Әдебиет
Жолдастар
ПРОЛОГ
Дала. Түн. Шуылдаған дабырмен оянып, далаға шықтым. Айдың өлі арасы еді. Көк көрінбейді. Бұлт, қап-қара. Түпсіз терең түнде тұңғиық, қараңғылық қырды көптен құшағына алған. Дауыл соғып тұр. Дала дүр-дүр етеді. Әлде желдің үні? Әлде елдің үні?..
Ауып ауыр қараңғылықта. Шу шығады. Не шу? Әлде жел қамысқа соқты? Әлде жылқышы ысқырады?..
Жел ішінен жарықшақ дауыс естіледі: не дауыс? Әлде қойшы айтақтайды? Әлде қасқыр ұлиды?..
Дауыс сыңқ-сыңқ жылағандай: бұл не? Әлде бұлақ сылдырайды? Әлде сатылған қыз жылайды?..
Әлдекім зірк-зірк етеді: кім екен? Әлде жел қаттылады? Әлде бай малшыларына ұрысады?..
Дауыс мекіренеді: әлде қой маңырайды? Әлде бақсы ойнайды?
Үн күңіренеді: кім ол? Әлде молда аят оқиды? Әлде жарлының жалғыз сиырын ауылнай әкетті?..
Ауып шулайды: неткен әбігер? Не қораға қасқыр шапты? Не ел жігітін майданға айдауға жарлық тарады?..
Немене? Не дауыс бұл?
Бұл дауыс әлде желден шығады? Әлде елден шығады?..
Жел күшейді. Дауыл қаттырақ соқты. Аспан астан - кестең.
Дала алай-түлей. Көк күркіреді. Найзағай шатыр-шұтыр етті! Нөсер шүмектеді. Жауын төгіп-төгіп жіберді, ел сарышы cap-cap етеді.
Бұл не сарын? Әлде селдікі? Әлде елдікі?
Даң-дұң, шу молайып барады... бұл не? Әлде Ертіс бұзылды? Әлде ел дүрлікті? Жоқ, алыста теңіз толқи ма? Әлде ашынғандар уран сала ма? Әлде ақ патшаны тақтан түсірді ме? Әлде майданнан қайтқан жігіттерге ел той қыла ма?
Мынау саңқ-саңқ еткен кімнің дауысы? Біреу дабыл қаға ма? Әлде Дауылпаз шақыра ма?..
Ия, ия, жақсылық! Бостандық... жел жаздікі сияқты. Мынау қылаңдаған таң ғой! Таң!..
Жоқ, жоқ... не боп кетті? Мен жаңылдым ба? Әлі таң белгісі жоқ екен... жел ұйтқып, терісіне шықты. Күн суытты. Қылау ұшқындады. Қар сапалақтады. Алай - түлей, боран түтеді. Қыр — қараңғы. Түн — түнек. Қас пен көздің арасы көрінбейді...
Не дауыс бұл? Шу күшейді. Кім ыңыранады? Кім күңіренеді?.. Көк күрсіне ме? Әлде зеңбірек атыла ма? Жер ыңқылдай ма? Әлде, бомба жарыла ма?
Дала азан-қазан. Әлде жел жынданды, әлде елге жау тиді?
Дала уһілейді. Жел ысқырады. Әлде ауылдың қойын ақ пен алаш әскері айдап барады? Әлде атамандар ел ерлерін атуға команда берді?..
Үн күңіренеді: бұл не? Әлде ауылды өлім басты? Әлде алаш қазіреті құран саулатады?..
Үн ыңыранады: неткен үн? Әлде атамандар мұжықтарды сойып жатыр? Әлде ауылдың қыз-келіншегін ақтар рәсуалайды?..
Үн күбірлейді: не бұл? Әлде Алаш ақсақалы батаға қол көтерді? Әлде төңкеріс ерлерінің етіне Колчак қамшылары шып-шып етеді?..
Бұл қай жер? Ел қайда? Жылы жел соқтырған жаз қайда? Таяу қалған таң қайда?
Кімдер шулайды? Не сарын?
Әлде жел қаралы? Әлде ел жаралы?..
Я сәт!
Жел оңына шықты! Дауыл қаттырақ соқты. Күркіреді. Найзағай шарт етті. Жел жылына бастады. Бұлт ыдырады. Жұлдыздар жылтырады. Уай, жарық дүние-ай! Қайдасың? Сағындық қой!.. Аспан жалаңаштанды. Жұлдыз жарығы жерге түсті. Таң таянды. Көк қылаңдады. Ауылдың алды-арты айнала айқын көріне бастады.
Па, шіркін! Соғып тұрған жаздың желі — қоңыр ескек екен ғой! Соқ, соқ Алтынкүрегім! Серпе соқ!..
Қашаннан қырды басқан соқыр тұман серпілсінші! Соқ, Алтынкүрегім... күре даланы! Көптен көздей тесік тастамай, даланы басып жатқан шірік қар көк соқталансын... сорғала жаздың жауыны... Сорғала!.. Самарқанның көк тасы жібіп, сары даланың суы сарқырасын!.. Алты ай қыстай ауырған қара жер терлеп, сел - сел болсын! Жүйе-жүйесі босансын!..
Соқ, соқ, қоңыр ескек! Саған төсімді ашып, бір сүйсінейін! Саған ел сүйсініп, қыр исінсін!..
Аспанның алыс жиегінде көрінген таң барған сайын жайылды. Атқан сайын қызарды. Аспанды ал қызыл нұрға бөледі.
Бұл не? Неткен қызыл? Бұл қызыл жарық келе жатқан таң ба, шығып келе жатқан күн бе? Жоқ, әлде көтеріліп келе жатқан ту ма? Қаптап келе жатқан әскер ме?
Я сәт! Бергейсің! Берді ғой тілекті: қызарған нұр екен! Күн екен! Ту екен!.. Ту екен!..
