24 Қараша, Жексенбі

Әдебиет

Ілияс Жансүгіров

Жансүгіров Ілияс — ақын ,қоғам қайраткері.

Асан туралы






Асанның өзінің кім екенін былай қоя тұрып, сөзін алғанда, Асан төңкерістің алдындағы заманға кезіккен рубектік қалыптағы ескі ауылдың тілі болған, өзінің айтуынша, «ақырзаман» ақыны. Мұның жазған өлеңінің басынан аяғына шейін түңілу, тоқырау, сары уайым! Асан сөзінше, баяғы елдің «өзбек заманы», — «кең заман», «еркін заман». Өзбектен кейін тар заман туып, зар заман басталады. Сондықтан Асан өлеңінің басы да аяғы да сыдырғы бір ізде отыратын уайымшыл жыраудың күні өткен, үміті біткен ақынның сарыны болып шығады. Бұл — екінші Асанқайғы.

Мұның неге бұлай екендігіне тоқтауды кейін де тіңкіреп, алдымен Асан сөзінің негізгі күйін (мотивін) байқасақ. Асан сөзінің бізге бағалы болып, тарихы құнды болатындығы — оның инесінен жібіне шейін әлеумет басындағы күйден, жұртшылық мұңынан шыққандығы. Асанның, өзінің әлеумет басындағы жалпы ауырмалықты, жұрттың қайғысын жырлауға тиісті ақынмын деп түсінгендігі. Осы ұғыныспен Асан өлең жазады. Жазған өлеңдерін шұбатып, керуендетіп жосыта бергенде Асан өлең жазған кездегі жүрген ортаның, өскен елдің жай-күйі, жанына батқан ауру, басына түскен ауырмалық тегіс ақ қылға тізіледі. Осы жиналған Асанның аз сөзінен де сол кездегі қазақ, қырғыз халқының басындағы тарихи уақиғаны, күн көрісті, тап тартысын, әлеумет қатынасын зерттеуге, сынауға өте бай материал алуға болады. Асан сөзінің әдебиет үлгісі, мұрасы есебінде көркемдік не түр жағынан мақтарлық үлгі болмаса да Асан сөзінің маңызынан, ішіндегі келтірген толып жатқан сол заман бойындағы қайшылық фактілерден Асан заманы туралы үлкен керекті қорытынды шығады.

Асан сөзін ұғынуға көмекші болу үшін алдымен Асанның жүрген жерін, өскен ортасын, өткізген заманын қысқаша шолып өтуіміз керек.

Асан өлеңінде көбінесе «албан», «бұғы» деп келеді. Бұлар — қазақ, қырғыздың қоныстас рулары. Албан қазақ та, бұғы — қырғыз. Бұл екі елдің төсекте басы, төскейде малы қосылған — жапсар ел. Жайылса ерісі бір, жырласа мұны бір, бергі ала таудың күңгей, теріскейін мекендеп жүрген елдер. Рулардың қоныстары осы күнге мекендеп жүрген Ыстықкөл айналасы, Сырт, Қарқара, Текес, Асы деген жерлер болды. Бұл елдердің орысқа қарауы 1850-1860-жылдардың шамасында. Одан бұрын ұлы жүз түгелімен Қоқан хандығының қоластына қарап келген.

Асан сөзінің екісінің бірінде «өзбек қайран заманым» деп отырады. Асанның ұғымынша «өзбек заман» Қоқан хандығы қырғыз, қазақты билеп тұрған заман. Асанша ол бейбіт заман. Бірақ расында олай болмаған, орыстан сырылып, Қоқан қолтығына келген елді қоқан ханы, оның алымшылары жегідей жеген. Бұл найман Жанкісі айтты деген мынадай сөзден көрінеді:

