тұзды суға айналып кетіпті. Мен бұл құбылыс жайып ұзақ уақыт ойладым және өзімнің көмекшіммен бірге бірнеше сынақ жасап көрдік. Сөйтсек, су ыдыста шала жабулы күйінде не тіпті жабылмай қалса, ашып кетеді екен. Бұдан шығарған қорытындым, бұл араның ауасы өте улы ұлпадай шаң-тозаңға толы, міне сол тұз салақ жабыла салған кеспектегі не аузы ашық қалған шелектердегі суды тұлдандырып жібереді. Аспанның да сәл ағарыңқы әсем түр-түсін мен осынау құбылысқа телимін. Атмосфераның қалың-қалың қатпарларына да тұз сіңіп кеткен, сол себепті де жерді қанша қақтап тұрғанымен, күн сәулесі де сәл-пәл күміс түстес болып, күңгірт тартып кетеді екен.

Кендірлі шығанағынан біз Бірінші Петр тұсында генерал Бековичтің Индияға жасаған есуас жорығының бастапқы кезінде, соның өзі салған бекінісінің қалдығын көрдік. Ол со маңайда өзінің опаланған армиясымен бірге қыстан шыққан көрінеді және сол арадан олар Хорезмге қарай аттанады, о жақта хиуалықтар генералдың басын кесіп тастайды да терісімен әскери барабандарын қаптайды.

Қалың жусан қаптай өскен бекіністен біз тұт ағашының үш түбірін таптық, олардың ежелден келе жатқаны сондай, өзектері көгі ұсталған күмістен айнымай кетіпті.

Сіздерге тағы да айтайын дегенім, орта ғасырдың бір саяхатшысы, егер ол өтірікті гөйітпесе, Кендірлі шығанағыман ба, әлде Қарабұғаз шығанағынан ба, әйтеуір айналасы дуалмен қоршалған сансыз көп мешіттері мен керуен сарайларын, жасыл бауларын, бұрқыраған бұлақ сулары жуып жататын аса үлкен дарқан шаһарды көргенін айтады. Мен, ол дұрыс айтқан ғой деп ойлаймын, өйткені біз Кендірлі шығанағының кемерінен ұзақ жылдар мен ыстық-суықтан шатынай жарылып, үгітіліп түсіп жатқан сом тастан салынған үйлердің іргесін көрдік.

Біз Кендірліден Қарабұғазға жанымыз жай таппай, наразы күйде бет алдық. Бұның себептері көп еді. Біз, өзімізге дейін әлі ешкім де еніп көрмеген шығанаққа кіруіміз керек еді. Ол туралы біз тіпті Бакуде болған кезімізде көптеген қорқынышты жайттарды естігенбіз. `Зодиак` корветінің капитаны маған, сонау 1825 жылдың өзінде оның корветі академик Эйхвальдтің қарамағына берілгенін айтқан еді. Академик капитаннан Қарабұғаз шығанағын зерттеу үшін, соған кіретін жерге барып, зәкір тастап тұруын талап етеді. Бірақ капитан кемесі опат болмас үшін, үзілді-кесілді бас тартады. Оның қауіптенетін себебі, Каспий теңізінің суы шығанаққа ел құлағы есітпеген күшпен және жылдамдықпен, түпсіз тұңғиыққа құлап түскендей болып, жөңкіп ағады екен. Шығанақтың аты да содан шыққан: Қарабұғаз түрікменше `қара аран` деп аталады екен. Шығанақ сол аран-ауыз сияқты теңіз суын тынымсыз жұтады да жатады. Осынау соңғы жайт, шығанақтың шығыс жиегінде су құдіретті жерасты өзені болып, не Арал теңізіне, не Мұзды мұхитқа ағып кетеді екен деген болжамды тудыруға себеп болады.

Біздің белгілі және ержүректі саяхатшымыз Карелин маған Қарабұғаз туралы жазба түрінде тым жағымсыз сипаттама беріп, шығанаққа тереңдеп кіруден күнілгері сақтандырып қойған болатын. Оның сөзіне қарағанда, шығанақтан ағысқа қарсы жүріп шығу мүмкін емес тәрізді. Бұл-бұл ма, шығанақ суының қысқа уақыт ішінде тіпті болаттан жасалған заттардың өзін ірітіп-шірітіп жіберетін ажал-тажалды күші бар бәлекет сияқты.

Осы бір мәліметтер бізге, басшыларға ғана емес, шын мәнінде кәдімгідей толқын, шығанақты балағаттай бастаған матростарға да белгілі еді.

Маған қайткен күнде де аралары айырылған екі қисық сызық түрінде бейнеленген шығанақ жағалауларының басын қосып, оны теңіз картасының бетіне түсіріп, тұйықтап тастау ісі бұйрықпен тапсырылған болатын. Мен жағалауларды қосып, аса қиын төтенше жағдайда шығанақтың теңіздік сипаттамасын жасадым.