Ел дүрлікті. Ауыл апыр да топыр. Қорыққан да қуанған да бірдей. Ел алғашында сасып қалды. Ілгерілі-кейінді сапырылысты. Ерсілі-қарсылы ағылысты. Оттай қызыл таңға қарады. Нарттай қызыл туға қарады. Ту артындағы топ-топ қызыл әскерді көрді...
Ел үміті жарқ етті. Дауыл шақырып, бұлт қуған Дауылпаздың даусы ел құлағына саңқ етті:
— Тұрыңдар! Жауды қуыңдар!..
Ел қуанышында шек жоқ. Құшағын жая қызыл туға жөңкілді. Ұрандап, шулап біздің ел де қызыл қолдың алдынан шықты. Дала дүрілдеді. Алатаудың сайынан, Сарыарқаның белінен, Арал, Балқаш көлінен, Сырдың бойынан, қырдың қойнынан өре түрегелген, өңшең жалбағай тымақтар тұс-тұсынан қалың қолға қосылып кетті. Ел мәз-мейрам...
Қызыл қол қырға қаптады. Қызыл тулар қыр аспанында бұлаңдады. Дала қып-қызыл нұрға толды. Төңкеріс ұраны даланы дүрліктіріп, шынайы бостандық барабаны қағылды.
Қыр халқы қайнап, қуанышы көкке шарпыды. Жерді дүрілдетіп, қызыл тудың астында қызыл жорыққа бірге аттанды ел.
Уа, шіркін! Жеттік-ау, бұл күнге!..
Қаптаған қызыл қолдың алдыңғы қатарында бірнеше адам көзіме оттай басылды. Өзіміздің жігіттер екен! Бес қару бойында; қызыл тудың соңында, майданның ішінде жүр екен...
— Жолдастар-ау, сендер қайда едіңдер?
— Майданда едік...
— Жігіттер-ау, сендер қашан кетіп едіңдер?
— Түнде кеткенбіз... біз кеткенде ауыл ұйқыда еді...
— Жолдастар-ау, ендігі беттерің қалай?
— Бетіміз ілгері! Ілгері!.. Жау қуып барамыз. Ел бері тартсын. Тезірек ұмтылыңдар!.. Анау қызыл туға таман ұмтылыңдар!.. Ілгері!.. Ілгері!..
Қызыл ту көкке бұлқынды. Қызыл әскер ілгері жөнелді. Біздің ел де солай жөңкілді.
Мен де ілгері ұмтылдым...
Бірінші тарау
БАСТАУ
Қоянды, жолың қатты, наның тәтті,
Айдаймыз ақсақ қойды, арық атты.
Айдаған осы жолға кедейшілік
Арқаның арқамызға қатты батты
Не қыламыз?
Жазғы түн. Кедей ауылдың ешкі-лағы қорасында бір уыс қана болып ұйысып жатыр. Көкке тойған соң қара тіл болып көк жалаған сиырлар қазыққа байлаулы күйінде ыңқ-ыңқ етеді. Бірлі-жарым шолақ кісенін сылдыратып, ауылдың артындағы өзекте оттайды. Тәжидің көк құнаны да соның ішінде. Ит үрмей, қоңыз ұшпай, түн тып-тыныш бола қалған бір мезгіл еді. Ауылдың көбі-ақ ыстығын ішіп, отын сөндіріп, төсекке кipген. Тек шеткі қараша үйдің қай жағынан қарасаң да оты жылтылдап, әлі жатпағандығын білдіреді. Оты бір басылып, бір жанады. Бұл үйдің сауыны қоңыр сиыр мен төрт ешкінің сүті өзінен аса су қосылып пісірілген. Ол сүттің ішкенінен қалғаны топатай шелекке ұйыта салынған. Көп ұзамай бұл үй де тынышталса керек...
Жатуға ыңғайланып отырып Тәжи былай деді:
— Әркім-әркім қой алып, бағып жатқан көрінеді.
— Ей, балам-ай, бұраудың да сұрауы бар ғой. Есепсіз дүние бар дейсің бе?— деді Тәжидің шешесі Сәт - бала.
— Неге, пайдасы болмаса бекерге біреудің аманатың ала ма?— деді Тәжи.
— Кім-кімдер алған екен?
— Имаш та, Сетік те, Сәрсенқұл да, Қазыбай да жиырмалап-отыздап қой алыпты. Пұшық Иса да бүгін «он сегіз тұяқ алдым» — деп айтып барады.
— Байғұс-ау, өзгенікі өзге, пұшық қайтеді оны? Біреудің малын бақпақ түгіл өзінің аяғын алып жүре алмайтын шу аяқ сорлы. «Қашарыңда қашарсың, лақтарыңда қайтерсің» деп, алмақтың да салмағы бар емес пе...
— Қыс жақсы болса қайтеді?— деп Тәжи езулеп болмады. Шешесі аз отырып:
— Онда сенің де «алсақ» деген ойың бар ма?— деді.
— Taп «алсақ» деп жіп тағып отырғаным жоқ. Тегіндегісін айтқаным ғой... Жанның бәрі алып жатқан соң....
Тәжи отбасын шұқылап біраз отырды. Оның ойға қалғанын сезіп шешесі де жұбап қайырмады. Не мезеттен соң:
— Қайдан білейін, балам, өзің білесің,— деді.
Тәжи бағанадан бергі екі ұшты сөзінің бір сабағын тапқандай болып сөзге кірісті:
— Апа, мен екі ойлы болып отырмын. Бірсыпыралар қой алып бағатын болып тіршілік істеп жатыр. Ал, қыстай біз не қыламыз? Жер шөбі бар. Сатанды биыл біреуге жүргізбей-ақ үйде ұстасақ деп едім. Былтыр Әділханға жүргіземіз деп жегеніміз желкемізден шыққандай болған жоқ па? Не киімге, не тамаққа жарытпай дертті болып кете жаздады. Онан да осы жұрт алып жатқан қойдан біз де алып бағатын болсақ, айына серкештен жалға жүргеннен тиімсіз бола ма, деп көңіліме келеді. Тегі ойласайық дегенім ғой...
