Әдебиет
1916 жылғы оқиғада менің көргенім
Ел жайлауға шыққан шілде айының аяқ кезі. Мен болыстың үйінде жалға жүргенмін. Әкем сол жылы айына бес сомнан алып, саудагер Құрманғали Майсонұлына жүріп, Ташкенге қой айдап кеткен. Бір туған атам Кәкім Шаритүфа деген ноғайда жүріп, о да Ташкенге кеткен. Шешем екі жыл бұрын өліп, алты жас пен екі жастың арасында үш інім кісінің қолында қалған еді. Жас басымның қайтысы жаныма батып, ызылдаған қасіреттің сарнаған желін аузымнан естіріп, қойдың артында кешке жақын келе жаттым. Болыстың аулы толған кісі. Абыр-дұбыр. Сасқан халықтың түріндей төбеге қарай шығып бара жатыр. Қатындар да сыбырласып, ажарға түсіп, «Абысын-ау, не болдық?» — деп, болыстың ақ үйінің алдындағы ошақ басында әңгіме құрысып отыр екен. Менің естігенім ханымдардың әуезі болды. «Патша жастарды қызметке алмақшы болыпты», «Қызметке алады дейсің бе? Алдап солдат алғалы жүр дағы» десті. Аңырып мен де тұрып қалдым. Сонымен әңгіме жұртқа жайылды. Ел көп отыра алмай, таудан көшіп,етекке түсті. Болыстың аулы күнде топ. Күнде қатын- балалардан мен де естіп жүрмін. Көп жиылыстарында «кісі бермейміз, соғысамыз» деп тарқасып жүрді. Сонымен онда Мұхамеди қажы бес болыс Садырдың әскеріне бастық болып, Саратқа соғысқа шығатын болыпты деген хабар келді. Сарат қаласының қасындағы Мықаншы болысы да Марданның туын көтеріп, атқа мінісіпті десті. Осы хабарды естіген соң біздің Шілікті болысы бұрыннан құлақтасып, ел бірі қалмай атқа мінбекші болды. Ауыл-ауылдарда боз қасқа айтылып, баталасып жатқан елдің тобы мәселені бір күнде шешіп, қыркүйектің бесі күні жүрмекші болған. Мұнан үш күн бұрын Ахметжан болыс елден қашып, қалаға кеткен.
Сондағы қатын-баланың айтатын сөзі: «Мұхамеди қажы қазақ әскерімен Саратқа жақындап, қаланы шапқалы тұрғанда көкке ұшып түсіпті! «Міні, жұртым, орыстың ыңыршағын қазақ жағады деп баяғыда айтпап па едім?» — депті» десіп жүрді. Ахметжанның қатыны Өтеген бақсыны күнде шақырып, құмалақ салдыратын. Өтеген де құмалаққа қаратам сайын: «Иншалла, жастарды алмайды деген боз аттың даусы саңқылдап құлағыма тиді», — деп отыратын еді.
Көтеріле атқа мінген ел көп-көп болып кетіп жатқанын көреміз. Өз аты болмағандар байдың жылқысын талап мінсін деген батасын да естігеміз. Іргелі елдің ұлы қарасына қарсы ешкім «мал менікі» деп ие болған да емес және кімде-кім соғыстан қашып бармай қалса, оны не үйінен байлап әкетпекші, не болмаса өлтіріп кетпекші. Соғысқа ел баталасып жүрген кезде бармаймын деген Келмембетті он екі жігіт он екі сойылмен ұрып, үйінде өлім үстінде тастап кетті. Үйден шықпайтын жаман қатын, жас балалардан басқа ат жалын тартып мінуге жарайтын төрде ешкім қалған жоқ.