Қарабұғазға жақындай бергенде біз шөл үстінде тып-тыныш қана өртеніп жатқан оттың түтіні тәрізді, қызыл-күрең түнек күмбезін көрдік. Түрікмен-лоцман оны `Қарабұғаз түтіндетіп жатыр` деп түсіндірді. Бұрын ешкім байқап, атап өтпеген жаңалықты ашқанымыз, бізді мүлде түсініксіз мазасыз күйге түсірді. Біз қашан теңіз жағынан әрең көрінетін шығанаққа кірер жерге жеткенше, минут сайын тереңдікті өлшеп, қырағылықты қатал сақтап жүріп отырдық.

Бұндағы ағыстың қаттылығы сондай, бүкіл бұғаз Еділдің көктемгі тасыған кезіне ұқсайды екен.

Ойланып жатуға мұрша жоқ, оның үстіне Азияның осы бір үрейлі арандай аузына енуді парызымыз міндет-етіп қойғанды. Ағыстың екпінімен біз жайымен жылжып, бұғазға кіре бердік те теңіздің көкпеңбек суы шығанақтың сұрғылт әлі суымен алмасқаннан кейін барып, зәкірді түсірдік.

Төңіректе үнсіздік патшалығы орнаған. Дыбыс атаулының бәрі батып бара жатқан күннің күрең түсімен боялған қою су мен шөлдің ауыр ауасына сіңіп, жоғалатыңдай болып көрінеді.

Түнді буды бұрқыратумен өткіздік. Тұщы су таусылып қалғандықтан, қазандарды шығанақ суымен `жемдедік`. Ертеңгісін қарасақ, қазандарды әрбір сағат сайын үрлеп тазартып отырсақ та олардың қабырғаларында қалыңдығы бір елідей түз қатпары пайда болыпты. Осы жайттан сіз шығанақтың тұздылығы Палестинадағы Өлі теңізбен бірдей екенін байқар едіңіз. Біздің қосырейлеу көкеміз — аспазымыз шомылуға рұқсат алып, суға түсіп еді, бірақ шығанақ оны қабылдамады. Су оның аяғын серпіп тастайды, қанша әбігер болса да ол суға мүлде батпай қойды. Бұл команданы емен-жарқын күйге түсірді, оның бұзылған көңілін біраз көтеріп тастады. Кешке салым аспаздың денесін жара басып кетті, ол шығанақтың суы, су қосылған патша арағы, яғни — күкірт қышқылы екен деп бөсе бастады.

Ертеңгілік шығанақтың сұр айнасы сұрқайлығымен көз алдымызда жайылып жатты. Суы онша мөлдір емес. Оның бетінде теңіз ағысы ала келген әлі балықтар қалқып жүр. Жағалаудан біз сондай әлі тұзды балықтың тұтас бір `қорымын` таптық. Со балықтардың дәмін татып көрген матростардан біз соларды жеуге әбден болатынын білдік.

Тіршілік атаулыдан жұрдай болған осынау суда құстардың жыртылып-айырылатынына қайран қалдым, солардың көптігінен көзім бір түрлі бұлдырап кетті.

Шығанақтың солтүстік жағалауын қуалай жүзін келе жатқан кездің екінші тәулігінде біз Қара Сүкіт түбекшесіне жеттік те сол арадағы су бетінен кең аумақты қызғылт көбік жолағын көрдік. Түнде дауыл тұрып, теңіз тайдай тулаған, ал ана көбіктер жолағы толқындар қимылымен үйлесе билеп тұрғандай.

Көбіктің көзге оғаш көрінетін түр-түсіне таңғалған мен, қайықты суға түсіруге бұйрық бердім де ең жақын жатқан көбік жолағына қарай беттедім. Көбікті қалқып алып қарағанда, оның ішінен мен шаянның бытырадай қызыл уылдырығын көрдім және бірден осындай улы суда да уылдырық өмір сүре алатынына таңғалдым.

Содан кейін мен, әуелгісінен гөрі көріктеу де қызылырақ екінші бір көбік жолағына қарай беттедім. Сол арада мені шынымен-ақ қара басты. Көбік жолағы кенет қанаттарын қомдай қаңқылдасып, біздің қайығымыз бен аңқиып тұрып қалған ескекшілер үстінен қалбаң қағып, көлбей ұшып бара жатты. Олар көбік үстіне жайласып алып, шаян уылдырығымен қоректеніп отырған қызыл қаздар екен.

Қара Сүкітте біз жабайы қаздар мен со маңайдағылар `қатындар` деп атап кеткен, ызақор бірқазандардың есептеуге сан жетпейтін қара ормандай калың үйірлерін сырттай бақыладық. Мен іштей сіздің-біздің корветте болмағаныңызға қатты өкіндім. Келесі хатымда мен сізге Қарабұғаздың табиғаты жөнінен көңіл бөлуге тұрарлық мәліметтерді хабарлармын.

Сізге шексіз берілген лейтенант Жеребцов.