Ассалаумағалайкүм,
Алдияр, тақсыр ханымыз.
Алдыңа келді қарашаң.
Арызды қабыл алыңыз.
Өтірік болса арызым,
Мінекей, сізге жанымыз.
Өзің қосқан зекетші,
Біздің елде жүз бай бар.
Жүз байдың жүрген жерінде
Жылау менен ойбай бар.
Және мұның жолдасы,
Қара тамыр дадан бар
Еріп жүрген соңында,
Қырық отыздай адам бар,
Шоңмұрын деген молдасы бар,
Төлеген деген жорғасы бар.
Атына жемді салуға
Алты еннен қылған дорбасы бар,
Келі түбім деп алады,
Кеусенім деп алады,
Отыра зәкет деп алады.
Арқадан келген сор найман
Аң-таң болып қалады.
Айтайын десе ұрады,
Ұрмақ түгіл қырады.
Амал-айла таба алмай,
Қарайды да тұрады.
Алдына салып айдайды,
Ашуланса байлайды,
Әкімі жоқ қазаққа,
Теңдік жоқ деп ойлайды.
Алса малға тоймайды,
Біз жыласақ ойнайды.
Ел ішінде ажарлы
Қыз-қатынды қоймайды.
Жақсыларды сөгеді,
Ат үстінен тебеді.
Жүрексініп отырмын
Айтар сөзім көп еді, —

деген сықылды тарихи сөздерін Қоқан ханының, оның зекетшілерінің ел басына қандай күн туғызғаны, қара бұқараны қанай сорғаны анық көрінеді. Бірақ оның бәрі де Асан жырауға «кеншілік» болып көксетеді, тарих «өзбек заманнан» кейінде туған болып табылады.

Асанның бұлай болуы оның өзінің таптық салт-санасы өзбек заманына жатқандығынан «өзбек заманды» дәл мәнісінде атасақ ол — рулық, бектік құрылыстағы еңбек жеуші бек билеген заман. Әрине, Ресейдің сауда, кәсіп капиталы кернеп келген соң өзбек заман атанған бектердің билеп келген шаруашылық түрі, әлеумет қатынасы ыдырай бастады. Оған капитал тізе қылды. Өзіне жол ашты. Өз тәртібін орнатты. Елдің қатынастың ордасы орда болмай, базар болды. Аяқ, басқа теңеліп, бас аяқ болды. Бұл жаңа заманның нысанасы ескі заманның адамына, Асан сықылды ақынына «ақыр заман», «сұм заман» болып көрінді. Асанның уайымдап, болашақты құбыжықтап, өткенді қызықтап Асанқайғы болатындығының түп тамыры — жаңа заманнан жеркену, ескі заманды алатына жал болып көрінуі. Асан — заман түрінен әбден шошынған, іші суынған торыққан ақын. Сондықтан оның өлеңінің басынан аяғына шейін үмітсіз, зар заман ақынға айналаның бәрі құбыжық. Асанды тыншытпай жанын жеген айналасындағы «азғындық» Асанды өлеңге қозғап қалам алдырады. Ақындыққа итереді.

Асан өлеңін бастағаннан-ақ:
Ақыр заман түрінен,
Әркімнің іші қайнаған.
Доңыз жылы мизанда,
Асан қалам сайлаған.
Жақсыларға арыз қып,
Жазайын деп ойлаған...
Заманның түрін жазайын,
Іштегі дертім қозғалсын
Қайғы-касірет мысалы
Қыс кірсін де жаз қалсын.
Қарғаларға жем болып,
Қатарынан қаз қалсын?
Күреңсе, тарлау азайып,
Доңыз өлең, саз қалсын.
Жайлау шөбі кем болып,
Мал жаймаған таз қалсын.
Нашардың күні мұң болып,
Ойын-күлкі наз қалсын.
Жазайын, қағаз жазайын,
Іштегі дертім аз қалсын.
Замананың түрінен,
Асан атты кәріден
Кейінгіге сөз қалсын, —

деп, заманды тарта, жерді құрта, «жақсыларға» арыз қыла, ішіндегі дертін азайтуға Асан жырын жазып кетеді. Miнe, осылай сөз саптаған Асан қалам алып, өлеңге отырған соң, өз тұсындағы заманның, өз айналасындағы қылықтардың барлығын жырға тізіп «Заман түрін» жазып тастайды.

