05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Кеңес Оразбекұлы
Кеңес Оразбекұлы (1956 ж.т.) — жазушы. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы «Дарбаза» кеңшарында туып-өскен.

Қыздарға не сыйлаймыз?






Қатысушылар:

Маралбай
Шалабай
Өсербай
Белгібай
Момынбай
Іңкәргүл
Әсемгүл
Еркегүл
Ақшагүл
Аршагүл
Биші қыздар

Сынып іші. Қолында сөмкелері бар бірнеше бала есікті жұлқи ашып, кіріп келеді. Олар сөмкелерін парталарына қойып, жайғасады. Алдыңғы партадағы Белгібай орнынан тұрып, үстел үстіндегі көрсеткіш таяқты қолына алып, балаларға қарайды.

Белгібай. Жігіттер, тынышталыңдар! (Қолындағы таяғымен партаны ұрғылайды. Балалар назар аударғанда ғана болмаса, біреуі орнында қозғалақтап, екіншісі музыкаға еліктегендей басын шұлғумен болып, үшіншісі партаға аяғын көтеріп тастап, шалқалап отырады. Момынбай ғана ең соңғы партада, сөмкесінен нанын алып, шайнаңдап, тыныш отыр.) Менің сендерді сыныпқа алдын ала шақырып алғаным, мынандай төтенше жағдайға байланысты. Ертең қыздар мерекесі – 8 Наурыз. Ендеше, қыздарымызға қандай сый-сияпат әзірлейміз? Осы мәселені шешіп алуға жиналып отырмыз. Қане, балалар, кімде қандай ұсыныс бар? Қыз-дарымызға қандай сыйлық дайындасақ екен?

Балалардың Момынбайдан басқасы бір сәт тыныштанып, ойланған кейіп танытады. Үнсіздік.

Маралбай. Балалар, қыздарға кітап сыйласақ қайтеді? Содан артықты таппай тұрмын.

Шалабай. Өте дұрыс! Сыйдың ең үлкені – кітап. Содан артық не керек оларға?

Өсербай. Мен өткенде кітап дүкенінен Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы жырлар жинағын көргем.

Шалабай(алақанымен Өсербайдың басын бір түйіп қойып). Әй, не деген генийсің-ей, өзің?! (Екеуі шарт-шұрт қол алысады.)

Көңілді музыка ойнап, сахнаға қолдарында кітаптары бар биші қыздар шығады. Биші қыздар кітапты көкке көтеріп, көңілді би орындайды.

Белгібай (көрсеткіш таяқшамен партаны ұрғылайды. Музыка мен би сап тыйылып, биші қыздар шығып кетеді. Балалардың назары қайтадан Белгібайға ауады). Сендердің естерің ауысқан ба? Сабаққа келерде кітап дүкенінің алдынан күнде өтесіңдер. Онда тексеру жүріп жатқан жоқ па? Кітаптарды қайдан алмақшысың-дар? (Үнсіздік.) Қане, жөндеп ойланыңдар. (Балалар қолдарымен маңдайларын тіреп, тағы да ойға кетеді.Үнсіздік.)

Маралбай. Онда мен таптым, балалар. Қыздарға бәйшешек гүл теріп әкелеміз.

Шалабай. Ақылдың кені, міне, қайда жатыр! Тұнып тұр-ау, тұрып тұр! Қыз сәні – гүл деген. Ал бәйшешек – көктем елшісі! Қыздар алғашқы бәйшешекке қандай қуанады десеңші!

Көңілді музыка ойнайды. Уыстарында шоқ гүлдері бар биші қыздар шығып, көңілді би билейді, қиялға шомған балалардың назары бишілерде.

Белгібай (таяғымен партаны ұрғылайды. Музыка мен би сап тыйылып, биші қыздар ілби басып, шығып кетеді). Ал ендеше, күректеріңді сайлаңдар да, қырға жиналыңдар. Әне, сыртта көбесі сөгілмеген қалың қар жатыр. Даланы күреңдер де, қардың астынанбәйшешек гүлдерді іздеп таба қойыңдар! (Үнсіздік.) Ойлап сөйлесеңдерші! (Балалар бастарын сипалап, тағы ойланады. Үнсіздік.)