Екінші хат адресаттың салақтығынан жоғалып кеткен, шығанақтың табиғаты жөнінен біз тек лейтенант Жеребцовтың жағрафиялық қоғамға жолдаған қысқа хабарламасын ғана білеміз. Со хабарлама айқын да үздік-создық стильде құралған екен, бұл толық мөлшерде сол хабарламаны құраушымын әрнені білмекке құмар және со ер жүрек адамның өзіне лайық нәрсе еді.

Сан түрлі дәуірлер жазушыларының табиғатты сипаттағаны сияқты, теңіз лоцияларын да ұзақ уақыт оқып үйрену ісі, мені, кісінің әр түрлі дәуірлердегі табиғат құбылыстарын сезініп-түйсінуі мүлде бірдей болмайтынына көзімді жеткізді. Сипаттамаларды жазуға, автордың кәсіби мамандығы секілді, оның қоғамның белгілі бір жігіне жататыны да әсер етеді.

Орта ғасырлар авторларының әңгіме-сөздеріне сене отырып, мен, о замандардағы табиғат суреттері, қатты ағаштан қашалып жасалған заттар тәрізді, қазіргіден гөрі дөкірлеу де айқынырақ болған деп ойлаймын.

Осынау шегіністі жасау өте қажет қой деп есептеген себебім, қазіргі заман адамының, мәселенки, менің алған әсерім бойынша, Қарабұғаз, лейтенант Жеребцовтың көзімен көргенінен гөрі, едәуір дәрежеде құпия сыр-жыры аз, қарапайым нәрсе болып көрінеді.

Лейтенант Жеребцовтың Гидрографикалық басқармаға жазған хабарламасында мына төмендегілер айтылады екен:

`Түрікмендер `Ащы теңіз` (Аржи Дария) пе `Теңіздің құлы` (Кули-Дария) деп атайтын Қарабұғаз шығанағы көлемі Ладогадан асып түсетін, теңізден екі құнарсыз түбекшемен бөлініп жатыр деуге болатын, аса кең су алаңы. Шығанақ, Неапольдің ендігінде жатқанымен, ауа райы ыстық та шөлейтті болып келеді.

Мен шығанақтың бүкіл жағалауын адақтап шығып, оларды картаға түсірдім. Оның солтүстік жағалауы тіп-тік жарқабақ, және ол тұзды саз балшық пен аппақ әктен құралған. Онда шөп те, ағаш та өспейді. Шығыс жағалауды қуалап, кісі көңілін жабықтырар мұңлы таулар бой түзеп жатыр, ал шығанақтың оңтүстік жағалауы төмендеу және оның беті көптеген көлдерден көрінбейді.

Жағалаудың бәрі де құлазып жатыр және онда тұщы су атымен жоқ. Мен осынау шын мәніндегі өлі теңізге келіп құятын бірде-бір өзеншені таба алмадым.

Мұнда кемелер тоқтайтын қолайлы қойнаулар жоқ, бірақ бұл жайт кеменің жүруіне мүлде кедергі жасамайды, өйткені шығанақ онша терең емес және ол айналаның бәрінде бірдей болып келеді. Қажет бола қалған жағдайда кемелер шығанақтың кез келген жеріне зәкірін тастап, тұра қалуына болады.

Ондағы қойнаулар суының тайыздығы сондай, қайықтар жағадан кабельтовтай (182,5 м.) жерде тоқтайды да адамдар тобығынан келетін суды кешіп, жиекке жарты сағаттай не одан да көбірек уақыт жүреді. Корветтің жолында су астындағы тастар да, тізіліп тұратын рифтер де, аралдар да кездеспеді.

Осынау мазмұндаманы негізге ала отырып, мен шығанақпен жүзу қауіпсіз деп есептеймін. Шығыс жақтан ұдайы қасарыса соғып, шығанақта тулама толқындар тудырып тұратын қатыгез жел ғана жұртқа маза бермейді десе де болады.

Шығанақ суының шамадан тыс тұздылығы мен қоюлығы сондай, оның толқындарының соққысы теңіздегіден әлдеқайда күштірек те қиратқыш. Бірақ теңізден бір өзгешелігі, қара дауыл шығанақ суындағы толқындарды бар күшін жұмсап, әзер дегенде тудыратын тәрізді. Бұл көбінесе қызық бір көріністерге апарып соғады: сол баяғы бір жел теңіз суын сапырып, сұрапыл жар толқындарды қуалап үлгірсе, алақандай құм түбек сыртыңдағы шығанақтың мамыражай тыныштығы әсте бұзылмайды. Ал дауылдан кейін шығанақ суы көпке дейін байыз таппай, дөңбекшіген әлі толқын сан сағаттар бойы жағалауды соққылап жатады.