Мықаншыға барып, Сарат қаласының үстінде соғысып жатыр деп естиміз. Жұртта зәре жоқ. Ұлыған ит, мөңіреген сиыр түн сайын қазан шу қылады. Бір күннен кейін Сарат қаласын шауып алыпты. Сегіз орысты тұтқынға ұстап, Құнанбай Шыныбек үйіне әкетті деп есіттік. Қатын, баласы жағаларын ұстап у да шу, «алдалап» жатыр. Үшінші күні қаладан солдат шығып келеді деген хабарды есіттік. Сол күні кешке жақын ел қашыпты. «Қырылған адамнан Мықаншыда аяқ басып жүретін емес» деді. Осы хабар келген жерде жан кеудеден шығардай алқынып, үлкен-кішінің ажары кетті. Жұрт қорқып, зәресі қалмады. Күн батты. Ұйықтаған ел. Түн ортасы кезде сатырлатып қашқан елдің дабыры білінді. Біздің ауылдан кеткендердің бірсыпырасы келіп қалды. Тап сол уақытта үркеміз деп мал-жанын да жинай бастады. Таңға жуық Ахметжанның жасауылы шауып келді: «Ел үрікпесін, біздің елге тимейді, анда Ақынбай, Мықаншы елі болмаса, біздің елдің қарсылық қылғанын білген жоқ» деді және ояз начальнигінің тілмашы Жатор Кошкаревке біздің болыс екі мың сом беріпті деп тағы есіттік. Соғыстан қара бақандарын сүйретіп, кеудесі солып, әркім қайтып келіп жатыр. Кім өліп, кім қалғанын анық білмейді. Әйтеуір «қырылды» дейді.
Сол күні кешке жақын Ахметжан болыс ауылға келді. Өзі де ұзыны мен көлденеңі бірдей, аса семіз, қаба сақалды дәу қара еді. Оның үстіне бүгінгі үйге келгендегі түрі тым жаман болып, отқа күйген бауырдай талауратып кетіпті. Қабағынан қар жауады. Үн жоқ отыра кетті. Анда- санда «ү-у-һ!» — дейді. Ауыр күрсінеді. Қасындағы жүрген отағасы Айтбай: «Мықаншы елі елдігінен кетті. Екі дүз адамы оққа ұшып, өлді. Елді келген солдат талап жатыр. Жиылған жылқы мен қойда сан жоқ. Біздің елден Бейсембі қажының ауылын талап кетті. Өрдегі елдің бәрі де Балқаш қайдалап торғайдай тозып, үркіп кетті. Бейсембілер үрке алмай қалып, адамнан басқа мал шаруадан түк қалмапты. Ең аяғы қамбада тұрған астықтарын далаға шашып, күлмен араластырып кетті».
Онан соң Айтбай соғысқа шыққан елдің жайына түсті. «Қожамжардың жекеге жаяу атысқа шыққандағы ерлігі- ай!» — дейді. Тынысбектің сегіз орысты ұстарда орыстың тобына алдиярлап ұран шақырып, жұрт алдында бастап кіргенін мақтады. Болыс басын көтеріп алып: «Ой, сен де сандалады екенсің. Ау, со да ерлік пе? Надандықтағы», — деп қайта жата кетті. Айтбай лапылдап, ары қарай бастығы Шыныбек болып ұсталғанын, «Ай, ит кәпір-ай, алдияр ма, алдияр...»деп қылышпен шауып, мылжалап жатты-ау»деп өзі өгіздей өкіріп жылап жіберді. Отырған ел де жылады. Тағы Айтбайдан естідім: «Ай, шіркін, Жақамбайдың Қасымы жастық қылып, болыс болып, елді қорғап ала алмады. Қанша елдің қанын төкті. Елім көнбей жатыр деп ел көтеріліп атқа мінгеннен бері қаладан шықпай, солдатты өзі ертіп келді» дегенде, отырған ел Қасымға лағнат айтты. Ахметжан басын көтеріп «песірін» шақырды. «Қане спескені ал, өзіміздің бір старшын елден қанша жігіт болады екен? Соны оқы»,—деді. Песір «іспескені» оқып, отыз екі жігіттің атын атап отырып, бір жерінде «Нұрахмет Мырзахан баласы» деп өте шықты. Есікте отырған менің жүрегім су ете түсті. Ахметжанның балалары бар еді отыз бен он сегіздің арасында. Ішінде Көпбай деген ең жаман баласының аты шықты. Болыс: «Жігіттерді ертеңнен қалдырмай даяр қылу керек. Еліміз соғысқа қатынасқан жоқ деп отырғанда тезден жиып бермесек бәле болады. Біздің болыстан кеше екі кісі атылып өлді. Біздікі емес деп танып келіп отырмыз» деді. Жасауылдарды атқа мінгізді.