Сатан ағасынын бұл сөзін төсекте жатып тыңдады. Оның ойына әлденелер түсті:
«Үйдің іші мені Әділханға былтырғыдай жүргізер ме екен, жоқ өзге біреуге берер ме екен? Егер жүргізетін болса енді кешіктірмес, кімге жүргізсе де, бірақ, Әділханға бармасам екен. Ай, Әділханның үйі-ай! Татты-ау таңдайға... Біздің үй мына қойды алатын болса, онда менің өзге біреуге жүрмегенім ғой... үйде боламын да. Үйде болсам жақсы болар еді. Егер бұл қойды алмаса, онда Сатан бұл үйде отыра алар ма екен? Қысқа қарсы біреуге ақыр жалдайды ғой... Онсыз біздің үйдің лажы бар ма?..»
Сатанның үйінен ұзап шығып, жігіт болып жалшыға жалданғаны өткен жылы ғана. Ол Әділханға жүріп, қой баққан. Баққанда тек аты қой бақты ғана болмаса, қоймен қоса талай ауырлықты көтерген. Толып жатқан қызметтерді атқарған болатын. Алғаш кісі есігіне жүрген жас жалшыда қақас ой, қалытқы мінез бола ма? Бас білігі тайлақтай бала қойшыны көрінген кісі жұмсап, мейлінше мінген. Ерте өргізіп, кеш қайтаратын үш жүз қойдан басқа суға да, отынға да, ауылдың атын суғаруға да, күл шығаруға да, итке тамақ құюға да үлгіретін осы Сатан еді. Әсіресе, төренің тоқал қатыны бала қойшыға жайсыздау тиген. Сөзге ілінісіп біржола иықтап алған. Тіпті, кейде тарылып кеткенде «әкеден жібереді» дегенді де сырттан естіп, Тәжи інісінің алты айдан әрі қалуына ырзаласпай, қой қоздап болған соң Сатанды үйге шығарып алған.
Сатан содан бері үйде. Екі айдан бері мойны босап, ерте жатып, кеш тұрып, кедей кербездіктің біразын істеп, домбыра тартып, ауыл қыдырып, аунап-қунап қөңілі көбеңсіп қалған еді. Сүйтіп жүрген Сатанға Тәжидің тағы қылтылдатып отырған міне бір «қой алу» деген сөзі бостаншылығын тағы жойып, басын байлайтын сияқтанды. Бірақ ол қанша ойласа да өзін енді ойынның баласы емес, жұмыстың жігіті деп сезе бастаған еді. Тәжи ағасы тағы біреуге жалдап жібермей, мына қойды алып бақтырса, қайта Сатан жанына жағымдырақ тимекші. Онда Сатан үйде болады. Біреудің отымен кіріп, күлімен шықпайды. Киім-кешегі жаман да болса, жыртық болмайды. Мынау шешесі жыртылған жерін бүтіндеп отырады. Төңіректегі үйір құрбыларымен бірге болады. Сондықтан Тәжи мен шешесінің қой туралы сөйлескен сөзін Сатанның құлақ түре тыңдайтын қисыны бар еді. Ол сөз аяғы неге соғар екен деп ентелене тыңдады.
— Сонымен біз де қой алып бақсақ дейсің бе?— деді шешесі.
— Менің ойым осыған құлап отыр, ақылдасқанымыз ғой, апа,— деді Тәжи.
— Сатанның үйде болғанын мен де жек көрмеймін. Өлім бар да қаза бар... бір жерде болғанға не жетсін? Жалғыз-ақ менің ойыма келетіні — алған аманат қойды аман-есен бағып, қыстан шығара аламыз ба?.. жауға, жұтқа ұшыратып, борышқа байланып қалмасақ деймін...
— Менің алғым келеді. Көппен көрерміз, апа; жұрт алып жатыр ғой...
— Өзің білесің, балам,— деп шешесі түндік жабуға тұрды.
Сөз тұжырындысы болған сияқтанды. Тәжидің ақылдасатыны шешесі еді. Шешесінің «өзің білесің» — қойды «алсаң алдың» ырзалығы еді. Мұны Сатанның іші сезді де, бүркене беріп жымың етті.
Ала көлеңкелі түндегі оттың жарығындағы кедей үйдің қабағын салбыратып ойға қалдырған «не қыламыз?», Сәтбала кемпір бақанның басына ілініп, көтерілген түңдікпен бірге бұрқ етіп тысқа шығып, тыныс бергендей болды.
От сөндіріліп, түндік жабылып, үй іші ұйқыға кетті.
АҚ ВЕКСІЛ
Таң атты. Күн шықты. Ауылдың азын-аулақ қой - ешкісі, артында қалған қозы-лағы да маңырай-маңырай өріске кетті. Ауылдан аяндап шыққан сиырлар қоқтыларға түсіп, қияқтарды ұзын тілімен орап бауыздауға кірісті. Қоңыздар дырылдап ұшып, шыбындар быжылдап, жан-жәндік тіршілік талабына ұмтылды. Топатайдағы шалап-айранның беті ашылып, тостағанға құйылып, қараша үйдің іші оразасын ашты.
Күн шытысымен-ақ жалақ жауырына үймелеген шыбын-шіркейдің әлегінен сипанып оттамай қалған көк құнанның кісені алынды. Үстіне ер салынды, оның белуарына мініп, тарс қамшыланып Тәжи тағы жәрмеңкеге жөнелді. Біраз жүрген соң ұзын жолға түсті. Базарға бара жатқандардың біріне-бірі қосылып, біреулер озып, біреулер кейіндеп, жәрмеңке жатқан жердің кезеңіне шықты.
