Әдебиет
Константин Паустовский
Константин Георгиевич Паустовский (1892 - 1968) - орыс және кеңес жазушысы, сценарист және мұғалім, журналист, соғыс тілшісі.
Константин Георгиевич Паустовский (1892 - 1968) - орыс және кеңес жазушысы, сценарист және мұғалім, журналист, соғыс тілшісі.
Ги де Мопассан
Ол бізден өз ғұмырын жасырушы еді.
Ренар Мопассан туралы.
Мопассанның Ривьерада `Сүйікті дос` атты яхтасы болатын. Сол яхтада ол өзінің ең күйінішті де жан тебірентелік дүниесі `Судасын` жазды.
Мопассанның `Сүйікті досында` екі матрос қызмет атқарады. Ағаманын Бернар деп атайтын.
Матростар, соңғы кездері қожайынының бір түрлі дімкәстанып жүргенін, оның ой толғаныстарынан емес, басының жантөзбестік ауыруынан есуас болып кетуі мүмкін екенін көріп те, біліп те жүрді.
Мопассан өлген соң, матростар париждік газеттердің бірінің редакциясына адами қайғы-қасіретке толы қысқа ғана олақтау хат жібереді. Бәлкім, жалпы жұрттың Мопассан өніндегі ұшқары пікірлеріне қарамастан, қожайынының тым елгезек те ұяты мол жан болғанын, тек осынау қарапайым екі кісі ғана білген шығар.
Мопассанды есте қалдыру үшін, олар не істей алатын еді? Олар тек оның сүйікті яхтасын әлде кімдердің бөтен де енжар қолына түсірмеуге тырысуы керек еді.
Матростар тырысып бағады. Олар қолдарынан келгенінше оны сату уақытын соза берді. Ал, олар өте кедей адамдар болатын, бұның оларға тым қиын болғанын, тек жалғыз кұдай ғана біледі.
Олар Мопассанның дос-жарандарына, Францияның жазушыларына айтады, бірақ бәрі зая кетеді. Сөйтіп яхта әрі бай, әрі түк бітірмейтін граф Бартелемидің меншігіне өтеді.
Бернар көз жұмар алдында:
— Мен жаман теңізші болған жоқпын ғой деп ойлаймын, — дейді айналасындағы кісілерге.
Бар ғұмырының дегдарлықпен өткенін қарапайым сөздермен бұдан артық айту мүмкін емес. Бір өкінішті жері, дәп осындай сөздерді айтуға толық қақысы бар адамдар өте аз ғой.
Бұл — Мопассанның өз матросының аузымен бізге қалдырған өсиеті.
Ол жазушылықтың кісі қайран қаларлықтай тез де жарқын жолымен өтті. `Мен әдебиет өміріне аққан жұлдыздай болып ендім, одан мен найзағайдай болып өтемін`, — депті ол
Өмірді `жазушылардың емханасы` деп атаған адам өмірінің қатыгез бақылаушысы өзінің ақырғы сәтінен сәл ғана бұрын тазалыққа ұмтылады, махаббат қасіретін, махаббат қуанышын дәріптеуге ден қояды.
Ол, өзінің миын улы тұз жеп қойған сияқтанып көрінетін ақырғы сәттерінде де асығып-үсігумен, шаршап-шалдығумен өткен ғұмырында қанша қайырым мен мейірім сезімін бойына дарытпай, лақтырып тастағанын өкінішпен есіне алады.
Ол жұртты қайда шақырды? Оларды өз соңынан қайда ертпекші болды? Оларға қандай уәде берді? Өзінің қайық ескекшісі мен жазушылық қайратты қолымен оларға көмек көрсете алды ма?
Ол мұны істей алмағанын кәміл түсінді, егер де оның әшкерелеуші күшіне адамға жаны ашитын дегдар күші қосылған күнде, ол адамзат жадында қайырымдылықтың данышпаны болып қалатын еді.
Ол, тастап кеткен нәрестедейін, қабағы тұнжырап, іштей ұялып, ет жүрегі елжірейтін сезімтал күйге ұмтылады. Ақырында, ол махаббат тән құмарлығы ғана емес, құрбан болу, жан қуанышы және осынау әлемнің поэзиясы екеніне де құлай сенеді. Бірақ ол тым кешігіп қалған еді, оның үлесіне енді тек ар-ұятының әлегі мен құр бекерге оның сезімі ғана қалған еді.
Ол көзіне де ілмей, лақтырып тастай салған, күлкі еткен бақытына енді жаны ауырып аяйды, өзіне-өзі кейіп, наразы болады.
Әлі балиғатқа да жетпеген суретші орыс қызы Башкирцева есіне түседі. Ол бұған ғашық болып қалған еді. Қыздың бұл сүйіспеншілігіне ол оны келекелеп, тіпті қылымен отырып, хатпен жауап береді. Оның еркектік даңғой көңілі байыз табады. Бұдан артығының оған керегі де жоқ еді.
Башкирцеваны қайтсін ол! Париж фабрикаларының біріндегі жас жұмысшы әйелге оның әлдеқайда күштірек жаны ашиды.
Сол жұмысшы бикештің басынан өткен жайтты Поль Бурже келістіре сипаттап жазады. Мопассан бұған бұлқан-талқан болып ашуланады. Осынау салонды психологтің адамның шын мәніндегі қанды қасіретіне рұқсатсыз баса-көктеп кіруіне қандай қақысы бар? Әрине, бұған ең алдымен оның, Мопассанның, өзі кінәлі. Бірақ дәл қазір, әл-дәрменнен айырылып, басына түз қатпарлары шөгіп жатқан бұл байғұс, оған нендей жәрдем көрсетіп, не істей алады! Ол тіпті кей бір кездері оның үшкір түйірлерінің миына тырсылдап, кіріп жатқан үнін де естиді.