Шығанақта аспан шырақтарының биіктігін бақылау және ендік пен бойлықты анықтау сенімді нәрсе емес, өйткені оның жағасындағы қыраттар тасасынан көрінбейтін шалқар көлдер көз қаратпай жарқырап жатады да рефракция деп аталатын жарық сәулелерінің қисық сынуын тудырады. Оңтүстік түбекшенің маңынан мен әжептәуір рефракцияны байқап, бақыладым. Қол жағалауы қағаз тәрізді теп-тегіс болса да, ол маған сынып бүлінген сүйір таулар сияқтанып көрінді.

Түрікмендердің айтуынша, шығанақта жаңбыр жаумайды. Ми қайнатар ыстықтан жауын-шашын жерге жетпей кеуіп кетеді.

Шығанаққа кірер жерде соның өзі қызғылт түнектен тұратын күмбез бейнесінде көрінеді. Меніңше, бұл құбылысты Қарабұғаз суының тым тез буға айналуынан деп түсіндіруге болады.

Шығанақты күн қақтаған шөлдің қоршап жатқанын, және оның, егер бұл теңеуді орынды деп тапсаңыз, Каспий суы қайнап-қайнап, буға айналатын үлкен қазан екенін есте сақтау керек.

Шығанақ түбіндегі жер қатпары назар аударарлықтай; әуелі тұз, оның астыңда әкті саз.

Тұзы айрықша, кәдуілгі асқа салынатын, көкөністі тұздауға қолданылатын тұзбен құрамдас емес.

Мен үшін теңіз суының шығанаққа құйғыта ағатыны түсініксіз, бұл әрине шығанақ пен теңіз сулары деңгейінің әр түрлі екеніне ешбір күмән-күдік келтірмейді.

Осы айтылған деректер негізінде, мен Қарабұғаз шығанағының өзі сияқты, оның жағалаулары да, мемлекеттің қандай бір мүддесіне болса да, соның қызметіне жарамайды деп қорытынды жасауға бел байладым.

Шығанақ суында, тіпті аз ғана уақыт болудың өзі, кісі көңілін бір түрлі құлазытып, оның кеудесінде жалғыздық сезімін тудырып, гүл жайлаған жерлер мен елді мекендерді аңсатып, сағындырып қояды екен. Шығанақ жағалауын бойлай жүздеген шақырым жүрген кезде, мен кермек иісті жусан мен қураған бұтадан басқа, бірде-бір адамды көрмедім, үзерге бір тал шөпті де таба алмадым.

Осынау мейманбезді жағалаулар мен суларға тек тұзды сортаң ыспа құм мен тіршілік атаулының көзін құртатын ыстық құм ғана үстемдік етеді`.

Қазақтар қысқы қоныс-өрістерінен жазғы жайлауға мыңғырған малым Орал арқылы айдап өтіп жатты. Жол Гурьевті көктей өтетін Оралдың төменгі жағындағы бірден-бір жүзбелі көпір осында болатын.

Көпірден мал айдап өткені үшін ақы төлемеді. Әскери басқарманың сақал-шаштары мен шаң басқан мундирлеріндегі формалық жапсырмалары күнге күйіп, жирен тартып кеткен, ұсқыны келіспеген шала мас шенеуніктері көпірдің қос қапталымда тізіліп, малды санап тұр. Көпір сықырлап, иіле түседі. Шенеуніктер қолдарындағы ұзын сырықтарымен қойларды бастарынан бергілер, топырлаған мал жүрісін сол кідіртеді, сосын қойлар жирен тасқын секілді жамырасып, қайтадан қалаға қарай ұмтылады. Шенеуніктер қойларды тап осылай минут сайын тоқтатып, мал санын шамамен есептеген болады.

Шенеуніктерді есебінен жаңылту үшін, қазақтар үркек аттарын сауырлата, оларды көпірдің тозған қоршауына қарай ысыра түседі. Өрт шыққандай-ақ қойдың маңырап алға ұмтылған дүрсілі қам-кірпіштен салған үйлерді дірілдетіп, құлатып жіберердей болады. Гурьевтің тұрғындары мал айдап өтуді, тасыған су мен өрт сияқты, жоюға болмайтын бақытсыздық деп есептелді. Жүздеген түйелер көпірге жақындай бергеннен-ақ, одан үркіп нағыз кіре берісте бастаушы бураның маңына үйіріліп, кептеліп қалады. Пайдакүнем кемпірлер түйелердің ара-араларында енбектеп жүріп, қалтыраған қолымен түйе тезегін тереді. Бұлар тезекпен сауда жасаушылар болатын.

Бастарын шытпен танып алған інжілдегі адамдар кейпіндегі шалдар, түйелері үстінде қоқырайып, қызарып кеткен көздері жыпылықтап, түрлі-түсті үйілген шүберектер арасында отыр, — мыңдаған шақырым жерге көшіп-қону олардың жанарын жасытып, бет-аузын күн қақтаған тері қапқа айналдырып жіберген тәрізді.