Тәжи қырсау көк құнанмен кезеңге шыққанда, жәрмеңкенің қайнап жатқан кезі еді. Кең алап. Жан-жағы қоңыр-қоңыр белең, аяқ жағы жарқыраған үлкен көл. Көлді айнала жабырлай қонған ел. Жәрмеңкенің өз көрінісі мына белдің үстінен қараған Тәжиге жылқының иіруіндей қайнап жатқан қара құрық жиыны екендігі ғана байқалды. Ортасында ағарған шатыр үйлер, жыбырлап тігілген үй, ұзын сырғауылға орнатқан жәрмеңкенің жасыл ала жалауы ғана алыстан көзге айқындап көрінді.
Тәжи көк құнанды тебіне-тебіне жәрмеңкеге кірді. Ерсілі-қарсылы жосылған аттылы-жаяу, арбалы кісі, топырлаған төрт түлік мал, ағылып жатқан жүкші, жүргінші жол бермейді. Жәрмеңке шаңы аспанға шықты. Көшелеп тігіліп тастаған үйлер, шатырлар, есіктерін ашып тастаған үлкенді-кішілі үңірейген лапке, дүкендердің үңірейген — түрі Тәжилерді «көк құнаныңмен қоса жұтам»,— деген жалмауыз сияқты. Түйе бақыртқан, тері сүйреген, аттың тісін ашқан, қой қосақтаған, кездеме кездеген, бақал қыңыртқан адамның алыс-берісі құжынап, бейне қара құрттың ұясын еске түсірді.
Тәжидің күнде келетін базары бұл. Бір тиын саудасы болмаса да, көк құнанмен күнде осыңда келмей, көңілі көншімейді. Ол біресе мал базарына барады, біресе үлкен магазиннің ішіне кіреді. Біресе қымызшыға кіріп, біреулермен дәм татысып қалады. Біресе көк құнанның үстінде ұзақ күнге салбырап жүреді де қояды. Ерні кебірсіп, кешке шейін қаңғырады. Тәжидің базарға келгендегі ең керекті нәрсесі қымыз бен насыбай. Кейде осы екеуіне де ақшасы болмайды. Ақшасыз кісінің базарда маса құрлы қауқары бола ма? Қым-қиғаш қырғын соғыстың ішіне құр қол кірген кісідей, көрінгенге кез түрткі, мүгедек адам болады да қалады. Тәжидің көп жүрісі осы. Тек сорлы көк құнанды күнде оттатпай, көзі сүзіліп, кешке үйіне қайтады. Бұл бір Тәжи емес, сол төңіректегі көп қазақтың күні сонымен өтеді. Тәжи бүгін базарға бос келген жоқ. Өзінше үлкен жұмыспен шыққан. Сондықтан ол бүгін күндегідей көшенің келген жерінен салбырап жан-жағына қараған да жоқ, құнанды құдай қамшылап, тура базардың шетіндегі әдемі ақ үйлерге, абылайшаларға таман тартты.
Бұл қатар Жетісу байларының жатқан үйлері. Жылда Қоянды жәрмеңкесінің базарын бермейтін Матайдың байлары Сарман, Ырысбек тұқымдары — осы қостар. Байлардан: Қапалдың Шаяхметі, Шұбарағаштың Құсайыны, Ақсудың Абырамы, Қызылжардың Сүлеймен, Сыдыты — бәрі де өңшең қу мүйіз саудагерлер, қойлы көпестер. Жәрмеңкеге түскен жүн-жабағы, қыл - қыбырдың қожайыны — осылар. Тәжи осылардың алдынан көк құнанмен көктей өтіп, Шалматайдың қосының артындағы мама ағашқа келіп торс етіп түсе қалды. Атын байлап, қостың алдындағы кездеменің ортасында кеңірдектеп отырған көп кісінің қасына келді. Жайғандары қағаз, қаққандары шот, көпке шейін Тәжиді ескерген кісі де жоқ. Ол көзі жаудырап есік сыртыңда отырды да қалды. Осы кісілердің барлығын да қабағына қаратып, жастыққа шынтақтап, шот қағып жатқан жасыл барқыт тақиялы, арық қара сұр саудагер қазақ — Тәжидің іздеген адамы осы еді. Оған жұбаптаса алмаған соң оның аузының босауын күтті.
Көп күттіріп, мырза далаға шыққанда, Тәжи жұмысының сәті түскендей, сөйлесуге айналды. Сәлем берген соң, сағат бауы салбырап тұрып, қусырылған танауымен тыныстап, сұр қажы Тәжидің сезін тыңдады:
— Мен сізге келіп едім.
— Кімсің?
— Қаракесекпін. Ауылымыз осы тұста болады. Әділхан төрелердің жақынымыз.
— Не жұмыспен?
— Нашар адам едік. Әйтеуір, «балдан тамады, байдан жұғады» дегендей, сіздерді тыныс көріп, үйден аяңдап шыққаным...
— Не қажет?
— Біздікі-ақ, кедей қарекет қой... Сіздер аманат бағуға қой қалдырып жатыр деген соң, жұрт қатарлы мен де азын-аулақ қой алып бақсам деп едім...
— Жерің қандай?
— Жеріміз шұрай, мынау көрінген кернете қоңыр тау. Қыста қар жатпайды. Күнгейдің бәрі жайылыс болады...— деп Тәжи қолымен тауды нобайлай бастады.
— Кепіл табамысың?
Тәжи бөгеліп қалды. «Кепіл» деген салғаннан Тәжидің ойына оңай түсе қоймады. Бұған кепіл боларлық кісі кім? Әділхан ба? Нұрбек пе? Олар қалай кепіл болсын?..
Бай сөздің соқасын өзі түзеді:
— Сенің әкең аты кім?
— Бөлеген. Менің әкем сіздерге дәмдес болған, сіздердің малдарыңызбен әлденеше рет осы Қояндыға келіп жүрген... Әкем марқұм сіздерді аузынан өлгенше тастамай кетті ғой...
