05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Кеңес Оразбекұлы
Кеңес Оразбекұлы (1956 ж.т.) — жазушы. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы «Дарбаза» кеңшарында туып-өскен.

Барыс онға толғанда






Қатысушылар:

Жүргізуші

Бір мың бес жүз жастағы Ұран баба

Бес жүз жастағы Арысхан

Он жастағы Барыс бала

Сахна ортасында жартылай қиып көрсетілген киіз үй. Киіз үйдің төріндегі кілемге «Барыс, он жылдығың құтты болсын!» деп жазылған. Үстел басында – Ұран баба, Арысхан, Барыс бала. Үшеуі ортадағы табақтан ет асап, қымыз ішіп отыр.

Жүргізуші. Барыс бала онға толды. Алла бұйырған осы жасына жеткенше ол не көрмеді. Баршылықты да, жоқшылықты да көрді. «Тар жол, тайғақ кешулерден» де өтті. Сөйтіп, от пен суға суғарылған болаттай шынықты. Ақыл-ойы толысып, бүгінгідей дәрежеге жетті.

Ең басты бақыты – төрт заманы құбыла еркіндікте өсті.

Оның он жылдығын тойлауға бір мың бес жүз жастағы Ұран баба мен бес жүз жастағы әкесі Арысхан келді. Әкелі-балалы үшеуі шаңырағы еңселі, кең қанатты ақ боз ордада бас қосты. Берекелі дастарқан басында мол асылған еттен асап, бал татыған бесті қымыздан сапырып іше отырып, Барыстың он жылдық өмірін өз ғұмырларымен алыстырып-салғастырып шежіре әңгіме шертті.

Әңгімеден кейін бабасы мен әкесі өздерінің құттықтау тілек-терін айтты.

Ұран баба. Ал, Барыс балам, 10 жылдығың құтты болсын! (Аз-кем үзіліс жасайды.) Біз өмірден көрген-тоқығанымызды айтамыз. Сөзімізге жақсылап құлақ салып, керегін ала білсең, ұтылмайсың. Арман-мақсатыңа адаспай жетесің.

Біз – мына әкең екеуіміз сенің төрт құбылың түгел заманыңа қызығып отырмыз. Иә, тұғырың бұрыннан берік еді, енді қабыр-ғасын дұрыс қалау – өзіңе байланысты. Жеріңнің асты-үстін мықтап игерген екенсің. Кен байлығың мол, тіпті жердің қара майын да сабалап пісіп алып жатырсың. Қазыналы сандықтың үстінде отырсың. Дегенмен, бір аңғарғаным: Алақаныңды жайып ұстайды екенсің (алақанын жайып көрсетеді). Қолыңа көгершін де, көгершінмен бірге құзғын, торғай да қонақтайды екен. Ол ырыс-дәніңді теріп жегенмен қоймай, саусақтарыңның арасынан төгіп, ысырап қылып шашып та жатыр екен. Бұл – болмайды, балам.

Барыс бала. Сонда ата, алақанымды былай жұмып ұстауым керек пе? (Саусақтарын жұмып көрсетеді.)

Ұран баба. Жоқ, балам. Онда жұдырығыңдағы ырыс-нәсіп өзге түгіл, өзіңе де бұйырмайды. Өзгеден тығып-жасырғаның уысыңда іріп-шіріп, босқа қор болады. Ең дұрысы, алақаныңды былай шұқырша етіп ұста (саусақтарын біріктіріп, алақанын бүрістіріп, көрсетеді). Сонда ырыс-несібең текке шашылып, төгілмейді. Іріп-шірімейді де. Өзгелерді де жарылқап, өзің де тоқ боласың. Адамның күні алыс-беріспен, сый-сыбағамен қызық. Мақсат-мұратыңа дос-жараның көп, құт-берекелі болып жетем десең, менің тілегім – осы.

Барыс бала. Рақмет, ата! (Әкесіне мойнын бұрып) Ал, әке, сіздің тілегіңіз қандай?

Арысхан. Бабаң дұрыс айтады. Ал менің байқағаным, балам, тал бойыңда дарын-қабілетің тұнып тұр. Білім, алғырлығың да мықты. Осы асыл қасиеттерің сені дегеніңе жеткізеді. Лайым солай болғай! Тек бір кемшін тұсың – сол асыл бойыңа мына олпы-солпы киімдерің қонбай тұрғаны. Басыңдағы қалпағың – орыстікі. Сырт киімдерің тым жылтырақ – еуроамерикалық. Ал аяғыңдағы – қытайдікі екен. Ішкі камзолың ғана қазақы. Соған қарағанда, өзіңнің таза қазақы болмысыңды жасырып, сыртқы жылтыраққа әсіре-еліктегіштеу екенсің.

Барыс бала. Ой, әке, мен өзгелерден қалып қойғым келмейді. Керісінше, озық жүрсем деймін. Сол үшін озық жұрттың жақсысы мен асылын тезірек бойыма сіңіргім келеді.

Арысхан. Ол ниетің дұрыс қой. Дегенмен таяқтың екі ұшы болады, балам. Сол сияқты өзгенің де асылы мен жасығы қатар жүреді. Сен өмірді ақ қағаздай енді бастадың. Ал аққа кие де, күйе де жұққыш келеді. Сондықтан өзгелердің дүниесіне шамға үймелеген жынды көбелектей көзсіз елікпей, сабыр-салмақпен, ақыл-парасатпен, талғампаздықпен қарап үйрен.

Өз бойыңда қасиет болмаса, еліктеп-солықтаудан өнер туғанын көрген емеспін. Ең бастысы, өмірден өз сара жолыңды таңдағанға не жетсін! Ерекшелігіңді тани біл, өзгелерге таныта біл. Сонда ғана өзгелердің арасынан ойыпорныңды табасың, сый-құрметіне бөленесің.

Барыс бала. Рақмет, әке.

Арысхан. Ал енді, біздің сенің тойыңа әкелген сыйымыз. Мына зерлі шапан мен ақ қалпақ. (Үстел артынан шапан мен ақ қалпақты алады.) Бұл – ата-баба жолы мен дәстүрдің белгісі. Кәне, үстіңдегі мына алабажақтарыңды шешіп, еңсеңді көтер, иығыңа жабайық. (Барыс бала басындағы орыс қалпағы мен жылтырақ шапанын шешіп тастайды. Әкесі оған ақ қалпақ пен шапанды кигізеді. Кейін шегіне, сүйсіне қарап) Әп, бәрекелді, жараса кеткенін қарашы!

Ұран баба. Киімің – тозсын, өмірің – озсын! Бақ-дәулетті, ғұмырлы бол, балам!

Барыс бала. Рақмет, ата! Ал енді батаңызды беріңіз.

Ұран баба. «Баталы ер – арымас» деген. Ал онда алақандарыңды жайыңдар.

Жасың ұзақ, ғұмырлы бол,

Ата салтына ұғымды бол!

Өнер-білімге зейінді бол,

Ата-анаңа мейірлі бол!

Діл, дініңе берік бол,

Жақсыларға серік бол!

Шаңырағың биік,

Мығым болсын,

Төріңе Бақ, Қыдыр қонсын!

Батамды Алла тағала қабыл етсін,

Халқыңды ынтымақты халық етсін!

Бәрі. Әумин!!! (Беттерін сипайды.)

Шымылдық​