Түнімен елді хабарландырып, ертең жігіттерді даяр қылуға ауыл-ауылдың бәрінін де ақсақалдарына шаптырды. Ел тарқай бастады. Болыстың Жетпісбай деген жылқышысы үйге кірді. Болыс ала көзімен қарап: «Сен де қызметке барасың!» — деді. Жетпісбай: «Неге тақсыр, менің елім бар емес пе?» Ахметжан: «Сенде ел бар ма? Қашқын емес пе едің?» Жетпісбай: «Оны құдайын білер. Мені кедей деп ұстап бергің келген екен» деді. Ахметжан атып тұрып от басындағы көсеумен Жетпісбайды күрсілдетіп ұрып жіберді. Оны арашалауға адам бара алмады. Жағасынан алып, кеудесіне мініп, арсылдатып ұрып жатыр. Жетпісбайда үн жоқ. Анда-санда«өлдім!» —дейді. Болыс: «Өлтіремін, керей құныңды алады», — дейді. Жетпісбайды — қан, болысты тер басты. Жетпісбай талып, жаны шыққан адамдай сылқ етіп құлағанда болыс тастай салып, орнына қайтып келді. «Шығарып таста иттің баласын!» — деді. Үйде отырған Айтбай, ашуын басып, орнына отырғаннан кейін мені сұрады. Менде зәре қалмады. Төбе құйқам шымырлап тік тұрдым. Болыс: «Ағаң жоқ, орнына сен барасың», — деді. Ләм демедім. Жетпісбайды көтерісіп далаға шығып кеттім. Оны қора шетіне салып қойып отырмыз. Менде ұйқы жоқ. Жетпісбайдың қасында қатыны мен екеуміз таң атқанша отырдық. Таң. атты. У-шу жылаған елдің дауысы шығып жатыр. Болыс түске шейін ұйықтап жатты.
Балаларың қасына ертіп, арыз қыла келіп қалған шал- кемпірлер де болыс аулына толып кетті. Сонымен, ел жігіттерді жиып, жүргізетін болды. Ішінде мен де кеттім. Онда да шу, мұнда да шу. «Жалғызым» дейді. «Қайтіп адам болам» дейді. Жақын жердегі мешітке келдік. Молда шықты. Азан айтты. Жұрт бата қылды. Жігіттер жаназа оқып, салауат айтып қалды. Елдікі қырылып қалған соң, тым ерте айдаған екен. Қалаға үш шығып, үш қайттық. Төртінші шыққанда шын кететін болып шықтық. Қалаға қарай жүрдік. Жолда Бейсембі қажының баласы Жұмаділ үйіне қонаққа шақырды. 32 жігіт қанша шығарып жүрген туыстарымен сонда бардық. Ауылға келгенде сол ауылдың қатындары көрісті. Қажының сары бәйбішесі: «Қарақтарым-ау, жолдарың болсын! Қабырғаларын қатқандарың күн көрерсіңдер. Мына бейшара Мырзаханның жас баласы кетіп бара жатыр екен. Бұл қайтіп адам болады? Бейшара- ай, әкесі мен ағасын көре алмай кетті-ау. Бұған кімнің жаны ашиды дейсің», —деп аяп еді. Нашарымды сонда білдім. Мырзахан дегенде әкем есіме түсті білем, бойым шымырлап, талып кеттім.
Аз уақытта көзімді ашсам, басымды бір қатын сүйеп, аузыма көженің суын тамызып отыр екен. Көзімді аштым. «Жасыма» деп жуатқандар болды. Тамақ ішкен соң жүріп, қалаға келдік. Біз қалаға барғанда соғысқа шыққан елдің басты адамдарынан екі жүз кісіні екі жүз солдат қалаға айдап барды.