Шөл дала бұқара жағынан еуропа жағалауына күллі қаланы басып өтіп, саздақтың шаң-тозаңын, күйген жүн мен шөлдеген көштің жирен түр-түсін өзімен бірге әкеле жатыр. Мал отары жусаннан сарғайып кеткен еріндерімен Оралдың лай суып көпке дейін бас көтермей жұтып жатты.

— Қадым заманның көрінісі! — деп мырс етті лейтенант Жеребцов қайықтан түсіп жатып.

Ол Каспий жағалауларының сипаттамасын бітіріп, қайтар жолында Гурьевті мекендеп қалған қадірменді де қатал мінезді саяхатшы Карелинді көру үшін осы қалаға соқты. Карелинде оның маңызды бір жұмысы бар еді. Корвет Орал өзенінің құярлығына келіп, зәкір тастап тоқтады, сол арада оның жолына бір құмдауыт қайыр бөгет болды.

Қайықты жүздері түнерген түземдіктер қоршап алды. Жеребцов аппақ көйлегін шаң-тозаңнан сақтау үшін, теңіздік түжіркесінің жағасын көтеріп алды да, өзіне жақын тұрған түземдіктен:

— Карелинді білесің бе? — деп сұрады.

— Жоқ. білмеймін, — деді түземдік.

— Григорий Силыч Карелинді, саяхатшыны?

— Білгенде қандай! — деп қуанып қалды түземдік. — Қазақтар жағын көктей өткен кісіні ме? Оны білмегенде кімді білемін!

— Соған ертіп апаршы мені.

Жеребцов жан-жағына қарағыштап келеді.

Сұрғылт кірпіш пен сазбалшықтап салынған үйлер, өлмелі кемпірлер сияқты, жамбастап жатыр. Тұздалған балық пен тауық саңғырығының иісі келеді, жел кісі көзіне күл-қоқыс шашады, солардың ішінде тауықтың түбіт жүні де біраз бар. Кемпірлер табалдырық алдына жайғасып алып, еріншек келіншектердің шашын тарап отыр:

`Пәле, шалдың таңдап алған мекенінің сиқын!` Жеребцов иығын бір құшитып қойды: осы араның ит байласа тұрғысыз қумедиен түзіне Карелиннің құмартуы бір түрлі ақылға сыймайды. Жеребцов Қарабұғазды есіне алды: `Бұл жер іске алғысыз, ал аса салтанатты, кісі табаны тимеген нағыз шөл-баябан иек астыңда жатыр!`

Түз тұрғыны оны ертіп, қаланың шетіне, Жайық жағасына апарды. Ағаштарының түбіне шөп өспейтін, тек таптаурын болып қалған саз топырақты суармалы бауда майысқан шелектерін салдырлатып, сары қойыртпақты арықтарға лақылдата құйып, шығыр айналып тұр. Көздері таңылған ұйқылы-ояу өгіздер оны мігірсіз айналдырып жүр.

Түземдік қара теректермен қоршалғап сұрғылт тақтай үйдің қасына аялдады да, әуелі қорқорына темекі салуды өтінгесін барып:

— Осында! — деді.

Жеребцов есікті қақты. Ол Карелинге, оның асау мінезді, әпенділеу кісі екенін біле тұра, сонымен бірге Азияның жұрт басын өлімге байлап баратын облыстарын тайсалмай кесіп өткен зерттеушіні іштей құрметтеп, біраз қысылып та келе жатқан жайы бар.

Қызметші қазақ оны кабинетке кіргізді, онда темекі және терімен тысталған қалың кітаптардың иісі сіңіп кетіпті. Жеребцов отырғасын дала аңдарының тұлыптарына қарай бастады, кенет ол өзінің Карелинге келген жұмысының тым жеңіл тап бірдеңе екенін сезді.

Карелин іштен өзінің етжеңді семіз тұлғасына тән емес асығыстықпен атып шығып, томпиған кәрі қолын Жеребцовқа соза берді. Оның сұрқай көзі күңгірт көзілдірігінің астынан тездете бір қарады. Бозғылт сақалы желп етіп, тырсылдап тұрған сұрғылт күрткесін бір сипап өтті.

— Аса ауыр жолдан аман-есен оралғаныңызға қуаныштымын. — деді ол бәсең үнмен.

Жеребцов иіліп тағзым етті.

— Сіз корветіңізбен Қарабұғаздың күллі жағалауын аралап шығыпты дегенді есіттім. Егжей-тегжейін білуге ынтықпын.

Жеребцов әңгімесін темекі түтінінен бөлме іші бұлыңғыр тартып, со мұнардан терезе сыртыңда Жайық жиегін қуалай, шыжаңдай сансыз көп оттар лапылдап жана бастаған ымырт әлегінде аяқтады. Олар қаланы шаңды тұрақтарымен қоршап алып, тынығып жатқан көшпенділер еді.

— Қарабұғаз шығанағы жөнінде мен үкіметке бір өжет жобаны ұсынбақ ойым бар, — деді ақырында Жеребцов жүрегін тоқтатып.