Өсербай (қолын көтеріп, айғайлап жібереді). Идея! Балалар, былай етейік. Еңбек сабағында қыздарымызға арнап оқтау-тақтай жасайық. Ең дұрысы – осы!

Шалабай. Міне, кере-ме-ет! Тамаша ұсыныс! Әкел қолыңды! (Шарт-шұрт қол алысады.) Қыздар үй шаруашылығына қазірден бастап төселе бергені жөн. Әрі біздің бұл сыйымызға ата-аналары да қуанып қалар еді. Оқтау-тақтай! Керемет қой!

Маралбай. Айтпа!

Өсербай (түйілген жұдырығын көтеріп). Алғаш рет бізден шығып жатқан тамаша ой бұл!

Оқтаулары бар биші қыздар шығып, қуаныш биін билейді.

Балалардың назары сонда.

Белгібай (иегімен балаларды нұсқап, самайын сұқ саусағымен нұқиды. Таяқшамен партаны ұрғылайды. Музыка мен би тоқ-тап, биші қыздар шығып кетеді). Бол-май-ды! (Шегелеп) Бірін-шіден, мереке – ертең. Оқтау-тақтайды бір күнде дайындап үлгере алмайсың. Екіншіден, еңбек сабағы келесі аптада емес пе?! Баяғыдан бері не қарап жүрдіңдер? (Балалар жүздерін төмен салып, бастарын қасиды.)

Шалабай. Енді не істейміз?

Балалар көздері алақтап, иықтарын қозғайды. Үнсіздік.

«Шылп-шылп» етіп шайнаңдаған дыбыс шығады. Бәрі бірден артқы партадағы Момынбайға қарайды. Жүздерінде – бізді құтқар дегендей дәметкен көзқарас. Момынбай бағанадан бері бұл жиналыспен ісі жоқтай өзімен-өзі болып, майлы тоқашты аузына тыққылап, шайнаңдап отырған.

Момынбай (аузы томпайып, шайнаңдаған күйі). Бо-бо-бо... (Ұртындағы нанын асықпай шайнап жұтады). Оларға ешқандай сый-сыбағаның қажеті жоқ.

Балалардың бәрі (ентелей). Неге?

Момынбай (тағы бір тоқашты аузына ытқытып, шайнаң-даған күйі). Бо-бо-бо... (Шайнап болып, қолымен аузын сүртеді.) Неге екені сол: бұрынғыдай сыныпта улап-шулап, айғайлап, секірмей, осы екі күнде мен сияқты момын-қабыл жүрсеңдер, жетеді. Қыздарға соның өзі – сый-мәзір, сыйтабақ! (Үнсіздік орнайды.)

Шалабай (көзі шырадай жанып). Бә-ре-кел-ді! (Қостай ма екен дегендей, Белгібайға қарайды. Басқалары да соған аңтарылады.)

Белгібай (ойланған кейіпте тұрады. Кенет көзі шырадай жанып, қолдарын «сарт» еткізіп соғады). Міне, ақыл қайда жатыр! (Қолымен басын да соғады.) Идея! (Кейін бетін Момынбайға бұрады.) Бағанадан бері қайда жүрдің-ей?!

Балалар. Ура-а-а!

Бәрі жүгіріп келіп Момынбайды көтеріп алады. Біреуі үстел үстіне орындық қойып, оны соған отырғызады. Момынбай сол баяғыдай аузын шайнаңдатады. Кенет сырттан қоңырау сыңғыры естіледі.

Белгібай. Жігіттер, тез мұнда келіңдер, не істейтінімізді келісіп алайық.

Балалар Белгібайды алқа-қотан қоршап, өзара күбірлесіп, тұра қалады. Көп өтпей әрқайсысы өзіне жүктелген міндетті атқаруға жүгіреді. Бірі – есікке, екіншісі шүберек алып – тақтаға, қалған екеуі қолдарына сыпырғы алып, еден сыпыруға кіріседі.

Ал Белгібайдың өзі тақтаның арғы бетіне өтіп, тақтаның бетін түрткілеп, бір нәрсемен шұғылданып жатады.

Шалабай (есіктен сығалап). Келіп қалды! Жай-жайларыңа барыңдар.