Қожахмет, Диқанбай деген басшылармен жиырма кісіні жолда атып өлтіріпті. Мұхамеди қажы әлі тірі екен. Бірақ қорлықты көп көріпті. Көк терекке екі тақтайдың арасына салып, он екі солдат үстіне шыққанда бақай-бақайларының бәрінен де қан шығыпты. Неше қабат дүре салыпты. Мұны сөйтіп өлтірсе керек десті. Бізді доқтыр қарады. Ақсақ, соқыр, таздарын қалдырып, бізді жүргізді. Аягөз бен Лепсінің арасында жол тосып, көрісіп, шулап жатқан қазақ күндіз-түні азан-қазан жылап, жүргізбеді. Бартоғайға келген күні нағашы апам мен нағашы атам бір тайыншаға мінгесіп, көрісіп қалды. Солармен көріскенде өксігімді баса алмай жыладым. Бір өлімге бара жатқандай болдым. Қасымдағы әкемнің ағасының баласы ЬІрысбай тоқтау қылып, зорға тоқтатты. Қыс түсіп, күн суытты. Сегіз күн жүріп, Семейге келдік. Елге хат салдық. Некен-саяқ шығарып салған адамдар Семейден қайтты. Сол жерде елге жазған хатта өзімнің жазған өлеңім:
Біз кірдік казармаға барағымен
Дайын тұр керегісі жарағымен.
Үйіріндей иіріп ие боп жүр
Бір бастық он кісіге санағымен.
Он кісі бір бедре шай ішеміз
Бөліп ап қара нанды қадағымен.
Аздан ішіп қанағат қылып тұрмыз,
Ішетін заман қайда шанағымен.
Бір үйге жұма жатып, пойыз міндік. Пойызды көргенде көп тамаша қылдық. Тау көшіп келе жатқандай заманның екінші түрінің есігіне кіргенде көңілге басқалық кірді. Кеп губерниялардан, қалалардан өттік. Көрмеген жерді көрдік. Елден шығып, Семейге келгенше қайғының қара төсінде жүргендей едік. Жол жүре бастаған соң көңілге азаматтық, жүрекке ерлік кіре бастады.
Жиырма екі күннің ішінде тоқтай-тоқтай Петроградқа келдік. Онан шығып, Псков деген қалада он бесінші жылғы қазақтан майданға алынған киіз үйлерді көрдік. Мұнан өтіп Рига деген қаланың жанында Саламандра деген станцияға түсірді. Сол жерде бір армия болып келген бес жүз кісіні жүзден бөліп, қара жұмысқа салды. Ішімізден алты тілмаш сайлап алды. Аяғы жүзбасы, «песір», онбасының бәрін тілмаш билеп кетті. Таң ата — сағат алтыда айдайды. Сегіз-тоғыз шақырым жерге апарады. Кешкі сағат тоғызға шейін жұмыс қылып, қайтып, сағат он бір-он екіде зорға жатақ үйге келеміз. Қалын қарағайды қақ жарып, жол салдырып жатыр. Ағашты кесіп, бұтап, шауып, жолға алты ағашты ұзынынан салып, үстінен көлденең қатарлап ағаш қоямыз. Екі арба қатар өткендей болады.
Бізбен бірге латыш деген ел де жұмыс қылысты. Көбінесе қатын, қыздары істейді екен. Жердің алыстығы аса қиын болды. Мен сияқты жастар жете алмайтын болды. Бір есімнен кетпейді Баймұқанның жақсылығы: «жолда келе жатқанда, пойызға мінерде жүгімді көтеріп мінгізіп, онан кейін елдің артында жете алмай қалғанымда қасына жетектеп, ертіп келетіні. Оны неге ұмытайын? Ақыры өзім кісінің хатын жазатын болдым. Жұмыстан кішкене сая тауып, жаным тыныштайын деді.