— Е, сен шұбар Бөлегеннің баласымысың? Білеміз әкеңді. Байқұс адал адам еді. Сен неше ағайындысың?
— Екеуміз. Ер жетіп қалған бір інім бар.
— Егер кепіл таба алмасаң, былай да азырақ мал қалдыруға болады. Бұрын дәмдес болған адам екенсің...
— Өзім де соны тыныс көріп келіп едім.
Расында Шалматайдың кепіл сұрағаны, бергенін бұлдап беретін әдісі еді. Ол Тәжиден кепіл сұрап, қой беруді қиындатпақ түгіл, қалай да қойын аманат баруға үлестіруге өзі де ниетті. Байдың аманатқа беретін қойы да оншалық құнды қойлар болмастан, базарға жарамай қалған ақсақ-тоқсақ, ауру-бұрақ қойлар болатын. Байлар мұндай қойларды жылдағы жәрмеңке тарқарда аманатқа алушылардың аты-жөнін жаздырып нотариус алдында бағам деген кісіге ақ вексіл - деп бере беретін.
Жәрмеңкеге қойды көп әкеткен көпестің бірі — осы Шалматай. Тиыннан тиын туғызған, қу тұяқ саудагер. Бұл жәрмеңкеге жылына жетпіс мыңнан кем қой салмайды. Ол қойлар қалай құралады десеңіз — тарау - тарау жолдармен келіп жиналады. Бойдақтың бірсыпырасы қолма-қол ақшаға алынған. Ол ақша түрлі алушылардың қойны-қонышында жүріп, талай елді аралаған болады. Әрине, ондағы қой алынған баға — мұндағы бағаның үштен біріне де жетпейді. Қойдың енді бірсыпырасы — қажының қос-қос қойының қозысынан өскен бойдағынан құралады. Қойдың енді бір тобы — өткен жылғы сауданың несиесінен жиылады. Қойды жаз шығарып беруге кездемеден, шай-қанттан, бас, ұлтаннан бай несие берген болады. Қойдың төртінші түрлісі,— «қызыл қозыдан» құралады. Ол «қызыл қозы» дегеніңіз — тұмақ түгіл, әлі күйегі алынбаған қошқардың беліндегі қозыға байлар теңгелеп-тебендеп ақша берген болады. Ол ақшалар өзінен өзі қоздап, бұзаулап, мал боп, Шалматайдың жәрмеңкеге айдар кезінде маңырап, мөңіреп, жидашының алдына түседі. Одан арғы қойлар кезден кертіп жеп, қолма-қол сатқан товардан, даудан өнген, көп иелі малдан, бірі екі болып өндірілген тілхаттан, айып-анжыдан күнде балалаған парадан, қойшы-қолаңшының ақысынан, тағы - тағы басқалардан сәті түсіп, өніп, қорланып, қой болатын еді, бұл қойлардан басқа мыңдаған ірі қарамен, банкені буындырған ақшамен, тері-терсекпен, жүн-жабағы, қыл-қыбырмен келіп, Шалматайлар осы Қоянды жәрмеңкесіне килігетін еді. Жәрмеңкеде жаздай жатып, малын саудалап, базарды қолдан таратып, көп товармен Шалматай сықылды Жетісу байлары кейін қайтатын еді. Қайтарда саудадан бұрақ қалған ақсақ-тоқсақ, ауру қойларды ондап-жиырмалап, Қоянды маңындағы елге ақ вексілдеп тарататын еді. Мына Тәжидің Шалматайға келіп, «аламын» деп өтініп отырған қойы осындай брак қойлар еді.
Тәжидің жолы болды. Шалматай бай «кепілсіз-ақ жиырма қой берейін»,— деді. Аяты құрттаған ақсақты, күркілдеп жөтелген көксауды бағып-қағып, жұттан аман, жаудан түгел келесі жәрмеңкеге сатылуға дайындап тұруға Тәжи міндеттенді. Қой жоғалса, өлсе төлеулі. Байдың бұл қойлары суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын бір жаны темір қойлар болды. Бұл қойлар ақ сүйек боп жұтатқан қысты да қыстырмайды, топаландатып ауырмайды да, қасқыр жесе де өлмейді. Ұрғашы қойдың өсімін және санайды. Ақ вексілмен құны кесулі тұр.
Ал Тәжидің вексілді қойды баққандағы ақысына алатыны үш қой, және қойдың күзгі жүні. Осындай шартпен Шалматай әлденеше жүздеген бұрақ қойды Қояндының айналасындағы Арғындарға таратып болып қалған еді.
Шалматай Тәжиге довернейін қосып, нотариусқа жіберді. Аузы астыртып алған ұрадай опырайған кәрі нотариус, Тәжиден аларын алып, жиырма қойды ақ вексілге қондырды.
Тәжи іс біткен соң Шалматайдың өрістегі қойынан қой алуға, кек құнанға ашасын артып, қырға шықты.
БАЙҒА НЕ АЙТАМЫЗ?
Тәжи аулына қайтып келеді. Өңшең ақсақ, соқыр, тентек, көнтек, құрттаған қойлар жолда жүрмей көп азап шектірді. Ақсақтың аяңымен отырып, ымырт жабыла аулына азар келді. Байдың базар сілікпесі өңшең сұңқадам қойлардың түрінен Тәжилердің бес-алты ешкі-лағы пысқырып, біраз жатырқасты. Сөйтсе де есік алдындағы қой басы құралып, қараша үйлердің қорасы қорланып қалды.
Тәжидің үйіне қоймен бірте азап та келді. Сатанның шешесі сол түннен былай түнгі күзетке белін буып кірісті. Таң атқанша кірпік ілмей, жұлдыздарды батырып, таңды атырып, күнді көзінен шығарды. Күндегідей мамырап жатқан Сатанды оятып:
— Тұр, қарағым, тұр!— деп күндегісінен ерте оятты. Сатан ұйқылы кезін аша алмай:
— Апа-ай, кішкене қоя тұршы!— деп маужыраған еді, шешесі:
— Тұр, созылмай: «белгілі қойшың жоқ болса, беліңді бу да қойға бар!»— деді. «Қой» деген сөз ұйқыны шайдай ашып, Сатан салбырап түрегелді.