Карелин ештеңені сұрамады, тек креслосын сықырлатып, көзілдірігін бір жөндеп қойды.

— Қарабұғаз зиянды, болғандықтан да оның оқшау шығанақ ретіндегі тіршілігін тоқтатып, қуықтай бұғазды бөгетпен бөліп тастап, оны көлге айналдыру керек. Бұл құрылыс қазынаға онша қымбатқа түспейді, бір жақсы жері қырғызға ақыны тиынмен ғана төлейді, — деді Жеребцов сөзін сабақтап.

— Қарабұғаз шығанағын тап осылай зиянды деп жоруға сіздің, сүйікті лейтенантым менің, қандай негіздеріңіз бар? — деп сұрады Карелин даусын созып. — Қандай? — деймін.

Соңғы сөзін ол айқайлап айтты да содан кейін креслосында отырып, ашулана бір қозғалып қойды.

Жеребцов сасып қалды. Қарабұғаз, мәселенки, құнарсыз болса, тап сондай құнарсыз жер дегенді жазған тап осы Карелиннің өзі емес пе еді? Ендеше осынау ызалы сұрақ пен темір жиекті көзілдірігі астындағы көзінің шатынап кеткені кімге керек?

— Қазір айтамын, — деді Жеребцов бір саусағын баса қойды. — Шығанақ — теңіздің қисапсыз мол суын із-түзсіз обып жатқан оқпан. Бұл жағдай өзіңізге көптен мәлім. Сол сияқты теңіз денгейінің баяу төмендеп бара жатқаны да белгілі, тіпті бірқатар жерде кемелердің жүзе алмай қалатын да қаупі бар. Бұл күйзелістің себебі де Қарабұғазда жатқаны құпия емес.

— Бір деңіз. — Жеребцовтан кейін Карелин де өзінің жуан бас бармағын бүге салды.

— Екі. — деп Жеребцов екінші саусағын бүкті. — Біздің теңізіміздің балық байлығы да жылдан-жылға азайып барады. Қарабұғаздан мен сансыз көп әлі балықтарды көрдім. Шығанақты `тығындап`, балық пен шабақтардың табиғи жолмен қырылуын тоқтатсақ, мемлекетке едәуір пайда келтіреді ғой деп ойлаймын.

— Бәрі осы ма? Сіз әлі балықты көп көрдіңіз бе? — деді Карелин төзімі таусылып.

Жеребцовтың беті дуылдап кетті: ол өзіне өзгенің сенбей қалатынына әлі дағдыланбаған еді.

— Кейбір жерлерде менің адамдарын жағалаудың әрбір он сажынында жүз елудей әлі балық жатқанын санап шықты. Өлі балықтың аткөпір болып жатқаны сондай, шағалалар олардың етінен жеркеніп, тек көздерін ғана шұқып жейді, сонымен бірге айтайын дегенім, мен тап солардай еріншек, `ішпей мас, жемей тоқ` болып жүрген шағалаларды одан өзге ешбір жерде көрген емеспін. Сөзімді аяқтауға рұқсат етіңіз: шығанақты бөліп тастау көлемі орасан үлкен жаңа тұзды көл жасайды. Небәрі осы-ақ.

— Осынау бір түрлі түсініксіз ой-пікіріңізге, сіз, тегі, менен мақұлдау мен қолдау тапқыңыз келетін сияқты көрінеді? — деді Карелин ысылдай сыбырлап, сосын тосыннан-тосын кегель ойынның ауыр шарын домалата салғандай-ақ:

— Бос был-шыл! — деп айқайлап жіберді.

Ол орнынан тұрды. Оның жон арқасының ар жағында, терезелерде қызыл-күрең оттар түтіндеп жатты. Осы бір мығым да қиын шалдың сықырлаған креслосының айналасына Темірланның жер қайысқан қалың қолы келіп аялдаған сияқты еді. Ол көшпелілердің сұр-бұжыр тастап қашан жасаған балбалы секілденіп, үстел үстінен дүңкиіп тұр.

Жеребцов асып-сасып қалса да, Карелиннің ашу-ызасын жұмсартқысы келіп:

— Бөгеттің орнына сымнан жасалған торды құра салса да жетіп жатыр. Ол Каспий балығының шығанаққа енуіне кедергі жасар еді. — деді күбірлеп.

Бірақ Карелин сабасына түскен еді. Ол көзілдірігін қолына алып, бірдеңені ойша безбендегендей, Жеребцовқа мысқылдай шұқшия қарады; сосын бәсең үнмен:

— Жассыз ғой, сол себепті де ағат кеттіңіз, — деді сөзін анықтай түсіп.

— Меніңше, сіз де тағыңыздан түсіп отырған жоқсыз ғой деп ойлаймын.