Жеті ай жұмыс қылдық. Ақша аламыз. Айымызға жиырма жеті сомнан. Қыстың күні патша түсіпті дегенді естігеміз. Бұған сол жердегі латыштар қуанышты болып, мәжіліс ашқан. 1917 жылы мамыр айы туған соң «қайтасыңдар» деген хабар алып, қуаныстық. Сөйтіп тұрған жерде 80 шақырым жерден ары қарай жаяу айдады. Оған үш күн жүріп бардық. Жүгімізді арбамен апарды. Айдап барып, тоғыз жерде қатар қазылған окоптан өткізді. Екі қатар окоптан өткізгенде бізді тоқтатты. Көмір салдыртып, 8 күн жатқызды. Күндіз-түні күмпілдетіп атып жатқан зеңбірек астында жатқандай болдық. Төбемізде айырылған картадай қаптап ұшады. Ана жерде бомбы күп-күп түсіп, жерді ойып жатады. Бомбылардан бұлтарыстау ұшып, от жаққанда түтін алыстан шығатын жер астынан үңгір пеш қаздыртып, сонда күн сайын аспанда бір үлкен қап ұшып тұрады. Оның ішінде адамдар күзет қылады екен. Бұл айырпланды, не басқа жауды көрсе дүнгірлетіп хабар қылады. Жатқан әскер қамданады. Солдаттар: «алдымызда 2 шақырым жерде Германияның әскері жатыр» дейді. Сонымен, жағаны ұстап, «тобалап» ол жерде 8 күн тұрып, елге шынымен қайттық. Қуанышты жүрек алып-қашты білем. Желіп отырған арбадан қалмай, 3 сөткеден жүрген жолға, бір сөткеге жетпей пойызға келдік. Бірақ жолда бұл жолы болдыртып қалған адамдар көп болды. Арба жалдап жетіп. далада кісі қалған жоқ. Сонда отарбада жазған бір өлеңім:
Ал құлым деп жарылқап,
Рақым келді Алладан.
Қайтқан қаздай жөнелдік
Босанып алып жалма-жан.
Шаршау еске кірмеді,
Қызыққа кіріп арнаған.
Ешенкан мінді арбаға
3 теңге беріп жалдаған.
Жүруге жаяу жарамай,
Ежелден құдай қорғаған.
Ешенкан менімен құрбы еді.
О да жетім болатын.
Ағасының орнына кеткен.
15-мамырда Баяразге деген станцияда пойызға міндік. 15 күн жүріп, Омбыдан пароходқа түсіп, су ішінде 11 күн жүріп, Семейге келдік. Ел де хабарланып қалған екен. Семейден аталып шығып, баласын әкетіп жатқандар болды. Біз арба жалдап, Аягөзге шейін келдік. Жігіттердің көбі кетіп қалды. Біз арбаны тағы жалдадық. Атқа ақша жетпей, өгізбен жүрдік. Дүздегі топтасып келген ат жетектеген халық жамыраған қойдай шуласып алып қайтып жатыр. Біз сегіз арбаның үстінде сарғайып жата бердік. Қасымызда ешкім қалмады. Ырысбаймен ағайынды екеуміз-ақ қалдық. Кедейліктің қабырғаға салмағы сол жерде бір батты. Елге бір күндік жер қалғанда жалғыз атты шауып келе жатқан кісіні көрдік. Алыстан құлындаған даусы шықты. Ырысбай: «Мырзахан!» — деді. Жүрегім қуанып, дүрсілдеп кетті. Арбадан түстік. Келе құшақтады. Ырысбай екеуі көріскенде оңаша далада ырғасып, ұзынды күн айрылмай жыласып тұрды. Қорыққан да, қуанған да бірдей болып, мен аз жыладым да, қуана беріппін. Әкем ағыл-тегіл болып, солқылдап жылап, көпке шейін жұбанбады.
Елге келдік, үйірге қосылдық. Жол көріп, ысылып қалдық. 17-жыл мен 20-жылдың арасында кісіге жүргенім жоқ. 20-жылы «балшабек» Лепсіні алды. Мен де коммунист партиясына кірдім. Содан кейін оқыдым, адам болдым.
Мырзаханұлы Нұрахмет (аузынан).
(Қолжазба араб қарпінде. ҚР Орталық мемлекеттік архиві: Қор — Р-1368; тізбе— 1; іс—54).