Содан былай Сатанның күндегі күні осылай болды.
Сатан аманатқа алған брак қойларды жаздай бақты. Міне, жаз өтіп жер шөбі қурап, күз болуға да айналды. Қойдың саны барған сайын құлдырап, азая бастады. Аз ғана қойды айналдырушы көбейіп, басына қарай шығыны аз болған жоқ. Тәжи, Сатандар қанша қақақтап, аманат қойдан қорқып, жаны қасам болса да, қой басын аман сақтай алмады. Ойдағы жоқ жерден пәле-қазаға ұшырап, жөні табылып кете барды: алдымен тытыршық мүйіз құрттаған көк тұсақты сиыр сүзіп өлтірді. Боз ісекті қасқыр жеді. Ала саулықтың желіні ісіп, жарылып, жаздай құрттап, қатып барып өліп кетті. Күзге таман үш қойды, Тәжидің сиырын қоса, ұры әкетті. Кер қасқа тұсақ қақтығып, Әділхандардың, қойына кетіп қалып, аяғы ол да табылмады. «Сірә жеп қойған шығар» десті. Ел күземін алып жатқанда Сатанның шешесіне сүзек сап ете түсіп, өлім аузынан қалған соң көнтек көк азбанды қалжаға жеп көтерілді. Көп жылдар көрмеген Тәжидің заводтағы қарындасы амандаса келген соң оған тышқан мұрнын қанатпай қалай отырсын, солтақ ісек соған сойылды. Екі қойды шаңырақ ақшадан қысылған соң Тәжи қалаға апарып сатып, рамат ақшасын төледі. Қыс келген соң қазақ тілін тістеп қызылсыз отыра ма? Тентектен жазылған кек төбел құнан қойды Сатан үйі сорпаға сойды. Сүйтіп, қой алғаш қолына келгенде қалтырап күткен Тәжилер барған сайын еті үйреніп, қорадағы қой, қолдағы ақшамен бірдей болып» ақ вексіл екендігі естен мүлде шығуға айналған еді.
Сонымен Сатан жайған жиырма бұрақ қойдың жан-жағынан тиген қасқырдың тісі, ұрының қолы, қонақтың пышағы, ауылнайдың мөрі, аурудың шығыны, қыстың аларманы — бәрі араласып, бұлар қыстан үш - төрт-ақ қой алып шықты. Сатан үйінің мұндай аманат малды азайтып алғанына көңілдері қатты қабаржып,. байға қалай есеп берерін білмей қысылатын еді.
Жәрмеңке ашылып жатыр; енді байдың адамы келеді. Тәжилерден қойып сұрайды. Қойдың орны жоғын қайдан табады? Немен толтырады? Бәрінен бұрын ұяты қиын! Өткен жылғы қолқалап сұрап алғандай болған аманат қойды жып-жыпмағай жеп қойған сияқты болды-ау. Қалдырған қойдың бәрі ауру-ақсақ, жаман бұрақ екені бай есебіне енді кірмейді. Вексілдегі шарт бойынша санап отырып, Шалматай малын толтырып алады. Бірақ Тәжилер оны немен толтырады? Байдан қалай құтылады? Әсіресе қара сұр мырзаға қой туралы Тәжи не айтады?
Міне жаз жақындаған сайын Тәжилерді осы толғақ қысты.
БҰРАҚТЫҢ СҰРАҒЫ
Тағы жаз шықты. Көк желкілдеп, мал төлдеп, дүние тағы гүлдеуге, өсуге, масайрауға қол қойды. Қоянды жәрмеңкесі басталатын мезгіл жақындап, жан - жақтағы ел жыбырлай бастады. Тек бұл жәрмеңкені жыландай жек көретін үй — ол да Тәжидікі еді. Жақсы-жаман «жәрмеңке ашылады» деп құлағын түріп,, қуана сөйлесе, Тәжидің үй іші жәрмеңке жақындаған сайын толғағы жиілеп, жанына бата бастаған. Сор орнап, қырсық қаптап берекесін кетіретін сияқтанады. Ақ вексілі жаландаған сұр мырза, айдаған шабарман көздеріне елестейтін еді.
Көп ұзамай жылдағы мезгілінде жәрмеңке ашылды. Шалматайлар былтырғыдан бес-он күн бұрын да келіп қалды. Келісімен жан-жаққа жидашы шаптырып, есеп кітабындағы ақ вексілдің аманат қойып жидыруға кірісті. Мұндай жидашының бірі мойнындағы сөмкесін салақтатып Тәжидің үйіне де келіп жетті.
Тәжи үйде еді:
— Аманат қойды айдап жеткізіп беріңіз... Базардың алдынғы қатарына қажы қойлары түспекші,— деді. Бұған Тәжи недәуір күрмеліп тұрып:
— Қолдағы барын айдап жеткіземіз, бірақ бай алдында үлкен ұяттымыз. Қойы түгел емес. Азғана қойдың шығыны болды,— деп күмілжітті.
— Барып жеткіз! Қалғанын бай алдында жауабын айтарсың!— деп жидашы жігіт жөнелді.
Бірақ Тәжи бай алдына бара алмады. «Не болса да болары болды» деп қалған төрт-бес қойды шошайтып айдауға дәті шыдамай, үйінде жатып алды. Бұл арада бірнеше күн өтіп кеткен соң және қой хабарын толық естіген Шалматай, Тәжилердің ауылнайы арқылы повестка жібертіп те үлгірді. Тәжиді повесткамен ауылнайға айдатып алып, бай алдына келген Тәжиге қаһар тікті:
— Сен қойды құртқаныңнан бұрын келмей жатып алғаның қай мен-мендігің?-— деді.