— Қуаң шөл! — деп Карелин тағы да қышқырып қалды. — Жастық шағымның түбіне жеткен де со шөл! Шашына ақтың түсуі де, тәнімнің болбыр тартуы да, қарттықтың одан басқа хабаршылары да содан. Қайдағы бір газетші, бір аптадай Қарақұм шөлінде болғаннан кейін, шөлдің адамның терісіне, әсіресе сүйектеріне шипалы ем сияқты әсер ететінін жазған. Сонда бейне бір кісінің өңі жасарып, ал тістері бекіп, аппақ болып, жылтырап кетегін көрінеді. — Карелин мырс етіп күліп, бетінің болбыр терісін төмен қарай тартып: — Дәлел дегеніңіз осы! — деді. Шөлдің күні — басқа түскен ауыртпалық, зауал Бүкіл адамзат оның нұр-шұғыласын дәру санап, оған алғыс-батасын берсе, бұ жақта оған шын пейілден қарғыс айтады. Ол адамнан өмір-тіршілігіне қажетті ең соңғы мүмкіндіктерін тартып алады. Бірақ менің бұл сөздерімнің біз екеуміздің егесімізге ешбір қатысы жоқ. Сіздің Гидрографикалық басқармаға баяндау-жазбаны жолдағаныңыздан хабарлармын, сол жазбаңызда сіз Қарабұғаз шығанағының түбі тамаша саз топырақ дегенді атап өтесіз. Егер мен жаңылып қалмасам, — шал сығырайып терезеге қарады, — сіз: `Шығанақ түбіндегі жер қатпары назар аударарлықтай: әуелі тұз, оның астында әкті саз. Тұзы айрықша ғой деп ойлаймын, — осы арада сәл аялдап, абыржып қалған лейтенантқа енжар кейіппен бір қарап, оның құрамы кәдуілгі тұздыкіндей емес`, — деп жаздыңыз. Осыныңыз дұрыс па?

— Өте дәлме — дәл айттыңыз.

— Сол тұздың нендей қасиетімен тамаша екенін білгім келіп, қызығып тұрғаным?

Жеребцов жымиып күліп жіберді:

— Оның кемедегі таңғажайып деген анықтамасына бір қызық жайттан кейін көзіміз жетті. Саз топырақты сынау кезінде табылған тұзды кептіру үшін біз оны кеме үстіне жайып тастадық, ал, кеменің аспазы, ақыл-есі аздау кісі еді, командаға арналған борщқа сол тұзды салады. Арада екі сағат өткеннен кейін бүкіл экипаждың іші өте бастады. Тұздың әрекет ету күші кастор майымен тепе-тең болып шықты.

Карелин үн-түнсіз селкілдеп күле бастады. Онымен бірге оның креслосы да, кабинеттің ауасы да күле бастағандай болды, өйткені аса күшті темекінің ащы түтіні де көз алдында сапырылысып, билеп жөнелгендей болып көрінді.

— Жігітім-ау, — деді Карелин күліп болғаннан кейін, — сіз сияқты мен де қателескенмін. Мен де табиғат Қарабұғазды адамдардың сорына қасақана жасалғандай-ақ құнарсыз жер деп есептедім. Бірақ өзімнің күнделіктерімді оқып, зерттей отырып және шығанақтың ажал себетін суы туралы ойлана келе, мен, осы жуырдағы уақыттан бері соған күмәндана бастадым, өйткені бізді қоршаған табиғатта адамның игілігіне айналдырып, қажетіне жаратуға келмейтін бәле жоқ деуге болады. Қарабұғаздың тиген жерін ойып түсетін тұзы айрықша тұз және мен оны глаубердің тұзы, басқаша айтқанда, сілтілі тұз емес пе екен деп те ойлаймын? Оның сіздің командаға көрсеткен тауқыметі назар аударарлық. Егер шығанақтың түбіне шөгіп жатқан глаубер тұзы болса, онда шығанақты құрту — қылмыс. Со бір тұздың аса сирек көптеген қасиеті бар. Солардың біреуін, ең бастысы Дерлігін, менің сізге айтқым келеді. — Карелин үстелінің тартпасын суырды да сарғайып кеткен қолжазбаны алды. Ол оны алақанымен сипап, қалың парақтардың шетін тегістеді. — Ресейде Лаксман атты ұлы химиктің ғұмыр кешкенін сіз білесіз бе? — деп сұрады.

— Ұят та болса да айтайын, Григорий Силыч, ондай есімді мен тіпті естіген де емеспін.