Асан өлеңінің әлеуметтік маңызы мол деп жоғарыда айттық. Расында, Асан құр жырау, құрғақ жылау емес, Асанның жырының басынан аяғына шейін қадап-қадап айтқан өзі жек көрген кемшіліктер. Асан сөзінің әлеуметтік тарихи бағасы — өз тұсындағы тарихи дәуірдің екінші сөзбен айтсақ, Асанға құбыжық болған сұм заманның біздің артымызда қалған патша отары, капитал билеген заманның барлық ірік-шірігін Асан ашып отырады. Асан өлеңінде болыс сайлау штат — әрекенің бір үлкені, іштен туған ел биінің орнына — ұлыққа пара берген қу билер, атасы төрге шықпаған құл билер отырған. Асан осыған қарсы болғанда сайлауда шығарған сұм законге қарсы:

Сайлау шарды шығарып,
Бірлікті алды еліңнен
Қазнаға жаздырып.
Тарылтты тағы жеріңнен,
Бейілімізден айрылдық.
«Бура», дабсын «кендіктен»1
Албан, Бұғы бұзылды.
Әлеумет мынау көрімнен...
Берекеңді алғалы,
Үш жылда сайлау шар қып тұр.
Іс жүзіне тиген соң,
Жоқ нәрсені бар қып тұр.
У жегендей сандалып
14Көңіліңді сал қып тұр.
Іріскелет көтермей,
Кейбіреулер қаңғып жүр.
Бишараның жандары,
Шығып кетпей неғып жүр?
Мансаптағы адамдар,
Ұлықтарға жағып тұр.
Мынау менің белгім деп,
Мойнына знак тағып жүр,
Бұқарасын жеп ішіп,
Шаяндай боп шағып жүр.
Біреу қарсы сөйлесе,
Бетінен қан ағып жүр, —

дегені сықылды Асан ашықтан-ашық қара бұқараның арманын тілейді. Сайлаудың, штаттың негізіне, жүйесіне қарсы дыбыс шығарады.

Асан өзінің таптық тамырын тереңдетіп, капитал жүйесінің қырдағы ойнағына қарсы болғандығын, екі сөзінің бірінде ашық айтылып отырған «тиын сату», «Қарқара жәрмеңкесіне» «сәудегерлік» сияқты жүйеге ереуіл жасап отыратындығынан көрінеді. Асанша өзбек заманды, кешегі кең заманды, бейбіт заманды бүлдіріп тұрған базар, сату-алу болады.

Күші, сүті сатулы,
Бай қайыры байланды.
Тиынсыз нәрсе табылмай
Заман тарға айналды.
Ер көңілді азамат
Түрмеге бәрі айдалды.
Тұз шығатын кендер
Тағдыр күні біткен бе,
Абақты да жайғалды.
Жәрмеңкені тұрғызып,
Тағы да алды пайданы.
Іріскелет шығын деп,
Кетірді ғой сайранды.
Албан, Бұғы мұнан соң,
Кетуге өрге ойланды,
Жыртық үйдің ішінде,
Самаурынды шай болды.
Ащы боп шыққан сары су,
Ішіп көңлі жай болды.
Күнде түнде жәрмеңке
Бір-бір шолақтай болды,
Жаз жайлауы, қыс қыстау,
Бір белгілі сай болды.
Күрпілдетіп піскен саба жоқ,
Кілегейден май болды.
Сары қоңыздай түйе жоқ,
Тарылған заман кезінде,
Айтайын сізге қай күйді...

Асанның өлеңіндегі, әсіресе қымбатты жері — оның өзі жүрген елдің жер қысымшылығын жырлап кеткендігі. Жетісуда жер мәселесі — отарлау заманда айырықша ауыр мәселе болғаны әйгілі. Бұл облыстағы алғаш жаулап алғандағы Сібірден көшіріліп орналастырылған қазақ-орыс қалалары, Алатаудың алдындағы сулы жерден бауыр басқан. Оның үстіне, кейін Албан, Бұғы қоныстары, Қарқара жайлаулары сияқты жерлер жайылыстан алынып қазналыққа, пәленге, түгенге кесілген. Ел қоныссыз, мал өріссіз қалдырылған. Міне, Асан сөзінде елдің осы жер қысымшылығын көп жырлайды.