— Ой, байеке-ай, нашар адамбыз ғой, келгеніміз-ақ осы болды.
— Мен үшін нашар болыппысың? Кәні, осы жерден табан аумай, қойды түгенде, әйтпесе жегеніңді желкеңнен шығарамын,— деп зірк-зірк етті.
Тәжи құрдай жорғалап жерге кіріп кете жаздады. Ол байдың бетіне қарай алмай, жер шұқи берді. Тек міңгірлеп айтқаны:
— Бай, біз сіздің малдың күтімінен аянғанымыз жоқ. Жарғақ құлағымыз жастыққа тимей бақтық, қақтық, қайтеміз, дертке ұшырады, қасқыр жеді, ауру алды, жұт болды... Әйтеуір бүгін сіздің алдыңызға абиырлы болып келіп отырғанымыз жоқ. Оның несін айталық. Қолымызбен істегенді мойнымызбен көтереміз де; не қылсаңыз да біз өз нашарыңыз. Не қылып алам десеңіз де біз қолыңызда,— деп Тәжи Шалматайға жалынып жік-жапар болды.
Бай кепке шейін илікпеді. Тәжиді артынан көп ергізді. Араға кісі салғызды. Аяғында ырғаса келе Тәжи бар қойды беріп, жоқ қойды төлеу туралы мынаны айтты:
— Жалғыз көк құнаннан басқа берерім жоқ. Мұны алам десеңіз — дайын.
— Көк құнаныңды үш қойға да алмаймын. Жеген қойларыңның біреуінің екі-екі қой болғанын есептемеймісің?
— Құнанды сатып төлейін.
— Қалғанын қайтесің?
— Ер жеткен інім бар. Қызмет қылып өтесін...
Қажасып отырып, осыған бай азар көнді. Тәжиді нотариустың алдына алып келіп, ақ вексілді қайта жаңалатып, Тәжиге қол қойдырып, бекіттірді. Істеген шарт: жігіттің айы үш сом, көйлек, дамбал, етік, шалбар, бір қабат сулық бермекші. Бағатыны қой.
Сөз осыған байланды. Тәжи үйіне келіп, аманаттың аяғы немен тынғанын естірді. Бұрын қасындағы Әділхандарға жүргізуге алыс деп үйінен шығарғысы келмей отыратын Сатанға Жетісудың тұз-дәмін татуды жазған екен ғой деп, шешесі көзінің жасын іркіп алды.
— Қой, апа, құдай жанымызды тірі қылсын, борыштан құтылайықшы,— деді Сатан.
Ертеңіне Сатан шешесімен қоштасты. Тәжи көк құнанға мініп, Сатан жаяу, қалған бес қойды айдап„ базарға келді. Базарда кешке шейін тұрып, кек құнанды бес бойдаққа айырбастады. Тәжи ер-тоқымын арқалап, екі жаяу алдына он шақты қой салып, байдың қосына келді.
Шалматай кешегідей емес қабағын жазып қарсы алып Сатанды қой басына жіберді.
Тәжи ер-тоқымын арқалап үйіне қайтты.
ҚОЙШЫЛАР ҚАСЫНДА
Көкқия бір құтты тау, күні маужырап, күнгейіне асықтай қар жатпайды. Шөбі шүйгін болады. Бозғылға семірген қойдың сүбесіне пышақ жетпейді. Қашпаған тоқтысы қалмайды. Бойдақ қой қыстай ойнақ салып шығады.
Әсіресе Көкқияның қысы биыл төтенше жақсы. Міне наурыз таянып келеді, әлі ың етіп боран соққан жоқ. Жердің шаңы бұрқырайды. Осы таудың сайсайынып бәрі қора-қора отар, байлардың қойы. Күйлі қой арамза қоздап, қойшылар уыз ішіп жатыр.
Сатандардың қосыңда төрт жігіт. Қатар екі қора. Мың қой. Төрт жігіттің екеуі қойшы. Біреуі бақыршы, бірі Сатан — ол қора күзетеді. Қасқыр қатты. Кейде айқайлап тұрғанда қораға қойып кетеді. Сатан шиті мылтықты қолына алып, айтақтап, түнімен қораны айналады да жүреді.
Сатан күзетке шыққанда, айналасындағы үңірейіп тұрған күз-күз қоңыр таудың ішіне жан кіргізеді. Оның сұңқылдатып салған әні, созып айтақтаған әдемі даусы қоңыр тауды күңірентіп, сыбызғыдай шығады. Ол айтақтағанда жәй «айт-айт!» дей салмай:
— А-а-йт-а-а-й-а-ай!— деп қоңырлатып бастап, шырқатып көтеріп, төмендетіп түсіріп, қоңыр қайырыспен жайлап тоқтатады. Мұның бұл айтағын естіген құлақ тағы -тағы дегендей тыңдағысы келіп, сүйсінетін еді. Айтақты Сатанша саламыз деп әуреленіп, тамағын жыртатын қойшылар да аз болмайтын. Ол сол көркем даусымен таудың тыныш түндерінде күздің жаңыратып, тауды жаңғыратып, жақсы-жақсы әнге салып, көңілін көтеретін еді. Ол көңілін көтергенде — шерін шытарып көтеретін еді. Сатан міне, шерін шығарып, қораның желкесіндегі шоқы тастың үстінде тұрып, әнді соқтырып тұр.
Қоянды, жолық қатты, наның тәтті,
Айдаймыз ақсақ қойды, арық атты.
Айдаған осы жолға кедейшілік,
Арқаның арқамызға қатты батты...—
деген сияқты өлеңдерді Сатан ойдан да соғады. Домбыраны да қоңырлатып жақсы тартады. Арқаның атақты әншілерінің әндерін олардың өзінше сала алмаса да, ізінше сала алады.
— Ей, Арғын, қақсамай мұнда кел!— деді қостан, Жамантай деген шал қойшы.