— Сіздің ұятыңызға ғана емес, мейірімді алдияр, дарынды адамдар Гурьевтің будкашысымен бірдей бағаланатын біздің бүкіл еліміздің ұятына орай айтамын! — деп бұрынғы ашулы кейпімен айқайлады Карелин. — Со бір ғажайып адамның ғұмыры ұдайы азап шегудің үлгісіндей болған. Оны қызмет істеуге Сібірдің шалғай түкпіріне, Барнаулға жібереді. Лаксман қызметтік міндеттерін атқаруды ауырсынып көндіге алмайды да Сібір кеңістігін кезіп кетуді артық санайды, со кездері ол өлкенің өсімдіктері мен жер асты байлықтарына қатысы бар көптеген жаңалықтар ашады. Со мезгілде бұған қоса ол химиямен де айналысады. Ғылымға қосқан еңбегі үшін оны академик етіп сайлайды, бірақ ол Петербургте ошарылып отыра беруді қаламай, кеп істерінің кеңесшісі орнын басып, Сібірде қалуды ұнатады. Болмашы бір қателігі үшін, оны қызметінен жұлып алып, Нерчинскіге уездік полицияның бастығы етіп тағайындайды. Мінеки, сүйкімді лейтенантым менің. Ресей үкіметінің талантты ғалымға, Ғылым Академиясының мүшесіне қандай қызмет әзірлегенін көрдіңіз бе... Сонымен жоғарыдағы Кирилл Лаксман глаубер тұзынан кереметтей әйнек әзірлеу мүмкіндігін ашады. Осынау қолжазба — оның со жаңалықты ашу жөніндегі баяндамасы. Глаубер тұзын Лаксман ащы деп атайды. Оның не жазғанын қараңыз. — Карелин: — `Моңғол халықтары `гуджар` деп атайтын үшбу ащы тұздың көптеген соны қасиеттерінің ішінен оны әйнекке айналдыратын айрықша күші көңіл аударуға тұрарлық`, — деп жайымен оқып шықты. Өзі жүргізген тәжірибелерінің нәтижесінде Лаксман ақ әйнек пен қытай лағы сияқты, қара әйнек жасап шығарады...Міне...— Карелин қолжазбаны ысырып қойды. — Бұдан әрі түсіндірудің қажеті бола қоймас. Шығанақты тығындап тастау судың өзіндік қасиетін өзгертеді де глаубер тұзының пайда болуын тоқтатады. Сіздің өліп жатқан балық туралы өкінішіңіз сияқты, шығанақ Каспий теңізінің тайыздануына жол ашады деген пайымдауыңыз да асырып айтқандық. Ешбір қиналмастан-ақ мен сені барлық пункттерің бойынша дөп осы арада тас-талқан ете аламын. Қойыңыз, одан да қазір барып шай ішкеніміз абзал, бір жақсы жері маған Оралскіден мүкжидек сөлін беріп жіберіпті.

Жеребцовты асханаға өткізе бере, Карелин көзін алартып, оған былай деп сыбырлады:

— Ал, сіз тіпті жобаны да әзірлеп қойыпсыз! Петербургте жағалай ақымақтар отыр. Олар ойланып-толғануды суқаны сүймейді, бірден шығанақты мәңгіге жабу керек деп сарт еткізеді де Еуропаны қайран қалдырады. Егер сіз `ашу керек` деген сөзді естеріне салсаңыз бар ғой, мемлекеттің ер кіндіктілері, бәлкім, ойланар ма еді, бірақ жабу керек деген екен — ендеше жабылсын. Жауып тастау — олар үшін ең қасиетті іс...

Қайыққа Жеребцов кеш таусыла қайтып оралды, ал қайық корветке түнделетіп келді. Жайық жиегінде сылдырап тұрған қамыс арасынан шошып оянған жабайы үйректердің қортылдаған үні естіледі. Теңіздің дағыстан жағалауы тұсындағы айдыны үстінде көгілдір түсті жай оттары жарқылдап-жарылып жатыр. Палуба үстінен құмдауыт қайырлардағы теңіз суының гуілі естіледі.

Өз қателігіне қатты тебіренген Жеребцов ют үстінде ұзақ жүрді. Өзі небір нәзік сырларына дейін әбден зерттеген Каспий теңізі оған бейтаныс та қатерлі көрінді. Шөл-баябанның Ембі жатқан жағында от күмбезі пайда болды. Жеребцов дір етіп, шошып кетті: өзін қатты үркіткен осынау көзге түрткісіз қараңғыда Қарабұғаз шығанағы тағы да түтіндетіп жатқан жоқ па екен? Бірақ ол Үстірт жазығының аспан-көгіне көтеріліп келе жатқан ай болып шықты.

Жеребцов трубкасын толтырып, өкінішті түрде бір күрсініп қойды: осы теңізбен екі жылдан бері жүзіп келе жатқан ол одан бірінші рет шаршап-шалдыққанын сезді. Кеменің борты сыртындағы суда пысылдап ұйықтап жатқан түлендер дыбысын есітті.

Вахтадағы офицер Жеребцовқа:

— Сіз барып ұйықтасаңыз қайтеді, Игнатий Александрович. Бұ кездері тіпті теңіздегі балық та ұйықтап жатады, — деп қағытып өтті.

Жеребцов каютаға түсіп, иллюминаторды ашты. Жасынның күркіреген дыбысы талып естіледі. Қапырық ауадан азап шеккен Жеребцов үстелден мұқият көшірген жобасын алды да оны жыртып-жыртып, иллюминатордан теңізге лақтырып жіберді.

Аударған Әбілмәжін Жұмабаев