Балалардың бәрі өз парталарының тұсына келіп тұра қалады. Сыныпқа дабыр-дұбыр сөйлеп, қыздар кіріп келеді. Ер балалар тік тұрған күйі оларға бастарын иіп сәлем береді. Кейін отыра-отыра қалып, қолдарын алдарына қойып, қыздарға жылы жүзбен жымиып, иектерімен «отырыңдар» дегендей ишара жасайды. Қыздар ауыздарын ашып, бірер сәт тосылып қалады.

Еркегүл. Қыздар, бүгін балаларға не болған!

Ақшагүл (иығын қиқаң еткізіп). Түсінсем бұйырмасын!

Әсемгүл. Бәрі төрт көздері түгел болып, біздерге сәлем берістері ерекше ғой!

Іңкәргүл. Сынып ішін тәртіпке келтіріп, тақтаны да айнадай жалтыратып қойыпты.

Аршагүл. Қыздар, мұражайда экспонат қарағандай неге тосылып тұрсыңдар! Жүріңдер, отырайық. (Өзі бастап жүреді.) Тағы бір шығарған өнерлері де.

Әсемгүл. Иә, деймін-ау, бізді осылай есімізден тандырып, мазақ еткісі келеді ғой.

Ақшагүл. Ә-ә, енді түсінікті. Біз де оңай шағылармыз. Ал керек болса!

Ол сөмкесімен өзінің тұсында отыратын Шалабайдың арқасына бір қойып қалады. Шалабай арқасын қиқаң еткізгенмен, «қыңқ» етпей, момақан қалпы отыра береді. Қалған қыздар да өздерімен парталас балаларды кітаппен, дәптермен ұрғылайды, шаштарын, жеңдерінен тартып, жұлқылайды. Бірақ ер балалар қуыршақтай боп отырған күйі бәріне шыдап, ауыз ашпайды.

Осы кезде сыныпқа биші қыздың біреуі кіреді. Орындарынан тұрып, сәлем берген оқушыларға қолымен «отырыңдар» деген ишара жасайды. Музыка ойнап, «Ұстаз» биін билейді. Тақта алдына қалған бишілер де шығады. Олардың кеуделері мен арқаларына геометриялық фигуралар мен формулалар бейнеленген қатырма қағаздар ілінген. Олар айналып билеп жүреді. Ұстаз-биші де қолындағы көрсеткіш таяқпен кескіндер мен формулаларды нұсқап, қолымен кескіндердің бейнесін салып, айналып билейді. Осы уақытта ұлдар екі қолдарын алдарына салып, тып-тыныш отырған күйінде «сабақ тыңдайды». Ал қыз балалар арттарына бұрылып, бір-бірімен сыбырласып, ұлдарды иықтарымен қағып, тыныш отырмайды. «Сабақ» биі аяқталып, бишілер шығып кетеді. Қоңырау соғылады. Ұлдар ұқыпты күйлерінде орындарынан тұрып, аяқтарын санап басып, сыртқа шығады. Сыныпта тек қыз балалар қалады. Еркегүл үстел тұсына келіп, қыздарға жүзін бұрады.

Еркегүл (қолындағы таяқша мен үстелді ұрғылап, қыздарды тыныштандырады). Қыздар, бері қараңдаршы. Ұлдардың бо-йындағы бүгінгі өзгерісті қалай қабылдадыңдар? Соны айтың-даршы. Ал мен тіпті ыңғайсызданып қалдым. Бұрын бұзақылы-ғымен аты шыққан ұлдар – бүгін тып-тыныш отырды да, оның есесіне біздер құрғаққа шығып қалған балықтай бұлғаң-бұлғаң етеміз. (Денесімен бұлғаңдатып көрсетеді.) Бұл қылығымыз тіпті келісіп тұрған жоқ.

Аршагүл. Несіне ыңғайсызданасың? Жаңа айттым емес пе, бізді сынайын деп жүр ғой, олар. Дереу сыр алдырғанымыз да жараспас.