Асанның бұл айтып отырғандары Албан, Бұғы атанған қазақ, қырғыздың Қарқара, Тегіскөл (Ыстықкөл) деген қоныстарындағы отаршылдықтың, патша үкіметінің зорлығының ащы қақиғаттары. Осы жер мұңы Асан өлеңінде көп келеді. Асан сөзінен Жетісу өлкесінде жер мәселесінің төңкеріске шейінгі қалай шиеленісіп келгендігіне дәлел көп.

Асан — әлеумет мұңын көп жырлаған ақын. Жер мұңы, ел билеу, қарым-қатысы, капитал жүйесінің ірік-шірігінің барлығы да Асан қаламына ілінген. Бірақ сонымен бірге Асан ескіні көксеп, ақсақалдық қылады, дінді жоқтап, сопылықта қылады. Билердің бәрін жоқтап күні кеткендігін, заман ақыр жеткендігін жырлап өлеңнің түпкі пікірін өзінің таптық арманынан шығарады.

Асан ақындығын әлеумет басындағы күйді қанша айқындаса да, қанша бұқара тілегіне жанастырам деп жырласа да айналып келіп өзінің арғы заманының ескі көзі Асан Қайғыға әкеп тірей береді. Бұлай болуға орынды екенін жоғарыда түсіндірдік. Қайта айтсақ бұған себеп, бірінші — Асан өзі арғы дәуірдің бек билеген заманындағы феодалдық ақын болса, екіншіден — Асан жүрген өлкеде патша отарының қысымшылығы шексіз болғандығы. Осыдан келіп, Асан өлеңінен үміт кесіледі. Асан — Асанқайғы болады.

Асан — зар заман ақыны. Оның өлеңін жалпы қазақ әдебиетінің өткен күніне, өркендеу жолына таяп тексерсек — әдебиетте Асан тапқан жаналық жоқ. Бірақ мына Асанның тарихи бір қымбаттығы бар. Ол: біздің өлкені патша үкіметі алғаш отарлағанда қазақ даласында қым- қиғаш көпшілік көтеріліс (Исатай, Бекет, Сырым, басқалар) көп болған, ілгерілі-кейінді ел ауған қозғалыс, дүрбелең дәуір. Осы дәуірді көрсететін біздің әдебиетте аз ғана жырлар қалған. Со жырлардың ішіндегі ел әуезесінде өзі әулиеге, сөзі керемет данышпандыққа, мағына жөнінен ащы қақиқатқа айналған ертегі тұлғалы тарихи, жырлау — Асанқайғы. Ол Асан Қайғының тарихи тұсын тепшілеп болған, болмаған адам екендігін аяқтаған кісі жоқ. Асан қайғы әулие меңзеу, аты да, заты да берне, ел қиялындағы көлеңке сықылды. Егер Асан болған жырау болса оған «желмаяны», «сәугейлікті, тіпті түрлі отаршылыққа қарсы, жылау жырларды ел қиялы «Асан» атын «қайғы» қосып жасаған сияқты. Сондықтан кім болса ол болсын, бұрынғы әдебиетте Асанқайғы бастаған жылауық, зар заман әдебиеті тұтасынан бір дәуірдің әдебиеті болып жатады. Бұл әдебиет отаршылық басталғаннан жарыққа шығып, Асанқайғы, Досқожа, Мұрат, Махамбет, Бекет, Шортанбай, Мәшһүр, басқаларды ішіне алады. Бұл қазақ даласының отаршылық дәуірі тарихи жағынан Қазан төңкерісімен келіп біткен болса — Қазан төңкерісінің алдындағы албан Асанмен келіп аяқтайды. Зар заманның әдебиетінің басы да Асан болса аяғы да Асан болып біткендей. Сондықтан бұл албан Асанды біз арғы Асаннан бағыт алған, Шортанбайдан үлгі көрген, зар заман ақынының соңғысы екінші Асанқайғы дейміз.