— Е, не бар?— деп Сатан дауыстады.
— Жүр! Жүр деген соң жүр!
«Бұлар не айтады?»— деп Сатан қосқа келді. Онда кеше қасқыр тамақтаған үлкен құнан қойды қазаншы ұстап тұр екен:
— Ыллай омим!— деді.
— Әй, бұларың не?
— Мұнымыз осылай, соямыз... сенің сорпа ішкің келмей ме?
— Әй, сендер өлмейтұғын қойды неге соясыңдар?
— Неге өлмесін, қазір өлтіреміз! Көп сөйлемей бата қыл!— деді Жамантай жалмаңдап.
Сатан Арғынсынып қойға бата қылды. Қойшылар алып ұрып бауыздап, союға кірісті.
— Бұйырған малға тіс тисін деген, жарықтық осы мыңның ішінен бізге бұйырғаны да... Жолың болғыр көксерек анда-санда өстіп сотым сойып беріп тұрса, бізге, сірә, теріс болмас еді-ау,— деді Жамантай.
Сатан қойға бата қылып, қайта далаға шықты.
— А-а-айт, а-ай-й!— деп созып, бунақтатып қайырып, шоқы тасқа мініп отырды.
Қой сойылып жатқан қостың оты анда-санда жалп етіп шаңырағынан шығып, жалындап басылады. Сатан әр түрлі ойда:
«Мыналар әлгі қойды бекер сойды-ау. Тіпті өлетін қой емес еді. Сылтауы — қасқыр тамақтаған; оттай алмай елді», деді. Оны олай емес деп, байдың алдында куә болар кім бар? Бүйтпесе жалшы бола ма. Байдың жалшыға сенбейтіні, жалшыны жарытпайтыны да осы-ay. Мейлі, не болса, о болсын! Қыстай етсіз болғанымыз жоқ. Қара қостағы қойшылардың қолынан бұдан басқа келетіні жоқ та ғой...»
«...Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ... екеуін аңдыстырған құдайым-ай...» деген осы да. Қалай да тамағымыз тоқ...
Осыны ойлап отырып ол айтақтап қояды. Оның ашық даусы сүт пісірімге созылып, сырнайша сылдырайды. Оның аузы ғана айқайламайды, оның аузы айтақтағанда ойы әлдеқайда! Арқаның белес-белес жерлерінде, орқаш-орқаш тауларында болады. Ол арқа туралы, елі туралы көп өлең шығарды. Ол өлеңдерін жақсы, сазды әндерге салады. Ол әндерді өлеңімен талай адам тыңдап, талай адам таратып алып кетті. Оның көп өлеңінің бірін Жамантай жаттап алып, ылғи ыңырсып жүретін:
Айрылдың Сарыарқадан, Сатыбалды,
Тәжи ағам хат дабарсыз жатып алды.
Сары арқам жерін басып, суын ішкен,
Ақ вексіл, амалым жоқ, тартып алды...
деген еді.
Сатан Көкқиядағы қысты танды күзетпен, күзет өлеңдерімен өткізді. Ұзақ тандағы күзетте отырып ол нені ойлайды:
«Өлмеген құлға бәрі жақын. Міне, аздан соң қар кетіп, жаз шығады. Қой қоздап, құс келеді. Күн Қызыл, көк жетіледі. Ел айран ұйытады. Бір жылға деген ақ вексілдің күні де толады. Қоянды жәрмеңкесі және басталады. Жәрмеңкеге байлардың малы айдалады. Сол малдармен бірге Сатан да, жаны аман болса ілесіп, Сарыарқаға қайтады. Уа, шіркін, Сарыарқа-ай! Бетегесі көк шашақтанып, сандал таулары көк ала жасылға оранып жататын еді-ау! Әттең дүние-ай! Ұшарға қанат болсашы!» Міне, Сатан осыны ойлады.
БАЙДЫҢ ҮЙІНДЕ
Жаз биыл ерте шықты. Көкқияның тауы көктеп те қалды. Күйегі біткен қойлар құралайдың салқынында қозыны төге салды. Етектің де жерінің сағыры ширап, таудың тобылғысы көктей бастады.
Сатан сұлап ұрып, Сүттігеннің сазындағы Шалматайдың ауылына келді.
Шалматай ауылы әлі тамнан шықпапты. Қысқы көк үйлерінде екен. Қойдың қосынан мінген сарыала шолақты қораға байлап, байдың шатырлы көк ала үйінің алдына келгенінде, Сатанның мұрнын ас үйдегі сорпа - судың исі жарды. Сатан сонда кірді. Ысылдап-пысылдап, қазанның астындағы қамыс отынды бықсытып жатқан қарамайлық малайдың қасына келді. Бұл қазаншы еді:
— Қажы үйде ме?
Ол Сатанға жауап беріп үндеспек түгіл, бетіне де қараған жоқ. Тек қазандықтың астына тыққан қамысты сырғыштап отқа қарай құзаумен болды. Сатан үндемегеніне ерегіскендей «мынау не қылған паң неме еді? Сорпаға семірген кісі сұраған сөзге жауап айтпай ма екен?»— деген көңіліне келіп, қазаншының иығынан тартты. Ол Сатан бетіне қарағанда түтінге ысталған күйген сабадай көн бетіндегі қызыл ала көзі алайғанда Сатан сескенейін деді.
— Бай қайда?— деуге аузы келді.
Қазаншы баяғы қалпына түсіп, бір ауыз сөз қатпастан қамысты құзай берді. Көп кешікпей Сатанның түсінгені «сорлы, тас керен, тілсіз, мылқау екен!»
Сатан есік алдына шығып отырды. Ac үйдегі майлы сорпаның буы бұрқырап, қара малай ысылдап, қазандар бұрқ-бұрқ қайнап жатыр.
Ac үйге қарсы үлкен сырлы көк ала үй. Үлкен-үлкен ақ айна терезелер. Жез тұтқалы сырлы