Іңкәргүл. Қыздар, қалай десеңдер де, ұлдардың бүгінгі тәртіп-тері маған ұнады. Байқадыңдар ма, олар сонысымен-ақ өзгеше бір сырды аңғартқандай... (Көзі жаутаң-жаутаң етіп) Шынымды айтсам, мен бір нәрсені бүлдіріп алмасақ екен деп, іштей толқып отырдым. (Әсерге беріле, көзін жұмып) Олар бүгін бізге басқаша қырынан көрініп отыр. Қандай тамаша! Ұлдар осы жаңа қасиеттерінен ешқашан айнымаса екен.

Ақшагүл. Несі тамаша! (Екі көзін томпайтып, қолдарын алдына қойып, балалардың қылығына салады.) Бәрі шетінен Момынбайдай жұп-жуас болса қалыпты! Құрсын өйтіп тәртіпті болғандары. Ішіміз пысып кетті. Қайта бұрынғы алысып-жұлысқандары жақсы еді-ау.

Әсемгүл. Несі жақсы?!

Ақшагүл. Сен қыстырылма!

Әсемгүл. Өзің де адамның тілін қышытпа!

Ақшагүл. Мә, ендеше!

Дәптерімен Әсемгүлдің иығынан салып қалады. Әсемгүл кітабына жармаса бергенде, Аршагүл оның қолынан кітапты жұлып алады. Әсемгүл де өз кітабына шап беріп, тартқылайды. Ақшагүл дәптерін тағы сілтеп қалғанда, ол қолынан сусып шығып, Еркегүлдің бетіне тиеді. Еркегүл дәптерді қағып алып, Ақшагүлге лақтырады. Олар да екеуара ұстасып, дәптерді тартқылайды.

Іңкәргүл (сасқалақтап, олардың арасында жүреді). Қойсаң-даршы, қыздар, не болған сендерге?

Дәл осы кезде қоңырау соғылып, ішке ер балалар кіреді.

Олар бұл жолы үсті-бастарын түзеп, шаштарын жылмита тарап, мойындарына галстук тағып, тіптен өзгеріп кетіпті.

Шалабай мен Момынбайдан басқасы моп-момақан қалыптарын сақтап, қыздардың айқай-шуына кешіріммен қарағандай миығынан күлімсіреп, орындарына жайғасады.

Ал Шалабай мен Момынбай тақта алдына келіп, оны көтеріп, арғы бетін бергі жаққа қарай бұрып қояды да, өздері парталарына беттейді. Қыздар сап тыйылып, сол тұрған күйлерінде мойындарын бұрып, тақтаның бетінен мына жолдарды оқиды.

«Құрметті қыздар!

Алдағы 8-Наурыз мерекелерің құтты болсын!

Сендерге өмірдегі барлық жақсылықты тілейміз. Көктемнің мәңгі жастығы мен бәйшешек гүлінің әсем нәзіктігін, жаздың нұрлы күніндей мейірі мен шаттығын, күздің мол берекелі табысы мен мейірін, қыстың ақ қарындай тазалығын тілейміз. Сөйте отырып, бүгіннен бастап өзімізді осы мерекелеріңнің құрметіне нағыз жігіттерше (Момынбайша емес), ұстап, сендермен жылы шырайлы сыйластық орнатпақ ниеттеміз.

Біздің осы сый-ұсынысымызды құптайды деген үмітпен, 10-сыныптың жігіттері».

Қыздар ауыздарын ашып, аңтарылған күйі бір-біріне қарайды. Кейін жүздерін жігіттерге бұрады. Олардың жайдары да сырлы көзқарастарынан жанарларын тайдырып әкетеді.

Жүздері «лып» етіп қызарады. Жігіттер орындарынан тұрып, мерейхатпен қоса сыйлықтарын ұстатып, қолдарын қысып, құттықтайды. Қыздар «рақмет» дегендей ауыздарын жыбырлатып, кірпіктерін жылдам қаға, қобалжыған күйде кітап-дәптерлерін партаға қояды. Мерейхатты ыждағаттап оқығаннан кейін, ұлдарға сынай қарап, өздерінің осы қылықтарынан қысылғандай, күлімсірейді. Артынша есін жиғандай үсті-бастарын тәртіпке келтіріп, қол айналарына қарағыштап, шаштарын түзей бастайды. Арада үнсіздік орнайды. Бір кезде Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ бантик» әні шырқалады. Жігіттер қыздарды ертіп алаңға шығады да, вальс ырғағымен қалықтап, билей жөнеледі.