Асанның мазмұны да, түрі де Шортанбай үлгісі. Бұл да Шортанбай сияқты шолақ молда, жырында әлеумет мұңы мол, бұқарамен ақсақалдың тілегін қосып жырлаған феодалдың жырауы, бірақ Асандағы әлеумет мұңы, Шортанбайдан әлдеқайда кең, әлдеқайда желілі жатыр. Асанда көбінесе Шортанбайда жоқ жер мұңы, базар қарсылығы, патша үкіметінің соңғы тәртібі, бұқараның басына туған соңғы «ақырзаман» қосылып жазылған. Асан өлеңдерінен Жетісудағы отар қысымшылығының, ол заманның жатқан іш мерездерін көруге болады.

Ақын Асан Алматы облысы, Кеген ауданындағы (Жаркент үйезі) албан руынан, 1916 жылы 50 жасында дүниеден қайтқан. Асанның қай жерде туып, қайда өлгендігі, өзінің қара басының кім екендігі туралы қолымызға толық материал түсіре алмадық. Әйтсе де, Асаннан албан руының алжан деген руының ішіндегі молда сүрей адам болғандығы өлеңінен көрінеді. Және Асан туралы сол елдің адамдарының айтуынша — Асан бір ат, бір бұзаулы сиырдан дәулеті артылмаған жұқана, молда кісі, молдалығын бұлдап оны іске асыра да қоймаған адам. Тек бес намазды оқығанда оқып, оразаны қаза қылмай дінге ықыласты болып, ығы келсе ор бір ауылға қоңсы қонып төртті-бестілеген балаларға қой-серкеш хат оқытарлық молда болған. Асан туралы әзірше долбарлап бар білгеніміз де осы-ақ.

Асан сөзінен мына жинаққа кірген өлеңдерінің қалай, қайда жазылғандығы туралы қолымызда дерек болмады. Тек өлеңінің ішіндегі Асанның өз айтуына қарап, бір бөлегін доңыз жылы (1911 жыл), бір бөлегін қоян жылы (1915 жыл) жазғандығын анықтаймыз. Бұл өлеңді жаздым деген екі жылда көпке белгілі жылдар. Бірінші доңыз жылы — құрғақшылық болған, құйрықты жұлдыз көрінген жыл. Бұл жылы Арқада атақты жұт болған.

Күн тұтылып күзінде,
Айдарлы жұлдыз көрінді.
Доңыз жылы әлеумет,
Қағазға жаздым бес күнді.
Қысында үш, жазында бес,
Сегіз түрлі әлеумет,
Көрсе де көзі жұмылған.
Көр заманға түс қылды, —

дейді Асан.

Асанның екінші бөлек өлеңі қоян жылы (1915 жыл) жазылған. Бұл атақты 1916 жылдың алды. Жұрт күйзеушілігі шегінен шығып, патша отаршылығының қысымшылдығын әбден асқындағандығы Асан өлеңінен айқын көрінеді.

1916 жылдың көтерілісінің күшті болған жері — Жетісу. Жетісудың қырғыз, қазағындағы әсіресе осы албан, бұғы көтерілісі. Көтерілістің бұл елдерде күшті болу себебі — жалғыз шекараға жатқандығы емес, көтеріліс алдындағы күйі. Көтеріліс алдында ел басында қандай күй еді, қандай ауырмалық, азғындық бар еді, Асан сөзінде жақсы айтылған.

1916 жылдың көтерілісін, әсіресе оның Жетісудағы болған түрін, себебін зерттеймін деген адам, албан Асан сөзін тепшілемей лажы жоқ. Үйткені Асан ақын көтерілістің алдындағы күйден ашық сурет көрсетеді.

Міне, Асан ақын өлеңдерінің тарихи қымбаттылығы осы жағында жатыр.

Сүйтіп, қорытып айтқанда, албан Асан сөзінің тарихи бағасы бар. Ол бағасы — өз дәуірінің кезін кескіндеп, көзін ашатын әлеумет басындағы күйді суреттеген өлең. Ескі рубекшіл құрылыс пен капитал құрылысының тартысы, осы тартыстағы салт-сана, патша отаршылығының қысымшылығы, қара бұқараның басына түскен күйзершілік, 1916 жылдың көтерілісінің себебін тексеруге кілт болатын керекті материалдар осы Асаннан табылады.

1934 жыл.