Жұмысшы бикеш! Аңқау да ажарлы қыз! Ол оның әңгімелерін есінен таңғанша оқиды. Өз ғұмырында Мопассанды бір-ақ рет көреді, көреді де өзінің жәудіреген көзі қандай кіршіксіз таза болса, Тап сондай таза жүрегімен оны шын көңілімен сүйеді.
Аңқау қызды қойсайшы! Ол Мопассанның әлі үйленбеген жалғыз басты екенін біледі, біледі де соған бүкіл ғұмырымды бағыштасам, оған қамқоршылық жасап, соның досы, әйелі, күңі, күтушісі болсам деген бір есалаң ойдың оны билеп-төстеп алғаны сондай, ол оған ешбір қарсылық жасай алмайды.
Қыз өте кедей еді, киімі де жаутаңды. Тұтас бір жыл бойы ол ашқарын жүріп, тиындап-тебендеп ақша жинап, өзіне әсем киім-кешек тігіп, соны киіп, Мопассанның алдынан жарқ етіп шыға келмекші болады.
Ақырында киім-кешегі әзір болады. Ол Париж әлі оянбаған, ұйқы оны тұмандай орап жатқан кезде, таңсәріден ерте оянады, со бір бұлдыр тұман арасынан жаңа ғана шыққан күн күңгірт жарығын түсіріп тұр екен. Бұл ағашты алаңдардағы жөке аллеяларынан құстар әнін естуге болатын бірден-бір сәтті сағат болатын.
Бикеш төбесінен төмен қарай салқын су құйды да сосын жайымен абайлап, хош иісі бұрқыраған қымбат бағалы жеп-жеңіл асыл киімдерін — ең әуелі аяғына жұп-жұқа шұлықтары мен кішкене туфлиін, ақырында таңғажайып көйлегін киді. Сосын айнаға барып қарағанда, өз көзіне өзі сенбеді. Оның алдында жан тебіренісі мен қуаныштан жүзі жайнап, махаббаттан жанары жәудіреген, алқызыл ерінді әдемі келіншек тұр еді. Иә, ол енді тап осы күйінде Мопассанға барады да оған бәрін де ашып айтады.
Мопассан қала сыртыңда саяжайда тұрады екен. Ол аула қақпасының қоңырауын қағады. Оған қақпа есігін Мопассанның сауық құмар, алаяқ, ойнасқор достарының бірі келіп ашады. Ол ыржаңдап күліп, бикешті көзімен шешіндіргендей болып тұрады да, Мопассан мырза үйінде жоқ, ол бірнеше күнге нақсүйер ашынасымен бірге Этретке кетіп қалған, — дейді.
Қыз қатты қышқырып жібереді де тым тар күдері биялай киген кішкентай ғана қолымен темір қоршаудың шыбықтарынан ұстап, сол арадан жеделдетіп безіп кетеді.
Мопассанның досы оны қуып жетіп, күймеге отырғызып, Парижге апарып салады. Ол егіліп жылап, жөн-жосықсыз сөйлеп, өшін алмақшы болады, бірақ сол күні түнде, өзіне де, Мопассанға да кесапаттық жасап, әлгі алаяқты қойнына алады.
Арада бір жыл өткеннен кейін ол бикеш Париждің жас жезөкшелерінің бірі ретінде мәлім болады. Ал Мопассан бұны білгеннен кейін, ол оны қуып та жібермейді, жағынан шапалағымен бір тартпайды да не жекпе-жекке де шақырмайды, тек мырс етіп, күледі де қояды: қызбен болған тарих оған бір түрлі қызық болып көрінеді. Бұл сірә, әңгіме жазуға жаман сюжет болмайтынға ұқсайды.
Со бір бикештің жұпар иісті көктемге ұқсап, оның үйінің қақпасы алдында, оған қарай созған кішкене алақанында лүпілдеген жүрегін ұстап тұратын со бір кезді дәл қазір қайтарып алуға болмайтыны қалай қорқынышты десеңізші!
Ол о бейбақтың есімін де білмейтін, ол енді оны өзі ойлап тапқан ең бір еркетотай есімдерімен атай бастайды.
Қатты ауырудан жаны қиналып, бұлғалақтап-ақ бақты. Ол, баяғы созса қол жетпейтін ұлы Мопассан, енді со бикештің басқан ізін сүйіп, кешірім сұрап, жалбарынуға әзір еді. Бірақ қазір оған ешбір көмектің де пайдасы жоқты. Осы бір тарихтың бәрі енді қазір Бурженің адам сезімінің түсініксіздеу саласынан тағы бір күлкілі анекдот жазуына тілге тиек себеп қана болуға жарар еді.
Түсініксіздеу ме, қалай? Жоқ, бұл енді Мопассанға өте түсінікті болатын! Бұл сезімге жаратушының мейірім-шапағаты түскен! Олар біздің әлі жетіліп бітпеген әлеміміздің ең киелі сезімдері. Егер денесіне дарыған түз болмаған күнде, ол дәп қазір өзіне тән таланты мен шеберлігінің бар күш-жігерімен со бір сезім туралы, ол со бәлекетті уыс-уысымен какырып-түкіріп тастап жатса да, — тіпті қос уысымен де — ол бұны жегі құрттай болып жей береді.
Аударған Әбілміжін Жұмабаев