24 Қараша, Жексенбі

Әдебиет

Ілияс Жансүгіров

Жансүгіров Ілияс — ақын ,қоғам қайраткері.

Фатиманың хаттарынан






Аяулы Ілияс!

Ақтөбе осы күні тіпті суық. Күнде боран, көз ашып жүріп болмайды. Әлеумет жұмысы деген бастан асты. Бір сағат я бір минут қолым бос болмайды.

Ілияс! Сенің «шамам келсе тілегіңді атқарам... Мынау қызмет арасында ондай толғану қиын да болса істеуге тырысам» деген сөздеріңді оқығанда, төбем көкке жеткендей болды. Жас балаша қуандым. Рас, қазіргі күні қызмет өте ауыр. Оны білмей отырғаным жоқ, бәрін де білем. Осы күнгі бар сенгенім сенсің. «Ілияс қайтсе де бірдеңе жазар, соны оқысам көңілім тынышталар» деген үмітім зор.

Алматыға июньнің бас кезінде бармақшымын. Барарда Термезден не Ташкеннен телеграмм берермін.

Көріскенше күн жақсы болсын.

Патима. 10/ III - 1930 ж. Ақтөбе

Ілияс!

Мына бүгін Ташкенге келгеніме екінші күн. (17 апрель, түнгі сағат 3-те келгем). Жол бойы ауырып келдім. Мұндағылар сау, ақырындап сөйлесіп жатырмын. Екеуміздің қосылуымыз туралы хабарлары жоқ көрінеді. Қайтып бастап, не деп аяқтарымды білмей отырмын. Қарсы алулары жақсы, өздері әбден сағынып қалыпты.

Ал саған және бір жұмыс: сен маған өзіңнің атыңнан Ташкендегі әдебиет жинағыңды тауып алға бірер қағаз жібер. Нешінші жылы, қайда берілгені туралы барлығын анықтап жаз.

Мен кетерде сенің Асқар туралы жазған сыныңды оқығам. Сын дұрыс сияқты. Тегі келешегі бар, неде болса бірдеңе шығады-ау дегендер туралы сын жазған дұрыс-ау деймін. Ештеңе шықпайтындар туралы әзірге қоя тұрған мақұл сияқты. Өйткені оларды мақтап болмайды, боқтауға тағы тұрмайды.

Патимаң. 19 / IV -1933 жыл

Ілиясым!

Жолдан жазған екі открыткеңді алдым. Бүгін Мәскеуден жіберген телеграммаңды алып, мына хатты жазып отырмын.

Балалар әдебиетіне бәйге жарияладық. Мезгілі бірінші февраль. Тақырыбы: қызыл әскер тұрмысынан, бұрынғы ескі тұрмыстан, осы күнгі тұрмыстан.

Журналға тапсыр деген материалдарды тапсырдым. Екі бөлік баспақ балды. «Үрит соқ-соқты» бір, «Масқара» мен «Түн қараңғы, түндік жабулыны» бір нөмірге жібермек болды. Бейімбет жақсы. Күні-түні жазуда. Кеңсеге көп келмейді. Үй-ішін тауға шығарған. Әбділда да «Медеуде» жатыр. Бірдеңе жазам дейді.

Әлі ұмытып бара жатыр екемін: мен жақында «Зеленое яблоко» деген роман оқыдым. Америкада 2 жылдың ішінде 625 рет басылып шыққан екен. Өте жақсы роман, тауып алып оқы! «Золотой теленок» деген романды тауып алып қой. Оны да жақсы деп мақтап жүр.

Сағынған Патимаң. 25. VII — 1934 Алматы